6.09.2017, 20:55
Қараулар: 138
Дауы сотқа жеткен «тоқал баспақ…»

Дауы сотқа жеткен «тоқал баспақ…»


Журналист Есенжол Қыстаубаевтың облыстық «Орал өңірі» газетінің 2017 жылдың 14 ақпанында «Қаратөбелік полицейлерше сенделту» және  осы жылғы 13 мамырда «Бірі «Ақшаңды апарып береміз десе, екіншісі «Ұрыны тауып беремін» деп Батыр ананы сенделтіп қойды» атты мал ұрлығына қатысты сын мақалалары жарық көрді. Осы мақалаларға қатысты Қаратөбе ауданының тұрғыны Берік Шұқанов облыстық «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетін сотқа беріп, мақалаларды теріске шығаруды, сонымен қатар 3 000 000 (3 млн. теңге) моральдық шығынды өндіріп беруді сұрады. Дүйсенбіде Орал қалалық №2 сотында Берік Шұқановтың талап арызы бойынша үшінші сот отырысы өтті.


Сот отырысы басталғанда талапкердің өкілі, қорғаушы Н. Фазылғалиев талапкердің моральдық шығынды үш миллионнан 1 миллион 500 мың теңгеге азайтқанын мәлімдеді. Берік Шұқановтың айтуынша, Е. Қыстаубаев «еш негізсіз, еш дәлелсіз, еш ресми құжаттарға сүйенбестен ар-намысы мен абыройын қорлаған» және қадір-қасиетін түсіріп бір адамның сөзіне бола жалған мәлімет жазып, екі бірдей мақала жазған. «Аталған мақалалар сотқа дейінгі тергеп-тексеру бітпестен және сот шешімі шықпастан жазылған. Мен Қаратөбе ауданының белді азаматымын және халықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған жеке дүкенім бар кәсіпкермін, немере тәрбиелеп отырған атамын. Малға да, дүниеге де мұқтаж емеспін», – дейді талапкер.

– Милиция (полиция -ред.) іс тоқтатылды дегеннен кейін де мені газетке шығарып, елге, көрші-көлемге, тума-туысқандарға қарабет қылды. Екі адам малға таласты, бір адам өзімдікі деп алып кетті. Бұл кісі мені «ұры» деп қайта-қайта газетке берді. Сол жөнінде газетке қайтадан дұрыстап мақала берсе деймін, – деді талапкер сотта. Жауапкер жақтың өкілі, қорғаушы  Ғалия Қаржауова талапкерге екі мақаланың қайсысында, қай жерінде «ұры» деп көрсеткенін нақтылауды сұрады. Оған Б. Шұқанов: «Бірінші мақалада «ұры» деп көрсеткен, екінші мақалада «фотомды шығарып қойған» – деп жауап берді. Жауапкердің өкілі «Қай жерінде Шұқанов – ұры» деген сөйлем барын көрсетуді сұрады. Бұл сұраққа талапкер нақты жауап айта алмай, «фотомды берген, жұрттың бәрі ұры деп күдіктеніп жатыр» дегеннен аспады.

– Мақалада «Шұқанов – ұры, Шұқанов Тінәлиевтің баспағын ұрлап алды» деген сөйлем жоқ. Бізге арыз түсті, арыздан бұрын Тінәлиевтің ағасы келді. Ол кезде Қаратөбеде мал ұрлығы гулеп тұрды. Ұрлыққа байланысты әлеуметтік жағдай шиеленісті. Тінәлиевтің ағасы: «Інім полицияның табалдырығын тоздырып жүр, арызын алмайды. Арыз әкелсе, аласыздар ма?» – деді. Арызы қабылданды. Одан кейін мән-жайды білмекші болып Шұқановпен хабарласып едім, ол: «Сен тергеушімісің, кімсің, мен саған ештеңе айтпаймын, тергеушіден сұра», – деп телефонын өшіріп тастады. Мақала Тінәлиевтің айтуы бойынша жазылды, бір сөзін өзгертпестен бердік. Мал Шұқановтың қорасында тұрған. Тінәлиевтің өзі тауып алған. Ал сол Тінәлиевтің бізге айтуы бойынша бұдан төрт жыл бұрын  да тап осылай бір танасын тауып, дау-дамаймен әрең алған. Мен бұл туралы Шұқановтың  өзінен сұрадым. «Сіздің қораңыз «дом-приют» па малдарға, жоғалған мал қораңыздан шығады деп. Ол: «Менің үйім шетте, бөтен мал мөңіреп тұрады, сосын аяп кіргізіп аламын» деді. Оның сөзі бар жазылған. Мақалада талапкердің ар-намысына кір келтіретін мәлімет жоқ деп есептеймін, – деді журналист Есенжол Қыстаубаев.

Сот процесі барысында жауапкердің өкілі Ғалия Қаржауова талапкердің мақала авторының қай сөзінің ар-намысын қорлап отырғанын, қандай мағлұматтарды теріске шығару керектігін көрсетпегенін, арыз берудің реті сақталмағанын айтты. – «БАҚ туралы» ҚР Заңының 19-бабы 3-тармағында көрсетілгендей, мақаладағы ақпаратты теріске шығару жөнінде алдымен газет редакциясына арыз беріп, газет оны мақұлдамаса, сотқа жүгінулері тиіс. «БАҚ туралы» Заңның 26-бабы 3-тармағында «Шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді тарату үшін жауапкершіліктен босатылатын реттер» деп көрсетілген, онда былай делінген: егер де олар өкілді адамдардың, депутаттардың, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдардың және азаматтардың ресми сөйлеген сөздерінің сөзбе-сөз қайталанып берілуі болса, онда бас редактор және журналист жауапты болмайды» деп көрсетілген. Журналист мақаласының басында Жалғас Тінәлиев былай дейді деп бастайды. Мақала Тінәлиевтің баяндауы бойынша жазылған. 2017 жылы 27 ақпанда және екінші рет 4 сәуірде Шұқановқа байланысты қылмыстық құрам жоқ деп іс қысқартылды. Осы екі іс материалдарында Шұқанов мал қорада тұрды, оны Ескендір Төлегенұлы алып кетті деген. Сол Ескендір Тінәлиевке ақшасын берді, бәрі болған оқиға. Оның барлығы газет мақаласында жазылған. Сондықтан Шұқановтың намысына тиетін ештеңе жоқ. Қайта басқа кісі алды деп бұл кісіні ақтап отыр,  – деді қорғаушы.

Сот процесіне екі жақтың да куәгерлері қатысты. Жауапкер тараптың куәгері Жалғас Тінәлиев мақаланың өзінің атынан, сөзбе-сөз берілгенін айтты. Ол Ескендір Төлегенұлының «Малды сенікі деп ешкім айтпады. Иесіз мал деген соң алып кеттім. Барғанда да мал жоқ, соның орнына құнын ал» деп 100 мың теңге бергенін, кейін басқа малды көрсетіп, берген ақшасын кері қайтар дегенін баян етті. Талапкер тараптың куәгері Ескендір Төлегенұлы болса: «Тінәлиевпен ағайын адамдармыз. Трактормен үш күн жүріп ауылға жете алмадық. Бір баспақты ылаңдатып жатырсың, алыс-берістегі ағайынбыз, дау бітсін деп  100 мың теңге деп бердім», – деп, 100 мың теңгені кері сұратқан жоқпын, Шұқановтың қорасынан алып кеткен мал үйде тұр деуден танбады.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, Қаратөбедегі Тінәлиевтің қызыл тоқалынан басталған істі қарау барысында жауапкер тараптан «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин «БАҚ туралы» Заңның 20-бабында журналиске аудио, бейнежазба жасауға рұқсат етілетіндігін, бейнежазбаның Шұқановтың келісімімен түсірілгенін, қораға өзі бастап барғандығын айта келіп,  талапкер өзінің бейнетаспаға түсіп жатқандығынан бейхабар болмағанын еске салды.

– Куәгерлер шындықты айтамыз деп ант берді. Жалған айтса, қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығынан хабардар.

Жаңа талапкер жағынан келген куә Ескендір Төлегенұлы «Шұқановтан алған мал қайда?» деген сұраққа «Мал бар» деді. Жауапкер жағынан келген куә Жалғас Тінәлиев Ескендір Төлегенұлының «Мал жоқ, оның орнына біресе бұзау, біресе баспақ берейін» дегенін айтты. Бұл жерде екеуінің бірі жалған сөйлеп тұр. Сотқа жалған ақпар беріп тұрған жағдайды ескеріп, іс-әрекет жасауыңыз сұралады.

Сондай-ақ сіздің назарыңызға Қаратөбе ауданы орталығының картасын ұсынғым келеді. Байқасаңыз, Шұқанов пен Тінәлиевтің үйлері жақын орналасқан. Талапкер өз сөзінде: «Баспақ менің қорама келіп, бір-екі күн мөңіреп тұрды. Сосын амалсыздан қамап алдым» деді. Газетте де ол әңгіме бар.

Мына картаны қарасаңыз, екеуінің үйлері жақын. Есік алдына шығарылған мал өз үйіне барады. Өрісі бір мал қорасы жақын жерде болса, қалайша мөңіреп тұрады, қалайша қорасын таба алмайды? Іс барысында бір-бірімен сәйкеспейтін дүниелер көп. Біз, бұл істі зерттеуді әрі қарай жалғастыратын боламыз», –  деді Жантас Сафуллин.

Сот ұйғарымы бойынша Берік Шұқановтың талап-арызы қараусыз қалдырылды. «Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 143-бабының 4-тармағына сәйкес, дауды сотқа дейінгі шешу сақталмаған. Арызданушы тарап 10 күннің ішінде апелляциялық шағым түсіре алады», – деді судья Бақтияр Жорабаев.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

 

Р.S. Айтқандай, биылғы наурыз айында БҚО ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Мақсұтхан Әбіләзімовтың төрағалығымен мал ұрлығына қатысты облыстық басылымда жарияланған журналист Есенжол Қыстаубаевтың «Шаруалар сырымдық тәртіп сақшыларына неге өкпелі?…», «Қорамыз қаңырап қалды…», «Қаратөбелік полицейлерше сенделту…» атты мақалалар бойынша өткен кезектен тыс консультативтік кеңесте аталмыш істі тергеу барысында жауапсыздық пен салғырттық танытқан Сырым АІІБ-ның 17, Қаратөбе АІІБ-ның алты қызметкеріне тәртіптік шаралар алынған болатын.  Шұқановтан басталған дау-дамай әлі басыла қойған жоқ. Бұл дауға қатысы бар Ескендір Төлегенұлы (Шұқановтан баспақты алып кететін) қаратөбелік 77 жастағы көп балалы Батыр ананың 14 қойын ұрлаған деген күдікке ілінген. Осы істі дұрыс тергемеген Қаратөбе АІІБ-ның тергеушісі жұмыстан қуылды. Облыстық газетте бірнеше рет жарияланған дау-дамай әлі күнге дұрыс тергелмегендіктен жалғасуда.

Нүкте қашан қойылары белгісіз. Алайда облыстық «Орал өңірі» газеті бұл мәселені өзінің назарынан тыс қалдырмайтындығын оқырмандар қаперіне салады.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар