Құм жасырған әңгіме

Күні , 86 рет оқылды

Өсер елдің ұрпағы бірін-бірі батыр дейді…


Төсінде ән салатын өркеш-өркеш шағыл, қойнауы толы жидек, жыландай жылжып аққан өзен, даласы толы шүйгін шөп, ойпаты толған мал, отар қойында қотыр жоқ, табын сиырында шодыр жоқ, тоқсан үйірінде қысыр жоқ, еш малын қасқыр тартпайтын, Алланы аузынан тастамайтын, жалшыны жөнсіз қыстамайтын, сабырлығы қазықтай, жомарттығы аңыз болған Қаратөбе елінде, Қаратоғай жерінде Жұмай деген бай болыпты…

Қариялардың айтуы бойынша, көнеден көмескіленіп қалған ел аузында аңыз бар. Аңыз арқалы адамның артында қалады. Оған қазіргі кіші Қоскөл аталатын елді мекеннің солтүстік батысында орналасқан «Сәрсенғали» қыстағының маңында жатқан ескі қорымның ішінде ерекшеленіп әшекейленген бедерлі құлпытас айғақ. Ол елді сыртқы жаудан қорғап, қол бастаған Құлжабай батырдың аруағына арнап қойылған белгі. Ал Жұмай байдың бейіті қазіргі «Мүсірәлі» аталатын қыстақтың күнбатыс ойпатының солтүстігінде деп айтылады. Бірақ, өкінішке орай, қойылған бейітті Кеңес Үкіметі кезінде құрылысқа пайдалануға алынған десе, кей айтушылар өзен ағысының арнасы өзгерген кезде судың астында қалды деп айтады…

Қыз беліндей бұралған аққайың ағаштары тербеліп, жыңғыл ағаштары жамырай өскен Қалдығайты өзенінің төбе-төбе құм шағылының іргесінде, бір кездері Жұмай байдың малы Жарлыдан Қарасуға дейін, Кеңащыдан Қаратоғайға дейін өрісте жататын болыпты. «Қазанында қара су ұйыған» бай атаныпты. Кезінде ат тұяғы жететін жердегі адамдардың құлақтарына Жұмай туралы жақсы сөздер естіліпті. Алдына қол қусырып, көмек сұрап келген адамның бәріне жақсылық жасапты. Жол бойында тұрғандықтан, талай жолаушы асын ішіп, атын мініп кеткен екен. Бірі атына ат қосып қайырып жатса, бірі ізін салмай хабарсыз кетіпті. Тіпті халықтың ішінде «Жұмай мырза ма, Құдай мырза ма?» деген мақал да болған екен.

Бірде Жұмай бір үйір жылқысының көптен көзге түспей жүргенін жылқышыларынан естіп, түстік жерді өзі шолып қайтпақшы болады. Талай қырға шығып сайға түседі. Ақыры кешқұрым іңірде, қайтар жолда, Торайғырдың үйірінің үстінен дәл түседі. Қайтарып айдаймын дегенше, түн де болады. Көңілі жайланып, «Бүгін айдап бармасам, ертең жеткізермін. Қатып өлетін қыс емес, тамып тұрған тамыз емес пе?» деп атынан түсіп, ертоқымын босата бергенде, Торайғыр осқырынып, құлағын қайшылап, тыпыршып кісінейді. Отырып қараса, найзадай атқа қонған алты жігіт иықтарына арқан іліп, қолдарына құрық ұстап, жылқыға қарай ентелеп келе жатыр екен. Біреуі Торайғырды құрықтап үстіне жайдақ мініп, әп-сәтте басына жүген салып та үлгереді. Қалғандары қиқу салып, желдеп тұрған жылқыларды алдына салып қайырып, дүбірлетіп қуа жөнеледі. Жұмай да солармен бірге ілесе шауып, өзін елетпеуге тырысады. Қиқу салған айқай, аттың сансыз дүбірі, көкала шаң, қайда шауып келе жатқанын бір Құдайдың өзі білсін? «Артын қалдырмай айда» деп бұған да әмір беріп қояды. Таң ата Елек өзенінің жағасына жеткесін, ұрылар кешке шейін көзге түспей аялдамақшы болып, Торайғырға тұсау салып, қоржындарынан жүрек жалғап, арқаларын күнге беріп, ағаштың түбіне жата кетеді. Жұмай көз жететін жерде арттарынан ілесіп, елеусіз жыраға келіп, жирен байталына шідер тағып, ер-тұрманын сыпырып алып, өзі аяқтай барлауға шығады.

Қуғыншылардың еш алаңсыз дамылдап жатқанына көзі жеткеннен кейін, кісесінің шет қалтасына қолын салса, отшашар тастары орнында екен. Ішінен «Тәубе» деді. Торсығынан екі жұтым уыз қымызды сіміріп алып, түс ауа даланың қалың шөптесін жеріне өрт шалуға кірісті. Ондағы ойы артынан іздеп шыққандарға белгі беру. Әйтпесе, таба алмауы мүм-кін. Аз жер емес, шамалап келеді. Кіндікті, Қыземшек артта қалды. Таңғы сағыммен Торатбасты да көрген.

Жүз отыз шақырымның шамасы. Ойда жайылып жүрген жылқыларды көзбен санаса, табандай тоқсан бас. Тоқсан бас үшін жанымды шүберекке түйіп жүргеніме жол болсын. Тегіс жерде тұрып сүрініп өлу деген осы емес пе? «Байды мал құртады, жүйрікті шаң құртады» дегендей, сүйегім айдалада көмусіз қалмасына кім кепіл?..

Тақым қажатып түнімен несіне еріп шаптым. Бүгін ақ адал малымды алса, ертең тыныш жатқан еліме шабар. Тұяқ барда тебініп қал деген. Ердің жақсы жаманын әрекетінен таны. Тәуекел семсерімді қолыма алайын деп іштей түйінеді. Шетте жүрген тор байталды ерттеп мініп, бір үйір жылқыны кері қуа бастайды.

Ат тұяғының даусынан атып тұрған алты жігіт не болғанына көздері жетпесе де, талай тартыс-таласта, барымта-қарымтада белдері қатайған кәнігі жігіттер еді. Бір-бірінің ойын айтпай-ақ түсінетін. Айналасына шұғыл барлау жасап алғаннан кейін, жылқы айдаған жалғыз адамнан басқа ешкім жоғын біледі. Бірақ сапты былғары етік, күміспен зерленген ер-тұрман, бешпет-шалбарының ою-өрнекті әдемі әшекейі, өзінің шырайлы жүзі мен өткір көзінен сескенді ме? Олар әдетте көрсететін дөрекілік әрекеттерін ұмытып кетті. «Амансыңдар ма, жігіттер? Мынау жылқыларымды іздегеніме бір жеті болды. Жаңа ғана тауып, еліме қарай айдап бара жатқан жайым бар. Егер маған айдасып барсаңдар, әрқайсыңа бір-бірден осы үйірден қалаған жылқыларыңды беремін», — дейді.

Жасы егде тартқан, бұдыр бетті, шойын қара, төртпақ келген жігіт мырс етіп күліп: «Бір үйірді өзі иемденген қай жылқышы боласың?» — деп дүңк етеді. Қалғандары қарқылдай күліп қоршай түседі.

— Менің атым Жұмай бай, руым Алаша, елім Қаратөбе, сол жердің азаматы боламын. Бұдан басқа он жеті үйір жылқым бар. Мал түгендемеген бай болмайды, ұрлап жиған мал болмайды. Жылқының иесі мен боламын, — дейді.

Осы кезде қарақасқа ат мінген орақ қабақты, бұқа мойын, омырауы түйедей батыр шапқан бойы бір өткенде, екі жігітті мұрттай ұшырады. Кері шапқан кезде, Жұмай алдынан шығып тоқтатады. Артынан ере келген он бір жігіт те келіп жетеді.

Бұл атынан жау шошып оянатын Құлжабай батыр еді. Кезінде кездігімен бұлан соғып алғаны туралы ел аузында аңыз бар. Ертеде Қалдығайты өзенінің арнасы үлкен, суы мол, айналасында сансыз сыңсыған тоғайы болыпты. Тоғайда тобырымен бұландар да кездесетін көрінеді. Қалдығайты қалмақ тілінен аударғанда «Бұланды» деген ұғымды білдіреді. Жас кезінде балық аулағанды ұнататын Құлжабай қамыс арасынан шортан шаншып алмақшы болып келе жатқанда, өзеннің арғы бетінде су ішіп тұрған бұланға кезігеді. Қонышынан кездігін алып лақтырғанда, тамағының астына дәл қадалады. Бұланды ауылына арқасына салып апарып, етін көрші-қолаңға таратқан екен.

Жастай балуандығы, мергендігі танылғандықтан, ол Суықбұлақ қасындағы Қарақшытөбе тауының бойында болатын қалмақтармен үлкен ұрысқа арнайы шақыртылады. Қайқы қылышты жайындай жарқылдатып ортаға түскенде, жауды шөптей орып, қырып тастайтын болған. Қарақшылар Құлжабайдың атын естігенде, төбе шаштары тік тұрып, қашуға ыңғай-лана бастайды.

Жұмай: «Құлжабай, тоқта! Мыналар маған жылқы айдасып келе жатқан жолаушылар. Деміңді басып, дамылда», — дегенде, ұрылар қылпақтап, Жұмайдың сөзінің ыңғайына қарай үн-түнсіз бейімделе бастады. Аттан секіріп түскен Құлжабай торсығындағы түнеме қымызды бір жұтқанда, түгел сіміріп тастады. Біраз уақыт жер шұқып бастары салбырап қалған мүсәпір ұрылардың түрлеріне қарап тұрып: «Жұмай, сенің ойыңды мен бойлай алмаймын. Ақылыңды құрықтауға арқаным жетпейді. Қолға түскен қасқырдың қарнын жарып, шегін қадауға орап, талағын тарс айыру ата жолымыз емес пе? «Жауын аяған жаралы болады. Қасқырды баулыған қамауда қалады» демей ме қазақ. Қалмақтар ежелден елді тонап, малды айдап, қатынның ішін жарып, баланың тірсегін кесіп, құлағанды басқа ұрып өлтіретін сілімтіктер емес пе? Арсызды арашалау, арқаға қанжар сұққанмен бірдей. Дұшпаныңды қанатыңның астына алма. Құлақты алдағанмен, көзден жасыра алмайсың. Жолыма тұрып, жанымды жеме. Қазақтың малына шапқанды көрсетейін бұларға!» – деп шүйліккенде, манағы қарқылдап, мазақ етіп тұрған ұрылар: «Аға, араша ете көріңіз!» — деп Жұмайдың артына тығылыпты. Сонда Жұмай Құлжабайға «Қарсы тұрар қылышты емес, жоқтық қысқан қайыршыларға қолыңды былғап қайтесің», – деп тоқтатыпты.

Ұрыларға екі жылқы беріп: «Сіздерді осы қылмысқа жіберген қожайыңдарыңа айта барыңдар. Арам ас ішке тұрмайды. Арын төгіп, бай боламын демесін. Ұры жиып, ел боламын демесін. Домалақ баста ақыл болмаса, елін аздырады. Ұрпағын ойласа, ұрлығын қойсын», – деп айтқан екен.

Жұмайдың сабырлы мінезі мен мамықтай жұмсақ тапқыр сөзі, шексіз жомарттығы талай жанның жүрегін толқытып, сезімін тербеген. Жылдар зымырып өткен сайын екі ғасырдан асқан бұрынғы кездің оқиғасы кейінгі ұрпаққа жетпей үзіліп қалған. Өткеннен өнеге алып, болашаққа жол салу – игілікті іс. Кеудесінде иман жарығы бар азамат еш нәрсеге мұқал-майды. Жақсылық жасау – Алла аманатын орындағанмен бірдей. Барлық істің ізгілігі адал ниеттен басталады. Нарөлген ма-ңындағы Жібекжаға шабындық жазығын аралап келе жатырмын. Етек жақтағы өркеш шағылға қарап «Тағы не жасырғаның бар?» деп іштей тіл қаттым. Шағыл құмын жел сыбызғысымен көтеріп:

«Қазып алшы қазынамды жасырған,

Қойнауымның топырағы алтыннан.

Қалып қойған тағасында тұлпардың,

Хаты жатыр ерліктердің жыртылған» — дей келе, әуен ырғағын бәсеңдетіп «Көргің келсе, қаз, тапқың келсе, ізде» деп құлағыма сыбырлағандай болды.

Мәулен САЛАХАДЕН,

Қаратөбе колледжінің директоры


Тегтер: , , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика