4.10.2017, 22:54
Қараулар: 132
Ақиқат қашан аршылады?..

Ақиқат қашан аршылады?..


Өткен сенбіде «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінде 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің 80 жылдығына байланысты «Үлкен террор – Орал өңірінің қасіреті» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Оған Қазақстан мен Ресейдің тарихшы-ғалымдары, қоғамдық әлі ұйымдардың жетекшілері, өлкетанушылар мен студенттер  қатысты.


– 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргін әрбір қазақстандық отбасына қатер төндірген террор болды. Орыс жазушысы Александр Солженицин кітабында Қазақстанда мыңдаған көзі ашық, адал азаматтар азапталған түрмелер мен лагерьлер жүйесі құрылғаны туралы жазды. Заңсыз қудаланғандарды ақтау Кеңес одағы коммунистік партиясының бас хатшысы Сталин қайтыс болған 1953 жылы басталды. Миллиондаған адам лагерьлер мен түрмелерден бостандыққа шықты. Бұл бағыттағы екінші толқын Никита Хрущевтің «жылымық кезеңінде» жалғасты. Үшінші кезең КОКП орталық комитетінің бас хатшысы Михаил Горбачев билік құрған кезінде болды. 1989 жылы Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Қошке Кемеңгерұлы сынды белгілі Алаш қайраткерлері ақталды. Саяси қудалауға Қазақстанда 130 мыңдай адам ұшыраса, 25 мыңдайы ату жазасына кесілді. 1995 жылы академик Нұрпейісов Алашорда қозғалысында белсенді болған 300-дей тұлғаның есімін жария етті. Бірақ соңғы деректер бойынша 1 000-нан астам ұлт зиялысы қысқа мерзімде қазақ халқын дүр сілкіндіріп, дербес мемлекет құру жолында басын қатерге байлағанын білеміз. Соңғы жылдары саяси қудалаудан ақталған азаматтар рухына бағышталған көптеген іс-шара атқарылды. Олардың есімдері қалаларымыздың көшелеріне, мектептерге, елді мекендерге берілді. Бірақ репрессия ақиқатына қатысты ақтаңдақтар мен күрмеулі түйткілдер әлі көп. Себебі, зерттеу  аясын кеңітетін құқықтық база әлі күнге толыққанды жетілдірілмеді, – деді басқосуға Астанадан арнайы келген тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Әділет» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Ханкелді Әбжанов. Оның айтуынша, ҚР «Мемлекеттік құпиялар туралы» заңында репрессияға ұшырағандарды ақтау бойынша құжаттар қолжетімді болуы тиіс деп жазылса да, кейбір заңнамалық актілерде қарама-қайшылық бар. Сол себепті, РКФСР ҚК-ның 58-бабымен «халық жауы» деп айыпталғандар ақталғанымен, 59-бабы бойынша «Кеңес билігіне қарулы қарсылық танытқандардың ісін» қайта қарау мүлдем назардан тыс қалған.  «Әлі күнге зерттеушілер үшін еліміздегі архив қорларының 90 пайыздайы жабық күйінде. Меніңше, ол құжаттардың құпия мерзімі шегінен асты. Жазаға тартылғандар арасында қарапайым мамандық иелері де бар. Олардың құжаттарын жасырып-жабудың қандай маңызы бар? Іздеу салған ұрпақтары мен тума-туыстары осы жөнінде жиі шағымданады. 2014 жылы Елбасымыз «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру үшін мәңгілік құндылықтарды қастерлеу керектігін айтты. Мұндай құндылықтарға тарихи мұралар да жатады. Соның ішінде, құпиясы толық ашылмаған тоталитарлық саясат қасіреті түбегейлі зерттеуді қажет етеді», – деген ғалым «Әділет» ҚБ ҚР Бас прокуратурасына, Жоғарғы сотына және Президент әкімшілігіне қажетті заң талаптарын жетілдіру жөнінде ұсыныс-хат жібергенін мәлім етті.

Басқосуда Ресейдің Орынбор облысының «Мемориал» ағартушы-құқық қорғау қозғалысының басқарма төрағасы Александр Рождествин шекаралас өңірдегі зерттеу ісі жайында баяндады. Осы мақсатта жанданған «Мемориал» қозғалысы 1987 жылы Мәскеуде ашылған. 1988 жылы Орынбор облысындағы репрессия құрбандары жерленген орынды зерттеуге, бұл жөніндегі деректерді көпшілікке жария етуге ресми түрде  рұқсат етілді. 1997 жылы қозғалыс мүшелерінің зерттеуімен алғашқы еске алу кітабы жарық көрді. Архив деректері бойынша Орынбор облысында 26 мыңнан астам адам қудаланып, 8 мыңнан астамы атылған. Зауралье аймағындағы тоғайда орналасқан «1930-1950 жылдары сталиндік репрессия құрбандарының жерленген орны» тарихи-мәдени ескерткіш мемлекеттік тіркелімге енгізілген.

– 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін Сталин жендеттері тоталитарлық жүйені нығайтуға жанталаса кірісті. 1937 жылғы шілдеде КСРО ішкі істер халық комиссарының басшысы Николай Ежов «Бұрынғы байқұлақтар мен қылмыскерлерді және басқа кеңеске қарсы элементтерді репрессиялау» туралы №00447 шұғыл бұйрыққа қол қойды. Бұйрық негізінде екі санат бойынша («ату» және «10 жылға соттау») 269 мың адамды жазалауға Кеңес одағы құрамындағы елдерге лимит бөлінді. Ақиқатында, 1937 жылдың тамыз айынан бастап 1938 жылдың қарашасына дейінгі зобалаңда 767 мың адам құрбан болды. Оның ішінде 387 мыңы атылды, 380 мыңы сотталды. Бұйрық екі есе «орындалды». Қазақ КСР-ына қатысты жоспарда  2 150 «қылмыскер» ату жазасына кесіліп, 5 000 қазақстандық үштік үкімімен абақты мен лагерьлерге жіберілуі тиіс еді. Батыс Қазақстан облысында 300 адам қара тізімге кіргізу жоспарланды. Бірақ «Ашық тізім» жобасы бойынша сайтта ҚР ҰҚК-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің санатына кіргендердің 5 173 адамның атыжөні жарияланды, – деді «БТК (ВЧК), ІІХК (НКВД) және МҚК архивтеріне еркін қолжетімділік үшін» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, басқосу модераторы Никита Редько.

Дөңгелек үстелде тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Дәметкен Сүлейменова мен өлкетанушы Жайсаң Ақбай, Күнбатыс Алашорда қайраткерлері жөнінде деректер жинау мақсатында ұйымдастырылған ғылыми экспедиция барысын баяндады. Екі жақты кездесуде Қазақстан – Ресей ғалымдары үшін құқық қорғау және арнайы қадағалау құрылымдарында ре-прессияға қатысты құжаттарын толық зерттеуге ресми рұқсат бермей отырғаны ортақ мәселе екені айтылды. Бірер жылдан кейін архив қорында сарғайған құжаттардағы жазу түгелімен көмескіленіп, қажетті деректер ғылыми айналымға енгізілмей қалу қаупі бар. Соған байланысты олардың электронды көшірмесін жасау – кезек күттірмейтін мәселе. Ал Никита Редьконың Батыс Қазақстан облысы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандары жерленген орындарға қатысты тың деректердің бар-жоғына байланысты қойған сауалына біздің ғалымдар тарапынан тұшымды жауап берілмегені рас.

Бұл бағытта Ресей ғылымы әлдеқайда жүйеленгені, зерттеу ісі бір жолға қойылғаны аңғарылды. Айта кетейік, келелі мәселе-лер көтерілген кездесуде арнайы шақырылған сала басшылары немесе бірде-бір шенеунік төбе көрсетпеді. Құжат құпиялылығына қатысты сауалдар қойылғанда, облыстық ішкі істер департаментінің өкілі бұл мәселе Үкімет деңгейінде ғана шешілетінін айтты.  Соған қарағанда талай жазықсыздың көз жасына қалып, талай азаматтың тағдырын шешкен «қанды» құжаттар қанша мерзімге дейін «үнсіз жататыны» белгісіз.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар