Машина жасаушылар өзгерістерге бейім

Күні , 19 рет оқылды

Кеше Оралдағы облыстық қазақ драма театрында «Мұнай-газ саласы үшін машина жасау кіші кластерін дамыту» тақырыбында форум өтті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов және мемлекеттік құрылымдардың, даму институттарының, ұлттық, ірі жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың, жоғары оқу орындарының, Ресейдің Самара облысының, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының өкілдері қатысты.


Форум шеңберінде шараға қатысушылардың назарына өңірдегі машина жасау компанияларының, ірі және орта кәсіпорындардың, құрылыс индустриясының, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының өнімдері көрмесі ұсынылды.

Аталмыш бірінші форумға «Қош келдіңіздер» айтқан облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов аймақтың тарихи қалыптасқан мамандануына орай ұлттық кластер аясында облыстың «Машина жасау» кіші кластерін дамыту анықталған үш облыстың бірі екендігіне тоқталды. – Кіші кластерді қалыптастыру консорциум шеңберінде кооперация тәжірибесін тереңдетуге, кластерге қатысушылардың өзара жаңа технологияларды алмасуларына, жаңа кәсіпорындар құруға, машина жасаушылардың бәсекеге қабілеттілігін көтеруге мүмкіндік береді, – деген Игорь Стексов саланың дамуына жан-жақты тоқталды.

«Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ облыстағы машина жасау кіші кластерінің басқарушы комитеті болып табылады. Ол кіші кластерге кіретін машина жасаушыларды, ғылыми-зерттеу институттарын, ЖОО-ларды, мұнай-газ өндірумен айналысатын «ҚПО», «Жайықмұнай» компанияларының жұмыстарын үйлестіріп, кластерді дамытуға бағыттайды. Форумда аталмыш АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары Артур Досқалиев өңірдегі машина жасау саласының дамуы және келешегі жайында толыққанды сараптама жасады.

– Дағдарыс күшейген, өткен үш жыл ішінде өңірдегі мұнай және газ өндіру, мұнай өңдеу, металлургия, тамақ өнеркәсібі салаларының экономикалық көрсеткіштері төмендеді. 2015 жылы машина жасау саласы оң динамиканы көрсетті. Оған 18 пайыз өсім тән болып, 2014 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 118 пайызды құрады. 2016 жылы мұнай баррелінің бағасы төмендеп, 46 АҚШ доллары болса, машина жасау саласы өсімнен ауытқымады. Саладағы өсім 2014 жылы баррелдің бағасы 100 АҚШ доллары болған кездегі деңгеймен салыстырғанда 54 пайызға өсті. Мұның өзі машина жасау саласының мұнай бағасының өзгеруінен жоғары көрсеткіштерге ие болатынын айқындайды. Мұнай бағасы төмендеген кезде импорттық өнімдер кейінге сырылып, жергілікті өнімдерге басымдық беріледі. Біздің машина жасаушылар осындай өзгерістерге бейімделіп алған, – деді Артур Досқалиев. Оның айтуынша, облыста 10 машина жасаушы зауыт жұмыс істейді. Олар негізінен машина жабдықтарын жөндеумен, орнатумен (машина жасау саласы өнімдерінің 46%-ын құрайды), машина жасаумен (19,3%), электртехникалық бұйымдар өндірумен (15,5%), мұнай-газ саласына жабдықтар шығарумен (15,5%), көлік құралдарын (4%-дан төмен) шығарумен айналысады. Бұл саладағы жергілікті мазмұн – 85%-дан астам.

Басқосуға қатысушылардың пікірлерін малдансақ, машина жасау саласына инноваторлық, жаңа технологияларды қолдану тәжірибесі тән. Аталмыш саладағы  әлемдік көшбасшылар, соның ішінде АҚШ-та инновациялық өнімдер шамасы 50%-дан асады, яғни олар уақыт көшінен қалмай, озық келеді. Ондағы үш компанияның бірі инновацияны тұрақты енгізіп отырады және олар тапқан табыстарының 2,7%-ын инновацияға жұмсайды. Ресейде шығарылатын өнімдердің 30%-ы инновациялық, инновация енгізетін кәсіпорындар үлесі 9,5%-ды құрайды, инновацияны жасақтауға, енгізуге жұмсалатын шығындар 1% шамасында. Қазақстан ондай көрсеткіштермен мақтана алмайды. Еліміздегі кәсіпорындар инновация енгізуге 1%-дан төмен қаржы жұмсайды. Ал инновацияға «құштар» кәсіпорындар үлесі 5% шамасында. БҚО-да  шығарылатын өнімдердің ішіндегі инновациялық өнімдер 4%-ды, инновация енгізген кәсіпорындар 3%-ды  құрайды. Өңірдегі машина жасаушылар инновацияны аз енгізеді. Өйткені оны енгізу үлкен инвестицияны қажет етеді. Инновация енгізу өндіріс ошақтарын жаңғырту арқылы жүргізіледі. Өңірдегі машина жасаушылардың «бас ауруы» – негізгі өндірістік құралдардың ескіруі, бұл, әсіресе, ХХ ғасырда салынған  өндірістік орындарға тән.

Технологиялық жағынан дамымай, уақыттан қалыс қалу бәсекеге қабілеттілікті төмендетеді. Сондай-ақ машина жасаушылардан ASME, IPI, ASNI сынды жоғары стандарттар талап етіледі, әзірге өңірдегі еш кәсіпорында мұндай стандарттар енгізілмеген. Мемлекет тарапынан машина жасаушыларға нақты қолдау шаралары қарастырылмаған. Жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан тапсырыстар аз. Сала кәсіпорындары арасындағы кооперацияның болмауы да аяққа «тұсау». Сондықтан жиында ірі тапсырыс беруші саналатын «ҚПО б.в» компаниясына жергілікті машина жасаушылар-мен байланысты нығайту бағытындағы ұсыныстар айтылды.

– Машина жасау кластерінің негізгі мақсаты – ғылымды, бизнесті және өндірісті өзара байланыстырып, жұмыстарын ұштастыру, мамандар даярлау. Осы бағытта бірқатар жұмыстар жасалуда. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дағы машина жасау саласына оқытылатын студенттер өндірістік кәсіпорындарда тәжірибеден өтеді, жұмысқа орналасады. «ҚазИИТУ»-да бағдарламашы мамандар даярлауды қолға алудамыз.  Ресейдің Санкт-Петербор қаласынан оқытушы-ғалымдарды, маманданған кәсіпорын өкілдерін шақырттық. Онда тек студенттерді емес, кәсіпорындардың мамандарын да оқыту жоспарланған. «ТШО», «ҚПО» компанияларына ұдайы тапсырыс орналастыру мүмкін емес, сондықтан трансұлттық компанияларға жергілікті зауыт-кәсіпорындардың әлеуетін таныстыру, екі жақты байланыс орнату маңызды. Сондықтан дүниежүзілік сайт құрып, оған жергілікті кәсіпорындар жөнінде мағұлмат орналастырмақпыз, – деді «Машзауыт» кон-сорциумының жетекшісі Көшербай Айғожаұлы.

Басқосуда Қазақстан машина жасаушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Темірлан Алтаев жалпы саладағы өзекті мәселелерді қозғап, кластерді дамыту жайына тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде бұл салада жұмыс істеймін дейтін маман ағылшын тілін жетік білуі тиіс, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілер арасында тығыз қарым-қатынас орнығуы керек. «Топан» ЖШС-ның бас директорының орынбасары Ғайса Жұмалиев жиынға қатысушыларға компанияның жетістіктері мен кәсіпорынның әлеуетімен таныстырды. «Advantage Kazakhstan» ЖШС-ның бас директоры Дмитрий Родин трансұлттық компаниялармен байланысты нығайту жайын айтса, Самара облысының кластерлік инжинирингтік орталығының жетекшісі Сергей Корнилов мұнайгаз саласына қызмет көрсететін пилотсыз ұшақты БҚО-да бірлесіп шығаруды қолға алатындарын сөз етті. Ал «ҚПО. б.в.» компаниясының өкілі Бақытжан Досқазиев жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Форум соңында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және «Орал» ӘКК» АҚ арасында мұнайгаз кластерін дамыту, оған қатысты машина жасау саласын дамыту, жергілікті сатып алуды ұлғайту мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға «ҚазМұнайГаз» компаниясы департаментінің директоры Абат Нұрсейітов және «Орал» ӘКК» АҚ  басқарма төрағасының орынбасары Артур Досқалиев қол қойды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Тегтер: , , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика