Көненің көзі – тарихтың өзі немесе Епифановтар туралы бір үзік сыр

Күні , 146 рет оқылды


Хан ордасы ауылынан шыға бере «Бабай бағына» барар ескі жол бойынан шамамен 150-200 метрдей қашықтықта, басына темір крест орнатқан зират көзге шалынады. Ол Орда ауылынан көп қашық та емес, әрі кеткенде екі шақырымға жетер-жетпес жерде. «Апырай, қызыл құмның ішінде жападан жалғыз бірбүйір тұрған бұл зираттың иесі кім екен?» деген сауал жол үстіндегі жолаушының ғана емес, ол жәйдан әлі күнге бейхабар ордалықтардың өздерінің де көкейінде тұруы әбден мүмкін.


Ал өзім Орда мұражайында жұмыс істеген кезден оның аз-мұз тарихын білетінмін. Тек осы кезге дейін соның жәй-жапсарын терең анықтауға сәті түспей-ақ қойғаны. Әу баста ол туралы Орданың тірі тарихы, ондағы мұражайдың негізін қалаған марқұм Ахметфаиз Тажетдиновтен естісем, кейін ол туралы және ұрпақтары жайлы дереккөз басқа кісілерден де естіген, білген, көрген мәліметтермен толыға түсті. Сонымен, қызыл құмның ішінде, айдалада тұрған бұл зираттың иесі Епифанов Павел деген кісі көрінеді. Әрі ол қатардағы қарапайым кісі емес, саудамен айналысып, байыған гильдия дәрежесі бар (гильдия дәрежесі көпеске капиталының мөлшеріне қарай берілетін атақ) көпестің бірі болған. Мұражай қорындағы архивтік деректерге сүйенсек, тек Орданың өзінде 136 сауда нүктесі болған. Соның қаншасы Епифановтікі, ол жағы біз үшін беймәлім, әйтеуір, аз болмаса керек. П. Епифановтың ларектарынан тұз, керосин, сіріңке сияқты басқа да күнделікті халық тұтынатын тауарлар сатылғаны туралы деректер кездеседі. Өзінің жеке наубайханасы да болыпты. «Оның иісі мұрынды жаратын тәтті тоқаштары Хан қаласы тұрғындарының дастарқанында әманда болатын», — деп еске алушы еді марқұм Ахметфаиз ата. Сол Фаиз атаның айтуынша, Хан ордасының қазақтары оны (П. Епифановты) өз есімімен атамай, банкіге еш қатысы болмаса да, «банкі бала» атап кетіпті. Олай деуге оның қолының ашықтығы себеп болса керек. Қазақтар қарызға ақша сұраса, меселін қайтармай береді екен. Сол мезетте төлеп алатын ақшасы жоқтарға тауарын кейінге қаратып, жазып та беретін болған. Соған қарағанда, оның обал-сауабы мол, көкірегіне құдайы қонған кісі болған ба деп қаласың.

Қазіргі күні Ордада хан заманынан бері сақталған 40-50 шақты ағаш үй бар. Соның бірі осы Павел Епифановтың үйі. Бірнеше бөлмесі бар биікке салынған бұл үйде ұзақ жыл «Орда» кеңшарының партком хатшысы болған марқұм Жәрдемғали Әжіғалиев тұрған-ды (қазір қыз-күйеуі тұрып жатыр). Павел Епифанов көп ағайынды екен. Өзінің де бала-шағасы көп болған көрінеді. Келтірілген деректердің бәрі Фаиз атаның аузынан алынғандығын қайталап айтудың артықтығы болмас.

«Павел Епифанов ежелгі ордалықтардың есінде қолы ашық, жүрегі жұмсақ, жаны ізгі адам ретінде қалды» — дейтін әр кез марқұм Фаиз ата. Сөйте тұра, сыңсыған қалың елдің қақ ортасында бай да бақуатты өмір кешіп келіп, ақыр аяғында оның айдалада жалғыз қалуы тіптен де ақылға сыймайды. Орыстар Ордада Жәңгір ханның кезінен бері тұрып келгені белгілі (қазіргі күні Ордадан бұл ұлттың бірде-бір өкілін таба алмайсыз). Содан бері П. Епифановқа дейін қайтыс болған орыстардың саны бір Құдайдың өзіне ғана аян. Орыс қорымы Ордадан 4-5 шақырымдай жердегі «Бабай бағы» маңында. Оны неге сонда апарып қоймағанын. Иә, неге? Неге?.. Сұрақ көп, жауап жоқ. Құпия. Епифановтардан қалған қандай да болсын бір белгі болса, ол сол жапанда қалып, жабырқап тұрған жалғыз зират. «Бұл әулеттің ұрпақтары тамыр жайып, кіндік қаны тамған жерден қашан, қайда, қалай, не себепті кетті екен?» деген сұрақ та еріксіз мазалайды. Біз олардың Ордадан кетуі жиырмасыншы жылдардың аяқ кезі болуы мүмкін деп топшылаймыз. Олай дейтініміз, 1928 жылы байлардың мал-мүлкін тәркілеп, өздерін жер аударғаны тарихтан белгілі. Тажетдиновтың айтуынша, Хан қаласының (Орданың) Сайқынға шығар бетінде шамамен қазіргі Жәңгір хан атындағы орта мектеп, мәдениет үйі, «Ақбота» балабақшасы орналасқан жерде ірі орыс көпестерінің қызыл кірпіштен салынған екі қабатты үйлері болыпты. Олар кәмпескенің дүмпуін естісімен үйлерін бұзып, Капустин Яр, Тұзқалаға (Владимиров-ка қаласы) көшіріп алып кеткен. Үкіметтің құрығы қай жерге де жетеді ғой. Десек те, біреулер шекара асып құтылса, біреулер іште жүріп те ізін жасырып, құтылған. Епифановтар әулеті хақында ізденіс ізінде жүріп, тағы бір дереккөзге кезіктік. Ол Бөкей ордасы тарихи мұражай кешені қорында сақтаулы Павелдің баласы Василийдің 1923 жылы комсомол қатарына өтердегі №344 мүшелік билеті. Ондағы жазбаларда Василийдің 1905 жылы туғаны көрсетілген, яғни ол комсомол қатарына 18 жасында өткен. Ал мүшелікке қай жерден, қай ұйымнан өтті, ол жағы көрсетілмеген. Мұражай қызметкерлерінен: «Бұл құжат мұнда қашан, қалай, қандай жолмен келді?» деп сұрағанымызда, «Ағай, ұмытыпсыз ғой. Сіз оны Москва қаласының тұрғыны А. Епифанова-Дунаева деген кісіден алып, 1981 жылдың сәуірінде мұражайға өз қолыңызбен тапсырдыңыз ғой» дегенде, шыны керек, не дерімді білмей, аңырып тұрып қалдым.

Содан бұл құжаттың мұражайға келу тарихы еміс-еміс есіме түсті. А. Епифанова-Дунаеваның Москвадағы мекенжайын мен марқұм Көбейсінов Құспаннан (ол кезде «Орда» ветучаскесінің меңгерушісі болатын) алған едім. Құсақаң ол кісіге қалай кезіккені жөнінде былайша майын тамыза әңгімелейтін:

— 70-ші жылдардың іші. «Орда» совхозы №3 ферманың зоотехнигі Орынғали Құсайынов, №4 ферманың зоотехнигі Есмұқан Жабасов (екеуі де марқұм болған) үшеуміз еңбек демалысымызды алып, кәсіподақтың тегін жолдамасымен Мәскеуге таяу Подольскідегі шипажайда демалыста жүргенбіз. Үшеуміз күндегі әдетімізше, сырттағы орындыққа жайғасып, шаруа, ауыл жайын әңгімелесіп отырғанбыз. Анадай жердегі орындықта бір орыс кемпірі отырған. Бір уақытта ол орнынан тұрып, бізге келіп амандасып:

— Кешіріңіздер. Қазақ екендеріңізді біліп отырмын. Қазақстанның қай жеріненсіңдер? «Орда» деген сөзді естіп қалдым, Орда селосынан емессіңдер ме? — дегені. Біз де:

— Иә, Қазақстанда Совет өкіметінің туы бірінші тігілген жер – сол Орда селосынанбыз, – дедік ағымыздан жарылып. Сол-сол-ақ екен, кемпірдің бізге жабыса кеткені. «Бәсе, өзім де солай деп ойлап едім. Жерлестерім болдыңдар ғой. Өте қуаныштымын деп өзін таныстырды. Менің де туып-өскен жерім – Орда. Сонда үйіміз болған-ды, әлі бар ма екен? Кәмпескенің кезінде көшіп кеткенбіз. Содан бері Мәскеуде тұ-рамыз. Мұнда Епифановтар әулетінен баршылықпыз, — деп сайрай жөнелді де, — былай болсын, — деді әңгімесін жалғап. — Менің демалысым біте келді, бүгін-ертең шыққалы тұрмын. Сендерді қонақ жасамай жібермеймін. Қашан шықсаңдар да, үйіме келмей кетпеңдер. Келмесеңдер, әйтеуір, ренжимін. Қорықпаңдар, пойызға билетті өзім алып беремін. Мынау менің адресім» — деп, мекенжайы көрсетілген қағазды ұстатты.

Жылы қоштасып, біз кейінде қала бардық. Мықтап тұрып шегелеп кеткесін, бармасқа тағы амал жоқ. Демалыс уақыты таялып, үшеуміз әлгіндегі мекенжайды іздеуге шықтық. Сөйтіп, іздеген үйімізді де таптық. Бір бөлмелі үйде жалғыз тұрады екен. Жақсылап қонақ етті, пойызға отырғызып, шығарып салды. Қоштасарда рақметімізді айтып, туған жеріңізге келіп, аунап-қунап, қыдырыстап кетіңіз деп, біз де оны Ордаға шақырдық, — деп марқұм Құсақаң Епифановтарды сағынышпен есіне алып отырушы еді.

Содан кейін апалы-сіңлілі Епифановалар Ордаға бір емес, бірнеше рет келді. Құсақаңның, Есақаңның (Жабасов Есмұқанның) үйлерінде болды, өз үйі мен мұражайды көрді, орманды аралады, әкесінің басына барып, зиярат етті. Әйтеуір, Орданы армансыз шарлап, сағыныштарын басты.

1981 жыл. Наурыз айының іші. Барлық одақтық республикалардан тарихи-революциялық бағыттағы мұражайлардың аға ғылыми қызметкерлері КСРО-ның Революциялық Орталық музейінде өтетін онкүндік семинарға шақырылдық. Теория-талмуд. Әрі-бері тыңдағаннан кейін жалығып кетесің. Бізді оқудың практикалық жағы көбірек қызықтыратын. Мәскеуде қанша мұражай бар (олардың саны екі қолдың саусағынан да асып кететін-ді). Солардың бәріне жуық экскурсия жасап, экспозициясымен танысу оқу кестесіне кіретін-ді. Соның арқасында Мәскеу музейлерінің бәрін болмағанымен, көбін көрдік. КСРО Қарулы күштері мұражайының экспозициясымен танысқанымызда он бір мыңнан астам Кеңес Одағы Батырының есімдері мұражай қабырғасына қашап жазылғанын көріп, қасымда тұрған Армениядан келген әріптеске: «Осы он бір мың батырдың үшеуі менің жерлестерім» — деп, мақтанғанымды несіне жасырайын. Оқу аяқталарға таман курс басшылары:

— Ақыры келдіңдер ғой, осында тұратын, өлкеңізде Совет өкіметін орнатуға атсалысқан, Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлік көрсеткен ардагерлеріңіз болса, соларға жолығып, қолдарындағы материалын ала кетіңдер, – деп кеңес бермесі бар ма. Сонда барып А. Епифанова-Дунаеваның Құсақаң берген адресі есіме сап ете түсті. Мекенжайын әуелі метромен, одан жаяу жүріп, таптым-ау, әйтеуір. Міне, Василий Павлович Епифановтың комсомол билетінің Орда мұражайына келу тарихы қысқаша осылай болып еді.

А. Епифановамен (өкінішке қарай, оның өз есімі мен әкесінің есімін толық көрсетуді ескермеппіз) әңгіме барысында оның жоғары білімді дәрігер екенін, Ұлы Отан соғысы жылдарында далалық госпитальда талай жаралы жауынгерлерді өлім аузынан аман алып қалғанын білдік. Сондай-ақ оның сөзінен Москвада өзінен басқа сіңлісі және екі ағасы тұратынын да естідік. Ол ағаларының бірі одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер, 1-топтағы мүгедек екенін, екіншісі, тарих ғылымдарының докторы, МГУ-дың профессоры Петр Павлович Епифанов екенін айтты. «Барып сөйлескіңіз келсе, жолықтырайын» — деді ол. Өкінішке қарай, уақыт тапшылығы жолығуға мүмкіндік бермеді.

1980 жылы тамыз айының екісі күні көршілес Палласовка ауданының туберкулез ауруына қарсы ем-шара жасайтын «Кумыска» шипажайынан бір автобус толы (17 кісі) дәрігер сау ете түсті. Олар мұражайда өлке тарихымен танысып, Орданың тарихи орындары мен ескерткіштерін тамашалады, жасыл орманның жұпар иісін жұтып демалды. Бақсақ, ақ халаттыларды тарихи мекенге саяхат жасауға ұйымдастырып алып келген Ресей еліне еңбегі сіңген дәрігер, шипажайдың бас дәрігері, тегі ордалық А. Епифанов екен.

«Қайда жүрсең атамекен, көкейіңде жатады екен…» деп Қадыр Мырза Әли жырға қосқандай, бұдан біз ордалықтардың қайда жүрсе де, туған тарихи мекенін ұмытпай, патриоттық сезімдерін паш етіп жүретінін аңғардық.

Айта кетелік, енді есімі жоғарыда аталған тарих ғылымдарының докторы, МГУ-дың профессоры, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Петр Павлович Епифановтың 1983 жылы Москваның «Ағарту» баспасынан шыққан «Өте ерте кезеңнен 1861 жылға дейінгі СССР тарихы» (мұғалімдерге арналған оқу құрал. Хрестоматия) атты кітабы мұражайдың құнды бір экспонаты болып есептеледі. Аталмыш оқу құралы Петр Павлович Епифанов және қызы Ольга Петровна Епи-фанованың құрастыруымен 1989 жылы толықтырылған күйде сол «Ағарту» баспасынан екінші рет басылып шығады. Кітапты мұражайға қолтаңба жазып тапсырған Ольга Петровна Епифанова. Онда былай деп жазылған:

«Глубокоуважаемым землякам и сотрудникам Урдинского музея С добрыми пожеланиями О. П. Епифанова Июнь 1990 г. Москва».

Ольга Петровна кітаптың ішіне әкесі Петр Павловичтің фотосуретін қоса салыпты.

Енді әңгімеміздің бастауы болған крест мола тарихына қайта айналып соқсақ. Бұрын мал сүйкеніп, бір жағына жамбастап жатқан темір кресті 80-ші жылдары Орда аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған Мәлік Көбейсінов әкесі Құспанның айтуымен (Құспанның үйіне келіп жүретін апалы-сіңлі Епифановалардың өтініші бойынша) қайта тіктеп тұрғызған-ды.

Сосын жоғарыда айтқан деректерімізде көрсетілген крест моланың иесі Павел емес, музей қызметкерлерінің анықтауынша, Степан Григорьевич Епифанов болып шықты. Неге екені белгісіз, қабір басындағы белгіде ақиреттік жылы көрсетілмей, тек туған жылы (1849) ғана көрсетіліпті. Қасына 1907-1984 жылдары өмір сүрген Дунаева (қыздай фамилиясы Епифанова) Александра Павловна қойылған. Екеуінің жас ерекшелігі тым алшақ (58 жыл) болғандықтан, оларды не қызы, не күйеуі деуге келмейді. Дұрысы ағайынды, яғни аталас болар деп болжаймыз. Ал біз айтқан Павел Епифанов қызыл коммунизм тұсында қайтыс болған болса, басына белгі қойылмауы да ғажап емес. Қалай болғанда да, бұл құм ішіндегі кішігірім қауым Епифановтардың отбасылық сағанасы (фамильный склеп) екенінде дау жоқ. Епифановтар әулеті жөніндегі мақаламызда оқиғалары бір-біріне байланысты, бірінен-бірі туындап жататын жеті Епифановтың фами-лиялары келтірілді. Сонымен, бұл әулет туралы көргеніміз, естіп-білгеніміз осы. Біздің дәлел-дәйегімізге қосып-алатын, мақаланы толықтыратын авторлар болса, құба-құп. Сынның да кез келген түрін қабыл аламыз, тек ақиқат аясында болса болғаны.

Амантай ХАМЗИН,

тарихшы, өлкетанушы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Бөкей ордасы ауданы


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика