Жәрмеңке жалғасуда

Күні , 80 рет оқылды


Өткен сенбі, жексенбі күндері облыс орталығындағы М. Ықсанов атындағы көше бойында ауыл шаруашылығы өнімдерінің кезекті жәрмеңкесі өтті. Аталған көшені бойлай орналасқан сауда алаңына келушілердің қарасы көп болды. Облыс әкімі Алтай Көлгінов жәрмеңкеге арнайы келіп, өз өнімдерін ұсынған шаруалармен тілдесіп, қала тұрғындарының пікірін білді.


Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының дерегіне сүйенсек, ағымдағы жылы облыс көлемінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі 185 мәрте ұйымдастырылған. Облыс орталығында бұл жәрмеңке 25-ші мәрте өткізіліп отыр. Сауда алаңына шығарылған өнімдердің бағасы нарықтағы тауар құнынан 15-20 пайыз арзандатылған.

Сауда алаңына ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлық түрі шығарылған. Әсіресе Бөкей ордасы ауданынан әкелінген сиыр еті, жалпақталдық кәсіпкерлердің балықтары, зеленовтық шаруалардың картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат, асқабақ пен қауын-қарбыз секілді көкөніс түрлеріне сұраныс басым болды. Қаз, үйрек, қоян еттері, табиғи жағдайда өсіріліп, өндірілген ара балына, тұздалған саңырауқұлақ секілді өнімнің ерекше түрлерін де тұрғындар көптеп алып жатты.

Жәрмеңкеде сиыр етінің бағасы 1200 теңгеден, балықтың келісі 600-700 теңге, тауық жұмыртқасының он данасы 160 теңге, картоп 70-90 теңге, қырыққабат пен сәбіз 50 теңгеден, пияз 60-65 теңгеден сатылды.

– Ағымдағы жылы халық игілігі үшін ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелерінде шамамен 500 миллион теңгенің тауары сатылды. Бұл сауда алаңына шаруалар өз өнімдерін еш делдалсыз тікелей әкеліп, жеңілдетілген бағамен тұрғындарға ұсынуда. Сонымен қатар жәрмеңкеде көтерме саудамен айналысатын ірі компания өкілдері де өз тауарларын сатуда. Сондай-ақ Зашаған кентіндегі «Жәңгір хан» сауда орталығының алдында және «Ел ырысы» базары алаңында осындай жәрмеңкелер өткізілуде. Жергілікті халық қысқы мерзімге толық қамданғанша, бұл жәрмеңке әлде де жалғасын табады деп жоспарлап отырмыз, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Есенғалиев.

Біз жолыққан жәрмеңкеге келуші қала тұрғындары жергілікті халық үшін осындай жағдай туғызған облыс әкімдігі мен құ-зырлы мекеме-кәсіпорын басшыларына, өндіруші кәсіпкерлерге дән риза екендіктерін айтты.

Халық игілігі үшін ұйымдастырылған шара әр аптаның сенбі, жексенбі күні жалғасын таппақ.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

 

Нина ГАВРИЛЕНКО,

омарташы:

– Бұл жәрмеңкеге шығарылған тауарлардың барлығы біріншіден еш қоспасыз, жергілікті, табиғи таза өнім болып саналады. Шыны керек, алыс-жақын шетелдерден әкелінетін тауарлар бізге жеткенше бірнеше саудагердің қолынан өтеді. Сондықтан оның сапасына деген сенімділік те төмендейді. Орал қаласында өткізілетін жәрмеңкеге бірнеше жыл қатарынан қатысып келемін. Бұл жерге өнімдерін шығарған шаруаларды жақсы білемін. Бұлардың барлығы өзіміз секілді кәсібінен нәсібін тапқан жандар. Ара шаруашылығымен айналысқанымызға 20 жылдан астам уақыт өтті. Жаз айларында араларды күтіп-бағамыз деп бір жерден екіншісіне көшіп жүреміз. Бақша екпегендіктен жәрмеңкеден қысқыға қажет көкөністерді сатып алдым.

Өз өнімдерімізді ешқандай делдалсыз, тікелей өткізуге жағдай туғызып отырған жергілікті билік өкілдеріне айтар алғысым шексіз.

 

Амангерей БАЙДӘУЛЕТОВ,

қала тұрғыны:

– Бүгінгідей жәрмеңке халық үшін өте тиімді болып отыр. Бұл жерде күнделікті тірлікке қажет барлық тауар сатылуда.

Саудаланып жатқан заттардың барлығы бірдей арзан деп айта алмаймын. Кейбір тауарлар базар бағасымен бірдей. Дегенмен, керек-жарағыңды бір орыннан табатының көңіл қуантады. Қазір картоптың келісі 90 теңгеден сатылуда. Әрине, кейбір шағын дүкендерде картоптың құны 130-140 теңгеден бірақ шықты. Бұл өнімнің базардағы көтерме бағасы да 90 теңге. Үйіміздің маңындағы дүкендерден жұмыртқаның 10 данасын 220 теңгеден болса, бүгін жәрмеңкеден 160 теңгеге алдым. Сондықтан халық жиі тұтынатын осындай тауарлар жәрмеңкеде әлі де болса төмен бағамен сатылса екен деймін.

 

Ольга СЕДНИКОВА,

қала тұрғыны, зейнеткер:

– Өз кезімізде қолымыздан келгенше өңір игілігіне қызмет еттік. Бүгінгі таңда зейнеткермін. Билік өкілдерінің біз секілді қариялардың жағдайын ойлап, қолдау көрсеткендігі көңіл қуантады. Осы маңда тұрғандықтан бүгінгі жәрмеңкеге шағын қол арбамды сүйрей келіп, керек-жарақтарымды түгел алдым. Бұл жердегі тауар бағасы базармен салыстырғанда едәуір арзан. Сөмкемді күнделікті тұтынатын ет пен ет өнімдеріне, көкөністерге толтырып алып, үйіме бара жатырмын. Қарапайым халықтың қыс мезгіліне қамданып, қажет тауарларын қолжетімді бағамен сатып алуларына жағдай жасаған облыс және қала әкімдігіне разымын.


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика