11.09.2017, 21:57
Қараулар: 163
Мерекелік тартулар

Мерекелік тартулар


Қала  күні  мерекесі  аясында  облыс  орталығында  жаңа  спорт алаңы  ашылып,  шағын  сәулеттік  мүсіндер  бой  көтерді.


Мерекелік тартулардың бірі «Зенит» зауытының алдына қойылған «Желкенді кеме» монументі. Зауыт жұмысшылары ескерткішті тот баспайтын болаттан бір айдың ішінде құйып шығарған екен. Қала күні қарсаңында өткен монументтің ашылу салтанатына Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев пен «Зенит» зауытының директоры Вячеслав Валиев қатысты. 75 жылдан астам тарихы бар зауыт 1993 жылдан бері еліміздің қорғаныс саласына арнап кемелер дайындап келеді.  Зауыт директоры В. Валиевтің айтуынша, «Желкенді кеме» монументінің басты идеясы – алға қарай  ұмтылуға  қанаттандырады.

Жыл сайын жаңарып, жасарып келе жатқан сүйікті қаламыздың көркіне көрік қосатын тағы бір жаңа мүсін – А. Островский атындағы облыстық драма театрының шырқау маңдайшасына орнатылды. Алып сағаттың диаметрі бір жарым метр.

Сағат белдеуін спутник арқылы реттеп отыратын GPS қабылдағышы, қосымша жарығы, дыбыс хабарлағышы бар сәулет мүсіні Орал қаласының құрметті азаматы Вениамин Мұқатаевтың тапсырысымен Ресейдің Донецк қаласындағы «Алмаз ЧасПроект» кәсіпорнында  арнайы  жасалған екен.

Қала күніне орай Арбат алаңында Орал қаласының банк секторының тартуы — теңге және «Орал қаласы құю-механикалық зауыты» ӨК-ның басшысы Алтай Мұқанбетқалиевтің демеушілігімен су ішетін шүмек шағын сәулет мүсіндері бой көтерді. Ұлттық валютаға арналған ескерткіш – теңге мүсінінің авторы Дмитрий Баймұқашев. Сенбі күні шағын мүсінді Атырау қаласының әкімі Серік Шәпкенов пен ҚР Ұлттық банкінің облыстағы филиалының директоры Қозыбақ Құлбарақов салтанатты жағдайда ашты.

Ал АТиСО институтының аумағында «Street Workout» – спорт алаңы пайдалануға берілді. Қазақстандық «Street Workout»-«Стрит-воркаут» федерациясының президенті Дамир Муминовтың айтуынша, көше жаттығулары алаңдары еліміздің барлық өңірінде көптеп салынуда. Ашық аспан астында белтемірде  жаттығу  соңғы  жылдары  қарқын  алып  келеді.

2016 жылы Мемлекет басшысы жастар арасында воркаут спортын кеңінен дамыту міндетін жүктеген болатын. Воркаут – бұл көше жаттығулары спорты. Қазір қарқын алып келе жатқан спорттың осы түрімен елімізде мыңдаған жас айналысады. Оралдық жастарға «Street Workout» спортымен шұғылдануға мүмкіндік беретін алаңның ашылуына республикалық «Street Workout» қауымдастығы мен «Альтаир» құрылыс компаниясы демеушілік көрсетті.

Спорт  алаңының  ашылу  салтанаты  аяқталған  соң  Қазақстан құрама командасының  спортшылары  өз  шеберліктерімен  бөлісті.

Сонымен қатар жергілікті кәсіпкерлер Ю. Ткалун, А. Азовсков, Ж. Ирменовалар оралдықтарға арнап, «Сағат» шағын сәулет мүсінін тарту етті. Тәуелсіздік алаңындағы Салтанат сарайының маңында орналасқан «Сағат» қала тұрғындарының таңдаулы демалыс мекеніне ғана емес, неке қию салтанатынан шыққан жас жұбайлардың сүйікті орнына айналары сөзсіз.

Аталмыш композицияның авторы –  суретші Александр Егоров.

Қала күніне орай Оралдағы жаңа алаңда атақты әнші Батырхан Шүкеновтің құрметіне «Джулия» мүсіні (авторы Дмитрий Баймұқашев) орнатылды. Батысқазақстандық белгілі әнші Марат Сарбөпеевтің айтуынша, мұның себебі әйгілі «Джулия» әні «Алма-Ата» (кейін «А-студио») тобының 1988 жылғы шығармашылық сапары кезінде Орал педагогикалық институтының (қазіргі М. Өтемісов атындағы БҚМУ) сахнасында алғаш шырқалған болатын. «Джулия» мүсіні ашылғаннан кейін мұнда кезінде  Батырхан  Шүкенов  шырқаған  әндер  орындалды.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар