6.09.2017, 21:06
Қараулар: 167
«Ақ ерке – Ақ Жайық» әні қалай туды?

«Ақ ерке – Ақ Жайық» әні қалай туды?


…1965 жылдың жазы. Гурьев облыстық комсомол комитетінде хатшы болып істеп жүрген кезім. Бір күні Орталық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков телефон соқты. «Біз сендердің тілектеріңізді орындағалы отырмыз, – деді ол. – Сіздер жаққа композитор Шәмші Қалдаяқов бастаған шығармашылық топ жүргелі жатыр. Жастарға жақсы әндер, жырлар мен әңгімелер сыйлайтындай етіп дұрыстап қарсы алыңдар».


Топтың құрамында дарынды ақын, өмірден ерте кеткен марқұм Төлеген Айбергенов, Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданында туып-өскен, қазақшаға судай прозаик-жазушы Иван Голубев болатын.

Олар Астанадан жұма күні ұшып келді. «Гурьев» мейманханасына орналастырдым. Мен облыстық комсомол комитетінің басшылығымен алдын ала келісіп алған өз жоспарымды айттым. Меймандар бұл ұсынысымды қабыл алды.

Сенбі күні біздің қызметкеріміз Майя Есқазиева тұрмысқа шығатын болып, той қамдап жатқан. Біздерге шақыру қағазын табыс ете келіп ол: «Тойға меймандарды да ала келіңіздер» деп өтінген-ді. Ал жексенбі күні катерге отырып, Жайық өзені мен Каспий теңізі үстінде «шығармашылық» серуен құруды жоспарлап қойғанбыз.

Меймандар бұл ұсынысқа да қарсы болған жоқ…

Біз тойдан, әлбетте, көтеріңкі көңілмен шықтық. Той қызығы қаншалықты думанды болды дегенмен әсердің ең үлкені алда екен.

Жайық өзеніне салынған жаңа көпірдің үстімен жаяулатып қайтып келеміз. Төңірек тұтастай таңғы тыныштық құшағында. Батып бара жатқан ай сәулесі ағысы қатты өзеннің бұйра толқындары үстінде аракідік жалт-жұлт етіп қалады. Енді бір сәтте таң шапағы өзен үстінде алтын бояулармен ойнайды.

Тойдан көңілді шыққан, әрі мына бір ғажайып көрініске жан-жүрегімен елтіген Шәмші өзімен-өзі болып, әлдебір бейтаныс әуенді әрлі-берлі аударып, ыңылдап келе жатты. Композитордың шабыт құшағына беріліп, жаңа бір әнмен алысып келе жатқанын сезген біз де үнсізбіз. Әлдебір уақытта ол Төлегенге бұрылып, «Жаңа бір ән дүниеге келетін секілді, сен оған Гурьевтің жастарына арнап жақсы бір сөз дайындағын» – деді…

Ертеңіне, жексенбі күні катерге отырып, Жайық бойымен және одан әрмен Каспий теңізінің үстімен серуен құрған кезде де Шәмші мен Төлегеннің әңгімесі сол жаңа әнге ойыса берді.

Төлеген сол серуен кезінде-ақ болашақ әннің сөздерін өрнектей бастағаны анық.

Арманым саған ауған

Самал соқса жағалаудан.

Жүректе тербетілген

Ақ Жайығым,

Ақ еркем,

Аңсаған ән өлкем…

Келесі күні меймандар балықшылар қауымымен кездесу үшін қала маңындағы Балықшы ауданына үлкен ықыласпен асыға аттанды. Осы сапарда қонақтар жергілікті ақын қыз Фариза Оңғарсыновамен кездессек деген тілек айтты. Кездесу «Қызыл балық» колхозында Фаризаның бір құрбысының шаңырағында өтті.

Қалада да осындай кездесу дастарқандары аз болған жоқ.

Сол тұстағы атақты ақынымыз, марқұм Меңдекеш Сатыбалдиевтің үйінде Шәмші мен Төлеген облыстық газет журналистерімен кездесті.

Содан соң меймандар ұшаққа отырып, Ақтау қаласына аттанды. Одан әрмен Маңғыстау ауданының орталығы Таушық селосына барып қайтты.

Дегенмен бұл ұзақ та ауыр сапардан меймандар жолсоқты болып шаршағандарына қарамастан көңілді оралды.

…Кешкілік Төлеген маған телефон соқты.

– Жаңа әннің толғағы қатты болайын деп тұр, — деді ол әзіл араластыра.

– Оқасы жоқ, толғағы қатты болса, ғұмыры тәтті болар, – деп мен де оның әзіл ыңғайына жығылып жатырмын.

– Дегенмен аздап қамшы салмаса, «Ақ ерке – Ақ Жайық» оңайлықпен алдыра қояр сыңайы жоқ. Мәдина екеуің мейманханаға келсеңдерші, — деп өтінді Төлеген.

Мәдинаның қолы тие қоймады да, мейманханаға мен жалғыз тарттым. Құр қол бармайын деп, қолтығыма бір шиша коньяк шарабын қыстыра кеттім (ән жүрмей жатса, қамшылап жіберуге, бітіп қалған болса, «жууға» керек қой).

Әннің өзі де, сөзі де дайын болып қалған екен, тек қайырмасының келіспей тұрған жері бар секілді. Қисынын келтіре алмай әлектеніп отырған екеуіне:

– Төменге түсіп, бой жазсақ қайтеді? – деп ұсыныс жасадым. – Көңіл сергітіп, демалыңдар, содан соң әннің адымы ашылып кетер.

– Жоқ, бармаймыз, — деп шорт кесті Шәкең. – Таңға отырсақ та, бүгін «Ақ ерке – Ақ Жайықтың» иін қандырмай орнымыздан қозғалмаймыз.

– Онда мен кофе қайнатып жіберейін.

– Е-е, мұның енді жөн сөз, – деп келісе кетті Шәкең. Кофе дайын болған соң екеуін стол басына шақырдым.

– Шабыт шақыру үшін қазір мына столдың жанына Балықшының ақ сазандай әдемі қыздарын жинасам болар еді, – деп әзілдеп жатырмын. – Кінә өздеріңде, кеш хабарластыңдар. Сондықтан «Қазақстан» коньягынан басқа ештеңе ұсына алмаймын.

Көп кешікпей екеуі «әннің иін қандыруға» қайта отырды да, мен кесел етпейін деп кетіп қалдым…

Содан түннің бір уағына дейін отырған екеуі ертеңіне дайын әнді алып, облыстық комсомол комитетіне келді. Сол бойда бәріміз музыка училищесіне барып, оранжировка жасаттық. Талапкер әнші, облыстық спорт комитетінің төрағасы болып істейтін Төкен Олжабаев (бізде облыстық комсомол комитетінде хатшы болып істейтін Рухия Бөлекбаеваның жұбайы) жаңа әнді алғаш рет орындап көрді.

Гурьев қаласы жастарының композитор Шәмші Қалдаяқовпен және ақын Төлеген Айбергеновпен кездесу кешін алдын ала хабарлап қойғанбыз. Кеш Жилгородоктағы мәдениет үйінде өтті. Зал іші жастарға лық толы. Төкен Олжабаев белгілі бір қобалжу сезіміне беріліп, жүрексініп тұрса да, жаңа әнді жарасымды-ақ етіп айтып шықты. Жиналғандар дуылдай қол шапа-лақтап, әнді қайталап айтқызды…

Осылайша тұсауы кесілген «Ақ ерке – Ақ Жайық» әні облыс жастары арасына тез тарап кетті. Меймандар аттанып кеткен соң бір ай өтпей жатып, Қазақ радиосы арқылы шырқалған жаңа ән ұлан байтақ республика үстінде қанатын кең жайып, қалықтап бара жатты…

Мырзағали МҰҚАМБЕТОВ,

 облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

 

Ақ Ерке – Ақ Жайық

Арманым саған ауған,

Самал соқса жағалаудан.

Жүректе тербетілген,

Ақ Жайығым,

Ақ еркем – аңсаған ән өлкем.

Жаным-ау, дара туған,

Ағыстардан жаратылған.

Жайықтың жағалай тал

Жағасынан,

Қымбаттым,

Сен маған тіл қаттың.

Қайырмасы

Өзіңсің, жаным,

Жаңғыртқан әнім,

Каспийдің толқын тауларын.

Сенбісің көгілдір

Махаббатым,

Алқызыл алаулы таңдарым?!

Айдыным шалқыған бір,

Дидарыңда толқыған нұр.

Мен сені көрдім, еркем,

Ерке теңіз,

Аспанға

Маржандар шашқанда.

Айырылмас достығыңның,

Айғағы ма қос бұрымың?!

Жанымды нұрландырып,

Сенің шолпан

Жанарың,

Алаулап барамын.

Қайырмасы

Бір сәуле күлімдеген,

Жанарыңнан дірілдеген.

Мен сені балықшының,

Арманынан,

Жан сәулем,

Іздеймін аңсаумен.

Арманым саған ауған,

Самал соқса жағалаудан.

Жүректе тербетілген,

Ақ Жайығым,

Ақ еркем –

Аңсаған ән өлкем.

Қайырмасы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар