4.10.2017, 22:57
Қараулар: 220
Мейірімге мұқтаждық немесе сал ауруының себебі көп

Мейірімге мұқтаждық немесе сал ауруының себебі көп


Біздің өңірде ғана емес, еліміз бойынша ата-ана мен баланы, жалпы отандық медицинаны алаңдатып отырған өзекті мәселе ол – бүлдіршіндердің церебральды сал ауруы (ДЦП). Облыста  аталмыш дертке  560  бала шалдыққан.  Сал ауруы кей нәрестеде құрсақта дамыса, енді  біреулерінде  жүре  пайда болуда.


Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаевтың мәліметінше, балалардың церебральды сал ауруына шалдығуына бірнеше факторлар әсер етеді екен. Егер әйел адам жүктілік кезінде әр түрлі респираторлы немесе басқа инфекцияларды жұқтырса, шарана уақытынан бұрын дүниеге келсе, құрсақта ұзақ уақыт қағанақ суынсыз жатып қалса, жүктілік пен босану процесі ауыр өтсе, аяғы ауыр келіншек жүктіліктің алғашқы мерзімінде жүйкеге әсер ететін факторларды бастан өткерсе, онда аталмыш кесел дүниеге келер нәрестеде пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ шарана қағанағының суын ерте жарып жіберіп, толғақ кезінде баланың басы анасының жамбас сүйегінен жарақат алса, сәбидің орталық нерв жүйесі зақымдалғандықтан, дерт жүре пайда болмақ. Осы жағдайларда туындаған нерв жүйесінің патологиясы аяқ-қол параличінің ауыр түріне әкеліп соғуы мүмкін. Бұл дертке шалдыққан балалар өмір бойы невролог дәрігердің диспансерлік есебінде тұрып, дәрілік заттармен ем алып, сонымен қатар емдік дене шынықтыру, дене ысқылау, физиолық емдермен қамтамасыз етілуге тиіс. Сал диагнозы қойылған нәрестелердің денесін ысқылау, физиолық ем жасау арқылы жағдайын жақсартуға болады. Церебральды сал ауруының еміне медикаментозды емнен бөлек сауықтыру емі де кіреді. Сауықтыру жұмыстарын облыстық көпбейінді балалар ау-руханасындағы 11 сауықтыру орны жүргізеді.

Дерттің алғашқы белгілері

Денсаулық сақтау мамандарының айтуынша, дені сау нәресте бірінші айында жерден денесін тік көтергенде, басын ұстауға тырысуы қажет. Ал екінші айында күліп, “уілді” дыбыстар шығарып, айналасындағы заттарға қызығушылықпен қарай бастайды. Үшінші-төртінші айында етпеттеп жатып, шынтақтап денесін көтереді, демеп ұстаса, жамбастап отырады, шалқалап жатып, бүйіріне аунап түседі, мойны қатайып, басын тік ұстайды. Ал бесінші айында әлденеге сүйеніп отырады, қолтығынан демесе, тізесін бүкпей түзу тұрады. Алтыншы-жетінші айында аяғын басуға тырысады, еңбектейді, өздігінен отырып, қолынан ұстап демесе, аттап қадам басады. Кейін өздігінен жүре бастап, дами береді.

Ал сал дертімен ауыратын нәрестелер дүниеге келгеннен бастап әлсіз болады және туа берілетін қимыл-қозғалыс рефлекстерінің жоқтығын байқауға болады екен. Яғни бала қорғанбайды, етпетінен жатқан бала тыныс алу үшін басын бұрмайды, жерден көтерген жағдайда аяғымен жер тіремейді, етпетінен жатқан қалыпта еңбектеуге тырыспайды. Балалар церебральды сал ауруы қимыл-қозғалыс, психикалық және сөйлеудің бұзылыстарынан көрініс береді. Яғни мұндай дертпен ауыратын балалардың сөйлеу, ойлау қабілеттері төмен болады. Балалардың церебральді сал ауруын алғаш ағылшын дәрігері, хирург-ортопед В. Литтл зерттеген. Ол ХІХ ғасырдың соңында аурудың клиникалық көрінісін сипаттап, оны туу кезіндегі қиындықтармен және нәрестенің шала дүниеге келуі немесе асфексиямен байланыстырған. Литтл церебральді сал ауруына 100 бала шалдықса, оның 30-ы — құрсақта, 60-ы туу кезінде, 10-ы дүниеге келгеннен кейінгі кезеңде пайда болады деген қорытынды жасаған.

Психологиялық көмек ауадай қажет

Сал ауруына ұшыраған баланың пайда болуы ең бірінші ана үшін үлкен уайым. Өйткені болашақ баланың дүниеге келуімен байланысты үміті мен жоспарлары бір мезетте бұзылады. Баласы сал ауруына ұшырап туған ана алғашқы кезеңде жалғызсырап, эмоционалдық күйзеліске түсетіндігін мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігінің бас маманы Алмагүл Салыққызы былайша түсіндірген еді.

– Балалардың церебральды сал ауруы көп жағдайда шала дамудан немесе онтогенезде ми зақымдануынан пайда болады. Церебральды сал ауруына шалдыққан балалар тез жазылып кетпейді, бұл науқастар ұзақ уақыт ем алады. Кейде олардың ата-анасы емнің нәтижесін тез көрмегендіктен, ата-ана мен дәрігерлер арасында реніш туып жатады. Бұл жағдайда балаға медициналық көмек ұсынумен ғана шектелмей, оның ата-анасына да психологиялық көмек көрсету қажет. Өйткені баласы науқас ата-ана перзентінің өмір бойы мүгедек болып қалмауын уайымдап, жүйке жүйесіне салмақ түсіреді.

Біз бұл жағдайда ата-ананы сабырлы болуға шақырамыз. Әсіресе, жас аналар күйзеліске түсіп, көрші-көлеммен, құрбы-құрдастарымен, тіпті ағайын-туғандарымен араласпай тұйықталып қалады. Мұндай өмір ритмі физикалық және моральдық ауыртпалық тудырады және қатты эмоциялық күйзелістің салдарынан әйел ағзасы шаршайды. Кейде баласы ауру ана артериальды қан қысымының тербелмелі құбылысына, ұйқысыз түнге, жиі қайталанатын бас ауруына ұшырайды. Етеккір мерзімінің бұзылуы, ерте климакстың басталуы, жиі суық тию мен аллергия, жүрек буын және эндокриндік аурулар, асқазан ішек аурулары туындауы да мүмкін. Сондықтан «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігі қаладағы әр түрлі патологиялық дертпен дүниеге келген баласы бар отбасыларға психологиялық-педагогикалық көмек көрсету үшін құрылған болатын. Қазір бұл сауықтыру орталығына 60 бала ата-анасымен келіп жүр. Мұнда аяқ-қолдары салданған балаларға мамандардың көмегімен емдік жаттығулар жасалады. Сонымен қоса олардың ата-аналарымен тек психолог маманның сөйлесуі күйзелістен арылуына жәрдемдеспейтінін айтар едік. Біз аталмыш жағдай басына түскен ата-аналардың барлығын шақырамыз. Өйткені ата-аналар өзара сөйлесіп, кеңесіп, өзінің баласынан да қиын жағдайдағы отбасылардың бар екенін не перзентінің жағдайы өзгелерден төмен болса да, өзі рухани бай адам екендігіне көз жеткізсін дейміз. Оларға қолөнер бұйымдарын жасатып, іс тіктіреміз. Бұл арқылы біз олардың да саусақ ұшы моторикасын дамытып отырамыз. Берілген тапсырмаларды орындап, өз күштерімен бұйым жасап шығар-ғаннан кейін кей аналар эмоцияларын шығарып, қуанып жатады, – дейді Алмагүл Салыққызы.

Тау тұлғалар

Әлемге танымал тұлғалар арасында да сал, аутизм, дауна дертімен науқастанған жандардың бар екенін бірі білсе, бірі білмес. Оның бірі – Флоренциялық Пиеро да Винчи мен Катеринаның отбасында дүниеге келген Итальяның ұлы суретшісі әрі ғалымы Леонардо Да Винчи. Ол оң жақ спастикалық гемипарез, яғни сал ауруының бір түрімен дүниеге келген. Дертіне байланысты оң аяғын ақсақтап басып, оң қолын толық игере алмаған. Көркемсуретті салуда, жазуда сол қолын пайдаланған. Оның әйгілі шығармасы – «Мона Лиза» туындысы. Бір деректерде аталмыш сурет 1479 жылы өмір сүрген Лиза атты әйел бейнеленген десе, енді біреулерінде Леонардо Да Винчи өзінің әйел келбетіндегі суретін салды деген дерек бар. Өйткені суреттің аты «Мона Лайза», яғни италиян тілінен аударғанда «Моя леди» дегенді білдіреді екен. Сонымен қоса «Пистолетке арналған дөңгелек құлып», “Бақсылар тағзымы”, “Кеш құпиясы”, “Қасиетті отбасы”, “Мадонна Литти” секілді танымал еңбектері мен 7 000 парақ жазбасы қалған. Сондай-ақ сал дертінен зардап шеккен жанның бірі америкалық актер – Сильвестр Сталлоне. Оны босану кезінде оның бет-сүйегінің нерв тамырларына зақым келген. Сол себепті беті мен ернінің, тілінің бір бөлігі салданған. Алайда кино әлемінде оның түсініксіз сөйлеуі, бетінің эмоциясыз міз бақпай қалатын қалпы актердің «визиткасы» болып қалыптасты. Сонымен қоса кино әлемінде Ар-Джей Митт, Джери Джевелл мен Крис Фонческа және америкалық актер, «Оскар», «Золотой глобус»,«Эмми» премияларының иегері Форест Уитакер, америкалық актерлер Дональд Джозеф Куоллс, Энди Кауфман мен АҚШ-тың жетінші президенті Эндрю Джек-сон секілді жандардың мүмкіндігі шектеулі екенін көпшілік біле бермейді.

Сондай-ақ кездескен кедергілердің бәрін жеңіп, аталмыш тұлғалардай әлемге танымал болмаса да, облыста үлкен табысқа кенелген жандар аз емес. Солардың бірі – Өмірболат Сейітқалиев. Ол ашқан «Өмір» баспа салоны тойға, мерейтойға арнайы шақыру қағаздары мен фотосуреттер шығарып, баннерлер жасап, өз қызметін тұрғындарға ұсынып келеді. Бұл мекеме еліміз бойынша 60 адамды тұрақты жұмыспен қамтуда.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»

 

P.S. Халық арасында «Ешкім ауруды сұрап алмайды» деген сөз бар. Ауру – адам үшін жіберілген сын, одан ешкім сақталмаған. Шариғат бойынша науқас адамдар қамқорсыз және қуатсыз күйде болғандықтан, бірінші кезекте Алланың қорғауына түседі. Пенде болашағын болжай алмайды, ертеңгі күнінен де бейхабар. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамнан шеттетпей, жылы жүрегімізбен ыстық алақанымызды тосқан ләзім.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар