20.10.2017, 21:38
Қараулар: 22
«Жаңа заң азаматтарға қолжетімді және сапалы құқықтық көмек көрсетуге бағытталған»

«Жаңа заң азаматтарға қолжетімді және сапалы құқықтық көмек көрсетуге бағытталған»


Биыл елімізде «Адвокаттық қызмет туралы» қолданыстағы заңның қабылданғанына 20 жыл толғалы отыр. 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы еліміздің құқық жүйесін жетілдіруді көздейді. Елімізде жаңа Қылмыстық және Азаматтық кодекстер қабылданды, құқық саласы кезең-кезеңімен жаңартылуда. Сөйте тұра, заңды көмек көрсету еш өзгеріссіз қалып келді. Ендігі кезекте заң көмегін жетілдіру қажеттігі туып отыр.


Қоғамдық талқылауға ұсынылып отырған «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасы бүгінгі күннің талабына сай заң көмегінің сапасын арттыруға және оның қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

«Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасы адвокаттық қызмет жүйесін жетілдіреді. Мұнда тек адвокаттық қызмет қана емес, заңгерлік көмек көрсететін жеке тұлғалардың құқықтық мәртебесін, олардың құқықтары мен міндеттерін анықтауды заңды түрде белгілеу, тәртіптік жауапкершілікке тарту ісі қолға алынбақ. Яғни, өзін-өзі реттейтін ұйымдарды адвокаттық палаталар түрінде құру жоспарланып отыр. Онда заңгерлік көмек көрсететін жеке тұлғалар мен заңгерлік кеңес беретін адвокаттар үшін өз еркімен заң кеңесшілерінің палатасына кіруге құқық беріледі. Өкінішке орай, олардың іс-әрекетіне қатысты түйткілді жайттар орын алып жатады. Күні бүгін, олардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері заң жүзінде белгіленбеген. Заңгерлік көмек көрсетуші жеке тұлғалардың қызметіне мемлекет тарапынан бақылаудың күшейтілуі олардың жауапкершілігін арттырумен қатар қызмет көрсету сапасының артуына да ықпал етпек. Заңгерлік көмек көрсететін жеке тұлғалардың құқықтық мәртебесін анықтау адвокаттық ортада бәсекенің артуына септігін тигізбек.

Осыған дейін тұрғындардан түскен арыз-шағымдар аумақтық адвокаттар алқасына жүктеліп, тәртіптік шарамен ғана шектеліп келсе, енді түскен арыздарды адвокаттардың Тәртіптік комиссиясы қарайтын болады.

Заң жобасында адвокаттарды тәртіптік жауапкершілікке тарту механизмін жүзеге асыру мақсатында Тәртіптік комиссия құру қарастырылған. Оның құрамына  адвокаттар алқасы ұсынылған 5 жылдан кем емес еңбек өтілі бар 6 адвокат, өкілетті органның 3 өкілі және доғарыстағы (отставкадағы) 2 судья енгізілмек. Нәтижесінде, тәртіптік іс қозғау туралы құзыреттілік кеңейтіліп, адвокаттардың жұмысы қатаң бақылауға алынады. Сондай-ақ жаңа тұжырымдама бойынша өз қызметін міндетті сақтандыруы қажет.

Сақтандыру шарты бойынша адвокаттардың кәсіби жауапкершіліктерінің сақтандыру сомасының көлемі олардың шарттарымен анықталады және адвокаттардың жауапкершіліктерін міндетті сақтандыру шартын жасау күніне, тиісті қаржылық жылға республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген, қызметін республикалық маңызы бар қала, астана аумағында жүзеге асыратын адвокаттар үшін – 1000 айлық есептік көрсеткіштен кем емес, басқа адвокаттар үшін 500 есе айлық есептік көрсеткіштен кем емес көлемде құралуы қажет.  Бұл міндетті сақтандырудың талаптары, түрлері мен типтік шарттары екі жақтың өзара келісімімен емес, заңнамалық актілермен бекітіледі.

Жаңа заң аясында адвокаттардың міндетті жылдық кәсіби біліктілігін арттыру ісі де қолға алынбақ. Бұл ретте Франция, Ұлыбритания, АҚШ елдерінің тәжірибесі қолданылатын болады.

Адвокатура – құқықтық мемлекеттегі азаматтардың сот төрелігіне жету мүмкіндігі. Адвокат қызметінің кедергісіз жүзеге асуы – құқықтық мемлекеттің басты атрибуты. Адвокаттар тарапынан «Қазір адвокаттар процесті тамашалаушы ғана болып отыр» деген пікірлер айтылуда. Жаңа заң жобасы бойынша республикалық адвокаттар алқасының бұрынғы төрт құзыретіне қосымша он төрт жаңа құзырет қосылады. Осылайша, әділет министрлігінде төрт құзырет, республикалық адвокаттар алқасында он сегіз құзырет болады. Демек адвокатурада республикалық адвокаттар алқасының мәні артып, ал әділет министрлігінің рөлі азаяды. Бір ғана мысал, бұрын адвокат сотқа ды-быс немесе бейнежазу құралдарын алып кіре алмайтын, жаңа заң жобасында бұл шектеу алынып тасталды.

Жаңа әзірленіп жатқан заң жобасында қорғаушылардың жарна төлеу мәселесі алынып тасталатын болады. Бұл адвокаттар санының өсуіне, олардың арасындағы бәсекелестікті күшейтіп, қаламақыны төмендетуге, олардың кәсіби деңгейін арттыруға ынталандыруы тиіс. Қазір елімізде адвокаттық қызмет жүргізуге шамамен 12 500 лицензия берілген, қорғаушылар саны шамамен 4 500 адам. Дамыған елдерде 250-1000 адамға бір қорғаушыдан келсе, бізде төрт мың адамға бір қорғаушыдан келеді. Біздің облыста 151 адвокат қызмет көрсетеді, олардың 29-ы аудандарда. Өңірде адвокат тапшылығы анық байқалады. Шалғай жатқан Бөкей ордасы, Жәнібек, Жаңақала аудандарына бүкіл аудан халқына бір адвокат қана қызмет көрсетеді. Жаңа заң бұл мәселені түбегейлі шешуге бағытталған. Мәселен, бұрын біздің облыста адвокаттар алқасының құрамына кіру жарнасы 500 мың (республика бойынша орташа көрсеткіш 800 мың) теңгені құраса, енді ол алынып тасталады. Бұл қолында қорғаушының лицензиясы болса да, адвокаттар алқасының құрамына кіре алмай жүрген көптеген білікті жас маманның аталмыш салаға келуіне жол ашады.

Тағы бір маңызды мәселенің бірі – бұл алқалардың қаржылық қызметінің ашықтығы. Яғни, жаңа заң жобасына адвокаттар алқаларының кірістер мен шығыстары туралы ақпаратты міндетті түрде жариялау енгізілетін болады. Жаңа жобаға сәйкес адвокаттар алқаларының төрағаларын тағайындау тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Бұдан былай алқа төрағасы әр төрт жыл сайын қайта тағайындалып отыруы тиіс. Заң жобасында адвокаттық қызмет ақысының жалпыға бірдей тарифтік кестесін бекіту қарастырылып отыр. Әрі ол кесте Франция, АҚШ, Германиядағыдай ашық жерде орналастырылуы тиіс.

Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік осал топтарына тегін заңгерлік көмек көрсету мақсатында «Pro bono – қоғам игілігі үшін!» тәжірибесін енгізу қарастырылуда.  Ол үшін адвокаттарға жылына тегін заң көмегін беру құқығы ұсынылады. Басқаша айтқанда, жаңа заң қабылданғаннан кейін осы «Pro bono» жүйесі бойынша қазақстандық адвокаттар да бір жыл ішінде белгілі бір сағаттар бойы азаматтарға бюджеттік өтемақысыз, тегін заңгерлік көмек көрсетуі парыз.

Тегін заңгерлік қызмет халықтың әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажетсінетін бөлігіне, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, 1 және 2 топ мүгедектеріне, зейнеткерлерге көрсетіледі. Айта кетерлік жайт, бұл қызметтерді көрсетудің ең аз көлемі мен тәртібі адвокаттардың, заңгерлердің өзімен, өзін-өзі реттейтін ұйымдар, кәсіби қауымдастықтар сықылды құрылымдар тарапынан реттелмек. Тағы бір жаңалық – сандық көрсеткіштер, мемлекет кепілдік берген заң көмегіне орай бекітілген адвокаттар тізімі және басқа да мәліметтер жарияланатын «Е-адвокатура» ақпараттық жүйесі іске қосылмақ.

Қорыта атйқанда, «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» жаңа заң еліміздегі адвокатура қызметін жетілдіріп, халықтың сапалы әрі қолжетімді заңгерлік көмек алуына ықпал етпек.

Хамидолла ҚҰСДӘУЛЕТОВ,

Батыс Қазақстан облысы әділет департаменті  басшысының міндетін атқарушы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар