20.10.2017, 21:48
Қараулар: 69
Тойдан бұрын танысу дұрыс па?..

Тойдан бұрын танысу дұрыс па?..


Біреулер бүгінгі заман өзгерді дейді. Кейбірі заман емес, адам өзгерді деп топшылайды. Қалай болғанда да, қазір көзге қораш көрініп, көңілге оғаш сезілетін жайттар аз емес. Солардың бірі жас қыз-жігіттерге қатысты болып отыр. Бұл жағдай отбасындағы тәрбиеге де байланысты болса керек.


Өткенде бір жас жігіттің сөз байласып жүрген қызын ата-анасына таныстырып келе жатқанына куә болған едім. Әрине, мұндай жағдайлар жиі болып тұратынын естіп те, көріп те жүрміз. Десек те, осы жолы маған «қыздар жігіттің (немесе жігіт қыздың) үй ішімен не үшін танысады екен?» деген ой келді. Шынында да,  келін болып, табалдырығын аттамаған үйдің есігін оң жақта отырып ашқан қыз баланың ойында не болады екен? Оның мақсаты жігіттің тұрмыс-тіршілігімен танысу ма, әлде ата-анасының, туыстарының жүзін көру ме? Немесе керісінше, жігіт не үшін танысады? Жігіт қалыңдығын үй ішімен тойдан бұрын не мақсатпен таныстырады? Әсіресе, қыз бала үшін бұл жат қылық болу керек секілді. Әлде «қызға қырық үйден тыйымның» күні өтіп кеткен бе?! Тойдан бұрын танысқан қайын жұртына қалыңдық немесе жігіт ұнамайтын жағдай болуы бек мүмкін. Мұндай жағдайда әрі қарай не болады? Әрине, ата-ана балаларының көңіліне қарап, олардың таңдауынан бас тартпауы мүмкін. Кейде осылай боп жататыны да шындық. Керісінше, қызға немесе жігітке жаңадан танысатын отбасы ұнамай қалса ше? Десек те, некелеспей жатып, болашақ жарының ата-анасымен танысып, сол үйдің бір мүшесіндей араласып жүргеннен кейін барып, той өтіп, беташар айтылатыны тағы да  бар. Бұл да қызық әрі түсініксіз секілді.

Жақында бір таныс құрбыма сөз байласып жүрген жігіті мұның анасымен танысқысы келетінін айтқан екен. «Сонда не үшін таныспақшы?», деп қызық көріп сұрағанмын. Сөйтсем, ол жігіт құрбыма «Сенің анаң алаңдамасын. Сенің кіммен, қандай жанмен бірге жүргенін білуі мен үшін маңызды», деп жауап беріпті. Әрине, бұл ол жігіттің сезіміне беріктігін, махаббатының шынайылығын, алдына қойған мақсаты сол қызбен отбасын құру екенін нақты көрсетсе керек. Бірақ барлық жігіт сондай ойда ма? Ақнұр есімді бойжеткен болса, дос боп жүрген жігіті өзін ата-анасымен таныстырмақшы болғанын айтты. Алайда Ақнұр бұл таныстықтан бас тартқан. «Себебі мен бұлай жасауды ұят, ыңғайсыз көрдім. Мен танысқанмен, оның ата-анасына ұнамауым да мүмкін ғой. Немесе танысқаннан кейін ол жігітпен арамыздағы достық, сыйластық жалғаспай қалса ше? Қалай болғанда да өз басым некелеспей тұрып, жігіттің үй ішімен танысқанды жөн көрмеймін», — дейді Ақнұр.

Ал Әсия есімді бойжеткеннің басынан өткен жағдайы мүлдем басқа, ойланарлық жағдай. Алмат есімді жігітпен кездесіп, сөз байласып, жұптары жарасып жүргендеріне олардың достарының, тіпті жұмыстастарының ішінде де қызыға да, қызғана да қарайтындар табылған. Танысқандарына бір жыл толғанда Алмат Әсияға тұрмысқа шығу туралы ұсыныс жасап, ата-анасымен таныстырғысы келетіндігін айтады. «Мен бұл ұсынысқа қарсы болғаныммен, Алмат сөзінен қайтпады. Көп кешікпей, Алматтың ата-анасымен танысудың да сәті түсті. Олар мені қыздарындай қабылдағандары сонша, мен ол үйге жиі баратын болдым. Алмат ата-анасына екеуміздің отбасы құрғымыз келетіндігін айтты.

Ата-анасы еш қарсылық көрсетпеді, құптады. Мен де анама Алматқа тұрмысқа шыққым келетінін айттым. Анам құда түспес бұрын болашақ күйеу баласымен танысқысы келетіндігін айтты. Әулетіміздің үлкендері жиналып, кең дастарқанда бас қосып, күйеу баламен танысу рәсімін өткізді. Сырға салу үшін келетін құдалардың күнін де белгіледі. Басында бәрі жақсы сияқты көрінді. Артынан анам мың құбылды. Алмат екеуміздің отбасы құруымыз тұрмақ, кездесуімізге де қарсы болды», — деп мұңаяды Әсия. Бұл аздай, кейін Әсияның анасы қызына айтпастан Алматтың анасымен кездесіп, Әсияға оның ұлын, яғни Алматты лайық деп таппағандығын айтыпты. «Бұл кезде Алматтан толассыз келетін хаттар сиреп қалған еді. Бір күні болашаққа жоспар құрып, ой құшағында отырғанымда  телефоныма хабарлама келді. Асыға ашып оқып қарасам, «Екеуміздің айырылысуымызға тек сенің анаң ғана кінәлі. Мен қазірден ортамызға сенің анаңның түскенін қаламаймын. Осымен бәрі бітті. Қош бол!» деп жазылған. Әуелгіде мұны Алматтың қалжыңы деп ойладым. Бірақ бұл шын сөзі, соңғы сөзі боп шықты. Алматтың артынан қанша жүгірдім, жыладым, жалындым. Бәрі бекер болды», — деп жанары жасқа шыланған Әсия жүзін бұрып әкетті. Бойжеткеннің бұлай мұңаюына кім кінәлі болмақ?! Ана ма, қыздың өзі ме, әлде жігіт пе?

Әрине, өмірде бұдан өзге де түрлі жағдайлар орын алып, талай тағдыр тәлкекке түсіп жатқаны анық. Десе де, дәл осылай өздеріне беймәлім отбасының ортасына үлкендердің батасын алмай, ертеңгі күнді бағдарламай «шауып» бару әбестеу секілді. Әсіресе, қыз балаларға. Бәлкім, біреулер бұл ойды «заманауи үрдістен артта қалған адамның ойы» деп түсінетін шығар. Мүмкін, әжуа етіп күлер де. Шындығында, екі жастың неке тойсыз-ақ екі жаққа сіңісіп кеткені жақсы болғанмен, қыз баланың беташар болмай жатып, «беті ашылып қалғаны» ойлантады. Бұл жерде заңның мөрін баспай-ақ, азаматтық некеде ерлі-зайыптылардай бірге тұрып жатқандар да еске түсері сөзсіз. Алайда олардың жәйі басқа бір үлкен әңгімеге арқау болуға лайық.

Ясипа РАБАЕВА,

Бөрлі ауданы  

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар