11.09.2017, 22:50
Қараулар: 104
Жаңа әліпбиге көшу – маңызды мәселе

Жаңа әліпбиге көшу – маңызды мәселе


Кеше  ҚР Парламенті  Мәжілісінде  Ш. Шаяxметов атындағы тілдерді  дамытудың  республикалық  орталығының  директоры Ербол  Тілешев  латын әліпбиінің бірыңғай  нұсқасын  таныстырды. «Мемлекеттік  тілдің  латын графикасындағы  әліпбиінің  бірыңғай стандартын  енгізу  мәселелері  туралы»  тақырыбында  өткен парламенттік  тыңдауға  Мәжіліс  төрағасы  Нұрлан  Нығматулин, Премьер-министрдің  орынбасары Ерболат  Досаев, Сенат және Мәжіліс  депутаттары  мен  мемлекеттік  органдардың  өкілдері, ғалымдар  мен  сарапшылар  және  әліпби  жобасының  авторлары  қатысты.


«Рухани  жаңғыру»  бағдарламасы  аясында  Қазақстан Республикасы  Президентінің  жанындағы  Қоғамдық  сананы  жаңғырту бағдарламасын  іске  асыру  жөніндегі  ұлттық  комиссияның жұмыс  тобының  ұсыныстары  талқыланды.  Жаңа алфавитте 25  таңба болмақ.  Оған  қосымша 8 диаграф қолданылады.

Нұрлан НЫҒМАТУЛИН,

Парламент Мәжілісінің төрағасы:

– Баршаңызға мәлім, қазіргі уақыт ол бүкіл әлемде ақпарат технологияларының жоғары деңгейде дамуының кезеңі. Сондықтан біздің мемлекетімізде заманға сай «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес, барлық білікті мамандар бірнеше жылдың ішінде латын қарпі бойынша қазақ әліпбиінің жаңа жобасын жасады. Ең бастысы, жаңа әліпби барлық талапқа сай болса, біз биік технологияларды меңгеруге, интернетке, ғылым мен білімге және әлемдік дамуға еркін кіретін боламыз. Бұл болашақ ұрпақ алдындағы біздің үлкен парыз және оларға қалдыратын мәңгілік мұра. Сондықтан латын жазуына көшу – зор мүмкіндік пен өте үлкен жауапкершілік. Жаңа әліпби мәселесінде ешқандай қателік болмауы керек. Сондықтан біздің үшінші сессиядағы алғашқы парламенттік тыңдау Елбасының тарихи бастамасына арналды.

Тілдің халықаралық мәртебесін көтеру – біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі. Бүгін біз мемлекетіміз үшін, халқымыз үшін тарихи маңызы зор жаңа әліпби мәселесін талқылайтын боламыз. Әлемдік тәжірибе бойынша өркениетке, мәдениетке және ғылымға жол салған кез келген мемлекет ең алдымен тілдің дамуына ерекше көңіл бөледі. Осы жолда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздік алған күннен бастап қазақ тілін көтеруге назар аударды. Соның нәтижесінде бүгінгі күні қазақ тілінде білім беретін мектептердің саны жетпіз пайызға жетті. Ал 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілінде сөйлейтін болады. Осының барлығы, соның ішінде латын әрпіне көшу – тіліміздің мәртебесін күшейту жолындағы нақты қадамдар. Дәл осы кезеңде Елбасымыз ең алдымен рухани жаңғыру міндетін қойып отыр. Соның ішінде жаңа әліпбиге көшу – ол өте маңызды мәселе. Біздің ұлттық сана-сезім, рухани даму, өркендеу жолымыз, осының барлығы қазақ тілінің жаңа әліпбиін жасаудан басталады. Себебі Мемлекет басшысы айтқандай, қазақ тілі біздің рухани негізіміз. Осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру – біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі. Сонымен бірге жаңа әліпби – бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор.

Дархан КӘЛЕТАЕВ,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Дәл қазіргі уақытта мемлекеттік тілді реформалауға негіздеме де, сұраныс та бар деп ойлаймын. Бұл ұлтымыз үшін, болашақ үшін аса өзекті әрі қажетті жоба екендігі дау туғызбайды. Сондықтан біз «Латын әліпбиі қажет пе?» деген сұраққа емес, «Латын әліпбиін қалай тиімді түрде енгіземіз?» деген сұраққа жауап іздеуіміз керек.  «Бауырлас Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан елдерін айтпағанның өзінде, төл әліпбилері бар Жапония, Қытай сияқты алпауыт мемлекеттер латын графикасындағы әліпбидің қосымша нұсқасын енгізіп отыр. Осының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Реформаны жүзеге асыратын атқарушы биліктің, құзырлы құрылымдардың мойнында үлкен тарихи жауапкершілік тұр. Біз бірыңғай стандартты халықтың қолданысына енгізудің барынша тиімді әрі жеңіл жолдарын қарастыруымыз керек. Ең бастысы, бұл бастама жарқын болашаққа бет алған еліміздің рухани болмысын, қоғамдық ой-санасын өзгертеді, жаңғыртады.

Төлеубек  МҰҚАШЕВ,

ҚР  Парламенті  Сенатының  депутаты:

– Жазбаны өзгертудің жағымды тұстары бар. Жағымды жақтарына өз ерекшелігімізді сақтап қалу, әлемдік интеграция, ақпарат алу мүмкіндіктерін дамыту жатады. Латын әліпбиі әлемде танымалдыққа ие. Біріншіден, латын әліпбиінің арқасында жастарымыздың ғаламтордан ақпарат алуға көптеген мүмкіндіктері, білім мен ғылым саласындағы кеңістікке, тез арадағы оқуға қолжетімділік болады. Екіншіден, түркі әлемі мен Қазақстанның бірігуіне ықпал етеді. Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан сияқты елдермен ортақ жазбаға ие болуы біздің еліміз үшін пайдалы. Латын әліпбиіне өту қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеруге ықпалы зор.

Себебі біздің тіліміз басқа тілдермен бірдей деңгейде тұрады және өзге қарым-қатынас жасауға жеңіл болады. Әліпби ауыстырудың саясатқа да, басқаға да қатысы жоқ. Ең басты қажеттілігін тілдің өзі талап етіп отыр. Демек, әліпби өзгерту тек кириллица әріптерін латынмен алмастыру ғана емес, жазу саласында да реформа қайта жасау қажеттігін талап етеді. Әлемнің озық елдері игілігін көріп, көпшілігі қолдап отырған латын әліпбиіне біздің де  көшкеніміз дұрыс деп ойлаймын. Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да мүмкіндігі зор екендігін танытып отыр.

Сауытбек  АБДРАХМАНОВ,

ҚР Парламенті  Мәжілісінің депутаты:

– Біз бүгін халқымыз үшін, ұлтымыз үшін, тіліміз үшін, діліміз үшін, рухымыз үшін шын мәнінде тарихи мәні бар, тағдыршешті мәселені қарастырдық. Халықтың басым бөлігінің ортақ ойы қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру уақыттың талабына да, туған тілімізді тыңнан түлету талабына да сай келеді. Жаңа әліпбиді жасау кезінде халқымыздың, өзге елдердің санғасырлық жазба тарихы зерделенгені, оған латын жазуының классикалық үлгісі басшылыққа алынғаны жан-жақты түсіндірілуі, бұл таңдаудың  ең оңтайлы, ең дұрыс таңдау екенін дау туғызбастай дәлелдеу өте қажетті. Біздің алдымызда талай жылдарға созылатын, жүйелі, табанды түрде жүргізуді қажет ететін қиын жұмыс тұр. Бойымызда бар енжарлықтан, еріншектіктен арыла білсек, ертеңімізді ойлайтын ел екенімізді дәлелдегіміз келсе, елдігімізді еңселендіргіміз келсе, бұл іске тәуекеліміз тұруға тиіс. Алфавит ауыстыру алдағы онжылдықтарға ғана емес, ғасырларға есептелген ірі іс, шын мәнінде тарихи шешім. Латынға көшу – болашақтың таңдауы.

Ерболат ДОСАЕВ,

ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

– Президент Нұрсұлтан  Назарбаев өзінің бағдарламалық мақаласында латын әліпбиін енгізудің мерзімін белгілеген болатын. Үкіметтің аталған тапсырманы орындауға қатысты нақты жоспары бар. Латын әліпбиінің бірыңғай стандарты бекітілгеннен кейін оны біртіндеп енгізу шаралары қолға алынады. Ол жоспар барлық саланы қамтиды. Себебі тіл – коммуникацияның әмбебап құралы. Бірыңғай стандарт бекітілген бойда білім беру саласына қатысты біраз шараларды атқару қажет. Алдымен маман даярлау мәселесіне баса назар аударған жөн. Осыдан кейін ол білімді xалық арасында кеңінен тарату қажет. Осы орайда латын әліпбиін меңгеру бойынша оқу-әдістемелік құралдарды, мобильді қосымшалар мен ақпараттық бағдарламаларды шығарған маңызды. Аталған шаралардың барлығы уақытына қарай үйлестіріледі және бір-бірімен байланыстырылады. Осының арқасында біз латын әліпбиін жүйелі  түрде  енгізе  аламыз.

Ербол ТІЛЕШЕВ,

Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық орталығының директоры:

 – Жаңа әліпби нұсқасы негізінде тұрғындар арасында бірнеше рет апробация жүргізілді. Жаңа әліпби қабылдау, бір таңбаларды екінші таңбалармен ғана ауыстыру емес, ол – бұрынғы әліпбилерде жіберілген емлеге қатысты жаңсақ жазуды дұрыстау. Осы ретте, әліпби жасау және оны енгізумен бірге жаңа жазу ережелері де қабылдануы тиіс. Қазақ әліпбиінің латын графикасындағы нұсқасын дайындау бойынша әр түрлі сала мамандарынан, мекемелерден түскен көптеген  ұсыныстар болды. Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасын таңдауда, ең алдымен, ғылыми принциптер негізге алынды. Соның нәтижесінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, жалпы әліпби түзудің теориясы мен практикасына құрылған нұсқа таңдап алынды.

Ерден ҚАЖЫБЕК,

А. Байтұрсынұлы атындағы тіл  білімі  институтының  директоры:

 – Бұл – тек қана тілдің реформасы емес – діл реформасы, жанымыздың жаңғыруы, маңызды стратегиялық бағдарлама; болашағымыздың тізгінін өз қолымызға алудың, Президент сөзімен айтсақ, «болашаққа бағдар» мен «рухани жаңғырудың» өзегі, Қазақстанның 30 дамыған елдің қатарында сап түзеуінің жарқын кепілі. Ұлт көшбасшысы, Елбасы тапсырмасына сәйкес бұл келелі мәселе қалың жұртшылықтың белсене қатысуымен іске асырылуда. Елдің түкпір-түкпірінен, шетелден, ауылдан да, қаладан да, халық қалаулылары мен мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар мен зейнеткерлер, жастар мен сырттағы отандастарымыз – бәрі де өз үлестерін қосуға тырысуда, бәрі де баталарын беріп, тілеуін тілеуде, хаттарын жазып, жобаларын жолдауда. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» дейді халқымыз. Біз ғылыми ортада, зиялы қауым өкілдері арасында көптеген басқосу ұйымдастырдық. Ұлттық комиссияның жұмыс тобының бастамасымен жиырмадан астам ғылыми ұйымдастыру және ғылыми тәжірибелік іс-шаралар өтіп, онда екі жарым мыңға жуық зиялы қауым өкілі баяндама жасады. Қазақстандықтардың басым көпшілігі осы үрдісті сана-сезімімен, жан-тәнімен қолдайды. Көптеген шетел ғалымдарынан, Еуропа мен АҚШ-тан, Түркия мен Кореядан ұсыныстар, жобалар, хаттар келіп жатыр. Мен бұл жерде латынға бізден бұрын көшкен түркі тектес мемлекеттер мен Еуропадағы елдердің тәжірибесі мұқият сарапталғанын атап өткім келеді. Кемшіліктер анықталып, артықшылықтар тізілді. Кейбір тілдерде маңызды дыбыстар ескерілмей түсіп қалды, кейбір тілдерде ғылыми әдістеме жасау реформалары тоқырап қалды. Ал кейбіреулерінде науқаншылдық басым болды. Бізде мұның бәрі жан-жақты ескерілуде. Әліпби ауыстырудан саяси астар іздеушілер қателеседі.

 www.inform.kz

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар