12.03.2015, 12:33
Қараулар: 74
Бағдарламаға бөлінген қаржы ТОЛЫҚ ИГЕРІЛУДЕ

Бағдарламаға бөлінген қаржы ТОЛЫҚ ИГЕРІЛУДЕ

bzhk-2020


Биыл облысқа «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 1 млрд. 471 млн. теңге, шағын қалаларды дамыту бағдарламасы бойынша 76 млн. теңге бөлінді. Жыл басынан бергі уақытта аймақтық үйлестіру кеңесі 471,7 млн. теңгеге пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 16 жобаны мақұлдады.


Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, өткен жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша өңірдегі жеке кәсіпкерлікті қолдау мақсатында республикалық бюджеттен 1 054,8 млн. теңге бөлініп, игерілді. Мемлекеттік бағдарлама іске қосылғалы бергі  2010-2014 жылдар ішінде облыс бойынша 49 млрд. теңгеге пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға және инфрақұрылым тартуға 396 жоба мақұлданды. Осы жобалар негізінде 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Ауылдық жерлердегі 130 жобаға 15,9 млрд. теңге көлемінде қолдау көрсетілді.

2014 жылы облыс әкімдігі жанындағы аймақтық үйлестіру кеңесінің 24 отырысы өткізіліп, кеңес  9,4 млрд. теңгеге 123 жобаға мемлекеттік қолдау көрсетті. Бұлардың ішіндегі 86 жоба бойынша 6,7 млрд. теңгеге несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға, 37 жоба бойынша 2,7 млрд. теңгеге жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізуге қолдау көрсетілген. Соның ішінде ауылдық жерлердегі 65 жоба 4,7 млрд. теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болды. Мақұлданған жобаларды іске асыру барысында жаңа 1 528 жұмыс орны ашылып, жобалар экономиканың түрлі басым бағыттарында жүзеге асырылған.

— 2012 жылдан бері күллі еліміздегідей өңірдегі бизнесті жаңа бастаушы кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау бағытында 3 млн. теңгеге дейін көлемде мемлекет есебінен инновациялық гранттар бөлініп келеді. Гранттар экономиканың басым бағыттарында бизнес-бастамаларды іске асыруды жоспарлаған бизнесті жаңа бастаған кәсіпкерлерге, жас кәсіпкерлерге, әйелдерге, мүгедектерге, 50 жастан жоғары жастағыларды қолдау мақсатында бөлінеді. 2012-2014 жылдары гранттарға 101 млн. теңге бөлініп, толықтай игерілді. Арнайы құрылған конкурстық комиссия 141 жобаны қарап, соның ішінде 34 жоба қаржыландырылды, — деді облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бас маманы Галина Варфоломеева.

Оның айтуынша, өткен жылы мемлекеттік гранттарға республикалық бюджеттен өңірге 11 млн. теңге бөлініп, 7 жоба грантқа ие болды. Бөлінген гранттар аутокөлікті сусыз жуу орталығын ашу, соя-бұршақ тұқымдастардан сүт өндіру, жарықтандырғыш құралдары, аэроботтар өндірісіне, фотокітап дайындау, CGI-студиясын құру, құрғақ қызыл бұрыш өндірісі жобаларына және өзгелеріне жұмсалды. Ал биыл өңірге  мемлекеттік гранттарға 11 млн. теңге бөлінді. Енді жобалар қабылданып, іріктеу жұмыстары жүргізіледі.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының 4-бағыты бойынша 2011-2014 жылдары «Бизнес-кеңесші» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқытудың қысқа мерзімдік курстары өткізілген. Барлығы 3 206 кәсіпкер оқуға қатысып, білім-біліктерін шыңдады. Өткен жылдың басынан бергі уақытта 841 адам арнайы курстарда оқыды.

Назарбаев университеті бизнес-мектебі базасында шағын және орта бизнестің топ-менеджментін оқыту жобасы бойынша 33 кәсіпкер, 2014 жылы 8 кәсіпкер оқыды. «Іскерлік байланыстар» жобасы бойынша 59 кәсіпкер оқыды, олардың жетеуі шетелде болып, тәжірибе алмасты. Шетелдік сарапшыларды шақыру жо-басы бойынша «СПС» және «Родник» фирмасы» ЖШС-лары, «Шабарова» жеке кәсіпкерлігі «Жылыжай кешені» жобасы бойынша сарапшыларды қабылдады.

«Бизнестің жол картасы – 2020» мембағдарламасы қолға алынған төрт жыл ішінде  жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысанына сервистік қолдау көрсету шеңберінде 14 198 кәсіпкерге қызмет көрсетілді. Өткен жылдан бастап кәсіпкерлікке сервистік қолдау көрсету бағыты  ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құзырына берілген. Сондай-ақ өткен жылы облыстың барлық аудан орталығында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры жанынан кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылды. Қазіргі уақытта бұл орталықтар кәсіпкерлікпен шұғылданамын деген жандарға бағдарлама бойынша мемлекеттік көмек-қолдау көрсету тетіктері  жөнінде кеңес береді.


Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар