Қазақ тілінің нормасына сай әліпби қажет

Күні , 134 рет оқылды


«КазИИТУ»   ғылыми-білім  кешенінде  «Латын  әліпбиіне  көшу – жаһандану  талабы»  атты  дөңгелек  үстел  өтті.


Шараға Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің құрылтайшысы, Қазақстан ұлттық инженерлік академиясының академигі, профессор Ақсерік Әйтімов, облыстық тілдерді дамыту басқармасы ономастикалық жұмыстар және көрнекі ақпараттарды бақылау бөлімінің басшысы Гүлнәр Әлжанова мен ғалымдар Абат Қыдыршаев, Болат Жексенғалиев және Мұрат Сабыр қатысты. Дөңгелек үстелді «КазИИТУ» ҒБК-нің ректорының міндетін атқарушы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Әліби Баяхов жүргізді. Басқосуда баяндама жасаған Гүлнәр Әлжанова жаһандық бәсекелестікке қабілетті болу үшін латын графикасына көшудің қажеттілігі және оның мән-маңызына тоқталды. Содан соң сөз кезегін М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Абат Қыдыршаев   жалғады.

– Латын графикасына көшу  – жалпы халық үшін өте өзекті мәселе. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бұл мәселе туралы 2006 жылы да, 2012 жылы да көтерген болатын. Ал кешегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын графикасында көшудің қажеттілігін негіздеп айтты.  Осы орайда өзім қызмет атқаратын М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың студенттеріне «Латын әліпбиіне көшу – ана тілінің жаңғыруы мен рухани кемелденуінің негізі» атты басқосу өткізіп, бұл әліпбиге көшудің маңыздылығын түсіндірдік. Елбасы айтқандай, балаларымыздың болашағы үшін латын графикасы негізінде қазақ әліпбиін жасауға тиіспіз. Бұл орайда мектеп оқушыларына арналып латын графикасымен шығарылған оқулықтардың сапасы сын көтеретіндей бір де бір қатесі болмаған жөн. 1926 жылы Баку қаласында өткен сьезде бүкіл түркі әлемі латын әліпбиіне көшерде «Әліпби кабинеті» деген арнайы бөлме жасақтаған болатын. Мұндай ұжымдық жұмыс болашақта да керек болады деп ойлаймын. Жаңа әліпбиге көшер болсақ, бір әріпті екі таңба арқылы беруді азайтып, қ, ғ, ң секілді төл дыбыстарымыздан айырылып қалмауымыз керек, – деп Абат Сатыбайұлы бірқатар мәселелер төңірегінде ой қозғады.

Ал халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Болат Жексенғалиев бірыңғай әліпбидің оқыту стандартын енгізу туралы ұсынысын  былайша жеткізді.

– Кирилл негізіндегі әліпбиде 42 әріп болса, жаңадан ұсынылған әліпбиде 25 әріп бар. Қарап отырсаңыз, өте ықшам. Алайда, ең бірінші, тіл төңірегінде қордаланып қалған мәселелерді шешіп алуымыз керек. «Егемен Қазақстан» газетінде Дархан Қыдырәлі «Біз әйтеуір қосамжар орфографикадан құтылатын болдық» деп жазған еді. Қосамжар орфографиканы түсіндіре кетсек, мысалы, біз қазақ тілінің сөздерін қолданғанда, бір емле ережесін, орыс тілінен енген сөздерге екінші емле ережесін қолданамыз. Мұндай екі емле ережелері ешбір елдің тілдік нормасында жоқ. Мысалы, республика деген орыс сөзін ағылшындар репаблик, републиджи дейді. Ал біз орысша сөзді қайталай салдық. Күні кеше ҚР Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті бір топ сөзді қайтадан бекітті. Соның ішінде мұражайды музей, мұрағатты архив деп кері ауыстырған. Біз себебін сұрап, сауал жібергенде, халықаралық норманы қалпына келтірдік дейді. Жалпы халықаралық  принцип деген жоқ. Сенбесеңіздер, музей сөзі әр елде түрлі айтылады. Әр елдің өз нормасына сай айтады. Қарапайым тілмен айтсақ, біз орыс тілінен терминдерді ұрлап отырмыз. Сондай-ақ қазақ әліпбиіндегі ц, һ, щ, ь, ъ әріптерінің қажеттілігі жоқ. Таза қазақша сөйлейтін адам цементті семент дейді. Бұдан ештеңе өзгермейді. Біз Москваны Мәскеу десек, Киев, Украинаны орыс тілінің нормасымен жазып жүрміз. Қазақтың Әсел, Әйгерім деген есімдерін орыстар Асель, Айгерим деп өзінің нормасымен ғана айтады. Тағы  бір айта кететін мәселе – қос әріптің бірігіп келіп, бір дыбысты беруі. Бұл әлемдік тәжірибеде ш (sh), ж (zh), ң  (ng) секілді қолданылады. Осы орайда жеңге, теңге деген сөздерді қалай жазатынымызды ойлауымыз керек. Латын графикасына көшсек, қазақ тілінің табиғи болмысына сай қылып, қазақ тілінің нормасына ғана лайықталған әліпби енгізгеніміз жөн, – деді Болат Өтеғалиұлы.

Шара барысында сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр әріптің көптігі алфавиттің нашарлығы екенін айта келіп, латын әліпбиіне көшсек, жазу жүйеміз ақпараттық кеңістікке шығаратынын  жеткізді.

Басқосуды қорытындылаған Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры, профессор Ақсерік Әйтімов Елбасының ұлт тірегі – ана тіліміздің болашағы үшін жасаған бастамасын  ғылыми маңызды және тарихи мәселе екенін атап өтті.  Сондай-ақ ол латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің қолданыс аясының одан әрі кеңейе түсуіне мүмкіндік туатынын  айтты.

*    *    *

Латын әліпбиіне көшу  мәселесіне орай түсіндіру жұмыстары түстен кейін Батыс Қазақстан инновациялық-техникалық университетінің мәжіліс залында «Латын әліпбиіне көшу: ұлттық мүдде» тақырыбымен жалғасты. Аталмыш шараны қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен облыстық «Қазақ тілі» қоғамы және Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы ұйымдастырды. Дөңгелек үстелге қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қуанышбек Мұқанғалиев, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Болат Жексенғалиев және үкіметтік емес ұйым мүшелері, оқытушылар мен студенттер қатысты. Дөңгелек үстелде латын әліпбиіне көшудің тілдік мәселелері, емле-ережелері туралы  сөз  болды.

– Мемлекет басшысы «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе» деп атап көрсеткен болатын. Бұл Жолдаудың қазақстандықтар үшін мәні де, маңызы да зор. Бүгінде ақпаратық кеңістіктің 70%-ы латын қарпімен таңбаланады. Жалпы, латын қарпіне көшу – тілдік тұтастығымызға, оны сақтауымызға, тіліміздің өзінің жаңаша бір жаңғыруына жол ашары сөзсіз, – деді кездесуді ашқан Қуанышбек Мұқанғалиев алғысөзінде.

Ал филология ғылымдарының докторы Мұрат Бөкенбайұлы жаңа әліпбидің мән-маңызына тоқталды.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттың мәдени кодты жаңғырту төңірегінде біраз мәселелер айтқан болатын. Ұлттық кодымызға мәдениет, тіл, әдебиетті жатқызсақ, жиырмасыншы ғасырдан бастап қазақ халқының өзекті мәселесі – қазақ тілін дамыту болып келеді. Сол кезде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Біздің заманымыз – жазудың заманы, жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» деп айтқан болатын. Ол қазақ халқына араб жазуына лайықтап 24 әріп пен бір дәйекшеден тұратын әліпби жасап берді. Бұл  Орта Азиядағы жетілген әліпби болған. Алайда сол кездегі саясаттың салқындығына орай аталмыш алфавит кейін қолданысқа енбей қалды. Біз 1926 жылы  латын графикасына ауыссақ, 1940 жылы кирилл қарпімен жаза бастадық. Қазір тілімізде көзге көрінбейтін олқылықтар мен келеңсіз заңдылықтар  жетерлік. Мысалы,  ешбір елдің тілдік нормаларында жоқ бірде дауысты, бірде дауыссыз  у мен и әріптері біздің тілімізде бар. Жалпы, латын графикасына көшу арқылы  төл әліпбиімізге қол жеткізетініміз анық.

Алайда тіл біліміндегі орфографиялық қиын заңдылықтарды  жойып, қазақ тілінің тілдік нормасына сай бірізділікке келтіру қажет, – деді Мұрат Сабыр.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика