4.10.2017, 22:41
Қараулар: 85
Шыңғырлауда 434 жаңа жұмыс орны ашылған

Шыңғырлауда 434 жаңа жұмыс орны ашылған


Сейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Шыңғырлау ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы брифинг өтіп, оның жұмысына аудан әкімі А. Есалиев қатысты.


Әкімнің айтуынша, ауданның 2017 жылға арналған бюджеті 3 млрд. 752 млн. теңгені құрайды. Бүгінде салықтар мен басқа да төлемдер бойынша жергілікті бюджетке 258 млн. теңге көлемінде салық түскен. Қазіргі таңда ауданның салық базасын арттыру бойынша бірқатар шаралар қабылдануда. Солардың бірі – иесіз газ құбырларының құжаттарын жасақтап, бәсекелестік ортаға беру. Сондай-ақ коммуналдық меншіктегі 10 нысанды сатудан және жалға беруден аудан бюджетіне барлығы 12 млн. теңгеден астам қаржы түскен.

Жыл басынан бері ауданда 34 шаруа қожалығы ашылып, олар жер учаскелерін алған. Орылған 4898 га дәнді дақылдар алқабынан 6207 тонна өнім жиналып, орташа шығымдылығы 12,7 ц/га құраған. Соның ішінде «Жарас» шаруа қожалығының 333 га күздік бидай алқабының әр гектарынан 45,2 центнер өнім (1500 тонна) алынды. Мұндай көрсеткіш Шыңғырлау  ауданында алғашқы рет болып  отыр.

Биылғы жылы құрылған «Шыңғырлау-Агро» ауыл шаруашылығы кооперативі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жалпы сомасы 19 млн. теңге несие алып, модульді мал сою пункттерін іске қосу жұмыстарын жүргізуде. Болашақта осы мал сою пункттерінің базасында бордақылау алаңдары құрылмақ.

Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту мақсатында ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары биыл «Қазагроқаржы» АҚ арқылы лизингке 22 ауыл шаруашылығы техникалары мен құралдарын сатып алды (жалпы сомасы 98 млн. 300 мың теңге). Техникаларды жаңарту көрсеткіші — 12%.

Тұтастай алғанда, ауданда 652 шағын және орта бизнес субъектілері тіркеліп, оларда 855 адам еңбек етуде. Олар есепті мерзімде 1 млрд. 529 млн. теңгенің өнімін өндіріп, қызметін көрсетті. Бюджетке  24 млн. 761 мың теңгенің салығын түсірді.

Белгіленген жоспарға сәйкес, ағымдағы жылдың тамыз айында ауданда «Патриот» супермаркеті пайдалануға берілді, оған 13 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Бұған қоса Ақсай қаласынан келген инвестордың қаржысына фармацевтикалық кешеннің және жергілікті кәсіпкердің қаржысына бизнесорталықтың құрылыстары жүруде.

Екі нысан да жыл аяғында пайдалануға берілмек. Соңғы төрт жылда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде ауданға 86,2 млн. теңге қаржы тартылды.

Жеті жоба жүзеге асырылып, 41 жаңа жұмыс орны пайда болды. Тек биылдың өзінде кәсіпкерлер аталмыш бағдарлама арқылы 30 млн. теңге несие рәсімдеген. Оның сыртында екінші деңгейлі банктерден екі кәсіпкер айналым қаржысы ретінде 30 млн. теңгеге қол жеткізді («Астана»  ЖК және «Жумалиева Л» ЖК).

Жыл басынан бері ауданда 434 жаңа жұмыс орындары ашылған (бұл өткен жылғы кезеңнен 50% көп). Ағымдағы жылдың сегіз айында төрт жәрмеңке өткізіліп, 116 адам тұрақты және уақытша жұмыстарға жолданған.

Биыл екі фельдшерлік-акушерлік пункт күрделі жөндеуден өтті.

Сондай-ақ мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бағдарламасы аясында Лубен тірек елді мекенінде селолық дәрігерлік амбулатория (СВА) салу жоспарлануда. Жоба күні бүгін облыстық жобалар тізіміне енгізіліп, қазіргі таңда тиісті құжаттарын жасақтауға қаражат бөлу жөнінде шешім қабылданды.

Алдағы жылдары ауданның үш мектебін күрделі жөндеуден өткізу жоспарда тұр. Үш айға созылған халықаралық «ЭКСПО» көрмесіне 654 шыңғырлаулық барып қайтты. Соның ішінде аз қамтылған отбасылар санатынан 122 бала көрмеге жергілікті бюджет есебінен жолданды. Жазғы демалыспен қамту көрсеткіші жыл санап артып отыр (95%).

Шыңғырлау ауданы – шекаралас өңірге жатады. Сол себепті ауданда шекаралық аймақтарды дамыту жоспары кезең кезеңімен жүзеге асырылуда. Мысалы, өткен жылы Алмаз ауылдық округінің елді мекендеріндегі барлық әлеуметтік нысандарына күрделі жөндеу жасалды. 400 млн. теңгеден аса инвестиция құйылды. Бұл қаржыға мәдениет үйі, мектеп жөнделсе, биыл фельдшерлік-акушерлік пункт жөнделді. Ауыл газға қосылды. Мұндай жұмыстар барлық шекаралық елді мекендерде де атқарылатын болады. Өйткені аудан халқының 80%-ы мемлекеттік шекара маңында мекендеуде.

Аудан орталығында және шалғай ауылдарда 39 үйдің құрылысы жүруде. Ол жыл аяғына дейін толық бітеді. Осы арқылы аудан басшылығы өзге өңірлерге көші-қонды тоқтатуға мүдделі. Жаңа пәтерлер жастарға, көп балалы жанұяларға берілетін болады.

Өткен жылы басталған «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы инфрақұрылым түзу жұмыстары биыл да жалғасуда. «Ақбұлақ» шеңберінде екі мыңға жуық халқы бар екі ауылға (Ащысай және Амангелді) су құбыры құрылысы жүріп жатыр. Жобаның құны 240 млн. теңге. Екі жобаның бірін биыл бітіру жоспарлануда. Жұмыстар біткеннен кейін аудан халқын таза ауыз сумен қамту 87%-ға жетеді.

Көгілдір отынмен халықты қамту көрсеткіші – 95%. Күні бүгін газға қосылмаған бір ауылға газ тарту үшін мердігер анықталуда. Жұмыстар аяқталғасын аудан 100% газбен қамтылады.

Аудан орталығының көшелеріне асфальт төсеу де кестеге сай жүруде. Тек ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 3,4 шақырым болатын сегіз көше күрделі жөнделіп, оған облыстық бюджеттен 235 млн. теңге қаржы бөлінді. Шыңғырлау ауылының төрт көшесіне жөндеу жасалып, 1300 метр жаяу жүргіншілер жолы төселді. Тазалықты сақтау мақсатында 100 контейнер сатып алынып, Шыңғырлау-Ақсай күрежолының бойына қосымша контейнерлер қойылды.

Шешімін күткен мәселелердің бірі – Шыңғырлау-Сегізсай күрежолының қиын жағдайы. Бұл бағытта 5 мыңға жуық адам тұратындықтан, күні бүгін жолды жөндеу үшін 29 млн. теңгеге жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда.

– Аудан халқының көптен көкейінде жүрген музей ашу мәселесі биыл шешілді.  Қазіргі таңда оның ғимаратын жөндеу жұмыстары аяқталу үстінде. Аудан тұрғындарынан музейге тапсырылатын жәдігерлерді жинауға кірістік. Болашақта 600-ден астам тұрғыны бар Тасмола ауылында мәдениет үйін салу, елді мекендерде мәдениет үйлерін және дене шынықтыру, спорт нысандарын жөндеу, ауданның төрт ауылын (Қарағаш, Белогор, Полтавка, Тасмола) бұған дейін болмаған ұялы байланыспен қамтамасыз ету жоспарда бар, – деді А. Есалиев.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар