11.09.2017, 21:12
Қараулар: 80
Адина – Орал аруы

Адина – Орал аруы


Қала  күні  мерекесінің  аясында  облыстық  қазақ  драма  театрында «Орал аруы – 2017» сұлулық байқауы  өтті. Дәстүрлі  шараны қала  әкімдігінің және  облыстық  іскер  әйелдер кеңесінің  қолдауымен «Zhuldyz Pro»  модельдік  агенттігі ұйымдастырды.  Салтанатты шараға  қала  әкімінің  орынбасары  Мирболат  Нұржанов  қатысты.


Аталған агенттіктің және «Мария-xаным» сән үйінің директоры, сондай-ақ қазылар алқасының төрайымы Жұлдыз Құспанова салтанатты шараның ашылуында сөз алып, сұлуларға сәттілік тіледі.

Сайыста 14 ару бақ сынады. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, байқауға іріктелген жиырмаға жуық арудың кейбіреуі екі ай дайындық барысындағы қатаң тәртіпке шыдамай, қатысудан бас тартса керек.

Бес кезеңнен құралған байқауда сұлулар алдымен шағын бейнебаян арқылы өздерін көрерменге таныстырды. Кейін олардың хореографиялық мүмкіншіліктеріне баға берілді. Ал үшінші кезеңде білім деңгейлері сыналған сұлулар «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі және сән әлемі жайында түрлі сауалдарға жауап берді. Төртінші кезең сән шоуына ұласты. Соңғы бөлімде қатысушылар өз өнерлерін паш етті. Олардың бір бөлігі танымал шығармалардан монолог оқыса, енді біреуі түрлі ұлттардың биін биледі, қалғаны әншілік қырынан байқалды. Сұлуларға баға берген қазылар алқасының құрамында облыстық қазақ драма театрының директоры Қуаныш Амандықов, «Адмирал Нельсон» ЖШС менеджері Эльмира Айтмұxамбетова, балетмейстер Қарлығаш Қадырбекова және өзге де өңірге танымал шығармашылық мамандары болды. Байқауға түскен арулардың сапынан мектеп қабырғасында білім алып жүрген оқушы да, студент те, мамандық  иелері  де  табылды.

– Өткен жылы дәл осы байқауда бақ сынаған едім. Сондықтан арулардың қобалжуын түсінемін. Алайда уайымдайтын еш себеп жоқ, өйткені барлығы әділ өтеді. Тек өздерін жақсы жағынан көрсете білсе болғаны, – дейді «Орал аруы – 2016» байқауының жеңімпазы  Айнұр  Шаймарданова.

Сонымен «Орал аруы – 2017» атағын Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Адина Базарбаева иеленді. «Бірінші вице-мисс – 2017» атауын Лиана Руденко ұтып алса, «Екінші вице-мисс – 2017» аталымы Ақбөбек Қайыржановаға бұйырды, ал Азиза Сағынаева «Үшінші вице-миис – 2017» атанды. Осылайша үстіміздегі жылдың күз мезгілінде өтетін «Мисс Қазақстан – 2017» байқауында Адина мен Лиананың өңіріміздің намысын қорғайтыны  белгілі  болады.

– Адинаның жеңуінде ешкімнің таласы жоқ деп есептейміз. Себебі ол – өте дарынды қыз. Үш тілде емін-еркін сөйлей алады. Сонымен қатар дайындық барысында оның мінезінің де көркемдігін байқағанбыз, – дейді Жұлдыз Қазиқызы.

Барлық қатысушылар «Нәзік ару», «Талантты сұлу», «Интернет ханшайымы» секілді аталымдар бойынша марапатталды. Ал демеушілік еткен «City center» ойын-сауда орталығы, «Мама Миа» мейрамханасы, «Фреш» сән журналы, «Ванила» сұлулық салоны және өзге де ұйымдар аруларға бағалы  сыйлықтар  табыстады.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар