Денсаулық фестивалі

Күні , 20 рет оқылды


Сенбі  күні  Орал  қаласында «Біздің  денсаулығымыз  өз  қолымызда» ұранымен  денсаулық  фестивалі  өтті.  Кең ауқымды шара «Жүру зиян емес, жүрмеу зиян»  атты  жаяу марафонмен басталды. Медицина  қызметкерлері,  мұғалімдер, студенттер мен  оқушылар,  спорт  мектептерінің  тәрбиеленушілері, БҚО Қазақстан  халқы  ассамблеясының  өкілдері, байкерлер,  бас-аяғы  екі  мыңнан астам  адам  қалалық  көпбейінді  ауруханадан  Қадыр  Мырза Әли атындағы  мәдениет  және  өнер  орталығының  алаңына  дейін  жүріп  өтті.


Бұдан соң «Денсаулық фестивалі» амфитеатрда қалалық өнер ұжымдары ұсынған концерттік бағдарламамен жалғасты. Фестивальға қатысушыларды облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Гүлнар Абдрахманова, спорт ардагері, мәнерлеп сырғанаудан облыстың аға жаттықтырушысы Александр Солодовщиков құттықтап, осындай шаралардың салауатты өмір салты мен бұқаралық спортты насихаттаудағы, өскелең ұрпақты спортқа баулудағы маңызы туралы айтты.

Акция аясында қазақша күрес, қол күресі, дойбы, тоғызқұмалақ, шахмат, гір тасын көтеру сияқты спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, «Менің денім сау болса, елім сау!» ұранымен флешмоб өтті.

Қалалық емханалар мен облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігерлері денсаулық бұрышында тұрғындарды қабылдады. Кеңестер беріп, сауалнамалар жүргізді, ақпараттық жадынамаларды таратты.

БҚО СӨСҚО-ның ұйымдастыру-әдістемелік орталығының меңгерушісі Альфия Нұрланбаеваның мәлімдеуінше, «Денсаулық фестивалі» шеңберіндегі спорттық шаралар Орал қаласы мен барлық аудандарда бір мезетте өткізіліп, 80 мыңға жуық адам қамтылған.

Айта кету керек, тарихы 1999 жылдан бастау алатын аталмыш фестиваль өңірімізде жыл сайын қыркүйек айында үзбей ұйымдастырылып келеді.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика