11.09.2017, 22:23
Қараулар: 83
Құрметті оқырман!

Құрметті оқырман!

100  жыл  бұрын


Алғашқы санының жарық көргеніне 100 жыл толған «Орал өңірі» газеті өзінің түп бастауын «Ұран» үн қағазынан алады. Ол дәл бір ғасыр бұрын, араб әліпбиімен жарияланып тұрыпты. Сан жылдар жылжып өткенде «Ұранның» біздің қолымызға тигені әзірге 9-ақ нөмір. Оны нақтылай түссек: №6, 1 қыркүйек, 1917 жыл, жұма; №7, 12 қыркүйек, 1917 жыл, сейсенбі; №8, 26 қыркүйек, 1917 жыл, сейсенбі; №9, 7 қазан, 1917 жыл, сейсенбі; №20, 31 желтоқсан, 1917 жыл, жексенбі; №24, 16 ақпан, 1918 жыл, жұма; №28 (датасы белгісіз);

№30, 28 (10) наурыз, 1918 жыл, бейсенбі; №38, 16 (3) мамыр, 1918 жыл, бейсенбі.

«Орал өңірінің» бүгінгі жарық көрген сейсенбілік нөмірі осыдан тура 100 жыл бұрын оқырмандарының қолына тиген «Ұранның» кезекті 7 санымен тұспа-тұс келіп отыр.

Біз бүгін тарихтан жеткен тәбәрік нөмірдің бұдан бір ғасыр бұрын не туралы жазып, баяндағанын оқырмандарымыздың назарына ұсынуды жөн көрдік.

«Ұранның» материалдарын араб әліпбиімен кириллицаға аударған баспасөз тарихын зерттеуші, белгілі журналист Қазбек Құттымұратұлы.


 

№ 7       сентябрь  12  жылан 1917          сейсенбі          №7

«ҰРАН»

газитасы Хан Ордасында жетісіне бір шығады

1917 жыл иул (июль-шілде – ауд.) (28) да шыға бастады.

Жазылу бағасы: жылдығы 5 сом, жарты жылдығы 3 …, үш айлығы 1,75…

Иғлан бағасы: бірінші бетте жолы 30 т., төртінші бетте жолы 20 т., бірден артық басу келісуінше.

Нөмірі 10 тиын

Хабарласушыларға адрес: Ханская ставка, Астр. губ. Ред. газ. «Уранъ»

 

 

Земстуо сайлауын қалай өтеуге?

(басы өткен санда)

Сайлаушылар міндеті

1) Сайлаушылар сайлау күні комисия ашылысымен сайлау үйіне келіп, сайлау запискесін салады. Салғандар, яки запискасы қабылданғандар өзге сайлаушыларға тығыздық етпей, үйден шығып, орын босатып тұруы керек.

2) Әр сайлаушы сайлауға келгенде сайлаушы өзі екендігін ыспатталып кіргізіледі. Қалай ыспаттау ретін сайлау комиссиясы өзі біледі. Камисия записканы қабылдамаса, не себеппен қабылданбағанын көрсетіп, протоколға тіркейді. Сайлаушы өзін …мен болса да, сайлаушы екенін ыспаттауға болады.

3) Сайлау болып жатқанда сайлау үйінің не ішінде болсын, не тысында болсын, «пәленшені сайла» деп ел тарту болмасын. Председатель сайлау үйінде тәртіпсіздік болмауын қарайды. Сайлау запискесін оқыған һәм санаған уақытта комиссия отырған столға келіп, бір де де сөз айтпас, сөз таластырмас. Әгәрдә бұл тәртіпті бұзушы болса, камисия сонда-ақ үйден қуып шығарар.

4) Сайлау запискасын салуға арнаулы жеке қобди болмақ. Оның записка салғандай тесігі болмақ. Бұл қобди записка салынбастан бұрын записка салушыларға көрсетіледі: қобдидың іші саңғырлаған бос екендігі, өзге тесігі жоқ екендігі. Осылайша мәлімденген соң қобдидың тесігі председательдің мөрімен пешеттеліп, сорғышпен пешеттелген барлық қағаздың үстіне председатель һәм өзге ағзалар қол қояды. Басы-қасында болған шет адамдар да өз еркімен қол қоюға болады.

5) Сайлау қағазы қадімгі жазу жазатын қағаздың сегіздің біріне жазылады. Бір бетіне гласный сайланатын адамдардың фамилиясы, аты, әкесінің аты жазылады. Екінші бетіне дым жазылмайды. Тап-таза сақталады. Осы шарттар орындалмағанда, записка іске аспай, далада қалады. Және, көрсетілген гласныйлардың саны селский сайлау округындағы сайланатындардан артық болмасын.

6) Сайланушылардан біреудің аты өзге біреумен аттас болып, шатасуға себеп болатын болса, сайлаушылар сайлаған гласныйларының атының тұсына тұрған жерін, списокке тігілген нөмірін қоса жазуға керек. Мұндай записканың жарап-жарамайтындығын камисия өзі айырмақ.

7) Сайлау запискасын күні бұрын үйіне алып, жазып қоюға да болады. Тап сайлауға келген уақытында жазса да болады. Записканың жазу жазылмаған ақ жағын сыртына қаратып бүктеп, күнібұрын болса, күнібұрын деп сайлаушы өз қолымен комисия председателіне тапсырады. Председатель запсиканы алысымен ашпастан, яки конверті болса жыртпастан сол күйінше сайлаушының көзінше қобдиға салады. Қобдиға әлігі записканың салынғандығына списоктегі нөмірінің тұсына белгі қояды. Қобди тұрған столға сайлаушылар бір-бірден келуге.

8) Сайлау болған күні кешкі сегіз сағатта сайлау үйінің есігі жабылады. Запискалардың сол сегіз сағатқа шейін қобдиға түскендері ғана есепке алынады. Запискалар салынып біткен соң қобдидың аузы пешеттеліп, күзеттіріледі. Председатель қанша адамның қағаз салғанын естіртіп, оны протоколға тіркеледі.

9) Запискаларды санау ертеңіне болады. Таңертеңгі сегіз сағат пен кешкі сегіздің арасында. Камисия келіп, мәжіліс ашылған соң қобдидың пешеті аман тұрған ба, бұзылмаған ба, әбден қаралады. Бүтін екендігін анық білген соң пешетті бұзып, аузын ашып, запискаларды санап бастайды. Записка саны сайлауға қатысушылардың санынан артық ия кем болса, протоколға тіркеледі. Бір санап болған соң нөмір қойылып, қайтадан саналып шығады. (Аяғы бар)

Жоқшы

 

Орысқа жер сату һәм қыр қаласы Жәнібек

(басы өткен нөмірде)

Шашық хуторлардың зарарына ғана қазақтар қанағат етеді: 1904 жылы Саратаудан Астрханға тартылған теміржолдың қазақ жерінен өткен жерлерінде Жәнібек деген станса салынды. Бұл стансаның түбіне орыстар үй сала бастады. Орнын қазақтардан 5-10 сомға сатып алып, мұның түбінің зарарлы екеніне көзі жеткен бірқатар адам қаралардың қала салдырмасқа еткен амалы, арызы, обшестуаның пригоуоры (қоғамның өкімі – ауд.) кешегі кесір хүкіметтің бөкпесінде қалды. Енді Жәнібек үш жүз (300) үй шамалы қала болып алды. Поселок атанды. Мұныменен тұрмады, бұл күнде горд (қала – ауд.) болуды ізденді. Еңбегі босқа кетпеді, кешегі кесірлі хүкіметтің тұсында, кесірлі әкімдердің жасасып кеткен планы (жоспары – ауд.) бойынша жақын арада горд болып шықты. Үйезсіз-ақ «қыр қаласы – Жәнібек» болды!

Қазір енді анық білінді: барлық «іші лас, сырты таза» залымдардың құрған планы, көздеген мақсұты мынау екен: Жәнібекті горд жасап, Таловка уезіне тіркеп, тұрған жерінен, яғни қазақ жерінен жер кестіріп алып, һәм қазақ жеріндегі барлық шашық хуторларды Жәнібекке тіркеп, Тарғын болысының барлық пайдалы жерін өздеріне қаратып алмақ. Ал енді бұл планды қалай орындау керек? Яғни қазақ жеріндегі шашық хутордарды қалайша тұрған орындарында қалдырып, Жәнібекпен арасындағы 3-4 уолыстың қазағын қалай жоқ етіп, жерді босату керек?

Бұған амалы мынау болды:

1) Шашық хуторлардың қожаларынан губернский комисияларға арыз бергізді: «қазақтар күштеп бізді нығыздайды, мұның бір тыйымы болса екен» деп. Бұған губернский земелный комитет тәдбир етеді: «Хуторлар бұрынғы күйінше орнында тұрсын, учредительный собранияға шейін һәм қазақтар тығыздалмасын» деп.

2) Жәнібек комитеті хабар берген: «қазақтар жиналып, қазақ жеріндегі орыстардың егіндерін жорта бүлдіріп, малдарына жегізіп жатыр, һәм малдарын бізден шауып, тартып алып жатыр. һәм егіндерімізді талап та алмақшылар, мұның үстіне германский проуакатсиа (германдық арандату – ауд.) бар» деп. Бұған қарсы ғамал ету үшін салдат сұраған. Осы арыз, осы шақырумен 1-нші аугуста (тамызда – ауд.) Жәнібекке елуден аса салдат келіп, қазақ ішіне шығып, бірнеше қазақтарды ұстап алып, өлімші қылып … … (бір жол оқылмайды, қиылып қалған – ауд.) Біреулерінің үйлерін шауып, талап, кейбіреулерден путраба төлетіп, кейбіреулерінен өткен заманда … орысқа тіл тигізгеніңнің, қол тигізгеніңнің айыбы деп оның малымен төлеулер төлетіп, қырғидай тиіп, жаудай шауып жүргенде, баяғы қуылуға лайықты (?) қазақтар қатын-бала, мал-мүлкін тастап, қашып кете де бастады. Ендігі көшіп те үлгеретін еді, тек … комитеттен мүшелер келіп, Астрханнан келген дырауларға арыз айтып, (сөйлесіп емес) салдаттар қайтарылды. Сотсыз … сабау һәм самосуд жасаушылардың ғамалын прокурор серігі … губернский комитеттен кәсіпкерлер һәм жұмысшы, салдатский депутаттардың кеңсесінен шығарылған мүшелер алдында судейный дознания (сот тексерісін – ауд.) жасап, жабылған жалалардан қазақтардың нақақ екенін біліп қайтқан соң … баяғы қашқын қазақтар үйлеріне қайтып барып отыр.

 

Мұнда кім айыпты?

Қазақтың ортақ жеріне, бағусыз көп малының ортасына алып барып егін салдырған кім? –

Жер сатушы!

Қазақ ортасына егін салдырып, бұл күнде көп қазақты жерден, судан айырып, һәм айырайын деп отырған кім? – Жер сатушы!

Жәнібекті салдырып, горд жасатып, қазақтардың көп жеріне қол создырып қойған кім? – Жер сатушы!

Мал баққан қазақтарды егін салушы орыстармен жауластырып қойған кім? – Жер сатушы!

Қазақ ішіне салдат шығып, қазақтарды өлімші етіп сабауға, ұстауға, дүниесін талатуға, қаңғыртып қашыруға, қатын-баласының жүрегін жарып қорқытуға һәм бүкіл қазақтың сүйегін сырқыратуға бас себеп болған кім? – Жер сатушы! Бұларға «жер сатпаңыз, зиянды» деп білетін саналы адамдар айтпады ма? Айтушы да, айтпаушы да болды. Біреу зарарын айтқан кісінің тілін алмады. Оны қас көрді. Жер сатудың қанша зарары бар екендігін айтып, халыққа түсіндірмеушілер, айтпағанымен тұрмады. Жер сатуды һәм орыс малын алып бағуды мақұлдап жүрді. Байғұс жарайлар, жерменен тамағын асырасын деп, қамқоршылық қылған болып, сүйікті көрінді. Қашан да сасық ми, салқын жүрек, санасыздардан үміт жоқ!

Таныс

 

Бірінші махрұм мұсылман солдаттарының күні

(Бүтін Русия мұсұлман харбі шорасынан)

Өткен июль айының ішінде Қазанда үш съез болды: «жалпы Русия мұсұлмандарының съезі», «Бүтін Русия ислам ғұламасының съезі», «Бүтін мұсыслман әскерлерінің съезі» болды. 22-сі күні сол үш үлкен съездің бас қосқан жиылысы болып, мына қаулыларды шығарып еді:

1) ұлттық һәм мәдениет автономиясы 2) мұсылман әскерлерінен жеке милли фарақалар(?!) құру. Мұның үстіне, алдымызда ел құрылтайы тұр. Ел құрылтайына жерсіз шаруамен күн көргендердің сөз сөйлейтін саналы мұсылман солдаттарын сайлап қалу – алдымызда тұр.

Жоғарыда айтылған үлкен үш … … (газет беті жыртылған – ауд.)

… мұсылмандарының харбі шурасы өтес деп бізге тапсырды.

Мұның үшін харбі шура жардемге мұхтаж. Сондықтан бірінші махрұм күнін «Мұсылман салдаттарының күні» деген мейрам қылып, осы мейрамды сол күні жер жерде жасауға, солай етіп елден жәрдем жиюға харбі шура қаулы жасады. Ол күнге арналып, жеке бағдарлықтар, ашық хаттар, кітаптар сатып, кружкалармен ақша жиюға, латарей, аллигрий ойындарын…

… сол күні «мұсылман солдаттарының күні» пайдасына майын алуға. Ресторан (мейрамхана –  ауд.), чайни (шәйхана – ауд.), номер хошаларныа һәм саудагерлерге сол күнгі саудаларынан, крестиандарға қолдарындағы малдарынан, жұмысшы, приказшиктер тағы басқа адамдар сол күнгі алатын жалубналарынан (жалақысынан – ауд.) біршама брусентін (пайызын – ауд.) белгілеуі туралы харбі шура қаулысын бекітті.

Бірінші махрұмда «мұсұлмандар салдаттарының күні» жаса… … .

…халық, оқушылар, оқытушылар, крестиандар, жұмысшылар, социалистер һәм басқа ұйымдарға:

б) Харбі комитеттер жоқ жерлерде, тек ұлт ұйымына.

т) олар да болмаған жерде белгілі білген адамдарына хат жазып, осы мейрамды жасауын никлиз(?!) етпек.

Жоғарыда айтылған орындар, бірінші махрұм күнінің, «мұсылман салдаттарының күні» болуын тілесе, сол күнді мейрам етіп, харбі шураға жәрдем етуден бойын тек сақтамаса, ол күні жәрдем етуді тиісті көрсе, тілегін төмендегі адреспен білдірсін. Ашық хат, кітап туралы ғаламдардың қаншадан керек боларын білгізсін. Һәм өздерінің адресін көрсетсін.

Бүтін Русия мұсұлман харбі шурасының «мал мүлік бөлімі».

Адрес:

Казань, Всероссийское Мусульманское Военное Шуро. Комиссия по устройству праздника «День солдата мусульманина».

Телеграмм үшін:

Казань Вашуро Финансовый отдел

 

 

25-інші июнь жарлығы тақырыпты Ішкі Орда бірінші һәм екінші округтердің атқа мінген жақсылары жігіттерден жүздеп, мыңдап ақша алып еді набордан қалдырамыз деп, қалғаны қалып, қалмағаны сол кірумен кетіп еді. Бостандық болып жігіттер елдеріне келген соң, былтырғы ақшасын алған жақсылардың үстінен арыз беріп жүреді екен, жігіттердің сол арыздары бойынша болса керек. Екінші округтен тоғыз кісі қолға алынды. Екінші округ 6-ншы бөлімнен жеті кісі, үшінші бөлімнен екі кісі. 6-бөлімнен жеті кісінің бізге білінге… … … (бірнеше жол жыртылған – ауд.) старшина Махмет Юмпалиев (Юсқалиев?!) һәм Анис (Әнес – ауд.), Қажығали, Жұн (Жұрын?!) балалары. Үшінші бөлімнен доқтор Махмуд Шолтуров.

Үбіш ИМАНҰЛЫ

 

 

Почта телеграф арттырған ақылар

Почта телеграф министрінің 21-нші июльде 1917-нші жылда шығарған жарлығы бойынша 15 августан бастап почта телеграф ақылары өсті.

1) Бандероль ақылары:

А) баспа заттар болса һәм бір лоттан аспаса, қала ішінде екі тиын. Лоттан асса, әр төрт лотына екі тиын, бір қаладан екінші қалаға жіберетін болса, әр екі лотына екі тиын.

Б) Іс қағаздары болса, қала ішінде әр екі лотына екі тиын, бірақ ондай бандеролдың ең азынан он тиыннан кем етпейді. Бір қаладан екінші қалаға жіберетін болса, әр бір лотынан екі тиын алынады. Ең азынан он бес тиыннан кем алмайды.

В) Тауар түрліктері болса, әр бір лотынан бір тиын алынады.

Ең азынан бес тиын.

2) ашық хаттар ақылары: қала ішінде, бір қаладан екінші қалаға жібергенде де бес тиын, ж… мен открыткалар он тиын, (әр сыңары бес тиын)

3) жабық хаттар ақылары:

а) қала ішінде әр отыз грамына бір тиын, бір қаладан екінші қалаға жіберетін болса, әр он бес грамына он бес тиын.

4) Карточка ақылары: құттықтау һәм сәлемдесу карточка ақылары жабық хаттар дегендей.

5) Заказной хаттар ақылары:

заказной хаттардың салмақ  жағының ақылары жай жабық дегендей заказ ақысы хат басынан жиырма тиын.

(Бірнеше жол жыртылған – ауд.)

…да, бандерол, басыл… …а да жиырма тиын.

7) Ақшалы хаттар ақылары:

1) қала ішінде болса салмақ ақысы әр отыз грамына он бес тиын, страховай ақысы килесі пунктте айтылған бөтен қалалық хаттар дегендей. 2) бөтен қалалық хаттар болса, салмақ ақысы әр он бес лотынан он бес тиын. Страховай ақысы он бес сомнан аспаса бес тиын, жүз елу бес сомнан аспаса отыз тиын, жүз елу бес сомнан асқанын әр жүзінен отыз тиыннан алады.

8) Переуод ақылары: жиырма бес сомнан аспаған переуод он бес тиын, жүз сомнан аспағаны елу тиын, жүз сомнан асқаның әр жүзінен (толық болсын болмасын) елу тиыннан алады.

 

Қырда

Сайрандап сахраны жүрдім кезіп,

Қуаныш, жүруменен шаттық сезіп.

Сергіді жас жүрегім жалқын басқан,

Кешегі қара күннің кеткен езіп.

Қол-басым азат болып,  көңіл тасқан,

Көрмеген мұндай дәурен бала жастан

Керіліп екі қолды сермегенде,

Көзіме тең көрінді жер мен аспан.

Көк орай аяқ астым – бейне кілем,

Сар басты жоңышқалар қызыл күрең.

Биеке, нарлау, жусан, ақ бас селеу,

Бәрі де қуанышты анық білем.

Құттықтап бостандықпен  жүрген күйді,

Бетіме ескен жел де жылы тиді.

«Өзің би, өзің патша,  нұр есен…» деп

Шөп біткен тәжім  қылып басын иді.

Мен бұған бұрынғыдан  жаман тастым,

Керіліп, көтеріле аяқ бастым.

Масайрап өз-өзімне бойым балқып,

Алдағы сағымданған  белден астым.

Кеш болып сол арада күн де батты,

Шық түсіп, жердің жүзі мұнар тартты.

Ауылға – өз аулыма бет түзедім.

Қамшылап астымдағы мінген атты…

Би Мұхаммед МАЙЛИН

 

 

VI телеграм ақылары:

Қала ішінде хабарласқаны телеграм ақысы сөз басына бес тиын, қалалар арасындағы хабарласу телеграмы сөз басына он тиын, срокты, яғни асығыс телеграм сөз басы жиырма тиын құттықтау телеграм сөз басы алпыс тиын.

Жай телеграмдардың депешалық ақысы бұрынғы қалыпша отыз тиын, срокты телеграмдың депешалык ақысы үш есе артық.

18 анықтаумен соғылған телеграм ақысы жай телеграмнан екі есе артық. 19 анықтаумен соғылған срокты телеграм ақысы төрт есе артық.

Басқармадан: газетамыздың бас жазушысы Абдолазаиз Мұса он күн срокпен аулына кеткенде екінші жазушысы Нығман Манаев қатты науқастанып қалды. Сондықтан «Ұран»-ның бұл номері уақыттан кешігіп һәм екі бет кем шықты. Оқушыларымыздан ғафу өтінеміз.

Шығарушысы: Ғабдулғазиз Муси

(Газеттің төменгі жағы жыртылған – ауд.)

Газет тариxы

Басқа да мақалалар