11.09.2017, 22:10
Қараулар: 104
Шаһар шаттыққа толған күн

Шаһар шаттыққа толған күн


Қыркүйектің 9-ында П. Атоян  атындағы стадионда  Қала күніне  байланысты өткен  думан  «Ақжелең»  би  композициясымен  ашылды.


«Назерке», «Ақжайық», «Қызғалдақтар», «Арна» би ұжымдарының композициясын «Оралым» фолклорьлық ансамблі күймен әрледі. Кейін «Қазақстан» әні орындалып, күн бейнесі салынған мата көп назарына ұсынылды, түрлі-түсті шарлар аспанға ұшырылды. Жастар  алаңда «Орал – әсем қала» сөздерін бейнеледі. Мерекелік шарада сол күні неке қиған жас жұбайларға сый ретінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» мен Орал қаласы әкімдігі атынан сертификаттар мен асүй жабдықтары табыс етілді. Көңілді думанда шаһар туралы әндер мен  көңілді флешмобтар орындалды және символикалық мәндегі велосипедшілер  шеруі өтті.

 – Біздің қаламыз күннен-күнге көркейіп, дамып келеді. Жыл сайын көптеген нысан бой көтеруде. Шаһар аумағын абаттандырудамыз. Оралдағы көп қабатты үйлердің аулалары жөнделуде, жолдар салынуда. Қалада төрт мектептің құрылысы жүргізілуде. Биыл тәуелсіздіктің екінші ширегіне қадам бастық. Елбасымыз рухани жаңғыруға бет бұруымыз керектігін айтты. Біздің өңіріміздің тарихы терең. Ұлы тұлғалар шыққан. Сонымен қатар  жастарымыздың туған өлке тарихын зерттеуіне, дүниетанымын жетілдіруге, ғылым-білімге  ұмтылуына көңіл бөлудеміз. Мектептерге жаңа технологиялар енгізілуде. Жергілікті бюджет арқылы облыстағы жоғары оқу орындарына бөлінген қосымша білім гранты санын 200-ге жеткізуге шешім қабылдадық, – деді қала тұрғындарын құттықтаған облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Мерекелік шарада Алтай Сейдірұлы сала үздіктерін марапаттады. Одан әрмен қалалық өнер ұжымдарының концерті өтті. Орал қаласына арнайы келген итальяндық Сон Паскаль инди-рок жанрында өңделген халық әні «Дудар-ай» мен Абайдың «Көзімнің қарасы» және жеке шығармашылығындағы «You should speak Kazaksha» әндерін шырқады. Ол тұрғындарды ауыр дертке шалдыққан тоғыз  айлық сәби Рамина Мұхамедьяроваға емдеу қаражатын жинауға көмектесуге шақырып, орындаған әндерін соған арнайтынын айтты. Кейін белгілі әншілер Төреғали Төрәлі мен Ерке Есмаханнның шырқаған хит-әндері көрермендердің көңілін көтерді. Кеш  соңы  отшашуға  ұласты.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ

Суретті  түсірген  Айбатыр  НҰРАШ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар