Үздік туындылар – Балалар үйіне

Күні , 46 рет оқылды

OLYMPUS DIGITAL CAMERA


Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде «Үміт — 2017» атты байқау өтті. Байқау барысында қазылар алқасы сотталғандар қолынан шыққан суреттер мен мүсіндерді сарапқа салып, жеңімпаздарды анықтады.


Қазылар алқасының құрамында Суретшілер одағының мүшесі Қуандық Мәдіров, қоғамдық бірлестік өкілі Жанат Танабаева және облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Виктория Ерина болды. Комиссия жұмысына облыстық ҚАЖ департаменті басшысының орынбасары Дидар Атантаев басшылық етті.

Жиынды облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бас маманы, әділет майоры Тимур Дүйсалиев ашып, бұл бағыттағы байқаудың жыл сайын өткізілетінін айтты.

— Мұндай байқаулар сотталғандардың санасында эстетикалық талғам мен қоршаған ортаға қайырымды көзқарасты қалыптастырады. Сотталғандардың арасында да шығармашылыққа бейім, сурет салғанды, қолдан қашап мүсін жасағанды жаны сүйетін адамдар бар. Бүгін жазасын өтеушілердің қолынан шыққан бірқатар өнер туындыларын назарларыңызға ұсынып отырмыз, — деген Тимур Дүйсалиев қазылар алқасынан өнер туындыларын сараптауды өтінді. Комиссия мүшелері сотталушылар өнеріне сүйсіне қарап, олардың туындыларына жоғары баға берді. Қазылар алқасының шешіміне сәйкес бейнелеу өнері бойынша І орынды «Табиғат туралы» картинасы үшін РУ-170/2 мекемесінің жазасын өтеушісі Ринат Шукалов, ІІ орынды «Кішкентай аспаз» суреті үшін Руслан Байжазықов (РУ-170/2 мекемесі), ІІІ орынды «Сарқырама» атты суреті үшін Ильдар Мұхамедқалиев (РУ-170/3 мекемесі) алды. Ал қолөнер туындылары арасында Андрей Незнановтың (РУ-170/3 мекемесі) «Құлагер» мүсіні І орынды иеленсе, ІІ орын Ерлан Елемесовтің (РУ-170/3 мекемесі) «Тәжі-Махал» кесенесіне берілді. Әйгілі кесене бейнесін шебер әйнек сынықтарын пайдалану арқылы жасап шыққан. Сырты әйнектелген бұл туынды диодты жарықтармен жабдықталған. Сол жарықтар арқылы түнде жанып, айналасын жап-жарық қылып тұрады екен. ІІІ орын «Қазақ батырын» ағашқа шебер бейнелеген Талғат Дәулетовке ( РУ-170/3 мекемесі) бұйырды.

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Жүлделі орын алмаса да, туындылар арасында өзінің мағыналылығымен ерекше көзге түскендері болды. Мысалы, РУ-170/2 мекемесінің сотталушысы Алексей Гигановтың «Колониядағы өмір» атты туындысы талайды ойландырғандай. Қылқа-ламмен салынған бұл суретте автор өзінің қате басқан өміріне өкініп, бостандықтағы өмірін аңсайтынын әдемі бейнелеген. Сотталушы өз туындысын «Жақсыны барында бағаламаймыз, жоғалтып алғасын өкінеміз!» деп атапты.

Тимур Дүйсалиевтің айтуынша, байқау қорытындысы бойынша хаттама толтырылып, байқау қатысушыларының мекемелеріне жолданады. Мекеме басшылары байқау жеңімпазы атанған сотталушыларды арнайы дипломмен және сыйлықтармен марапаттайды. Жазасын өтеушілер қолынан шыққан үздік туындылар Балалар үйіне тарту етілмек.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика