Жаңалығы көп Жаңабұлақ мектебі

Күні , 59 рет оқылды


Жақында Жаңабұлақ ауылдық округіндегі Жаңабұлақ орта мектебіне барғанымызда, айтулы қуанышқа куә болдық. Мұнда екі бірдей су жаңа интерактивті тақта жеткізілген екен. Заманауи құрылғы бұрынғы тақталарға қарағанда ерекшелеу. Сенсорлы түрде басқарылатын тақтаны бір мезгілде 10 оқушыға дейін пайдалана алады. Сабаққа қолдануға өте қолайлы. Бұрыннан бар 25 компьютер, 2 интерактивті тақтаның осындай құралдармен толықтырыла түсу қуанышымен бөліскелі келген ауылдық округтің әкімі Ермек Құсайыновпен де осы жақсылықтың үстінде кездестік. Ол мектептің тарихы жайында ықыласпен сөз саптап, мектеп музейіне бастады. Бұдан біз ауылнайдың, атажұрттың өткені мен бүгініне деген ерекше ықыласын байқағандай болдық.


Мектеп музейінде көптеген дерекке қанығып, жәдігерлермен танысуға болады. Мектеп 1934 жылы ашылып, 1975 жылы орта мектеп мәртебесін алған. Осы білім ошағын әр жылдары басқарған Ағыс Нұрсұлтанов, Зайредден Қуанышов, Есенғали Жанғалиев, Есентай Жұмағалиев, Рысты Жұбандықова сынды білікті директорлар ауыл балаларына саналы тәрбие, сапалы білім беруге ұйытқы бола білген. Сондай-ақ Жаңылсын Мықтыбаева, Зәругерей Қонысов, Медет Жүсіпов сынды ұстаздардың еңбегі ересен. Жалпы, ұзақ жыл білім саласында еселі еңбек етіп, ел есінде қалған ұстаздар қаншама?! 1986 жылы типтік жобамен 460 оқушыға арналып жаңа мектеп салынған. 2014-2015 жылғы оқу жылында мектептің құрылғанына 80 жыл толуын ауылдастар ерекше атап өтті. Жаңабұлақтықтар өз түлектерінің алтын ұяларына қамқорлығын әрдайым ризашылықпен айтады. Мысалы, әр кездегі түлектер 2014 жылы бейнекамера, 2016 жылы музыкалық синтезатор сыйлаған. Ал биыл тіптен айрықша, ардагер ұстаз Аманғали Төлегеновтың ұйымдастыруымен мектеп бітіргендеріне 10, 20, 30, 40 жыл болғандардың басы қосылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани жаңғыруға үндеуіне орай қолға алынған «Туған жер» бағдарламасын басшылыққа алған олар мектепке ауылдың аты жазылған спорттық киімдер, музыкалық аппаратура, мүмкіндігі мол принтер, аула шөптерін оратын құрылғы әкелген.

Иә, жаңабұлақтық жомарт жандарды көпке үлгі етуге болады. Мысалы, Жеңіс Базарбаев, Махуза Қабанова, Жақсыбек Құсайынов, Самархан Қажығалиев, Марат Әбдірахманов, Алмас Шоқаев, Сағидолла Қошқарбаев, Нұрым Шүкіров, Ғалымжан Хамзин, Алексей Лухманов, Рулан Ибатов, Алиджон Юсупов, Ақмарал Бисекенова, Сайқал Жұбанов, Қарлығаш Құсайынова, Данияр Құбашев, Дариға Төлегенова, Светлана Дәуленова сынды жергілікті кәсіпкерлер табысы аз жанұялардағы ұл-қыздарға киім-кешек және оқу құрамдары бойынша көмектесіп отырады.

Бүгінгі таңда аталмыш алтын ұяда 159 оқушы білім алуда. Өткен оқу жылында 11 оқушы мектепті тәмамдаса, биылғы бірінші қыркүйекте 1 сыныпқа 17 оқушы қабылданды. Мектепалды даярлық тобында 14 балдырған білім әлеміне дайындалуда. Мектептегі 35 мұғалімнің жартысынан көбі осы білім ошағының төл түлектері. Бұл соңғы жылдары қалашыл болып кететін жастарға зор үлгі емес пе?! Мұғалім қауым бізге бір өкінішін жасырмай айтты. Көп жердегідей, маман тапшылығы аса қатты байқалмағанымен, былтыр 11 маманның кейбіреуі баспана мәселесі шешілмегендіктен тұрақтамаған. Биылғы оқу жылын-да 3 жас маман қызметке кірісті.

Мектепті 2013 жылдан бері Светлана Сабырова (жоғарғы суретте) басқарады. Ол да осы ауылдың перзенті. 1992 жылы Атырау педагогикалық институтын бастауыш пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Ұстаздық еңбек жолын өз ауылынан бастаған С. Сабырова жұмыстағы алғырлығы мен жетістіктері арқасында 2001 жылы директордың орынбасары болып тағайындалды. 2007-2008 оқу жылында жанұя жағдайына байланысты Чапаевтағы №1 орта мектепте директордың бастауыш сыныптар бойынша орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Туған ауылына оралғалы да жетістіктері жоқ емес. Өткен оқу жылы аудандық «Үздік асхана» сайысында мектеп бірінші орынды, аудандық «Саябақтар шеруі» акциясында екінші орынды, «Жазғы демалысты ұйымдастырудың үздік ұйымы» атты аудандық байқаудың «Үздік мектеп жанындағы лагерь» аталымының бас жүлдесін иеленуі сөзіміздің дәлелі. Оқушылар аудандық пән олимпиадаларынан, мәдени-көпшілік іс-шаралардан жүлдесіз қайтқан емес. Мысалы, 2015-2016 жылғы оқу жылында «Биолог анықтамалығы» республикалық журналының «Жас биолог» атты сырттай танымдық сайысы қорытындысымен ұл-қыздар «Жаңабұлақ биологтары» атты арнайы марапатқа ие болды. Светлана Сабырова бастаған бір топ мұғалім: директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Күнсұлу Құбашева, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Асыл Аманғали, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жайнагүл Өтешқалиеваның еңбегі саланың үздік қызметкерлері ретінде «Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз» атты республикалық жинаққа енді. Сондай-ақ, Ж. Досмұхамбетов атындағы педагогикалық колледждің грант иегері Фариза Хибатова, 11 сынып оқушысы Қазына Файзуллина, 10 сынып оқушысы Айсана Ғатаудың республикалық «Қазақстанның үміт артарлары» атты жинаққа енуі, бала жанының бағбандары мен ата-ананың тығыз байланысының, бірлескен тәрбиенің мәуелі жемісі болып табылады. Бірнеше мұғалімнің іс-тәжірибелері интернет порталдарына үздіксіз жарияланып тұрады.

Баланың бос уақытын тиімді пайдалануда үйірме атаулының орны бөлек. Мысалы, Ақлима Құсайынова жетекшілік ететін «Дебат» аудандағы бірден-бір үлгілі үйірме саналады. Себебі, үйірме мүшелері аудандық, облыстық пікір сайыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Үйірменің бұл түрі оқушыларды шебер сөйлеуге, ойыңды орнықты жеткізуге, дүниетанымыңды кеңейте отырып, жалпы жан-жақтылыққа тәрбиелейді.

Жеткіншектердің ой сергектігінде, денінің саулығында Саламат Өтеуов жетекшілік ететін туризм үйірмесінің алар орны ерекше.

Мәселен, өткен жылы оған қатысушылар ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған І санатты жаяу жорыққа шықты. Ғайса Маннатов, Жібек Жексенбай, Жандос Әбдиев, Диана Жексенбай, Данагүл Әбдуәлиева, Дидар Нүптығалиев, Руслан Кенжетаев сынды үйірме мүшелері аудандық, облыстық туриада ойындарында топ жарып жүр. Ал Саламат ұстаздың өзінің жетістігін санар болсақ, саусақ жетпейді.

Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Қаратай Бекесов көптеген белдесулерде «Түйе балуан» атануымен қоса, қазақ күресінен біраз жетістікке жетіп жүрген аудандағы санаулы балуандардың бірі, аталған күрес үйірмесін ашып, шәкірт тәрбиелеу үстінде.

Жаңабұлақ мектебінде уақыт талабына сай 14 оқу кабинет жасақталған. 2008 жылдан бері жұмыс жасайтын Ақжайық ауданы бойынша үздік орталықтардың бірі саналатын «Қарлығаш» шағын орталығында 50 бүлдіршін тәрбиеленуде. Алайда, қыс уақытында бала аз келеді. Дұрысы, ата-аналары жібермейді. Себебі, орталықты жылытуға қазандықтың күші жетпейді, кәріз жүйесі де жоқ. Ауылға «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы су тартылғанымен, мектептегілер, оның ішінде шағын орталықтағылар іштегі қолжуғыштар мен әжетхананы пайдалана алмай отыр. 2008 жылы күрделі жөндеуден өткенімен, мектептің төбесі мен терезелері ауыстырылмай қалған. Жаңбырлы күндері үшінші қабаттың төбесінен су кетеді. Спорт залының да қабырғалары шытынаған. «Ештен кеш жақсы» дегендей, осындай олқылықтардың көп кешікпей түзетілуін тілейді Жаңабұлақ ауы-лының үлкен-кішісі.

Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебімен тәжірибе алмасу тыныс-тірлікке серпіліс үстеп келеді. Айталық, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Асыл Аманғали көптеген тың идеяларды қолданып жүр. Ол оқушылардың «Алатау», «Жаңабұлақ», «Ақжайық» атты топтарын құрып, жәрдем қажет ететін оқушыларға қамқорлық көрсетіп, сондай-ақ отбасыларға көмектесіп, қайырымдылық акцияларын ұйымдастырады. Басқа да мән-мағынасы зор іс-шаралар мен сайыстарды өткізуге ұйытқы болып келеді.

Мұғалімдер оқу жылы бойына топтардың жұмысын бағалау үшін әрқайсысының қоржынын пайдаланады. Мысалы, бір топтың оқушысы мектеп формасын сақтамаған жағдайда, қоржыннан бір асық алынады. Немесе топтағы шәкірттің ізденісі, үлгерімінде ілгерілеу байқалса, қоржын бір асықпен толығады. Оқу жылы бітер уақытта қоржындағы асықтар саналып, жеңімпаздар анықталады. Міне, зияткерлік мектептің тәжірибесі мен жас мамандар ұмтылысының ұштасқанына бір мысал осы.

Асыл Өмірзаққызы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша келіп, тұрғын үйге қол жеткізген маманның бірі. 2008 жылы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін химия-биология факультетін бітірген ол, біраз уақыт облыс орталығында қызмет ет-кен. Аталған бағдарлама бойынша келген маманның бірі – математика пәнінің мұғалімі Айгерім Жұмабекова. Ол үш жылдан бері осы мектепте. «Еңбек жолым басталған жер болғандықтан бұл мектеп маған өте ыстық. Алғаш келгеннен іске баулыған математика пәнінің мұғалімдері Медет Жүсіпов пен Ғалия Меңдібаеваның еңбектерін ешқашан ұмытпаймын», – дейді Айгерім. Тілге тиек болып отырған білім ошағында 30 жылдан астам уақыттан бері сабақ беретін ағылшын пәнінің мұғалімі Жұмағаным Маштакова мен тарих пәнінің мұғалімі Сансызбай Молдашевпен тілдескенімізде, жас мамандардың ізденісі мен еңбекқорлығын ерекше айтып өтті.

Жаңа басталған 2017-18 жылының соңында 11 түлек алтын ұясымен қоштасып, асқақ армандарына қанат қақпақ. Олардың екеуі алтын белгіге үміткер.  Жаңалық-жетістігі көп Жаңабұлақ мектебінен біз болашақ түлектердің бәріне сәттілік тілеп аттандық…

Бекболат ҚАЛЕНОВ,

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген автор


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика