Ұмытылмас үш күн

Күні , 107 рет оқылды

(өлкетанушының қойын дәптерінен)

(Жалғасы. Басы газеттің 28 қыркүйек күнгі №116 және 30 қыркүйек күнгі №117 санында)


Шатасқанымды сонда білдім. Интернетте бұрынырақтағы мәліметтер бойынша жасалған адрестік-телефондық анықтамалықтағы «место рождения: Энбек» деген жалғыз ауыз сөз ескі Еңбекті, бүгінше әліптегенде Үлкен Еңбек ауылын айтқан болып шықты. Ал ол ауылдың тұсынан мана өтіп кеткенбіз. Өзі басқа округке – Ақсоғым селолық округіне қарайды екен. «Онда қайтып барғанмен ешқандай сөз ала алмайсыңдар, шалаптарыңды шайқамаңдар», – болды ардагерлердің айтқаны. «Неге?» дегенімізде мән-жайды былай түсіндірді.


Теректі ауданының біз отырған оңтүстік бөлігі патша заманында Ілбішін уезіне, Кеңес тұсында және 1990 жылдардың ортасына шейін Ілбішін ауданына (кейінгі Чапаев) қараған. Негізгі табаны – кердерілер, оның жанбас, жабағы, құтсиық, құлтай бөлімдері. Аздаған табындар ұшырасады. Бұлар 1920 жылдардың ортасында «Жасталап», «Жаңаталап», «Игілік», «Қазақстанның 10 жылдығы», «Жаңа тұрмыс», «Еңбек», «Ынталы», «Қарағай», «Алғабас», т.б. деген атпен ТОЗ-дарға («Товарищество по обработке земли» – қазақша мойынсерік) ұйымдасады. 1930 жылдардың басында колхоздастыруға орай «қоныстандыру» саясатының басталуымен бұл ауылдардың тұрғын халқы да, атаулары да ерсілі-қарсылы өзгеріске түседі. Қоныстандыру 1932 жылы басталған: сол жылы Жаңақала жақтан, құм ішінен көп үйді көшіріп әкеледі, оған қоса төменнен, Атыраудан өзен арқылы баржамен және бір лек отбасы жеткізіледі. Сөйтіп, жігін бұзбай отырған кердері-табынға тана, беріш, ысық сияқты жаңа рулар жамалып, мидай араласады. Нәтижесінде, ауылдар болып ұжымдасады. Одан кейін ТАП, одан соң колхоз болып қайта ұйымдасады. Бізге кітапханашылар ұсынған мәліметке қарағанда олар 1930 жылдары мынадай төрт ауылдық кеңеске біріккен:

1) Еңбек селолық советі: «Табынбай» колхозы, «Игілік» колхозы, «Жаңа тұрмыс», «Ынталы» артелі; 2) Жайық селолық советі: «Ждағат», «Молотов» асыл тұқымды мал зауыты; 3) Бидайық селолық советі: «Жасталап», «Көкмешіт»; 4) Еңбек селолық советі: «Қазақстанның 10 жылдығы» ТОЗ. Осылардың ішінен біз ынта қойған «Еңбек» атты елді мекен екі рет қайталанған, оның соңғысы біз отырған Еңбек ауылының орнындағы әуелгі ТОЗ, кейіндегі «Жасталап» кеңшары, алдыңғысы Үлкен Еңбек болса керек. Төрт бірдей ауылды біріктірген үлкен ауылдық кеңестің орталығы. Мәулекештің кіндік қаны тамған жер де сол ауыл, бәлкім, селолық кеңеске қараған үш ауылдың бірі: Табынбай (қазір де өз атымен тұр, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның туған жері), Ақсоғым (бұрынғы «Ынталы» артелі, кейінгі Шолохов атындағы асыл тұқымды мал зауыты) және «Жаңа тұрмыс» артелі, кейінгі Чапаев атындағы кеңшар. Бұл соңғы елді мекеннің қазіргі аты мәлімсіз, соған қарағанда ол жерде бүгінде ел тұрмауы, немесе атын өзгертуі мүмкін. Қалай болғанда да біздің бүйрегіміз әлденеге, осы соңғы мекенге бұра берді.

Әңгіме былай

1940 жылы Мәулекеш кейін белгілі драматург атанатын Шахмет Құсайыновпен бірігіп «Марабай» дейтін пьеса жазған. Ол соғысқа дейін, 1941 жылы «Кеше мен бүгін» деген атпен қазақ драма театрында спектакль болып қойылады. Мұндағы Марабай – желілі жырларды дамыта жырлауымен әрі жырау, әрі жыршы атанған, дарынымен Абайдың өзін сүйсінткен атақты Марабай Құлбайұлы. Заманында Ильминскийге «Ер Тарғынды», Ыбырай Алтынсаринге «Қобыландыны» айтып отырып жаздырған табын Марабайдың өмірі жайында мәлімет тым тапшы. Белгілі фольклортанушы Оразгүл Нұрмағамбетованың анықтауынша, жырау қазіргі Теректі ауданына қарасты «Жаңа қоныс» дейтін жерде 1841 жылы дүниеге келіп, 1898 жылы бақилық болады. Бірақ, бұл өңірде «Жаңа қоныс» дейтін елді мекен бұрын да болмаған, қазір де жоқ. Біздіңше, «Жаңа қоныс» – кезінде Әдебиет институты ел ішінен жинаған мәліметтерге аты қате жазылып кеткен жоғарыдағы «Жаңа тұрмыс» ауылы болуы ықтимал. Ал ілкідегі аты қазіргі Шағатай болуы әбден мүмкін. Неге десеңіз, бізге Еңбектегі үлкен кісілердің айтуына қарағанда, кердерілерден ғана құралған өңге мекендерден бөлек, осы ауылда ғана аздаған табындар ұшырасады. Ендеше, сол Шағатай Марабайдың да, Мәулекештің де кіндік қаны тамған жер болуы ғажап емес – ол кезде кісінің туған жері жайлы анықтамаға нақты ауыл емес, сол ауыл кіретін селолық совет жазылатын, ал колхоздастыру кезеңінде Шағатай атын жоғалтып, «Жаңа тұрмыс» атанған артель-колхоздың Еңбек ауылдық кеңесіне қарағанын бұған дейін келтірдік.

Осы орайда, кейіпкеріміздің Мәулекеш дейтін аты да ой саларлық. Мәулекеш – Мәулімберді кісі есімінің қысқартынды нұсқасы, Әйтекеш, Сейтекеш, Сәуекеш, Меңдекеш сияқты дериват. Батыс аймақта Мәулімберді кең таралған антропонимнің қатарына жатады: Алтынорда дәуірінде, Ащы Ойыл бойында көне Мәулімберді қаласы болғаны белгілі; соңғы кезде оралдық тарихшылар Тайпақтың Базаршолан ауылы маңынан Мәулімберді есімді үлкен молда кісінің құлпытасын тауып, одан тараған үрім-бұтақтың жайын анықтады; 1917-1919 жылдардың өресінде Ілбішін уездік атком басшыларының бірі болып Мәулекеш Сарғожин дейтін азамат қызмет еткен, фамилиясына қарағанда белгілі алаша Сарғожа тұқымынан болуы мүмкін; Мұрат Мөңкеұлы тәрізді, арқалы жыршы-ақындар Үдербайдың Мәулімбердісі дейтін ірі жыраудан тәлім алған. Осы соңғы Мәулімбердінің отаны Арқа жақта делінеді, ал Арқа деп ертеде қазақ Жайықтың, Електің жоғарғы тұсын айтқан және бұл Мәулімберді табын деген де сөз бар. Осы тұрғыдан қарап, кейіпкеріміздің есімін соңғы жыраудың есімімен үйлестіруге болар еді. Сонымен бірге, Мәулекештің жалтартып қойған «Асан Қайғы» дейтін атының астарында да біраз сыр бүгулі. Бұл жерде қоныс іздеп, жер шалған Асан қария әңгіме болып отырғаны талассыз және мұның өзі тағдыры тәлкекке түскен жанның антиутопистік көңіл-күйімен де сәйкесіп тұр. Мәулекешпен тізқатар әдебиетке лапылдай енген жымпитылық Абдолла Жұмағалиевтің «Асан Қайғы» дейтін үлкен дастан жазғанын, жерлес екі ақынның соғыс алдында досжар болып, бірге жүруі мүмкін екендігін де есте ұстайық. Қалай болғанда да, Мәулекеш Қай-болдиннің шын аты-жөні арғы бетте кейінірек белгілі болған, ал оған дейін ол «Асан Қайғин» деген атпен жүрген және неміс әкімшілігі шетелдіктерге беретін төлқұжат – фремденпассқа да осы есімі түскен тәрізді, себебі, 1943 жылы өзі неміс командованиесіне Уәли Каюм-Ханның үстінен түсіретін баянхатқа да «Асан Қайғин» деп қол қойған ғой. Демек, «Асан Қайғинді» Мәулекештің бүркеншік есімі дегеннен гөрі авторлық аты деу жөн. Ал соғыстан кейінгі жылдары «Қайғыны» алып тастап, Мәулекеш Асан-Аға деген жаңа есіммен танылады. Мәулекешпен «Азаттықтың» Түркістан редакциясында бірге қызмет істеген қырғыз эмигранты Азамат Алтай бізді «Бұл ат – оның шын аты-жөні еді» деп сендіреді. Олай болса, кейіпкеріміз қандай жағдайда да есімінен «Асан» сыңарын тастамаған екен. Осының өзі Асан – жазушы шыққан ру тармағының аты емес пе екен деген ойға жетелейді (ру атын бүркеншік есім ретінде пайдалану, қазақ оқығандарының арасында кеңінен тараған тәсіл – мысалы, Мұстафа Шоқай бабасы Жанайдың, Әлихан Ағаев бабасы Ағайдың атын псевдоним етіп алғаны белгілі).

Ал енді Асан есімді кісі қазақтың қай руынан да табылады. Осы маңайдан іздер болсақ, кердерінің тілек тақтасынан шығатын құл бөлімінде Асан деген ата бар (Құл-Әжігерей-Асан, Тағыберлі). Табында тіпті молырақ: оның үш үлкен бөлімінің біреуіне жататын Бозымнан Асан туады, ал соңғысынан тарайтын үрім-бұтақта Асан абыз болып және қайталанады. Ал ілкі Асанның және бір баласы Күскілдің бір немересінің ныспысы да Асан. Амандәулет (Тарақты) табынның Тәуімбет дейтін тұқымынан да Асан деген кісі өрбиді. Бұл қаптаған асандардың қайсысы қай жерді жайлаған, бұл жағын анықтау табыннан шықпаған маған қиындау болып тұрғаны. Себебі, тарихқа айтқызсаңыз, негізінде «Теректі, Орал табындары» аталатын қауым бұл жаққа кейінірек келген: 1810 жылы Тұзтөбе (Соль-Илецк) казактарына 700 мың десятина жер кесіліп берілуіне байланысты Елек бойындағы атақонысында отырған он баулы табын жан-жаққа тарап кетеді – бір бөлігі батыс бетке өтеді, екінші бөлігі оңтүстік-батысқа беттейді. Осы жөнмен келгенде, табындар Орал жаққа XIX ғасырдың басында келген болып шығады. Бірақ, қазақтың қара шежіресі бұл жайды басқаша әліптейді: айтуынша, Табынның үлкені Ағымның баласы Теке қазіргі Орал қаласы тұрған жерді мекен еткендіктен ол жер Теке атанған, немесе Барбастау – табынның Барбас қожамберлі атасының атымен қойылған. Бұл дерекке ұйысақ, Орал бойы табындарының тарихы ХІХ ғасырдан да әріге кетпек. Шежіре қайырып жүрген білгірлер осы мәселеге анықтық енгізіп, соның ішінде Асан аталатын бөлімдердің жайын түсіндіріп берсе, жақсы болар еді. (Осыған байланысты және Мәулекеш жайлы өзге де деректер табылып жатса, мына электронды поштаға хабарлассаңыздар екен: tazhmurat92@mail.ru).

Бірақ, соның өзі оңай шаруа бола қоймайтын түрі бар. Еңбек ауылындағы әңгіменің ауанынан аңғарғаным, бұл өңірдің табан жұрты 1930 жылдардың ауыстырып-қағыстыруында ойдай өзгеріске түсіп қалған сияқты. Алдымен тәркілеу, сосынғы елге бүйідей тиген алапат ашаршылық, соңыра алағай-бұлағай қайта қоныстандыру елдің табанында отырған жұртты «кеңесті дала, кең далаға» тарыдай шашып жіберген де, өкімет олардың орнына тіпті басқа жақтан адамдарды әкеп қоныстандырған. Бір ғана мысал. Еңбек ауылында болғанымызда, бізге түстік шай берген ауылдық округтің бас маманы Нұржан Ахметқалиевтың анасы Ақлима 1932 жылы әке-шешесін Әжібай (Ақсоғым) ауылынан Орал маңайындағы Колесово хуторына көшіргенін, одан Большой Шаган дейтін жерге аударып, канал қаздырғанын әңгімеледі. Барлығы алты үй кеткен екен, Ақлима апай Нұржанның әкесіне тұрмысқа шығуы себепті елге оралған, ал өңге отбасылар сол жақта қалып қойған. Ойымша, Мәулекештің ағайын-аумағы да сондай бір кепке ұшырап, 1930 жылдары елден көшіп кеткен болуы, соған орай елден тай кезінде кеткен Мәулекеш те туған жерімен байланысын үзген, тиісінше, бұл жердегі елдің алдында ол туралы еш дерек сақталмаған.

Біздікі қисын ғана, қалай болғанын Алла біледі. Ең бастысы, тарихқа, әсіресе, туған жердің тарихына келгенде таптау да жоқ, ақтау да жоқ, бір немқұрайлылық белең алмаса екен, Қашаған жырау айтпақшы, «Пілдің тірі бәсі де мың ділдә, өлсе, тері бәсі де мың ділдә» боп қалмаса екен дейсің ғой. Қазақ желдеп кеткен малын да іздеуші еді, ал тамырынан ажырамай әлем мәдениетін меңгерген, Мәскеуде, Германияда білім құтарған, Гетёні алғаш түпнұсқадан қазақшаға аударып, немісше роман жазған, «адам баласы үп еткен желге тамырын үзіп, тоқтаған жерге тұқымын төгетін қаңбақ емес» деп жат жұрттан әйел алмай, ұрпақ сүймей, елге деген құсамен зарығып өлген, күрек тісіміз сықылды аздың бірін іздемей бізге не болған?! Ол неге Шәкібаевтың ойынан пішкен «Үлкен Түркістанның күйреуі» кітабының ғана кейіпкері болып қалуы керек?! Біле білгенге, Кеңес Одағының топсасын босатып, бізге еркіндік әперген көп нәрсенің бір елеулісі – Мәулекештер негізін қаласқан батыстық радиохабарлар, солар санаға құйған сөз бостандығы емес пе?! Базбіреулер «Осыншама мықты азаматтарыңды іс қыла алмай жүрсіңдер ғой» дегендей таңданысты сыңайда қарағанда, бетіңнің ары шығып кеткендей болады екен. Түптеп келгенде, Мәулекеш тағдырлы адамдар кезінде «жау» делінген бөтен жер, басқа ықылымға алдын-ала ойластырылған саналы шешіммен емес, жай-жапсары бүгінгі бізге мәлімсіз, тылсым трагедиялық жағдаяттардың, бір адам түгіл, жер-жаһанның тағдырына қақпақыл ойнатқан «үлкен ойындардың» кесірінен тап болғаны енді белгілі болып жатыр. Біле білгенге Мәулекештің трагедиясы – қазақтың трагедиясы. Осыны түсінген қызылордалықтар онымен тағдырлас, әрі жанқияр досы болған Мәжит Айтбаевты қаламмен тірілтіп жатыр, тіпті атыраулықтар тарапынан да неміс барлау орындарында қызмет еткен Әлихан Ағаевтың өміріне қатысты осындай бір қарекет байқалады. Ғажабы, бұл екеуінен де ұзағырақ өмір сүрген, тіпті күні кеше өмірден өтті деуге болатын Мәулекештің қабірі де сақталмаған. Мұны осы жолдар авторы мен жәнібектік журналист Ахмедияр Батырхановтың «Орал өңірі» газетінде жариялаған Қарес Қанатбай жайлы мақаласын оқып, жуырда отбасымен Мюнхенге әдейілеп тұрып барып, атасының қабіріне топырақ салып қайтқан Қарестің немере інісі, биология докторы Серік Қанатбай айтып келді: ұққанымыз, Мәулекештің басына туған жерінен әз топырақ апарып сала да алмайды екенбіз, себебі, Мюнхеннің Baldvrstrabe, 28 адресіндегі Батыс зиратының мұсылман секторындағы қабірінің басына қойылған тасын алып тастап, үстіне басқа адамды жерлеп жіберген: немістің заңы солай, – уақтылы ақысы төленбесе, қабірді сақтауға негіз беретін келісімшартты тоқтатады. Сөйтіп, айналып келгенде, ағамыздың тағдыры итке кемік боп, майдан даласында қалған боздақтарымыздың кебін киген. «Бір дүниеде екі зауал жоқ» деуші еді, өтірік екен. Отансыз адам, шынымен де, ормансыз бұлбұл екен. Өз елінен, өз босағасынан үш буылып шыққанның арманы кәне?!

О, тәңірім, ырыздықты шетке жазсаң да, топырақты шетке жазғыза көрме бізге…

Мақсат  ТӘЖ-МҰРАТ

(Жалғасы бар)


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика