6.09.2017, 21:31
Қараулар: 98
Бөкейліктердің 62,4 пайызы ауыз сумен қамтылған

Бөкейліктердің 62,4 пайызы ауыз сумен қамтылған


Өңірлік  коммуникациялар  қызметінің  баспасөз  алаңында Бөкей  ордасы  ауданының  әкімі  Нұрлан  Рахымжанов  журналистермен кездесті.  Брифингте  Нұрлан  Сағынтайұлы  ауданның биылғы  әлеуметтік-экономикалық  дамуы  туралы  есеп  берді.


Аталмыш ауданның экономикасының негізін мал шаруашылығы құрайды. Ауданда бұл саланың дамуына  қажетті алғышарттар бар. Өйткені жер көлемі 1 921 445 гектарды құрайтын Бөкей ордасында жайылым 1 376 444 гектарға жетіп жығылады. Шабындық  та ауқымды. Осы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша  Орда өңірінде 1 176 түйе, 21 389 жылқы, 126 979 қой-ешкі және 67 228 бас ірі қара шоғырланған. Биыл малдың өз төлі есебінен өсуі ойдағыдай. Тек түйе түлігінде ғана өсім байқалған жоқ. Оның өзіндік себептері бар. Жалпы, аудан бойынша  әр тұрғынға шаққанда, бес шартты мал есебінен келіп тұр. Бұл  облыстағы ең жоғары көрсеткіштің бірінен саналады. Бұдан басқа  биыл өндірілген өнімнің жалпы көлемі 2 млрд. 468 миллион теңгеге жетті.  Ауданда  495 шаруа қожалығы тіркелген. Олардың  саны  жылдан-жылға өсіп, төрт түлік басын көбейтуде. Биылғы  жеті айда 17 шаруа қожалығы ашылып, оларға 21 900 гектар жер телімі пайдалануға берілді. Керісінше, жерді тиімді пайдаланбаған екі шаруа қожалығы жабылып, олардың 850 гектар жері мемлекетке қайтарылған. Сондай-ақ мал шаруашылығына қатысты құрылған сегіз өндірістік кооператив те аяғынан тік тұрып кетті.

Соңғы жылдары малды өсіріп қана қоймай, оның тұқымын асылдандыруға мемлекет ерекше мән беріп отыр. Нәтижесінде аудандағы «Хан ордасы» ЖШС қазақтың қос өркешті түйесін өсірсе, екі шаруа қожалығы көшім және жабы тұқымды жылқы бағумен айналысуда. Қазақтың ақ бас сиырын өсіру 16 шаруа қожалығының еншісіне тиіпті. Оларға мемлекет тарапынан қолдау мен көмек жоғары деңгейде. Тілге тиек етсек, өткен жылы ордалықтар 487 млн. 403 мың теңге демеуқаржы алса, ағымдағы жылдың жеті айында оларға төленген демеуқаржы 314 млн. 514 мың теңгені құрап отыр. 15 шаруа қожалығына кеткен шығынның бір бөлігін өтеу үшін инвестициялық  демеуқаржы да төленген екен. Бұл да әр шаруаға  айтарлықтай  қолдау.

Биыл Орда өңірінде шөп шүйгін шықты. Табиғаттың берген мүмкіндігін жіті пайдаланған олар осы жылға 140 мың тонна мал азығын дайындауды жоспарлаған еді. Шабындықтың әр гектарынан 4,5 центнер өнім алған ауыл еңбеккерлері  жылдық жоспарын орындап шықты. Мұның сыртында былтырдан қалған 20,5 мың тонна пішен тағы бар. Демек, қысқа қамданыс қалыпты. Шаруашылықтардың материалдық-техникалық негізі нығайтылуда. Мәселен, былтыр лизингке 12 шөп шабу агрегаты, 13 трактор алынса, биыл агрегат саны отызға, трактор саны 24-ке жетті.

Биыл 1 тамыздағы мәлімет бойынша ауданда  955 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 40-ы заңды және  915-і – жеке тұлғалар.  Кәсіпкерлік саласында 1912 адам нәпақасын табуда. Есепті мерзімде Орда аймағында төрт  азық-түлік, бір шаруашылық тауарлары дүкені, бір наубайхана, және басқа нысандар ашылған. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлер А. Нұрланова және Ж. Садарова  мемлекеттік гранттарға ие болды.

Содан соң  аудан басшысы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларындағы көрсеткіштерге кеңінен тоқталып, толағай табыстар мен алдағы міндеттер жайында баяндады. Нұрлан Сағынтайұлы аудандағы қоғамдық тәртіп ахуалына тоқталып, әлі де ауыр қылмыстың азаймай отырғандығына қынжылыс білдірді. Құрылыс саласында  халықты ауыз су және табиғи газбен қамтуда ілкімді істер мол. Мысалы, ауыз сумен қамтылуы қазір аудан бойынша 62,4 пайызды құрап отыр. 22 елді мекеннің тек 10-ы құдықты пайдаланса, екі елді мекенге су тасымалы бар. Келешекте бұл мәселені толық шешіп, халықтың өмір нәрімен қамтылуын 96,5 пайызға жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ  22 елді мекеннің тоғызында газ құбыры жұмыс істейді. Қалғандарын газбен қамту алдағы жылдардың еншісінде. Қазір олардың жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.

Ордалықтар барды місе тұтпай, келешекте де талай толымды істерді ұйымшылдықпен атқара бермек.

Баспасөз мәслихаты соңында аудан әкімі Н. Рахымжанов БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап  берді.

Серік   ИХСАНҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

 

Самат  ОРЫНӘЛИЕВ,

«Азаттық»  радиосының   меншікті  тілшісі:

– Сіздің аудан көршілес Ресейдің Капустин Яр әскери сынақ полигоны іргесінде орналасқан. Көршілердің оның белгілі бір бөлігін кері  қайтарғанын  да  білеміз. Әскерилермен  қарым-қатынасыңыз  қандай?

 

Н. РАХЫМЖАНОВ:

– Қарым-қатынасымыз қалыпты. Біздегі сынақ аумағы 945 гектарды алып жатыр. Оның өзі үш санатқа бөлінген. Біз үшінші санаттағы 270 гектар аймақты тұрақты пайдаланамыз. Алдыңғы екі санатты пайдалануға жағдай жоқ. Өйткені онда мал ұстауға, қора салуға рұқсат етілмейді. Ал бізге қайтарылған 1460 гектар аумақта қиыршық тас өндіруге мүмкіндік беретін кен көзі бар. Келешекте соны игермекпіз.

 

Роман   КОПНЯЕВ,

«ТДК-42»  телеарнасының  тілшісі:

– Сіздегі  Хан ордасының туристік әлеуеті мол. Соны ұқсату  жәйі  қалай?

 

Н. РАХЫМЖАНОВ:

– Өте орынды сұрақ. Орда тарихи-мұражай кешеніне жылма-жыл орта есеппен алғанда 2,5-3 мың саяхатшы келеді. Басым көпшілігі – өңір тұрғындары мен көршілес Ресей облыстарынан ат басын бұрғандар. Қазір кешенде барлық жағдай жасалған. Бізді қинап отырғаны – оған барар асфальт жолдың болмауы. Сондықтан шағын ұшақтарды пайдаланбақ ойымыз бар. Әрі сол кешенде  киіз үйлер тігіп, қонақтың көңіл күйін көтеру үшін ат және түйе серуенін ұйымдастырып, велотректі  қолданғымыз  келеді.

 

Юлия  МУТЫЛОВА,

«Мой город» газетінің тілшісі:

– Кеңес  Одағының  Батыры  Мәншүк  Мәметованың  дайын  ескерткіші  қашан  орнатылады?

 

Н. РАХЫМЖАНОВ:

– Алдағы екінші қазан күні ауданда батыр қыздың туылғанына 95 жыл толуы атап өтіледі. Соған орай аудан орталығы – Сайқында оның ескерткіші  бой  көтеретін  болады.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар