«Журналистердің мінезі мақаласынан-ақ көрініп тұрады…»

Күні , 135 рет оқылды


Ақ Жайық өңірінде әдебиет пен журналистика саласынан қалам тербеген тұлғалардың арасында «Орал өңірі» газетімен тағдырын байланыстырмағаны кем де кем шығар. Солардың бірі және бірегейі, талай жас журналистерді тәрбиелеп, ақпарат айдынына қосқан Нарынның нар ұлдарының бірі Ғарифолла Көшенов пен жұбайы Алмагүл Әбікенқызы болатын.


Бүгінде екеуі де Алматы қаласында ұл-қыздарының жанында зейнеткерлік демалыстарының қызығын көруде. Олар зейнеткер болса да, қаламдарын туармай, ақ қағазға сөз кестелеп, өткен жылдардың бедерінде жолыққан жайсаң ағалары мен ұстаздары, құрдастары, жұмыстас әріптестері жөнінде төгілдіре сыр шертіп, шұрайлы шығармаларды түйдектете жазу үстінде. Жуырда «Орал өңірі» газетінің 100 жылдығына орай арнайы Оралға келіп, кейін Бөкей ордасының Нарын құмынына барып, аунап-қунап қайтқан еді. Сол сапарда біраз әңгімелесудің сәті түсті.

– Біраз жылдан бері Оралға жолым түспей жүр еді. «Орал өңірі» газетінің ғасырлық тойына келіп, өзіммен бірге қызмет атқарған көптеген қаламдастарымды кездестірдім. Арқа-жарқа болып, шүйіркелесіп әңгімелестім. «Орал өңірі» газетінің редакциясы мен үшін өте ыстық. 1964 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң облысқа алты маман келдік. Олардың қатарында Алмагүл жеңгең екеуміз бар едік. Хабер Нұрмұхамедов деген ағамыз редактор болып тұрған кезде, «Орал өңірі» газетінде қызметке қабылданып, бақандай 27 жыл қызмет атқардым. Тілші қызметінен бастап, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, бас редактор болып қызметтің барлық сатысынан өттім. Сол кезде «Орал өңіріне» шығармашылық десант секілді болып келген Тихон Әліпқали, Базарғали Қуатов, Мәжит Қайырғалииев, Қажым Ғұбашев, Ғилаж Наурзин секілді азаматтарды айрықша құрметтеймін. Сондай-ақ сол кезде уақытпен санаспай, газеттің жұмысында жүрген барлық қызметкерлерге басымды иемін. Өйткені менің маман болып қалыптасып, мансаптық өсу жолымда олардың үлесі зор болды. Бұл сапарымда Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына барып, ағайын-туғандардың амандығын біліп келдім. Зейнетке шыққаннан бері байқағаным, өзім жақсы көретін екі іспен айналыссам көңілім жайланады екен. Оның бірі – тыныш жерде компьютерге отырып, естеліктер жазып, бұрынғы жазған көркем шығармаларымның басын қосып кітап шығару. Ал екіншісі – автомашинаның руліне отырып, серуендеу. Ұлғайғасын кейде сырқаттанып қаламыз, сондай кезде көлік айдасам, ауырғанымды ұмытып кетемін. Бір жағынан, шопыр мамандығы мен үшін айрықша ыстық. Өйткені еңбек жолымды жүргізуші болып бастаған едім ғой, – дейді ардагер журналист.

Ғарифолла Көшенов есімі Ақ Жайықтың оқырмандарына жазушы, аудармашы, журналист, ақын ретінде етене таныс. Ол 1939 жылы Бөкей ордасы ауданының Бисен ауылында дүниеге келген. Орда орта мектебін бітірген соң Орал ауыл шаруашылығы техникумы жанындағы кәсіпқой көлік жүргізушілер даярлайтын арнаулы курстан өтеді. Содан техника жөндеудің қыр-сырын меңгерген бозбала еңбек жолын «Орда» кеңшарында механизатор болып бастайды. Бала күнінен өлең шығаруға бейім жан темір тұлпарлардың қара майына былғанып жүрсе де, тырнақалды туындылары мен ауыл өмірінен алған шағын хабарларын аудандық, облыстық газеттерге үзбей жазып тұрады. 1958 жылы Оралда облыс ақындарының тұңғыш айтысына қатысып, жүлдегер атанса, келесі жылы ұйымдастырылған ақындар айтысында да бас жүлдеден көрініп, Еңбекшілер депутаттары Батыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің қаулысымен «Облыс ақыны» құрметті атағын иеленеді. Сол жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, оны 1964 жылы бітірген соң облыстық «Орал өңірі» газетіне қызметке қабылданады. 1988-1991 жылдары «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, 1991-1993 жылдары – облыстық теледидар және радио компаниясының төрағасы болады.

– Өмірімнің отыз жылын арнаған «Орал өңірінде» өмірімнің көп естеліктері қалды. Мақала жазарда тақырып таңдау не жазған мақалаңызға ұтымды тақырып қою маңызды мәселе екенін журналистер қауымы жақсы біледі. Өйткені мақаланың өтімділігі тақырыбына тікелей байланысты. Жанғали Набиуллин деген замандасым екеуміз мақала, өлеңді жарысып жазатын едік. Жәкең, әсіресе, очерк жазуға келгенде алдына жан салмайтын. Сол кісінің жақсы бір әдеті бар. Толғанып мақала жазу үшін бірінші тақырып іздейтін. Бірде «Қақпада қабаған ит бар» деген мақаласы жарияланды. Барлығымыз не туралы жазды екен деп жапа-тармағай оқыдық. Фактісі шағын болса да, тақырыбы тартымды еді. Күнделікті таптауыр болған тақырып оқырманды тартпайды. Байқасаңыз, журналистердің мінезі мақаласынан-ақ көрініп тұрады. Біздің кезімізде мақаланы жарысып жазатын едік. Бірде «Приуралье» газетінде қызмет атқаратын Феодор Игнатьев деген азамат екеуміз бірге іссапарға шықтық. Ол мені «Гарик» дейтін. Журналистік зерттеуді жақсы меңгерген журналист еді. Беталысымыз ауылдағы шопандар. Екеуміз малшыларға сауалдар қоямыз. Бірге барған соң көргеніміз де бір нәрсе. Алайда ол кіргеннен бастап не байқады соны суреттеп, әдемі детальдар арқылы жеткізетін. Қарапайым, үстелдің үстінде тұрған сөмкені де сөйлететін еді, шіркін… Жас журналистерге айтарым, ең бірінші аңғарымпаз, байқағыш болғандарыңыз жөн. Сондай-ақ бәсекелесе жазған мақалада сапа болады, – дейді Ғарифолла Көшенов.

Кейін Ғарифолла ағамыз отбасымен 1994 жылы Алматы қаласына қоныс аударады. ҚР Қаржы министрлігінің аударма басқармасында, Әділет министрлігі жүйесінде аудармашылық қызмет атқарады. Іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру, салалық термин сөздердің орысша-қазақша сөздіктерін жасау жөніндегі республикалық байқаулардың бірнеше мәрте жүлдегері атанады.

Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ағамыздың «Сүмбіленің салқыны» мен жұбайы Алмагүл Әбікенқызының «Періштем болып жебей жүр» атты кітабы оқырмандардың қолына енді-енді тигелі жатыр. Бұған дейін Ғарифолла Көшеновтің өлеңдері, эсселері, естеліктері жинақталған «Қоян жылы» кітабы (2015 ж.) жарық көрген еді. Ғарифолла ағайдың жұбайы Алмагүл Өмірбекова да – облыстағы журналистиканың пұшпағын илеп, бақандай 25 жылын Орал облыстық радиосының дикторлығына арнаған жан.

Затында Алматы төңірегінің тумасы Алмагүл Әбікенқызы Орал жеріне Қазақ университетінің филология факультетін бітіргеннен кейін, өзімен бірге оқыған бөкейлік азаматтың етегінен ұстап келеді де, Оралда отыз жыл бойы тұрақтап тұрып, еңбек етті. Ұрпақ өсіріп, жастық шақтың небір қызғылықты кезеңін осында, оралдық замандастарының ортасында өткізеді. Әуелі облыстық «Орал өңірі» газетінің редакциясында еңбекшілер хаттарымен жұмыс бөлімінің хатшысы, кейін бірқыдыру уақыт Орал облыстық мемлекеттік мұрағатының ғылыми қызметкері болады. Осы мекемеде жұмыс істей жүріп, сол кездегі облыстық теледидар және радио комитеті жариялаған конкурста жеңіп шығып, облыстық радионың дикторы қызметіне тағайындалады.

Шынтуайтына келгенде, нақ осы қызметке жеңгеміздің табиғи таза қоңыр дауысы, сөздің мақамын келтіріп, мазмұнын аша білетін тіл маманы ретіндегі теориялық білімі, таза және ашық сөйлеу машығы секілді туабітті қасиеттері іздегенге сұрағандай сай келіп, оның маман ретіндегі бағын ашқан болатын. Бұған қоса ҚазГУ-дің қабырғасында жүріп, «Мәнерлеп оқу» деп аталатын қосалқы пән бойынша сахна өнерінің хас шебері, профессор Асқар Тоқпановтан тыңдаған жартыжылдық арнаулы дәрістің де кәсіптік қызметте көмегі аз болмаған. Негізгі қызметіне қоса, облыстық радионың балаларға арналған хабарлар дайындайтын бөліміне жетекшілік етіп, осы мазмұндағы арнайы хабарлардың апта құрғатпай эфирден өтіп тұруына мұрындық болды. Хабарға қазақ тілді мектеп оқушыларының қаламгерлікке бейімі бар бір тобын тартып, олардың алғашқы шығармашылық машық алуына, тіл ұстартуына ұстаздық етті. Ширек ғасырға созылған дикторлық қызметінде ол радиохабар материалдарының жеделдігі мен эфир сапасын арттыру арқылы өңірдің саяси, шаруашылық, әлеуметтік-мәдени салалардағы жетістіктері мен жеңістері жайлы жаңалық хабарларды радиоэфир арқылы облыс жұртшылығына бірінші болып жеткізу бақытын бастан кешті. Кеңестік кезеңдегі көптеген мерекелер мен еңбектегі табыстарды марапаттаған той-думандардың бәрінде дерлік «ұраншы» әрі жүргізуші болды. Жеңгеміздің мамандығынан өзге, тағы бір мақтанышы – зайыбы Ғарифолла Көшенов екеуі қосарласа тәрбиелеп, өрісті өнегеге баулыған ұл-қыздары Лейла мен Ербол мәртебелі халықаралық құрылымдарда жауапты қызметтер атқарып жүр.

Бүгінде Алматыда тұратын Ғарифолла аға мен Алмагүл жеңгемізді алып шаһардағы «Орал өңірінің» әр санын қалт жібермей, оқып отыратын «№1» оқырманы десек, қателеспейміз. Ендеше, Алматыда Ақ Жайықтағы журналист іні-қарындастарының «бар болған күндеріне сүйініп» жүретін аға-жеңгемізге ұзақ ғұмыр тілейік.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»

Редакциядан: Ғарифолла ағамыз бен Алмагүл жеңгеміз өздерінің қаламынан туған «Қоян жылы», «Періштем болып жебей жүр», «Сүмбіленің салқыны» кітаптарын осы сапарларында Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханаға тегін тарту етті. Ол кітаптар одан әрі аудандардағы кітапханаларға жолданып, көп ұзамай облыс оқырмандарының көзайымына айналады деп сенеміз.


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика