6.09.2017, 20:57
Қараулар: 140
Жасырын бақылау жалғаспақ

Жасырын бақылау жалғаспақ


Облыста  жыл  басынан  бері  мемлекеттік  қызмет көрсетуде  қосымша  құжаттарды талап  ету,  қызмет көрсету мерзімдерінің  бұзылуы, қызмет  көрсету  сапасының төмендігі,  мемлекеттік органдар  және  ұйымдар тарапынан  дөрекі  қарым-қатынас  сияқты  62  оқиға орын  алған.


Бұл кемшіліктер мамыр-тамыз айлары аралығында мемлекеттік мекемелерде «Жасырын сатып алушы» тәсілі бойынша жүргізілген қоғамдық бақылаулар барысында анықталған.

Мониторинг қорытындысы сейсенбі күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі  БҚО бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақовтың төрағалығымен өткен жиында жарияланды. Қоғамдық бақылауды департаменттің әлеуметтік тапсырысы аясында «Ақжол» шағын және орта бизнесті қолдау қауымдастығы» жүзеге асырған. Басты мақсаты – халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсетілетін6 мемлекеттік қызметтер салаларындағы заңнамалардың, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі талаптарының орындалуын қадағалау.

«Ақжол» шағын және орта бизнесті қолдау қауымдастығының жетекшісі Әлия Сәлиеваның айтуынша, жасырын сатып алушылар қаламыздағы білім беру, денсаулық сақтау нысандарында, халыққа қызмет көрсету орталығында, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде, облыстық ішкі істер департаментінде болып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бақылау жасаған. Жұмыс кестесінің бұзылуы, қызмет алушылардың кезекте ұзақ тұруы, мемлекеттік қызмет көрсетушілердің дөрекілік танытуы, заңнамада көзделмеген қосымша құжаттарды талап етуі және қате кеңес беруі сияқты жағымсыз жайттар  бақылаудан өткен мекемелердің басым бөлігінде кездескен. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсету дұрыс жолға қойылмағандығы анықталған. Атап айтсақ, ғимараттарда пандустар қарастырылмаған, мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы ақпараттар көрнекті орынға ілінбеген  немесе  мүлдем  болмаған.

Жиын барысында «Жасырын сатып алушылар» анықтаған кемшіліктер бейнеороликтер көрсетіле отырып талданды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Болат Исақов қоғамдық бақылаудың мақсаты жазалау емес, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру дей келе, «Жасырын сатып алушы» жобасының жыл соңына дейін жалғасатынын жеткізді. Қоғамдық бақылау қорытындысы бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтер заңнамаларын бұзушылықтарды жою мақсатында мекеме басшыларына  нақты  ұсыныстар  берілді.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар