4.10.2017, 22:52
Қараулар: 130
«Бозбала мен бойжеткен»

«Бозбала мен бойжеткен»


Бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы халықтың мәдени құндылықтары қалыптасады. «Ұлды тәрбиелегенің – елді тәрбиелегенің, қызды тәрбиелегенің – ұлтты тәрбиелегенің» дей отырып, ата-бабамыз ешбір жарғы жазып, заң шығарып әуре болмай-ақ,  қысқа да нұсқа нақылдармен тәрбие тағылымның тамаша үлгісін танытқан.


Мәселен, ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, ел қорғайтын ер, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиелеген, өнер мен білімге баулыған. Ал «Қызға қырық үйден тыйым» жасай отырып, болашақ ананың санасына сыпайылық, мейірбандылық, адалдық, сезімталдық, еңбекқорлық қасиеттерін дарытуға баса мән берген. «Қыз – өріс, ұл – қоныс» деп білгендіктен ұрпағының санасына жастайынан ұлттық тәрбие мен имандылықты қатар сіңіріп, олардың ата-анасын сыйлайтын, елі үшін еңбек ететін ұл-қыз болуын армандаған. Яғни бала тәрбиесіне тек ата-анасы ғана жауапты болмаған, бүкіл ауыл, ел жауапты болып отырған.

Ал қазір ше? Қазіргі жаһандану заманында бала тәрбиесінде отбасындағы әке-анадан гөрі, жарқ-жұрқ еткен теледидар мен жалт-жұлт еткен ғаламтордың әсері басымырақ. Жас буынның сабақтан тыс күнделікті бос уақытын болашақта кәдеге асар өнер үйренуге емес, түрлі әлеуметтік желілерге арнайтыны жасырын емес.

Жуырда Орал қаласындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері арасында «Бозбала мен бойжеткен» байқауы өтті. Біз «бүгінгінің бозбаласы арғы аталарындай батырлық, әншілік, серілік, мергендік, аңшылық, зергерлік сияқты өнерлерді меңгерген «сегіз қырлы, бір сырлы» ма? Немесе қазіргінің бойжеткені ою ойып, кесте төгіп, түйме қадап, киім пішу, тоқыма тоқып, ас әзірлеу сияқты алуан түрлі үй шаруасына бейім бе?» – деген қызығушылықтың жетегінде бардық бұл сайысқа.

Екі күнге жалғасқан байқау бес кезеңнен тұрды. «БҚО жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің же-текшісі Манарбек Ажкеновтің айтуынша, байқауды ұйымдастырудағы басты мақсат – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын басшылыққа ала отырып, жастардың санасына бойында ұлттық тәрбие құндылықтарын сіңіруі, мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту, жастардың тұлға ретінде жарасымды жетілуіне, бүгінгі қыз-жігіттердің шығармашылық және жоғары зияткерлік әлеуетін арттыруға ықпал жасау. Байқауды ұйымдастыруға Батыс Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық білім басқармасы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдау көрсетті.

Байқауға қатысқан бозбалалар ең алдымен атқа ер-тоқым салудан шеберлік жарыстырды. Қазақ халқының өткенін төрт түліктің төресі атанған жылқы малынсыз елестету мүмкін еместігі сияқты, нағыз сері жігітті сыны келіскен сәйгүліксіз елестету қиын. Тақымы атқа тиген азамат арқаланып, аруақтанып, қиялына қанат бітіп шабыттанады, қуатына қуат қосып қайраттанады. Ат ерттеу барысында байқауға қатысушы үміткерлер ер-тұрманның түрлері мен жабдығы, дәстүрлі ат үсті ойындары, ер қанаты жылқы малына қатысты мақал-мәтелдер туралы білген-түйгенін ортаға салды. Жігіттердің өнерін ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкерлері бағалады. Төл тарихымызда ат ерттеу жарысы өз алдына дербес сайыс болған. Оған ер жігіттермен қатар, қыз балалар да қатысқан. Ат әбзелін алтын мен күмістен жайнатып, қайыс айылды мықтап тартып, сән-салтанаты келіскен ер-тоқымын әдемілеп салған соң, көрші ауылдарға дейін атжарыс ұйымдастыратын болған. Осы ата дәстүрдің ХХІ ғасырда қайта жанданып, тұрмысымызға қайта оралып келе жатқаны көңілімізді бір марқайтып тастады. Бұған қоса асық атудан, гір тасын көтеруден, аударыспақтан мықтылар анықталды.

Ал қыздар үшін сиыр сауу сайысы ұйымдастырылды. Қала тұрмақ, ауыл халқының өзі дүкеннің дайын сүтін ішіп отырған қазіргі заманда жас қыздарымыздың сиыр сауа алатыны алғашында күмән тудырғаны рас. Алайда «Шеше көрген – тон пішер» демекші, сиыр саууда алдына жан салмайтын епті, пысық, еңбекқор бойжеткендеріміз бар екен. Ауылдан шықса да, байқау барысында сиырды алғаш рет сауып көрген қыздарымыз да болды. Осы тұста, жастарымыздың жан дүниесіне ұлттық тәлім-тәрбиені сіңірумен қатар, үйдің ішкі-сыртқы тірлігіне баулып, қолынан іс келетін шебер қылып тәрбиелейтін осындай сайыстар көптеп ұйымдастырылса деген ой қылаң берді.

Бүгінгі бойжеткен – ертеңгі ана. Отбасылық өмірдің сәнін кіргізіп, жылуын, қызығын молайтатын, мән-мағынасын арттыратын болғандықтан, қыз балаға жүктелер жауапкершілік те ұшан-теңіз. Сондықтан байқау барысында бойжеткендер сәбиді бесікке бөлеу және іңкәл жаю сайыстарына қатысты. Орал қаласындағы технологиялық колледж базасында өткізілген қос сайысқа қыздар шама-шарқынша дайындалып келген екен. Әйткенмен, әттеген-ай дейтін тұстар бұл кезеңде де орын алды. Қамырдың иін қандырмай, жаймасы оқтауына қайта-қайта жабысқан бойжеткендер де болды.

«Бозбала мен бойжеткен» байқауының екінші айналымы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында жалғасты. Сайыс соңында қатысушылардың интеллектуалды өресі, өнері, білімі сараланды. Яғни қатысушылар сәлемдесу, сұрақ-жауап, өнер, ұлттық нақыштағы заманауи сән үлгілерін көрсету кезеңдері бойынша бақ сынасты.

Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің студенттері Ернат Сұпығалиев пен Гүлназ Қонаева «Бозбала мен бойжеткен – 2017» байқауының жеңімпазы атанды. М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың студенттері Бекжан Әбілеков пен Мәдина Шәкірова екінші орынға ие болса, БҚИТУ-дан келген жұп Самат Қанат пен Гүлмира Нұрмұқанова үздік үштікті түйіндеді.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар