4.10.2017, 22:59
Қараулар: 114
Ауыр дертті жеңген ақ махаббат

Ауыр дертті жеңген ақ махаббат


Дүйсенбі күні Салтанат сарайында «Qayir» қоғамдық қорының директоры, медиа менеджер Алпамыс Шаримовтың ұйымдастыруымен «Love for ALL» – «Бәріне махаббатпен» тақырыбында III қайырымдылық гранд балы өтті.


Салтанатты шара еліміздегі эстрада жұлдыздарының қызыл кілем арқылы жүріп өтуімен басталды. Олардың қатарында Димаш Құдайберген,  Гүлнұр Оразымбетова мен Эльдар Гасимов, Кәмшат Жолдыбаева, Ренат Гайсин, Ерке Есмахан, «Қазақстан» ұлттық  арнасындағы «Әйел бақыты» бағдарламасының тележүргізушісі Ләйла Сұлтанқызы мен «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы, продюсер Жанар Байсемізова, «Казахи» КТК командасының мүшесі Гүлнар Сильбаева мен «Бастау» тобы, Сәнді Бексырға, актер Асылхан Төлепов болды. Кеш шымылдығын облыс әкімі Алтай Көлгінов ашты.

– Құрметті, қала қонақтары мен гранд балға қатысушылар, Орал шаһарына қош келдіңіздер! Биыл облыс үшін ерекше жыл. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында бірқатар шаралар ұйымдастырылса, соның бірі – бүгінгі  қайырымдылық балы. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқына арнаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсеткен болатын. Мақалада Елбасы саналы адамға туған жеріңді сүй, аянбай еңбек ет, халқыңа үлгі бол деген ойды жеткізді. Гранд бал аясында бүгінгі кешке қатысушылар 100 отбасыға көмек көрсетіп, сыйлықтар үлестірген болатын. Қытайда өткен «I am singer» жобасының жеңімпазы, дарынды ұлдарыңыз Димаш Құдайбергенов қаладағы әлеуметтік қызмет көрсету мекемесіне барып, қамкөңіл қариялармен кездесті. Оларға тамылжыта ән салып берді. Ал актер Асылхан Төлепов жалғызбасты қарияның ауласын тазалап берді. Ақ Жайыққа келген өзге де қонақтар осындай бағыттағы қайырымдылық көмектерін аямады. Бұл – үлгі боларлық іс. Бүгінгі кештің өтуіне ұйытқы болған ұйымдастырушыларға, әсіресе, Алпамыс Шаримовке алғысымды айтқым келеді. Ол қайырымдылық гранд балының осындай керемет болып өтуіне ұйытқы болып, өнер жұлдыздарының атсалысуын  қамтамасыз етті. Сонымен қатар бір ай көлемінде би билеп, арнайы дайындықтан өткен 100 қатысушыға ризашылығымды білдіргім келеді, – деді облыс басшысы Алтай Сейдірұлы.

Қайырымдылық кешті Асылхан Төлепов, Гүлнар Сильбаева, Нұрбигүл Егізова мен Сергей Жужа жүргізіп, бал бишілерін ортаға шақырды. Оларды кештің басты қонақтары, махаббаттары арқылы ауыр дерттің өзін жеңуге болатындығын дәлелдеген қос ғашық Марлен Нұрғасенов пен Әнел Мұратова (суретте) бастап шықты. Олардың достығы 16 жастан басталған екен.

Екеуі Атырау облысына қарасты  Құлсары қаласындағы бір мектепте оқыған. Кейін Марлен  тоғызыншы сыныпты бітіріп, Ақтөбе қаласындағы колледжге оқуға түседі де, Әнел Құлсарыда оқуын жалғастырады. Алайда бойжеткен 2009 жылы өкпесіне салқын тигізіп, ота жасату қажет болады. Ота Қарағандыда жасалатын болғандықтан, бойжеткен Марленге дерті туралы шындықты айтады. Содан Әнел мен анасы пойызбен Қарағандыға аттанады. Пойыз Ақтөбе облысының Қандыағаш станциясына тоқтағанда, купеге Марлен кіріп келеді. Ол Әнелдің анасына сабағынан қашып кеткендігін түсіндіріп,  қандай жағдайда да  Әнелдің жанынан табылғысы келетінін айтып, Қарағандыға бірге аттана-ды. Кейін Марлен Қарағанды қаласында уақытша жұмысқа орналасады. Жұмыстан шыға салысымен ауруханаға барып, ғашығының жанынан бір елі алыстамайды. Ал Әнелдің бір өкпесі ота арқылы алынып тасталғандықтан, оттегі балонынсыз жүру мүмкін болмай қалады. Сол  сәттерде де бозбала оттегі балонын бірге тасып, Әнелден жылы сөзін аямай, өмір сүру үшін талпыну қажеттігін құлағына құйып, санасына сіңірумен болады. Осылай жеті жыл бойы өмірі қыл үстінде тұрған Әнел Мұратова Марлендей азаматтың махаббаты мен қолдауының  арқасында  дертті жеңіп шыққан болатын.

– Бүгінгі балға қатысқаныма қуаныштымын. Шынымды айтсам, қатты қобалжып тұрмын. Өйткені осыдан екі-үш жыл бұрын дәрігерлер өмір сүруіме 30% ғана мүмкіндік бар деген кезде Орал қаласына келіп, осындай керемет қайырымдылық шарасына қатысамын деп ойлап та көрмеппін. Алланың қалауымен, Марленнің маған деген махаббатының арқасында  сіздердің алдарыңызда тұрғаныма мың шүкіршілік етемін. Өмірде мейірімді, жомарт жандар көп болып, қайырымдылық шаралар ұйымдастырыла берсін. Баршаңыздың дендеріңізге саулық, мәңгілік махаббат тілеймін, – деді жиналғандардың жанарына жас үйірілген Әнел Мұратова.

Бал көйлегін киген қыздар мен  смокинг киіп, сымдай тізілген жігіттер кеш көркін аша түсті. Олар фин полькасын, орыстың кадрилін, Итальяның паванасын, Шәмші әндерінің әуеніне мың бұрала вальс билеп, көрермендерге  ерекше әсер сыйлады. Оларға қайырымдылық шарасы үшін Астана қаласынан арнайы келген балетмейстер, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Досжан Табылды мен М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің бас балетмейстері, хореограф Қарлығаш Қадырбекова  бір ай бойы дәріс берген болатын.

Ал шараның ортасына таман сахна төріне оралдықтардың көптен күткен эстрада әншілері шығып, өнерлерін ортаға салды. Әсіресе, Гүлнұр Оразымбетованың «Көкке өрле!», Ерке Есмаханның «Қайдасың?», Димаш Құдайбергеннің «Дайдидауы», сондай-ақ Кәмшат Жолдыбаева, Эльдар Гасимовтың шырқаған әндері зор қошеметке ие болды. Әуелете ән шырқаған соң, эстрада жұлдыздары Ақ Жайық жұртшылығына ақ жарма тілегін арнады.

Кеш соңында бал биін билеген 50 жұптың ішінен  кештің ханзадасы мен ханшайымы анықталды. Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университетінің студенті Мақсат Әбуов мерейлі кештің ханзадасы, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Камила Халелова ханшайымы атанды. Содан соң облыс әкімі Алтай Көлгінов осындай ауқымды мәдени шараларға арналған орталық салынатынын жеткізді.

Айта кетсек, бұл қайырымдылық балының билеті 20 000 теңгеден сатылған еді. Жиналған  қаржы сал дертіне шалдыққан нәрестелер мен Әнел Мұратованың еміне жұмсалмақ.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар