7.03.2015, 10:13
Қараулар: 119
Мақпалдың мақпал кеші

Мақпалдың мақпал кеші

45345


Бейсенбі күні «Нұр Отан» партиясының ғимаратындағы концерт залында танымал әнші, ҚР халық әртісі Мақпал Жүнісованың концерті өтті. Әншіні сағынған халық кешке көп жиналды. Көрерменнің көпшілігі әншіні табиғи дауыспен ән шырқап, шынайы өнер көрсететіні үшін жақсы көретіндерін айтып жатты. Әнші өзін сағынған көрерменге қол беріп амандасып, залды аралап жүріп ән шырқады. Кеш бойына эстраданың сүйемелдеуімен, домбырамен және халықтың сұрауымен ән салған өнер иесі аналар мен аруларды көктем мерекесімен құттықтады.


– Қымбатты ақ жаулықты аналар, арулар! Сіздерді көктем мерекесімен құттықтаймын! Ұзақ ғұмыр, баянды бақыт тілеймін. Аман болыңыздар! — деп ақжарма тілегін жеткізіп, ана туралы әнін шырқады. Ән арасында: «Маңдайымнан тер бұрқ ете түсті. Бұл – сіздердің энергетикаларыңыздың мықтылығы. Біз де халықтан бата алып, қуат алып, қанаттанып қайтамыз. Сіздердің жарқын бейнелеріңізді көру – мен үшін бақыт» – деп ағынан жарылған Мақпал Жүнісова әдемі әзілдерімен көрермен езуіне күлкі үйіруді де ұмытқан жоқ.

Кеште Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншілері де өнер көрсетті.

Кеш соңында сөз алған ақын Ақұштап Бақтыгереева былай деді:

– Бір кездері домбырамен шыққан кіп-кішкентай Мақпал қыз көз алдымда. Содан бері еліңді әніңмен тербетіп келесің. Мен оған қуаныштымын. Сені тыңдайтын халық билет жетпей, залға сыймай қалды. Әрдайым халқыңның ыстық ықыласына бөленіп жүре бер!

Концертті тамашалаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев шақыруды қабыл алып, көрерменге мерекелік көңіл күй сыйлаған әншіге ризашылығын білдірді:

– Кей адамдарды көпке таныстырудың да қажеті жоқ. Солардың бірі – Мақпал Жүнісова. Халқымыз дүниеге келген сәбиін жақсының жақсылығы жұғысты болсын деп белгілі адамдардың есімімен атап жатады. Біздің елімізде де әншінің құрметіне қойылған бірнеше Мақпал өсіп келеді. Халықтың көңіл күйін нәзік жаныңызбен түсініп, олардың сұрауымен ән шырқап жатырсыз. Соңыңыздан ерген Мерейіңіз мақтанышыңызға айналсын, – деді облыс басшысы өз сөзінде.


Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар