«Жасыл желек 10 мың тал-терекке көбеймек»

Күні , 56 рет оқылды


Орал қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен сенбілікке облыс орталығындағы барлық мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік нысандарының қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, депутаттар, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері және студенттер қатысты.


Шара барысында сенбілікке қатысушылардың әрқайсысы өз мекемелерінің маңайын жинап, аулаларына ағаш екті. Жергілікті билік өкілдері Салтанат сарайы мен Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы аралығына жиналып, халықтың ең көп шоғырланатын жеріне тал-теректер отырғызды. Жол бойына жағалай ағаш отырғызып жатқан жұртшылық арасынан сенбілікті ұйымдастырушылардың бірі, қала әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиевпен жолығысып, әңгімеге тарттық.

— Қаламызды одан әрі көркейтіп, көгалдандыру мақсатында осындай сенбіліктерді ұдайы ұйымдастырып жүрміз. Мұндай шаралар тек бүгін ғана емес, әр сенбі сайын мекемелер арасында ұйымдастырылуда. Күзгі ағаш отырғызу науқанында қала бойынша 10 мың ағаш отырғызуды жоспарлағанбыз, бүгінде сол межеге жетуге тырысудамыз.

Яғни осы күзде қаламызға 10 мың тал-терек тарту етілмек. Соның 400-і бүгін отырғызылады, бұл – 300 түп шырша және 100 түп бөртегүл (сирень) ағашы. Сенбілік қаладағы ПИК мекемелерінде және жекелеген ұжымдарда да өткізілуде. Олардың әрқайсысы өздеріне қарайтын үйлердің аулаларына тал-теректер отырғызуда, – деді қала әкімдігінің өкілі өз сөзінде. Одан әрі қалалық мәслихаттың  депутаттарымен бірге ағаш егіп жатқан облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексовке жақындадық.

– Ағаш отырғызу – сауапты іс қой. Сондықтан  қалалық әкімдіктің ұйымдастырған бұл шарасына үлкен ықыласпен қатысудамыз. Өзім осы қазір бесінші көшетті егіп болдым. Сөйтіп, өзіміз тұрған қаланың  жап-жасыл, таза қалаға айналуына аз да болса, үлесімді қосып жатырмын. Жаңа алаң – көпшіліктің ең жиі шоғырланатын жері. Бұл жерде соңғы кездері көптеген мәдени шаралар өткізіліп жүр. Бұған қоса мына тұрған Салтанат сарайында жастар некеге отырып, жаңа өмірге қадам басады. Тойға, қуанышқа келген жұртшылық та осы жерге жиналады. Сол себептен нақ осы алаңның басқа жерлерден ерекшеленіп, айшықты болғаны дұрыс. Біз отырғызған ағаштар біраз уақыттан кейін жайқала өсіп, алаңның ажарын ашады деп  күтеміз. Оның үстіне алаң аумағы жақында ғана жаңартылып, тас жол  төселді.  Енді жол бойы жасыл желек жайқалып тұрса, бәрі қосылып өзара үйлесімділік тауып, қаламызға керемет көрік берері сөзсіз. Біздің қаламыз экологиялық тұрғыдан таза қалалардың қатарына жататындығы көңіл  қуантады, – деген Игорь Стексов жерлестерін осындай сенбіліктерге жиі шығып, қаламыздың осы  мәртебесін сақтап қалуға шақырды. Осындай пікірді «Қоғамдық келісім» ММ-ның өкілі Жамал Ихсанова мен қалалық мәслихаттың депутаты, «СКФ Отделстрой» ЖШС басшысы Валентина Михно да жеткізді.

Сенбілік кезінде сол маңда орналасқан Қазақстан халқы Батыс Қазақстан облысы ассамблеясының мүшелері мен «Қоғамдық келісім» ММ қызметкерлері, сондай-ақ көп бейінді қалалық аурухана қызметкерлері өз мекемелерінің маңайын күзгі жапырақтардан тазартты, аулаларын жас теректерге толтырды.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»

Сатыбалды ТАСПИЫҚОВ,

қала тұрғыны, еңбек  ардагері:

– Мен биыл 81 жасқа толдым. Осы жасыма қарамастан, жыл сайын өткізілетін игі  шаралардан қалмаймын. Өйткені  қаламызды көркейту – көпшілікпен атқарылатын сауапты шаруа. Бүгінгі  біздің істеген ісіміздің рақатын, игілігін ертеңгі күні біздің ұрпағымыз көреді. Олар өз дәуірінде  біздің осы жұмысымызға құрметпен қарап, мақтанышпен айтып жүретін болады. Біздің әрқайсымыз өмірде өз айшықты ізімізді қалдырып кетуіміз керек. Мұндай шаралардың тәрбиелік мәні зор, өзім осындай шаруаларға қатысуды азаматтық парызым деп санаймын.

Нұрбигүл САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ,

«Қазақстан» ұлттық арнасының тележүргізушісі:

– Менің туған жеріме келуім бүгінгідей ауқымды шарамен тұспа-тұс келіп қалды. Бұдан біраз жыл бұрын Жалпақтал ауылындағы Кенжебек Меңдалиев атындағы орта мектепті бітірдім. Қазіргі уақытта Астана қаласында тұрамын. Бүгінгі шара жөнінде естіген бойда туған жерімнің топырағына бір терек болса да шаншып кетейін деп осы жерге әдейі келдім. Сөйтіп, бүгін маған өзімнің кіндік қаным тамған жерге тал-терек отырғызу бақыты бұйырды. Өзім бұған қатты қуанулымын. Өйткені  қазір отырғызған ағаштарымыз жайқалып өсіп, кейінгі ұрпаққа мұра болып қалады. Кейін осы ағаштарға қарап, өзіміз де жастық шағымызды еске алатын боламыз.

Валерий КРЫЛОВ,

– «Орал сауда-өнеркәсіптік компаниясы» ЖШС директоры, Орал қалалық мәслихатының депутаты:

– Сенбілік менің  ұғымымда — жаңару, жаңғыру деген сөз. Қазіргідей рухани жаңғыру кеңінен қолға алынып жатқан уақытта өзіміздің туған өлкемізді, өсіп-өнген жерімізді де жаңартқанымыз дұрыс. Мұндай сенбіліктерге біз жанұямызбен де, ұжыммен де үнемі қатысамыз. Мысалы, биыл күзде біздің ұжым кәсіпорын айналасын көгалдандыру мақсатында мекеме маңайына 30 шақты тал-терек отырғызды. Жасыл желек пайдалы, әсіресе, біз секілді өндіріспен айналысатын  кәсіпорындарға көгалдандыру керек-ақ. Сондықтан тал егу, айналаны абаттандыру жұмысын алдағы көктемде де жалғастырмақпыз.


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика