«Тәуелсіздік Алаш идеясымен тыныстауы шарт!»

Күні , 48 рет оқылды


Өткен  аптаның соңын ала Сырым  ауданының орталығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын қолдау мақсатында Батыс Қазақстан облыстық “Жас Отан жастар қанатының” облыстық филиалы, Сырым аудандық  жастармен жұмыс  жөніндегі ресурстық орталығы және “Сырым жастары” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Айбынды Алаш жастары!» атты аймақтық жастар форумы өтті.


Форумның негізгі тақырыбы Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына арналды.

Түске дейін Сырым аудандық әкімдігінің үлкен мәжіліс залында форумның пленарлық отырысы өтті. Пленарлық отырысқа Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, Батыс Қазақстан облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сакошев,  ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Қалқаман Сарин, әнші, «Дарын» мемлекеттік  жастар сыйлығының иегері Ибрагим Ескендір, тарихшы Серік Зиятов және Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе, Атырау мен Маңғыстау облыстарының жас көшбасшылары қатысты. Отырысты  Батыс Қазақстан облысының «Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев жүргізді.

Биыл Сырым ауданы Алаш мұрасын түгендеуде біраз нәтижелі жұмысқа ұйытқы  болды. Жергілікті басшылықтың тікелей қолдауымен екі халықаралық және бір республикалық экспедиция жүзеге асты.

Жымпитыдағы Алаш музейі жаңғыртылды, жаңа жәдігерлермен толықты. Осы жылдың ең басты жаңалығы, Сырым ауданының орталығы Қазақстанның қасиетті жер лерінің республикалық тізіміне енді. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев өзінің пленарлық мәжілісте сөйлеген сөзінде осыны айтты.

— Алаш мұратын бір датаға, бірекі күнге байлап қоюға болмайды.

Олай етсек, тарихқа да, болашаққа да қиянат болады. Бұл тақырып күнделікті шаралардың көлеңкесінде қалып қоймауы керек. Тәуелсіздік Алаш идеясымен тыныстауы тиіс. Алаш идеясы  ол — алаш баласының жүрегінде. Алаш аманатына адал болайық! Бізге бұйырған міндет – сол! Бұл ақын Қалқаман Сариннің айтқан сөзі. Біздің ойымызша, ақынның осы бірауыз сөзі пленарлық мәжілістің мәніне қызмет етіп тұр.

Форум делегаттары түстен кейін ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Қалқаман Сарин мен әнші, «Дарын» мемлекеттік жастар премиясының иегері Ибрагим Ескендір басты қонағы болған секциялық жұмыстарға қатысты. Форумның күн тәртібіндегі мәселеден бөлек, өнер, мәдениет тақырыптары, қазақ руханиятына қатысты латын әліпбиіне көшу, ұлттық тарих пен әдеби мұраларды тыңғылықты меңгеру, жастардың жалпы интеллектуалдық деңгейін көтеру сықылды күретамыр  көкейкесті мәселелер осы басқосуда қызу талқыға түсті. Делегаттар мен аудан қонақтары үшін күні бойына Сырым ауданының орталығындағы С. Датұлы атындағы тарихи өлкетану музейі, Алаш саябағы, Алаш музейі, Ж. Досмұхамедов атындағы мектептегі музей бөлмесіне барып, танысу мүмкіндігі де ұсынылды. Ауданның тарихи және мәдени орындарына жасаған экскурсиялардан делегаттардың алған әсері мол.

Кешкілік Жымпиты халық театры Жайсаң Ақбайдың «Жанша» қойылымын қойды. Аймақтық  жастар  форумы  әнші,  «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының  лауреаты Ибрагим Ескендірдің концертімен қорытындыланды.

Форумның  салмақты сөзі:

Шыңғыс  ҚАЙРАНОВ,

(лақап аты «ШАХ  ҚАЗАҚ») «ALASH Pride» клубының мүшесі, ережесіз жекпе-жектен NFC тұжырымы бойынша әлем чемпионы, форум делегаты:

— Қандай жағдайда да, бізге әлсіз болуға болмайды. Өйткені біз – елдің болашағымыз! Біздер әлсіз болсақ, елдің болашағы әлсіз болады!

Бауыржан  ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым  ауданы


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика