20.10.2017, 21:43
Қараулар: 101
Алаш қозғалысының тарихы: Оралдан – Орынборға

Алаш қозғалысының тарихы: Оралдан – Орынборға


Кеше Орал қаласында Алаш қозғалысының және Алашорда Үкіметінің 100 жылдығына байланысты «Алаштан Тәуелсіздікке және Қазақстанның ұлттық бірігуіне» атты халықаралық конференция өтті. Конференцияда Ресей, Өзбекстан, Жапония және Қазақстан ғалымдары баяндама жасады.


– Тәуелсіздік жолындағы күресте XIX және XX ғасырлар тоғысындағы ұлттық интеллигенция өкілдерінің рөлі айрықша орын алды. Алғашқы «Алаш» қозғалысы мен саяси партиясының, Алашорда үкіметінің пайда болуы қазақ саяси элитасының азаматтық кемелденуінің өскендігін және оның рухани қуатының жоғары екенін көрсетті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты кітабында Алаш қайраткерлері туралы: «XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Ұлттық саяси ұйымның жасақталуының өзі отандық тарихымызда жете зерделенбей келеді. Оның үстіне, кезінде «Алаш» партиясының жетекшілері ұсынған көптеген қағидалар күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ» деп жазды. Осыдан кейін тәуелсіздіктің арқасында тарихымыз жаңаша көзқараспен қайта зерттеле бастады. Бүгін бас қосып отырған алаштанушылар атсалысып, қазіргі таңда Алаш қайраткерлеріне тәуелсіз ұрпақтың көзқарасы қалыптасты.

«Алаш» қозғалысының көшбасшылары құқық қорғаушы, саяси және қоғам қайраткерлері болумен қатар, ірі ағартушылар, публицистер, газет және журнал басып шығарушылар, ойшылдар, ақындар, педагогтар, ғылыми зерттеу жұмыстарының, кітаптар мен оқулықтардың авторлары болды.

Алашордалықтар және оларға рухы жағынан жақын қазақ қайраткерлері өздерінің ұлттық деңгейінде ғана шектеліп қалмай, керісінше, олардың бәрі терең білімді және жан-жақты дарынды, ашық, толерантты тұлғалар болды. Елбасының биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттер өңірімізде жоспарға сай жүзеге асырылып келеді. Облыс бойынша «қасиетті орындар» тізіміне ортағасырлық «Жайық» қалашығы мен «Бөкей ордасы» тарихи-музей кешені кірсе, кейін қосымша Тақсай қорған кешені, Жұмағазы хазірет пен Ғұмар Қараш зираты және Жымпитыдағы Алашорда музейі енді. Алаштың ортақ идеясын жүзеге асыру жолында құрбан болған боздақтарымызға бүгінгі ұрпақ тарапынан лайықты баға беріліп жатқаны қуантады, – деді конференцияда облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Жапониядағы Хоккайдо университетінің славян-еуразиялық зерттеу орталығының профессоры, доктор Уяма Тамахико баяндамасын қазақ тілінде бастап, Қазан төңкерісіне дейінгі бүкілресейлік саяси оқиғалар барысында Алаш автономиясының құру идеясының даму жолына тоқталды. Ол патшалық Ресей кезеңінде жүргізілген реформалардың салдары жөнінде баяндай келіп, ХІХ ғасыр басында қазақ зиялылары ішінара дербес автономия құру мәселесін кеңінен талқылай қоймағанын айтты. Оның мәліметінше, Бақытжан Қаратаев, Әлихан Бөкейханов, Халел Досмұхамедов және басқа ұлт қайраткерлері құрған Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының бағдарламасында империя облыстары мен губернияларының басқару жүйесін жергілікті халықтың қолына берілуі керектігі көрсетілгенімен, ол ұсыныс земстволық қозғалыс негізінде құрылған Ресей конституциялық-демократиялық партиясының саяси ықпалы аясынан шыға алмаған. 1917 жылғы ақпан төңкерісі ұлттық қозғалысқа кең жол ашты. Қазақ зиялылары тұңғыш рет уақытша үкімет құру қажеттігін айтқанымен, автономия сұрауға ден қоя қоймады. 1917 жылы 27 сәуір-7 мамыр күндері Семей облысында өткен қазақ сьезінде ұлт зиялылары бірауыздан «қырғыз (қазақ) халқының арнайы жергілікті заңдарын қолданысқа енгізуді», «Ресей боданындағы әр халықтың ұлттық, тұрмыстық, мәдени, экономикалық, тарихигеоргафиялық ерекшеліктері бар өзіндік саяси өмірін қалыптастыруға» құқылы екенін ресми түрде жариялады. 1917 жылы мамыр айында Мәскеу қаласында өткен І Бүкілресейлік мұсылмандар сьезінде мұсылман халықтарының автономия алу мәселесі қызу талқыланды. Қазақ делегаттары арасында Жанша Досмұхамедов панисламдық идеядан гөрі қазақтар басқару ісін дербес қолға алу керектігін жақтады. Маусым айында Орынбор қаласында ұйымдастырылған бүкілқазақтық сьезінің қарарында Ресейдің демократиялық-федеративті ел болуы керектігі, қазақ облысына аумақтық-ұлттық автономия мәртебесі берілуі керектігі көрсетілді. Сол сьезде қазақ халқының дербес партиясын құру ұсынылды.

– Қазақ қайраткерлері өзара қарама-қайшы көзқарасты болса да, Ресейдегі саяси жағдайға байланысты автономия құру идеясын аса сақтықпен қарай отырып, оны асықпай жүзеге асырды. Басқа ұлттарға қарағанда, қазақ зиялылары Алашорда үкіметінің негізінде автономияны ресми түрде жариялау жолында табандылық танытты, – деді Уяма Тамахико.

РҒА Ресей тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, профессор, заң ғылымдарының докторы Василий Христофоров «Кеңестік Шығыс» ұлттық ұйымдары қатарындағы Алаш қозғалы-сы: 1920-1930 жылдардағы Лубянка тарапынан көзқарас» тақырыбы бойынша саяси қудалау салдарын баяндады.

– 1920-1930 жылдары кеңестік арнайы құрылымдар «контрреволюциялық ұлттық ұйымдар» терминін Қырым, Қап тауы аймағы және Орта Азия аумағында мекендеген шығыс халықтарына қатысты белсенді қолданды. Олардың ойынша, қазақ жеріндегі ұйымдар Кеңес билігінен қол үзіп, Түркиямен тығыз қарым-қатынас жасағысы келді. Арнайы құрылымдар бұрынғы «алашордалықтарды» ерекше көз қырына алып, қазақ зиялылары «ұлттық идеяларымен» Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді деп есептеді. ОГПУ-НКВД-ға қарасты үштік құрылымдар ұлт қайраткерлерін тұтқындап, аяусыз жазалауды жүргізді, – деді Василий Христофоров.

Конференцияда Мәскеу педагогикалық университетінің Самара қаласындағы филиалы директорының орынбасары Юлия Гусева «пантүркизм» қозғалысына қатысты жалған тұжырымдар бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш азаматтары жайлы сөз қозғаса, Мәскеу қаласынан келген ғалым, Тұрар Рысқұловтың жиені Владимир Рысқұлов Күнбатыс Алашорданың төрағасы Халел Досмұхамедовтің қайраткерлік қыры жөнінде айтты. Өзбекстан Республикасы ғылым академиясының тарих институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Кахрамон Раджабов Түркістан мұхтарияты мен Алашорда үкіметі көсемдерінің тағдыры жөнінде деректерді ортаға салды. Ғылыми жиында Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрамындағы «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры, Рhd докторы Сұлтан Хан Жүсіп Алашорданың халық кеңсесі орналасқан, яғни, саяси-әкімшілік орталығы болған Семей қаласының атауын «Алаш» деп өзгертудің идеологиялық тұрғыда маңызы ерекше екенін айтты.

Конференцияда басқа да белгілі ғалымдар зерттеу жұмыстарының жаңа нәтижелерін ортаға салды және олармен бірге жергілікті өлкетанушылар, ардагерлер, сонымен қатар ЖОО оқытушылары мен студенттері Алашорда үкіметінің методологиялық ұстанымдарына қатысты зерттеудің, тарихи жылнаманың, деректанудың өзекті мәселелерін талқылады. Конференцияның екінші отырысы бүгін Ресейдің Орынбор қаласында болмақ.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар