11.09.2017, 21:16
Қараулар: 119
Қала күнінің салтанаты

Қала күнінің салтанаты


Өткен  сенбі  мен  жексенбіде  Қала  күніне  орай  Абай  алаңында мерекелік  шаралар  өтті. Атап  айтсақ,  сенбіде  «Сағыныш  жастық»  ретро  кеші, жексенбіде  «Туған  жер»  өнер  фестивалінің  гала-концерті  өтті.


«Құрметті жолаушылар, 7090 нөмірлі  ұшақ әуеге ұшуға дайын.

Біз сіздерді көргенімізге қуаныштымыз. Ұшақтағы көңіл күй романтикалық,  өте көңілді  болатынына сенімдіміз» деп басталған мерекелік шара әуекомпаниясының  жолаушыларға ұсынған ретросаяхаты  іспетті болды.

Мәдени кешке шаһар басшысы Мұрат Мұқаев,  «Қазақстан» ұлттық арнасының тележүргізушісі Мейіржан Әлібекұлы арнайы қатысты. Кештің шымылдығы О. Яриков жетекшілік ететін қалалық үрмелі аспаптар оркестрінің «Мелодия души»  әуендер желісімен ашылды.

– Құрметті, Ақ Жайықтың жайсаңдары мен қала қонақтары, сіздерді Қала күнімен құттықтаймын! Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай шаһарда игі бастамалар жүзеге асуда. Мереке қарсаңында Жайық қалашығының келешектегі кескіні жұртшылыққа таныстырылды. Шаһар тарихы бастау алатын жер болашақта аспан асты мұражайына айналмақ. Қала  мерекесіне арналған шаралар «Жайық сазы» фестивалінен басталды. Ақ Жайық аспанын күй күмбірі кернеп, дәстүрлі әншілер шырқаған әсем әндер тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Сонымен қатар қоныстойын тойлаған тұрғындар саны да  артты. Биыл қала тұрғындарына 1600-ден астам пәтер берілген болса, жол жөндеу жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Әлеуметтік нысандар, сәулеті келісті ғимараттар, мәдениет ошақтары, спорт кешендері бой көтеруде. Аулаларымыз абаттандырылды. Қала экономикасы жылдан-жылға дами түсіп, халықтың әл-ауқаты артып,  тұрмыс жағдайлары жақсаруда. Осы қол жеткен табыстарымызға сіздердің қосқан үлестеріңіз зор. Сондықтан баршаларыңның дендеріңе саулық, отбасыларыңа амандық тілеймін! — деді қала әкімі Мұрат Мұқаев.

Кеште облысқа танымал өнерпаздар ән шырқап, мың бұрала билеп жиылған қауымға тамаша көңіл күй сыйлады. «Гүлдер» би ансамблінің флешмобы мен қазақ әндерінен попурри көрермендердің зор ықыласына ие болды.

Кеште 70-90 жылдардағы әндер айтылып, жиналғандардың ашық алаңдағы биімен жалғасты.

Жексенбі күні ауданаралық «Туған жер» өнер фестивалінің гала-концерті мәресіне жеткен болатын. Концерт шымылдығын «Оралым – асыл қалам!» әнімен ҚР мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Еркін Нұрымбетов ашты. Содан соң республикалық байқаулардың лауреаттары Армат Исләмғалиев, Бейбіт Қажығалиев, Әмина Ғайнединова  терме орындады.  Кейін  ауданаралық «Туған жер» өнер фестивалінде  топ жарған өнер иелері шаһар тұрғындары мен қонақтарына сазды сәлемін жолдады.  Гала-концерт тәмамдала келе, өнер әлеміндегі жарасымды жұп белгілі әншілер Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина сахна төріне көтеріліп, тыңдармандардың құлақ құрышын қандыра ән салды. Бақытты жұптың әндеріне құмар көрермендер олардың  әнін де тыңдап, суретке де  түсіп  үлгерді.

Тарихы сонау Алтын орда кезеңінен бастау алып бүгінде 300 мыңдай тұрғынның құтты қонысына айналған Орал қаласының сән салтанаты отшашумен жалғасты.

Гүлсезім  БИЯШЕВА

Суреттерді  түсірген  Айбатыр  НҰРАШ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар