4.10.2017, 22:40
Қараулар: 69
Қылмыспен күресте де бірлік керек

Қылмыспен күресте де бірлік керек


Кеше қаламыздағы Достық үйінде облысымыздағы және Ресейдің шекаралас бес губерниясындағы ішкі істер құрылымдары басшыларының кеңесі өтті. Онда есірткі бизнесіне қарсы күрес, діни экстремизм және заңсыз көші-қон мәселелері сөз болды.


Жиын барысында облыс әкімінің атынан ресейлік меймандарға Ақ Жайық өңіріне қош келдіңіздер деп айтқан облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев ҚР мен РФ арасындағы байланыс барлық сала бойынша қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді. «Қылмыспен күрес екі елдің құқық қорғау құрылымдарының бірлесіп атқарылатын іс-шараларымен жемісті болатыны сөзсіз, — деді Бағдат Оразәліұлы. — Бүгінгі кездесу осындай бірлескен жұмыстарды үйлестіруге және екі елдің өңіраралық байланысының дамуына өз септігін тигізері сөзсіз».

Кеңес отырысында негізгі баяндаманы жасаған БҚО ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Мақсұтхан Аблазимов бұл кездесу қылмыстық іздестіру қызметкерлері күні қарсаңында өтіп жатқанын жақсылыққа балап, әріптестерін осынау мерекемен құттықтады.

— Мемлекет басшыларымыздың сындарлы саясаттарының арқасында елдеріміздің экономикалық, саяси, әлеуметтік және қауіпсіздік, соның ішінде қылмыспен күрес бағытындағы мәселелер шешімдерін тауып, жаңа сипатта дамуда. Соның нәтижесінде посткеңестік елдер арасында Кеден одағы құрылды. Тауар айналымының еркіндігі экономикалық байланысты  одан әрі жақсартып, қолайлы инвестициялық климат қалыптастырды. Жүк пен жолаушылар ағымының өсуі есірткі, қару сынды контрабандалық арналарды ұйымдастыруға, заңсыз миграцияның артуына және жат діни ағымдар өкілдерінің шекарадан кедергісіз өтуіне жағдай жасағаны аян. Мұндай кезде аталмыш қауіп-қатерлермен күресті шекаралас аумақтарда ұйымдастырудың маңызы зор. Әрі осындай жұмыстарымыздың сапасы көп жағдайда мемлекеттік қауіпсіздікпен тығыз байланысты. Сол себепті РФ-ның шекаралас ішкі істер құрылымдарымен қылмыспен күрес бойынша тығыз қызметтік байланысымыз біздің жедел-қызметтік жұмысымызда басты басымдықтардың бірі болып табылады.

ҚР мен РФ ішкі істер министрліктерінің бірлескен алқасының құрылуы біздің жұмыстарымызға тың серпін берері анық. Бүгін аталмыш алқаның аясында жұмыстарымызды үйлестіру және өңіраралық байланысты одан әрі дамыту мақсатында пікір алмасу алаңына жиналып отырмыз. Жалпы, осындай бірлескен жұмыстарды ұйымдастыру іс-шаралары жақсы нәтижелерге қол жеткізуге ұйытқы болуда. Мысалы үшін айтсам, соңғы үш жыл ішінде бірлескен жедел іздестіру шаралары кезінде біздің департаментпен іздеу жариялаған 20 адамның РФ аумағында жүргені анықталып, олар құрықталды. Ал ресейлік әріптестеріміз іздеп жүрген 37 қылмыскер біздің облысымыздың аумағында ұсталды, — деді Мақсұтхан Нұғманұлы.

Жиында сөз алған РФ Орынбор облысы бойынша ІІМ бастығы, полиция генерал-майоры Михаил Давыдовтың айтуынша, бүгінгі қылмыс мемлекет, ұлт талғамайды. Сол себепті онымен бірлесіп күрескен тиімді. Орынборлық полицейлер жедел қызметтің барлық бағыты бойынша қазақстандық әріптестерімен жүйелі жұмыс істеуде. Десек те, арқаны кеңге салуға болмайды. Мәселен, заңсыз көші-қон, есірткі, қару сынды контрабандалық арналардың жолдарын жабу мәселелері бойынша жаңаша іс-қимыл шаралары қажет. Ал Саратов ІІМ-ның бас басқармасы басшысының орынбасары, ішкі қызмет генерал-майоры Андрей Коноваловтың сөзіне қарағанда, қазір әлем бойынша діни экстремизм мен терроризмнің қаупі зор. Сириядағы қақтығыстарда ресейлік және қазақстандық азаматтар да жүр. Елде олардың жақтастары жоқ емес. Соған байланысты бұл бағытта күдікті деп танылған азаматтармен арадағы түсінік, алдын алу жұмыстарын жүргізуде бірізділік пен жүйелілік керек.

Кеңес барысында сондай-ақ РФ Волгоград, Саратов, Астрахан облыстары бойынша ІІМ басқармасының басшылары да батысқазақстандық әріптестерімен бірлесіп атқарып жатқан іс-шаралары жөнінде баяндап, өзара іс-қимыл жасауды жетілдіру турасында ой-пікірлерін ортаға салды.

Жиын соңында басқарма басшылары ҚР және РФ ішкі істер құрылымдарының шекаралық ынтымақтастығы бойынша бірлескен кеңес хаттамасына қол қойды.

Сәкен   ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар