6.09.2017, 21:08
Қараулар: 87
Балаң жастардың ұлттық рухы маза бермейді

Балаң жастардың ұлттық рухы маза бермейді


Талантты журналист, тележүргізуші Мұнайдар Балмолданың «Он төрт» атты жаңа кітабы жарық көрді. Бүгін «Жайық Пресс» медиахолдингінің мәжіліс залында кітаптың тұсаукесері өтеді.

Таяуда әріптесімізбен кездесіп, толағай туындысы жайындағы ой-пікірімен бөлісуін сұраған едік.


 

– Жаңа шығарманың «Он төрт» аталуы неліктен?

 

– Өйткені шығарма сонау өткен ғасырдың 40-жылдары өңірдің Жалпақтал ауылында белсенді әрекет еткен, кейін аяусыз басып-жанышталған «Қазақ халқын қорғаушылар ұйымы» атты жасырын саяси ұйым туралы ғой. Ұйымның басшысы Ғұбайдолла Әнесовтың көзқарасы 14 жасқа келгенде күрт өзгеріп, ұлттық санаға ауысты. Оған әсер еткен ағасы Сатымовтың рухани болмысы. Таңғаларлығы сол, Сатымовтың есімі еш деректе айтылмаған. Екіншіден, кәнігі суретші ретінде айтарым, айнаны теріс қаратып, жарыққа бағыттаса, 14 санының таңбасы 41 болып көрінеді. 1941 жыл – бұл зұлмат соғыстың басталған әрі жалпақталдық жастардың тұтқындалған жылы.

 

– Осы жалпақталдық жалынды жастар ұйымы туралы сенен бұрын өзіңнің жерлесің, қаламы қарымды журналист, ақын Амангелді Шахинның «Сол бір сүргін» атты туындысы жарық көрді. Соған қарамастан, осы тақырыпқа қалам сілтеуіңе не себеп?

 

– Иә, аталмыш кітапты оқыдым. Алған әсерім де мол. Неге екені белгісіз, жалпақталдық жастардың жанқиярлығы 2003 жылдан бастап мені үнемі мазалап жүрді. Көпке дейін жаза да алмадым. Бірақ сол өшпес ерлікті енді әдеби тұрғыдан және жаңа қырынан көрсетуге бел байладым. Жылдар бойы іздендім, деректер жинап, оны сараптауға кірістім. Соның бәрі биыл ақпан-сәуір айларында қағаз бетіне түсе бастады. Оның үстіне балаң жастардың жалындаған ұлттық рухы да күні-түні маза берген жоқ. Ол аз десеңіз, ата-тегімде де күрескерлер баршылық. Мәселен, 1931 жылы Жаңақала өңірінде Кеңес өкіметіне қарсы күшті көтеріліс болды. Соған атам Әлім Балмолда, оның туған інісі Махмұт та қатысты. Әрине, озбыр да өктем күш бой көтеруді қаталдықпен басып, оған қатысушыларды ерекше өшпенділікпен жазалады. Атам түрмеде отырса, інісі хабар-ошарсыз жоғалып кетті. Кейін атам өзі сұранып, Ұлы Отан соғысына аттанды.

Сірә, ол саяси сенімсіз сарбаз ретінде «Айып батальонының» құрамында қаза тапса керек.

Орал қаласындағы Жеңіс алаңында тасқа қашалып жазылған тізімнің ішінде атам да бар. Мүмкін, солардың да рухы желеп-жебеген шығар…

 

– Әрине, деректі оқиғаны көркем тілмен жазу да оңай емес шығар…

 

– Әлбетте. Мен әдеби тілде, көркем образдар арқылы жастардың қайсарлығы мен төзімділігін, батырлығы мен батылдығын беруге тырыстым. Оның қалай шыққанына тиесілі бағасын оқырман қауым бере жатар. Яғни, қасаң тарихи деректерге жан бітіруге тырыстым. Мәселен, оларды тұтқындап, ат шанамен Орал қаласына дейін қыста 9 күн бойы алып жүріпті. Жастардың жолдағы көрген азабы мен қорлығының өзі бір хикая. Орал түрмесінде де ешкім олардың басынан сипаған емес. Қала берді, НКВД-ның жендеттері де әрі аяр, әрі сауатты болған ғой. Соған қарамастан, талай ит қорлықты бастан кешірген жалпақталдық жанкештілер жұмған аузын ашқан жоқ. Себебі тағылған айыптың басым көпшілігін Ғұбайдолла Әнесов мойнына алған. Нәтижесінде топтың ішінен тек ол ғана өлім жазасына кесіліп, қалғаны талай жыл бойы түрме тозағын бастан кешірді. Тірі қалғандары Сейітқали Бәжекенов, Өтеген Аманов, Сатқали Молдағалиев және басқасы күні кешеге дейін өмір сүрді. Ал соларды ұстап берген сатқын Ғабиден Құлбасов та ұзақ ғұмыр кешті. Атылар алдында: «Қазақ халқы жасасын! Мен халқымның түбінде тәуелсіздік алатынына сенемін!» деп дауыстаған, жастық өмірін ұлы мақсатқа сарп еткен Ғ. Әнесовтың ерлігі ел есінде сақталуы тиіс! Туындымның басты мақсаты да, өзегі де – осында!

 

– Өнерге де әркімнің бір таласы бар. Сенің жекелеген фильмдерге сценарий, әндерге мәтін жазған автор екеніңді білеміз. Сол шығармашылық қырың туралы не айтар едің?

 

– Шығармашылық адам суреткер болуы да керек. Ал суреткер өмірдің шындығына жанынан көркем бояу қосу арқылы, оның нәрін, дәмін келтіреді. Бұл орайда өзім поэзия және прозамен шектеліп қалғаным жоқ. Содан әнге мәтін, бейнебаян, деректі және көркем фильм түсіруге ынтам, ықыласым ауды. Оны 2008 жылы «Қағаз ұшақ» атты толық метражды көркем фильм түсіруден бастадым. Кино әлемі – күрделі. Бірақ менде жүрексінуден гөрі жұмбақ ғаламға қызығушылық, іңкәрлік басым болды. Ақыры бір топ жастың басын қосып, кино түсіру жұмысына кірісіп кеттік. «Қалауын тапса, қар да жанады», алғашқы фильм мейлінше сәтті болды. «ҚазақстанОрал» телеарнасының бейнекамерасы мен операторын пайдаланғанымыз болмаса, оған қаржы көп жұмсалған жоқ. Тегін түсірдік, тегін тараттық. Киноға сценарий жазу да прозалық шығарма сияқты, бірақ өзіндік өзгешелігі бар, қалтарыс-бұлтарысы көп дүние. Іздену арқылы оған да төселеді екенсің. Кейін «Жаяу әскер» атты қысқа метражды фильм түсірдік. Оны да төл ұжымның күшімен бүтіндедік, яғни «Қазақстан-Орал» арнасының шығармашылық тобы қолға алды. «Жаяу әскер» өзімнің көңілімнен онша шықпаса да, жұртшылық оны жақсы қабылдады. Ондағы идея да өмірден алынған оқиғалар тізбегі. Айтпақшы, жазушы бір нәрсемен «ауырып», соны жарыққа шығарғанша мазасы кетіп, аласапыран күй кешетіні бар. Ондай күй басымда жиі болады. «Қағаз ұшақ» экранға шыққанша, шыбын жаным тыныштық таппады. Айналама ішкі күйімді сездірмеуге тырысамын. Ал кинодағы үшінші жұмысым – «Ақ қоян» деп аталатын 16 минуттық шағын фильм. Ол жастарға арналған.

Сюжеті қарапайым, өзінше қызықты. Жалпы, фильмдер шығармашылық ізденісімнің бір ғана қыры, оны да талантты жастардың көмегімен жүзеге асырдым. Сол үшін фильмдеріме түскен жастарға, соларды түсіру барысында мені қолдаған адамдарға әлі күнге дейін алғысым шексіз. Болашақта деректі фильмдер мен әлеуметтік бейнетаспалар, яғни, қоғамның дамуына кедергі бір мерез–жемқорлық жайлы, оның жегі құрттай зияны туралы бірер дүние түсіргім келеді. Мүмкін ол фильм болмаса, әңгімеге айналар. Негізі проза саласында бұл тақырыпта жазғандарым бар. Бірақ оларға көңілім толмайды. Мүмкіндік болса, күй атасы Құрманғазы туралы да деректі фильм түсірсем деймін. Оның сценарийі жазулы, сарғайып жатқалы көп болды. Қолдың қысқалығы, көбіне қаржы жоқтығы көңілге қаяу. Осыған шейін аталған фильмдер мен қыруар әнге сөз жазып келдік қой. Бірақ алға жылжу үшін қаражатсыз болмайтын уақыт келді. Менің шығармашылық жолымның өзегі біреу болғанымен, арнасы сан тарау Жайық өзені секілді. Бірақ әр саласы да өзім үшін қымбат, төл перзентім тәрізді тәтті…

Сұхбаттасқан Серік ИХСАНҒАЛИ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар