11.09.2017, 21:50
Қараулар: 79
Ауыз су сапалы, құрылыс қарқынды болуы тиіс!

Ауыз су сапалы, құрылыс қарқынды болуы тиіс!


Өткен сенбіде облыс әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен Жаңақала ауданында болды. Бұл сапардың негізгі мақсаты – Құлшық жерасты су қорынан Жаңақала ауданына тартылып жатырған таза ауыз су құрылысының сапалы жүргізілуін қадағалау болды.


Жаңақалалықтардың ауыз суға мұқтаждығы жыл санап артып келеді. Өңір басшысы бұл мәселені Бөкей орда және Жаңақала аудандарының шекарасындағы Құлшық жерасты су қоры арқылы шешуді ұсынған болатын. Осыған орай 2016 жылы Құлшықтан таза ауыз су құбырын тарту үшін жалпы сметалық құны 2 522,339 млн. теңгені құрайтын құрылыс жобасы жасақталды. Аудан тұрғындарының қуанышына орай аталмыш жоба Үкіметтен қолдау тауып, керекті қаржы республикалық бюджеттен бөлінетін болды. Қазіргі таңда соның 400,0 млн. теңгесі бөлініп, мердігер «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС құрылыс жұмыстарын бастап кетті. 2018 жылы аяқталуы тиіс құрылыс жұмыстары ойдағыдай бітсе, аудан тұрғындарының 70 пайызы (16 814 адам) таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Нақтырақ айтсақ, ауданымыздың оңтүстік бөлігінде орналасқан Жаңажол, Жаңақазан, Сарыкөл, Жанақала, Көпжасар, Мәстексай, Мұқыр және Жуалыой ауылдары толықтай ауыз су мәселесінен құтылмақ. Сондай-ақ, таза су биыл «Ақ бұлақ» бағдарламасы арқылы Пятимар, Бірлік, алдағы жылдың көктеміне дейін Мәстексай ауылдық округіне де жетпекші.

Аудан тарихындағы ең үлкен құрылыстардың бірі саналатын құрылысқа аяқтай келген Алтай Сейдірұлы алдымен құрылысшылармен кездесіп, жұмыс барысымен танысты. Кездесу барысында «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС-ның директоры Валерий Крылов, германиялық сорғылар орнатылатындықтан ауыз су сапасы жоғары болатындығын айта келе, табиғат кедергі келтірмеген жағдайда құрылыс жұмыстары да уақтылы аяқталатындығын тілге тиек етті. Ал облыс әкімі жаңақалалықтардың бұл суды ұзақ жылдар күткенін ескерте отырып, судың сапалы, құрылыстың қарқынды болуын мердігерлерге міндеттеді. Өңір басшысымен кездесу үшін құрылыс басына арнайы келген ауыл ақсақалдары өз алғыстарын айтып, өңірімізді дамытудағы еңбегіне табыс тіледі.

Одан әрі облыс әкімі атбасын жөндеуден өтіп жатқан ауылішілік жолдардың құрылысына тіреді. Бұл жерде де құрылысшылармен кездесіп, құрылысты сапалы, әрі өз мерзімінде бітіруді тапсырды.

Кездесу соңында Алтай Сейдірұлының тілшілерге берген сұхбатында:

– Былтыр Құлшықтан су құбырын тарту жобасын жасаған едік, сол жерден 146 шақырым құбыр тартатын боламыз. Бүгінгі таңда сол жоба іске аса бастады. Жұмыс қарқынды басталды, енді әрмен қарай сапасын және уақытын қадағалайтын боламыз.

Бұл ауқымды жоба тұрғындардың сұранысы болатын, сол бойынша біз Үкіметтен қаражат алып отырмыз. Елбасының қолдауымен көптеген елді мекендерге таза ауыз су келіп жатыр. Солардың бірі – Жаңақала ауданы. Егер бәрі ойдағыдай іске асса ауданның 8 елді мекен таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Соның ішінде аудан орталығы – Жаңақала ауылы.

Сондай-ақ, төрт ауылға газ тартылып жатыр. Бұған дейін ауданды газбен қамту 86 пайыз болса, осы төрт ауылды газдандыру жұмысы аяқталғаннан кейін, газбен қамту 97 пайызға жетеді.

Сонымен қатар ауылішілік 7 көшеге жөндеу жұмыстары жүруде. Осы жерде айта кету керек, бізде облыс орталығынан шалғай жатқан аудандарға көбі бара бермейді. Мысалы, біз Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына жол жөндеуге бюджеттен қаржы бөлгенімізбен, әзірге бұған ешкім құлшыныс таныта қойған жоқ. Сондықтан, жол құрылысы кәсіпорындары үшін мемлекеттік сатып алу байқауларының кейбір талаптарын өзгерту керек шығар. Себебі қала мен алыс елді мекендегі жағдайдың екі түрлі екендігі белгілі. Қалай болғанда да, аталған аудандарда жол жөнделетін болады, – деді облыс әкімі.

Нұрғали ҒАББАСОВ,

Жаңақала ауылы