20.09.2017, 20:58
Қараулар: 194
Ақжайықтың «қос қарлығашы»

Ақжайықтың «қос қарлығашы»


Байдарка мен каноэ есуден өтетін түрлі сайыстарда өңіріміздің, еліміздің намысын абыроймен қорғап жүрген қос ару қызымыз – Ділназ Алмағамбетова мен Антонина Казанина  үшін жаңа оқу жылы сәтті басталды.


Тарқатып айтар болсақ, олар биыл Астанадағы спортқа дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатына оқуға түсті. Артынан республикалық олимпиада резервтерін дайындау орталығына қабылданды. Айта кетейік, Ділназ бен Антонина – аталмыш спорт түрі бойынша кәсіби тұрғыдан білім алып жатқан өңіріміздің алғашқы қарлығаштары.

Ақжайықтық арулар көптің бірі емес, қатарының алды екенін 12-15 қыркүйек аралығында Алматыда байдарка мен каноэ есуден өткен республикалық турнирде тағы бір мәрте дәлелдеді. 2001-2002 және 2003 пен одан төмен жылғы туғандар арасында болған жарысқа еліміздің 9 өңірінен 200-ден аса спортшы қатысты. Облысымыздың атынан сынға түскен 15 ескекшінің ішінен Ділназ бен Антонина үздік болды. Яғни Ділназ төрт түрлі қашықтықтың үшеуінде жеңімпаз атанып, біреуінде 2-орын алса, Антонина екеуінде топ жарып, қалғанында жүлдегерлер сапынан көрінді. Сөйтіп екеуі келесі жылы өтетін Азия чемпионаты мен кіші олимпиада ойындарына жолдама алды. Жерлестеріміздің арасынан сондай-ақ, Данил Соколов мәре сызығын төртінші болып қиса, Аяулым Жанболат, Екатерина Сарминалар алғашқы ондыққа кірді. Ескекшілерімізді бұл сайысқа дайындаған ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушылары В. Астафьев пен А. Новозенко болатын.

Байдарка мен каноэ және академиялық есуден БҚО федерациясы осынау жарысқа баруға қаржылық қолдау көрсеткені үшін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына өз ризашылықтарын білдіреді.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар