«Сендерге ұрсып алып, соңынан өкінетінмін»

Күні , 19 рет оқылды


Мәжит ағайды көп білемін деп те, аз білемін деп те айтуға болады. Аз білемін деп отырғаным, жалауы жығылуды білмейтін жалт-жұлт жиырмадан енді-енді асып жүрген кезімде көрдім Мәжақаңды. Айтпақшы, Мәжақаң деп отырғаным – Мәжит Қайырғалиұлы Қайырғалиев ағамыз ғой. Сонау ала-топалаң, алмағайып 90-жылдарда «Орал өңірі» газетінің 12 жылға жуық ноқтасын ұстаған бас сарапшысы.


 Жалаулы жиырмам деп отырғаным, сол тұста «Орал өңірінің» есігінен енді-енді еніп, тұлабойдағы дірілді баса алмаған, алакөбең шағым. Ондай кезде  жасы қырыққа таялып тұрған, мүйізі қарағайдай журналист ағаларға  өз бетіңмен жақындай аласың ба? Ал  жан-жағына биіктен көз салатын, кез келгенмен шүйіркелесе кетпейтін, айтарын ешкімнің бет-жүзіне қарамай, сарт еткізетін Мәжақаңмен «тем более». Маған ол кісі бірден қатал, тәкәппар көрінген. Сондықтан алыстан ғана сәлем беріп жүретінбіз біздер, жастар. Бұл аз білемін деп отырғанымнан шығып отыр ғой.

Сонымен келесі жылы қарашада 80-нің сеңгіріне аяқ басқалы отырған Мәжақаңмен «Орал өңірі» газетінің ғасырлық тойы қарсаңында шұрайлы әңгіменің шүйкесін созудың ыңғайы келді.

— «Орал өңірі» газетімен қарым-қатынасыңыз қай кезден бастау алады, аға?

— Сонау 50-жылдары кеңес елі бойынша Қазақстанның тың өлкелеріне аттаныстың дүркіреп тұрған шағы еді. Мектептегі кезімнен өлең жазатынмын. Содан 1956 жылы, Калмыков орта мектебінің 9-сыныбында оқып жүрген кезімде, «Тың батырларына» деген арнау өлеңімді «Орал өңірі» газетіне жолдап келіп жібердім. Күндердің күнінде ол жарияланды. Хамидолла Қыдыров, Әмин Фатихов деген ағаларымды газеттегі жазғандарынан білуші едім. Солар өлеңімді ұнатса керек. Содан бастап облыстық газет менің бір бүйірімді жылытып жататын. Мектепті көбі бес және төрттік бағамен тәмамдап, сол 1957 жылы Оралдың педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне еркін түсіп кеттім. Айтпақшы, кешегі алапат соғыстан елдің иіні әлі бүтінделе қоймаған жылдар ғой. Біздің үйдің де жағдайы сол елмен бірдей, оқуға баратын қаражат жоқ, пұлдай қоятын басы артық мал тағы жоқ. Алғашқыда «жұмыс істеймін бе?» — деп дағдарып жүргенімде, марқұм анам «Балам, бір қалсаң, қалып қоясың, қарайлама, бір жөні болар» — деген сөзін арқаланып аттанғанмын. Анамның сол ақылы дұрыс болғанын кейін түсіндім. Институттың екінші курсына дейін, яғни 1959 жылға дейін газетке ештеңе жаза қоймаппын. Бір күні ұстазымыз Тілеужанов Мәтжан ағай сабақ үстінде «Мәжит, сен редакцияға бірдеңе жазып па едің?» дегені. Мен ештеңе жазбағанымды айттым. «Сені шақырып жатыр, барып келші» — деді. Редакция ол тұста Карев үйіне қарсы жатқан, қазіргі №3 емхананың ауласында. Жүгіріп бардым. Ол кезде сырттай білуімше, бас редактор Байкенов Қарқабат ағай. Хамидолла ағай: «Сені редактор іздеп жатыр» — деді де, мені бірден  бас редакторға ертіп кірді. Амандық-саулықтан кейін Қарқабат ағай: «Сен өлең жазады екенсің ғой?» — деп сұрады. «Иә, жазамын» — дедім, қысыла үн қатып. Сол уақытта облыстық ақындар айтысы өтейін деп жатыр еді, мені соған қатыс деп шақырған екен. Мен бұрын-соңды айтысқа қатысып көрмегенімді айтқанмен, Қарқабат ағай мені қатысуға көндіріп тынды. Сонымен мен қаладағы ет комбинатының атынан, қарсылас ақын механикалық зауыт атынан облыстық ақындар айтысына қатысқанбыз. Араға бір жыл түскенде, 1960 жылы «Орал өңірінде» топтама өлеңдерім шықты. Менің редакциямен байланысым осылай басталған еді.

— Өлеңге бейімі бар жас ретінде танылып қалдыңыз. Институтта жүре береміз бе, аға, оқуды бітірмейміз бе?..

— Иә, содан 1962 жылы институтты бітіріп, Тайпақ ауданының «Котельников» кеңшарындағы сегізжылдық мектепке жолдамамен жұмысқа келдім. Бұл ауылда басқа ұлт өкілі басым еді, соған орай мектепте қазақ мұғалімдері де аз екен. Маған көп сағат берілді. Бір күні ауылдың көркемөнерпаздар үйірмесін құрайын деген ой келді басыма. Айтпақшы, институтта оқып жүргенімізде, біздер, студенттер «Қыз Жібек» операсын қойған едік. Сонда операны сүйемелдеп отыратын өнерлі студенттерден құрылған ансамбльді мен басқардым. Домбырада, скрипкада, мандолинада ойнайтынмын. Әлгі ансамбліміз операны қойғаннан кейін атағы дүрілдеп, қалаға жақын аудандарға, мысалы, Камен (қазіргі Тасқала) ауданына барып, концерт қойғанымыз есімде. Содан сөздің қысқасы, мектепте тек мұғалім болып жүре бермей, ауылдағы өнерлі жастардың басын құрап, көркемөнерпаздар үйірмесін құрдым. Бара-бара ауыл өнерпаздарының фестивальдарына қатыстық. Ансамбліміздің атағы ауданнан да асып кетті. Оның алдында Тайпақ ауданы таратылып, Чапаевқа қосылған еді. Бірақ көп ұзамай, аудан өз алдына құрылғалы жатыр деген хабар тарады. 1964 жылдың желтоқсанында мені ауданға шұғыл шақыртты. Барсам, Жұмақаев Төлеген ағай, Тәжімұқанов Мырзахмет ағай және сол кезде облыстық партия комитетінің хатшысы болып істейтін Жұмағалиев Бисен ағай, Табылдиев Тобанияз ағай төртеуі отыр екен.  «Апырмай, мені клуб немесе мәдениет үйінің меңгерушісі боласың» — деп шақыртты-ау  деп ойладым.

Сөйтсем, ағаларым одан да асырып жіберді. Аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады. Баяғыда аудан тарағанда, тек кітапхана қалған, қалғаны быт-шыт. Бәрін қайтадан бастауға тура келді ғой. Қысқарта айтсам, 1965 жылдан 1971 жылға дейін осы қызметті атқардым. Қазан төңкерісінің 50 жылдығы, Лениннің туғанына 100 жыл деген сол кездегі ұлы мерекелерді абыроймен өткіздік. Тайпақ аудандық мәдениет бөлімі облыста Орал қаласынан кейін екінші орын алып, атағымыз алысқа кетті.

— «Орал өңірі» газетіне қай жылы келіп едіңіз?

— Мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып жеті жыл істегеннен кейін, әр түрлі себептермен Орал қаласына қоныс аударуға тура келді. Облыстық кинофикация басқармасының бастығы, марқұм Рахметова Мәжитқызы Ғарифа апай бір тамаша жан еді. Мені жұмыс бабында жақсы білетін. Сол кісінің қарауында жұмыс істедім. Бара-бара ол апамыз сол кездегі қаладағы ірі кинотеатр «Мирге» директорлыққа жұмсады. Сөйтсем, оның қарауына тағы үш кинотеатр («Аврора», «Ленин комсомолы», Гагарин атындағы) кіреді екен. Әрине, «Жаңадан келген адамды бірден директорлыққа қойды» — деп күндеушілер де болмай қалған жоқ. Бірақ ер мінезді Ғарифа апамыз оларды құлағына да ілген жоқ, маған «Қысылма, жұмыс істей бер!» — деді.

Ол кісінің жақсылығын ұмытпаймын, өмір бойы қарыздармын… Осы жылдарда «Орал өңірі» газетімен қарым-қатынасымды үзген жоқпын, жазып тұрдым. Ол  уақытта журналистер Ғарифолла, Тихон, кейін марқұм болып кеткен Ораз Мұсақұлов, Азамат Иманбаев бар, жақсы байланыста болдық. Марқұм Қабдырахим Өтепбергеновпен жақын сырластым. Тихон бастап, осы жігіттер газеттің сол кездегі редакторы Нұрмұхамедов Хабер ағайға айтқан ғой, қолынан жазу келетін жігіт деп мені. Содан 1972 жылы тамыз айында редакцияға түпкілікті  жұмысқа келдім. Кіші әдеби қызметкер болып Орынбасаров Қосаман ағайдың бөліміне жұмысқа қабылдандым. 1977 жылы  мамыр  айынан  бастап газетке  редактор  болып Бақтыбай Далабайұлы келді ғой. Ол азамат газетке, ұжымға зор еңбек сіңірді. Жұмысты жаңаша ұйымдастыруға күш салды. Есіңде ме, журналистердің ауыр еңбегін жеңілдетуге, газеттің ұшқырлығын арттыруда жаңаша әдістер ойлап, оны тәжірибеге енгізді ғой. Қызметкерлердің тұрмыстық жағдайын, оларды тұрғын үймен қамту да бар ызбынын салды. Сол тұста аға тілші болдым. Бөлім меңгерушісі, сәл кейін бас редактордың орынбасары болғанымды өзің жақсы білесің. Одан   беріректе  бас  редакторлыққа  тағайындалдым.

— Сол кездегі облыс басшысы Нәжімеден Есқалиевтің редакцияға келіп, сізді бас редакторлыққа тағайындаған жиналыста мен де болдым…

— Иә, 1991 жылдың 25 қарашасы ғой… Редактор Ғарифолла Көшенов  облыстық телерадио комитетіне төраға болып тағайындалып, орнына мені қойды ғой. Келесі күні туған күнім болатын, соған жасаған сыйлықтай болды (күлді).

— Менің сұрайын дегенім… Сол жиналыстан кейін сіздің тұстастарыңыз, құрдастарыңыз көбі сыпырылып, жұмыстан өз еріктерімен босап кетті ғой?..

— Жалпы, ол жиналыста кейбір тұстастарым «Редакторды сайлап қою керек» — деп қарсы болғанын сен де естідің ғой… Мен облыс басшысына «Мені редактор етіп қойыңдар» — деп сұрап бармағанымды сен жақсы білесің.

Редакторлықтан дәметіп жүргендер ренжісе, ренжіген шығар… Мен ешкімді жұмыстан қуған жоқпын. Сол кетіп қалғандардың бірқатары кейін қайтып келді, оны да жақсы білесің.

Редакторымыз  сол  кездегі  нарықтық  қатынастың  қыспағынан  ұжымды  аман  алып  шығу үшін  қолдан  келгеннің  бәрін  жасады. Жалақыны  айлап  алмаған  журналистер  де елмен  бірге  қоңылтақ  тұрмыстың  қамытын  киді. Газетке шаруашылықтар  жөнінде  ақылы материалдар,  арнайы  беттер  беріп, орнына сиыр,  жылқы  алып, оны  ұжымға  бөліп  беріп, амалдап отырдық. Қызметкерлердің   жалақы  алмағандықтан, пәтерлеріндегі  жылу  мен  ыстық  суға  қордаланған  қарыздарынан  құтылу  үшін  бас  редакторымыз  осы  жолдардың  авторын бұл  жұмысқа  басы  байлы  жекті.  Жылу беретін  мекемемен  арнайы  келісімшарт  жасалып,  ақылы  беттер,  материалдар  ұйымдастырылып,   қарыздарымыздан  құтылдық.

Сұхбатымыз аяқталып, Мәжақаң қайтуға жиналды. Жылы қоштастық. Күлтеленген толқынды шаштары бір кезде желкесінде жалданып тұратын. Қазір әбден сирепті. «Анау шаштың талайының ағарып, сиреуіне мен де себепкер болдым-ау, аға!..» — дей жаздап, тілімді тістеп қалдым…  Оның орнына «80 деген немене, қыр астында тұр, аға! Жасаған ие, сізге 100-ге жетуді бұйыртқай?» — дедім  іштей.

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ

 

Осындайда ойға оралады:

Мәжақаң обалы қайсы, орайы келіп жатса, ұжыммен арқа-жарқа отыруды онша жек көрмейтін. Арнайы жиһаздалған шағын демалыс бөлмеміз болды. Ол жерге газетте бұрын қызмет атқарып кеткен зейнеткер ардагерлерімізді шақыртып, мерекелерде қонақасы беретін. Қаржылық жағдайдың қиындығына қарамастан, қарияларға аз да болса, ақшалай сый-сияпат жасауға тырысатын, бас редактор. Ал тым жиі болмаса да, үлкен жұманың соңына қарай, жұмыстың аяғына таман ұжым болып, өзіміз кейде жинала қалатынбыз. Өзі шағын бөлмені жиырма шақты қызметкер шүпілдете толтырып, талай шалқып отырып едік, шіркін-ай!  Бірақ бас редакторымыз ертеңіне ештеңе болмағандай, жұмысқа келгенде екі аяғымызды бір кебіске тығып жіберетін. Сол қылығы жанымызға әбден батты. Күндердің-күнінде менің саяжайымда бір демалудың реті келіп қалды. Мысық табандап барып, оған бас сарапшымыз Мәжақаңды да шақырдым. Келісті. Жақсы отырдық. Түннің біруағы болып қалса да, асықпадық. Көңіл шіркін, әбден асып-тасып ернеуінен шөпілдеп тұрғанда, Мәжақаңды сейілдеп келуге шақырайын. Бастығымыз да көңілді, келісе кетті. Сүттей төгілген ай сәулесіне шомылып, екеуміз әрлі берлі қыдырайық. Содан «Аға, біз сізді өте жақсы көреміз, тек бізге көп ұрыспасаңызшы» — деппін. «Иә, ондай мінезім бар, кейде сіздерге ұрсып алып, соңынан өкінетінім рас…» — деп ағамыз жайылып түссін. Қысқасы, бас редакторымыз енді бізге мейіріммен қарайтын болды деп мен мәз-мейраммын. Одан әрі сүт пісірім уақыт отырғаннан кейін Мәжақаң үйіне қайтып кетті. Біз әрі қарай жалғастырдық… Келесі күні саяжайда қара басып, ұйықтап қалыппыз. Түс қайта жұмысқа келсек, Мәжақаң «Орал өңірі» ұжымы отыратын екі этажды дірілдетіп жатыр екен. Қабылдау бөлмесінде отыратын хатшы қыз Кенжегүлдің: «Мәжит Қайырғалиевич қамшысын суға малып, сендерді күтіп отыр» — дегені бізді одан сайын дірілдетті. Қалай кіргенім есімде жоқ, Мәжақаңның алдына. Бас редактордың қос иығында ашудың қос  айдаһары, Алла-ай, бет қаратпайды-ай… Кешегі ай сәулесінің астында айқұшақ болып қыдырған  ағамыз жоқ, оның орнында басқа Қайырғалиев отыр… Қысқасы, «Жұмыстан кешіккенің жөнінде түсініктеме жаз» — деген әмірді арқалап, ағамыздың кабинетінен жердің астымен шықтым. Түсініктеме жазылды. Бірақ обалы қайсы, Мәжақаң жағдайды одан әрі ушықтырмады. Сірә, бізді қорқытып алайын дегені шығар. Ол кезде түсінбедік пе?.. Сонысы дұрыс болған-ау,  дейміз бүгінде.

 * * *

«Жұт жеті ағайынды» дегендей, сол кезде электр жарығы да жиі өшетін. Бір күні баспахана, редакция ғимараты жарықсыз қалды. Ол ұзаққа созылатын болды. Сонда бас редакторымыз не істеді дейсіз ғой. Редакциядағы үш компьютерді үш операторымен көлігіне тиеп, өз үйіне алып кетті. Оларға қоса, кезекшілер мен корректорлар бірге кетті. Содан газеттің бірнеше санын редактордың үйінен теріп, құрып, қаттап дегендей, Оралдағы жеке баспаханалардың бірінен тоқтаусыз шығарып тұрдық. Тап сол сәтте редактор Қайырғалиевке «Газетті қалай шығарсаң, олай шығар» — деген ешкім болған жоқ. Алайда  редактор газетті қиындықтарға қарамастан, ақшаларына жаздырып алып күтіп жүретін оқырмандарын сыйлағандықтан, осындай шалт қадамға барған ғой. Айтпақшы, редактордың үйінде жатып алып, газетіміздің кезекті сандарын әзірлегендер: «Гүлмария жеңгеміз үш мезгіл тамағымызды дайындап, жұмысқа барлық жағдайды жасады» — деп мәз болып келді.

 * * *

Газет үшін қате кетсе, «катастрофа». Сол пәлеңіз бір күні кетіп қалды. Тура бірінші бетте. Бас тақырыпта. Келесі күні баяғы «Дастанның» «Орал өңіріне» тиесілі қос қабаты Мәжақаңның қаһарынан қақ айырылардай болып жатты. Айқай шабыспен поштада аудандарға жөнелтілгелі  жатқан «Орал өңірінің» түнде баспаханадан шыққан бумаларын «тұтқындап», редакцияға кері тасыдық. Оларды әкеліп қате кеткен бірінші бетпен оған ілесіп жүретін соңғы бетті жұлып алып көзін құртып, баспаханада қайта бастыртып, қолмен қайта бумаладық. Ол кезде қиын жағдайға байланысты газетіміздің таралымы төмендеп, бес мыңды төңіректеп қалған-тұғын. Бірақ сол бес мыңға жуық таралымның өзі көп болады екен. Таңертеңнен екінті ауғанша ақ тер, көк тер болдық. Бұл жұмысқа журналистер өз алдына, редакцияның еден жуушысы мен шопырына дейін жұмылдырған бас редакторымыз арасында өзі де келіп, қолдап көмектесіп кетеді. Қате жібергендерді қалай жазалаймын десе де, редактордың еркінде еді. Оның үстіне газеттің беттерін қайта бастыруға кеткен қағаз, бояу, электр қуаты, тасымал сияқты  қосымша шығын бар, ол дегеніңіз қарайған ақша. Шындап келгенде,  оларды қатені жіберген кінәлілер (корректор, кезекші тілші, бет құрушы және т.б.) өтеуі тиіс.  Бірақ обалы қайсы, Мәжит Қайырғалиұлы мұның да тігісін жатқызып жіберді. Қатеге кінәлілерді жазаламады.

* * *

Бас редакторымыздың жұмысымызға енгізген бір талабы біздің арқамызға әбден батты. Ол кезде нарықтық қарым-қатынастың енді-енді еніп жатқан кезі. Қай-қай салада да қиындық бастан асады. Жалақы, зейнетақы дегенді жұрт ұмыта жаздаған кезең. Газеттің де жағдайы мүшкілденіп, аптасына бір рет (айлап шықпай қалған кезіміз де болды) тәлтіректеп, әрең шығатын жағдайға жетті. Журналистер екі қолын қайда қоярға білмей отыратын апталар көбейген. Сондай шақтарда күн сайын әр журналист 250 жол авторлық мақала ұйымдастырып (мамандардың, еңбеккерлердің атынан) тапсырып отыруы тиіс. Ол үшін қабылдау  бөлмесінде тапсырылған материалдарды күн сайын сағат кешкі 18-00-де тіркеп отыратын журнал қойылды. Егер 250 жол материал тапсырылмаса, Мәжақаң қаһарына мінеді. Мәліметтерін алып, біреудің атынан мақала жазу дегеннің қандай «оңбаған» жұмыс екенін қаламдастарым жақсы білетін шығар. Мұны да Мәжақаң журналистер «қаламсапқа сүйеніп»  отырмасын деп әдейі ойлап тапқан. Қолы бос журналистің «желіп кететінін» бас редакторымыз жақсы біледі. Сөйтіп, күн сайын 250 жол мақала тапсырамыз деп талай «желіп кетуден» аман қалыппыз. Мұны да кейін түсіндік қой…


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика