4.10.2017, 22:38
Қараулар: 145
Ұлттық өнерді ұлықтайық

Ұлттық өнерді ұлықтайық


Сейсенбі күні Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-да Еуразиялық интеграция институтының ұйымдастыруымен рухани жаңғыру тақырыбын талқылаған дөңгелек үстел өтті. Өңірдегі өлкетанушылар мен тарихшылар, ардагерлер жиылған басқосуға облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысты.


– «Туған жер» бағдарламасы аясында кәсіпкерлеріміз қала орталығындағы Достық даңғылы мен М. Ықсанов көшесінің қиылысындағы ХІХ ғасырда салынған тарихи ғимаратты Рухани жаңғыру атты музейге айналдырмақ. Ол үшін мемлекет тарапынан ешқандай қаражат бөлінген жоқ. Кәсіпкерлер ескі ғимаратты өз күштерімен қалпына келтіруде. Осыған ұқсас игілікті істер аудандарымызда да атқарылуда. Мысалы, Қазталов ауданындағы бір кәсіпкер өз қаржысы есебінен тұрғындарға ауылдық амбулатория салып берді. Спорт алаңшаларын салуды қолға алып жатқан жастарымыз да бар. Бұл рухани жаңғыруды халықтың қолдап отырғанын білдіреді. Біздің өңірдің тарихы да терең. Қазіргі уақытта көне құлпытастарды зерттеу бойынша «Жайық Пресс» ұжымының басшысы Жантас Набиоллаұлы бастаған арнайы топ жұмыс жасауда. Олар өзіміздің өңірді айтпағанда, Ресейдің де бірқатар қалаларына барып, құнды тарихи деректер әкелді, – деді облыс әкімі жиынды ашқан алғы сөзінде.

Еуразиялық интеграция институтының директоры Ғани Нығыметов рухани жаңғыруға қатысты жасалған әлеуметтік зерттеулерге кеңірек тоқталып, халықтың басым көпшілігі қоғамға өзгеріс, жаңғыру қажет екенін қолдайтынын жеткізді. Ол аталмыш тақырыпқа қатысты әлемдік деңгейдегі зерттеушілердің тәжірибелерінен мысал келтірді.

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің аймақтағы жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Салтанат Тұманбаева бағдарлама аясында өңірде осыған дейін атқарылған және болашақта қолға алынатын істер туралы баяндады.

Жиын барысында аталмыш оқу орнының, сондай-ақ тарихи-мәдени мұраларды қорғайтын инспекцияның, А. Островский атындағы орыс драма театрының рухани жаңғыруды қолдау бағытында қолға алған жобалары туралы баяндалды.

Ал жиынға қатысушылар арасынан сөз алған ардагер журналист Тихон Әліпқали аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру барысындағы көптің көкейінде жүрген көңіл көншітпейтін тұстарды ашық айтты.

– Президент мақаласының маңыздылығына ешқандай дау жоқ. Онда ұлттық код, мәдениет, өнер, дәстүр – бәрі де керемет тұжырымдалған. Енді осыны іске асыру барысында біз негізінен әлі де сол көп сөз, құрғақ есеп, қағаз жүзінде ғана қадамдар жасап жатырмыз. Ал іс жүзінде қалай жүзеге асырылуда? Бұл тұрғыдан алғанда көптеген кемшіліктер бар. Сөз жүзінде ұлттық код, ұлттық өнер туралы «ол маңызды, ол ғаламат» деп айтылады, ал нақты өмірде оны ысырып тастап жатырмыз. Ұлттық өнер дегенде домбыра, қобыз, жетіген шертер сияқты керемет аспаптарымыз бар. Ұлттық өнеріміз – өлең, жыр, ән емес пе? Қазір осыларды концерттен қысқартып тастады. Содан кейін өнерпаздар репертуарларын да жаңартпайтын болды. Өйткені сахнаға, эфирге көп шықпайды. Радио, телевидениеде де бізге жат, жалпылдақ, арзан «өнер» қаптап кетті. Ұлтымыздың үні ығысып қалды, – деп қынжыла сөйледі ардагер журналист. Ол сонымен қатар өзі айтқан сорақы мәселелерге қатысты нақты мысалдар келтірді. Жиылғандар айтылған мәселелердің өзектілігін мақұлдап, болашақта олқылықтарды түзету бағытында жұмыстануға мүдделілік танытты.

Жиын соңында Еуразиялық интеграция институты және Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ арасындағы болашақ әріптестік туралы өзара меморандумға қол қойылды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар