38 231 адамға 59,9 миллион

Күні , 27 рет оқылды

2017 жылғы 31 қаңтарда Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу туралы тапсырма берген болатын.


Қазақстан Республикасында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды» енгізу қажеттілігі алғаш рет «Институттық реформаларды жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» жоспары мен Елбасының 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында анықталған еді.

Елімізде 2015 жылдың 16 қарашасында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңы қабылданып, 2016 жылғы 22 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Мұнда «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды» енгізу мерзімін ауыстыру қарастырылған.

Аталған құжатқа сәйкес Медициналық сақтандыру қорына төленетін жарналар мерзімі 2017 жылғы 1 шілдеден 2018 жылғы 1 қаңтарға ауыстырылды.

Жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалардың Қорға төлейтін жарналары 2017 жылғы 1 қаңтардан 2017 жылғы 1 шілдеге ауыстырылды.

Жалдамалы жұмысшылардың жарна төлеу мерзімі бұрынғыдай 2019 жылдан басталады.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының тұрғындары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында медициналық көмек алу және медициналық мекемені таңдау құқығына ие болады. Азаматтардың бірқатар санаттары үшін МӘМС жүйесіне жарналар мен төлемдер жасау 2017 жылдың 1 шілдесінен басталады. Келесі жылдың басынан бастап МӘМС тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) бойынша қаржылық оператор және МӘМС аясындағы медициналық қызметтерді стратегиялық сатып алушы қызметін атқара бастайды.

Қазіргі таңда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес ұйыммен бірлесіп, міндетті сақтандыру қорының толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті құқықтық-нормативтік базаны, негізгі бизнес-үдерістерді, ақпараттық жүйелерін әзірлеу мен оларды бекіту бойынша жұмыстар атқаруда.

Айта кетерлігі, Қордың медициналық қызметтерді стратегиялық сатып алушы ретінде ұзақ мерзімді келісімдер арқылы бірыңғай тарифтік саясат бойынша жұмыс істеуі медициналық көмек пен дәрілік заттардың бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Осылайша, МӘМС медициналық қызметтің халықтың барлық санаттары үшін тиісті көлемде қолжетімділігін қамтамасыз етуі тиіс.

Осыған орай, «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстегі ТМККК аясындағы қызметтерді сатып алу мен ТМККК аясындағы дәрілік қамтамасыз етуді сатып алу құзырын облыстық, республикалық маңызы бар қалалық және астаналық денсаулық сақтау басқармаларынан алып тастау қарастырылған.

Бұл облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың бюджеттерінен ТМККК-ға қатысты шығындарды алып тастап, қаржыны республикалық деңгейде шоғырландыруға мүмкіндік береді. Осылайша, қаржыларды республикалық, облыстық бюджеттерге бөлшектемей, вертикалды бақылау орнату арқылы тиімді пайдалануға мүмкіндік туады.

МӘМС енгізу мақсатында Министрлік құзырлы органдардың қатысуымен ақпараттандыру саласында «Медициналық қызметтерді пайдаланушылар регистрі», «Төлемдерді өңдеуді ұйымдастыру» ақпараттық жүйелерін әзірлеп, тестілеуден өткізді. Бұл жүйелерде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылған жарналар мен төлемдер, азаматтардың мәртебесі (сақтандырылған/сақтандырылмаған) туралы ақпараттар сақталады.

Аталған жұмыстар аясында Министрліктің ақпараттық жүйесін басқа мемлекеттік органдардың (Әділет министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі, Ішкі істер министрлігі, ҚР Жоғарғы Соты) ақпараттық жүйелерімен интеграциялау жоспарлануда. Медициналық қызметтерді сатып алуға қатысты бизнес-үдерістерді автоматтандыру үшін («Медициналық қызмет көрсетушіні таңдау» және «Шарттасу») «Ресурстарды басқару жүйесі» ақпараттық жүйесінің «Мердігерлер регистрі» модулін іске қосу бойынша жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. «Электрондық үкімет» шлюзі арқылы мемлекеттік органдардың 8 ақпараттық жүйесімен интеграциялау жоспарланып отыр.

МӘМС-ті енгізу бүкіл денсаулық сақтау жүйесін реформалаумен бірге кешенді түрде жүргізіледі.

Денсаулық сақтау саласындағы жаһандық мәселелер (жұқпалы емес аурулардың өсуі, жаңа технологиялар енгізілуіне байланысты саладағы ресурс тапшылығының өсуі, егде жастағы тұрғындар санының өсуі) бұл салаға кететін шығындардың көбеюіне әкелуде.

Халықаралық тәжірибе міндетті медициналық сақтандырудың енгізілуі аталмыш мәселелерді шешуге ықпал етіп, денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ететінін көрсетіп отыр.

Міндетті медициналық сақтандырудың енгізілуімен қатар, денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаржы өсіп, бұл медициналық қызметтің жоғары сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

МӘМС-ті енгізудің мақсаты – медициналық көмек көрсетудің мемлекет, жұмыс берушілер мен азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген тұрақты міндеттемелер жүйесін қамтамасыз ету. Осылайша, бұл жүйеде әрбір тараптың денсаулық сақтау жүйесіндегі орны нақты белгіленген.

Қазіргі бюджеттік үлгімен салыстырғанда, МӘМС-тің келесі артықшылықтары бар: денсаулық сақтау үшін ортақ жауапкершілік (мемлекет, жұмыс беруші, адам), әлеуметтік бағдар, МӘМС-тің міндетті сипат, теңдей қолжетімділік (табысы мен жарна көлеміне қарамай, барлығы МӘМС аясында тиісті медициналық көмек ала алады), медициналық мекемелер арасындағы бәсекелестік, медициналық қызмет сапасының артуы, стратегиялық сатып алулар, денсаулық сақтау жүйесі үшін қосымша қаржыландыру, бейресми төлемдердің азаюы.

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалардың жарналары, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылуда. Батыс Қазақстан облысы бойынша 38 231 адамға 59,9 млн. теңге аударылды.

Бүгінгі таңда МӘМС барысында туындайтын мәселелерді шешу үшін ақпараттық-түсіндіру, МӘСҚ-тың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету, ақпараттық деректер базасын жинақтау, оның интеграциясын дайындау және нормативтік-заңнамалық актілер дайындау жұмыстары жалғастырылып жүргізіліп жатырғанын айта кеткен жөн. Соның ішінде 3-ші ке-зең мерзімінде Қазақстан Республикасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын (АТЖ) өткізу мәселелері бойынша үстіміздегі жылдың 1-ші қаңтарынан бастап 15 тамыз аралығында 2 348 кездесу өткізіліп, 367 643 адам қамтылды.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының 3-ші кезеңі 2017 жылдан бастап жүргізіліп келетіні бәрімізге мәлім. Барлық атқарылып келген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының арқасында халқымыз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жөнінде хабардар болды. Алайда осы жұмыс ары қарай жалғасын табуы үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғастырылады.

Өз тілшіміз


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика