10.08.2017, 6:02
Қараулар: 13
Жас ұрпаққа өнеге

Жас ұрпаққа өнеге

Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының Алаш қозғалысының 100 жылдығымен тұстас жариялануы ұлттық тарихымызды ұрпақ санасында жаңғыртудың шешуші негізіне айналғандай.


Бұл тұрғыда біздің өлкеде бірқатар игі шаралар жүзеге асырылып келеді. Мәселен, 1918-1920 жылдары алашорданың батыс бөлімшелері жұмыс жасаған Жымпиты ауылы мен Семей қаласының арасында «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының өңірлік филиалдары арасында ұйымдастырылған «Азаттықты аңсаған Алашорда» атты телекөпірге БҚО әкімінің орынбаса-ры Марат Тоқжанов бастаған өлкетанушы, тарихшы ғалымдар қатысып, олар Абай еліндегі әріптестерімен Алаш қозғалысының қазақ тарихындағы алатын орны, ұлт зиялыларының өмірі мен қоғамдық қызметін дәйекті зерттеу бары-сындағы құнды деректерді ғылыми айналысқа енгізу мәселелері төңірегінде ой бөліскен еді. Осы телекөпір аясында Жымпитыдан Семейге «Алаш жолымен» атты тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырылғанын да білеміз.

Міне, алаш рухын ұлықтаудағы өңірімізде басталған осы игі шаралар одан әрі жалғасын тауып, алдағы уақытта Ақжайық, Жаңақала, Жәнібек аудандары ішкі саясат бөлімдерінің ұйымдастыруымен өткізілгелі отырған аудандық деңгейдегі ғылыми-практикалық конференциялардың жоспарлануы көңіл түкпірінде жүрген ой-пікірімізді көппен бөлісуге қозғау салды. Құптарлық іс.

Ел тәуелсіздігі нығайған сайын тарихи таным жаңа сапаға көтерілді. Елбасы айтқандай, қазақ халқы – өзінің шынайы тарихымен енді қауыша бастаған ұлт. Бүгінде ұлт тарихына бетбұрыс түзеліп, Қазақстан тарихының күрделі мәселелерінің бірі – алаш қозғалысы тарихына әсіресе, Алашорда үкіметінің шығыс және батыс бөлімдері, Әлихан Бөкейханов пен Жаһанша және Халел Досмұхамедовтардың өзара (әлеуметтік, рухани) қарым-қатынасы немесе Алашорданың батыс бөлімі жетекшілерінің сепаратистік іс-қимыл әрекеттері сияқты сауалдарға көзі қарақты ауыл тұрғындарының өзі жауап іздеп отырады. Бұл, әрине, ұлттың тарихи таным деңгейінің өсіп жетілуінің көрінісі. Өйткені тарих дегеніміз – ата-бабалардың өмірбаяны, бастан кешкен оқиғалары мен іс-әрекеттерінің шежіресі. Ал ата-бабаңның басынан өткен қасіретті оқып үйренген сайын, ұлтқа деген жанашырлық сезімің ұлғайып, сүйіспеншілігің арта түседі. Жалпы ғылымда тарихпен тәрбиелеу деген қағида бар. Бұл тарих ғылымының адам баласының бойына отаншылдық, ұлтшылдық сезім қалыптастыра алатын құдіретті күшіне байланысты айтылған тұжырым.

Демек, біз ұлт мүддесіне қызмет етудің феномені – қазақ зиялыларының өнегелі өмірін балабақшадан жоғары оқу орнына дейінгі барлық білім беру ошақтарында отансүйгіш, ұлттық асыл қасиеттерді бойына сіңірген ұлтжанды жас ұрпақ қалыптастырудың, бір сөзбен айтқанда, ұрпақ тәрбиесінің негізгі құралына айналдыра білуіміз қажет. Бұл тұрғыда тарих тағылымын санада жаңғырта отырып, ұрпақтар сабақтастығын қалпына келтіру – өзекті мәселе. Ұрпақтар сабақтастығы ең бірінші кезекте, кешегі «Алаш ұранды ұлт зиялыларының» қазақ мемлекеттігін қалпына келтірудегі тарихи ерен еңбегін бүгінгі тәлім-тәрбие өзегіне айналдыру хақында өрбуі тиіс. Бізге бүгін алаш зиялылары сияқты отаншыл, терең білімді зияткер жастар керек.

Осы орайда ұрпақ тәрбиесіне қазақ арыстарының өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін ғана емес, олардың бір-біріне құрметін, рухани қолдауын шынайы деректер арқылы үлгі ете отырып, қазақ зиялыларына деген ұлтымыздың құрмет сезімін арттыруымыз қажет.

Мысалы, Мағжан Жұмабаев пен Әлкей Марғұлан бастарына қатер төнген кезде бірін-бірі қорғаған.

М. Жұмабаевпен пікірлес адам ретінде қуғын-сүргінге ұшыраған Ә. Марғұланды 1934 жылы қамауға алып, тергеуге алған кезде жан қиналысына шыдамаған Әлкей өзіне қол жұмсап, абырой болғанда, абақтылас серіктерінің көмегімен аман қалады. Ә. Марғұланды жақыннан көрген адамдар оның тамағының сол жағында содан қалған тыртық барын байқайды екен…

Ақырында оған Мағжанмен бірлесіп кеңеске қарсы жасаған қимылын мойындата алмай, 1935 жылы түрмеден босатады.

Екі арыстың арасындағы адал достықтың шынайы көрінісі туралы деректер көп жайды аңғартады. Мәселен, айдауда жүрген Мағжанның соңынан Карелияға кетіп бара жатқан оның жұбайымен Ленинград қаласында кездескен Әлкей Марғұлан аяғындағы жаңа галошын шешіп, Мағжанға беріп жібереді.

Кейін 1938 жылы тергеу үстінде әккі тергеуші М. Жұмабаевтың аузынан шыққан кісілердің тізімін жасапты. «Қайсысы қай жерде жүр», – деп әлгі тізімді қайыра әкеліпті. Сонда Мағжан Ә. Марғұланның тұсына «Өлді» деп белгі соғыпты. Осылай ол досын құтқармақшы болады.

Қазақ даласының жағдайын айтып, 1920 жылы большевиктер көсемі В. И. Ленинмен кездескен қазақтың тұңғыш математигі Әлімхан Ермековтің сол кезеңдегі білім деңгейінің жоғарылығын алаш көсемі Әлихан Бөкейханов: «Апырмай, біздің Әлімханмен сөз жарыстырып, тыңдай алатын орыстан да шыққан жан бар екен-ау», – деп бағалаған еді.

Міне, бұл – ХХ ғасыр басында өмір сүрген қазақ зиялыларының бір-біріне рухани қолдау көрсетіп, құрмет тұтып, өзара қадір- қасиетін асырып отырғандығының дәлелі.

Ал алаш көшбасшысы Ә. Бөкейханов пен ағартушы ақын Ғ. Қараштың өзара құрметі мен сыйластығы туралы қоғам қайраткері С. Сейфуллиннің аумалы-төкпелі заманның шежіресі іспеттес тарихи-мемуарлық еңбегінде былайша сипатталады: «Қарашұлы Омар «Алаш» ұранын жыр қылып, кітап жазып шығарды. Ұмытпасам, кітапшасының аты «Терме» еді», – кітапшасында Әлекеңді мақтайды…

Ақынның:

«Қарсы келді көп кісі,

Пормы киген баршасы

Зиялыдай көрінді,

Алдарында біреу жүр.

Басында бар кепкесі.

Тани кетті ділмарым,

                 «Әлекем ғой анау!» деп,

«Әулет сүйген ерлердің

Дәрежесі сол-ау деп!»

Маңдай алған бағыты,

Ұжымақтың жолында.

«Алаш» сөзі жазулы.

Ұстаған ту бар қолында.

Алғыр студент, гимназист,

Оңы менен солында.

Жарқылдатып кеткенін

Қарай қалдық соңында» – деген өлеңінде Әлихан Бөкейхановтың тұлғалық бейнесі сомдалады.

Қазақ даналарының өзара құрметін, рухани сыйластықтарын Ғұмар Қараштың кіші ұлының есімін Әлихан деп атауынан да анық көреміз. Сол Әлихан Ғұмарұлы соғысқа дейінгі жылдары дойбы ойыны бойынша Қазақстан чемпионы болады. Алайда 21 жасар Әлихан Ұлы Отан соғысында хабар-ошарсыз кетеді.

Біздің мұндағы айтпағымыз, ұлт зиялылары туралы осындай деректер арқылы ұлт мүддесі үшін саяси күрес аренасына шыққан қазақ саяси тобының арасындағы рухани байланыстың күшейіп, олардың бір-бірін өзара қадірлеп отырғанын насихаттау арқылы бүгінгі жас ұрпақтың ұлт жанашырларына құрмет сезімін күшейту қажет.

Бұл жерде мына мәселені ашық айту керек. Ә. Бөкейханов бастаған алаштық топқа шабуылға көшкен Кеңестік билік большевиктік платформаны алғашқы қабылдаған С. Сейфуллин, С. Меңдешов, Т. Рысқұлов сияқты беделді топтың қызметін пайдаланды. Олар қазақ зиялыларының саяси күш біріктіруінен қауіптенді. Сөйтіп, 1925 жылы қазақ даласына Голощекиннің келуімен байланысты «саяси ойын», яғни, қазақ зиялыларын жіктеп, топқа бөлуді күшейтті.

Десек те, күрделі уақыт кезеңінде өмір сүрген қазақ зиялыларын ешбір күш ажырата алмады. Өйткені ұлт мүддесін ойлаған, арман тілектері бір алаш арыстары өзара бірігіп топтаса түсті.

Міне, жоғарыда айтылғандай, қазақ зиялыларын саяси көзқарас тұрғысынан бөліп жармай, олардың Қазақстан тарихындағы алатын орны туралы жас ұрпақ санасында жаңғыртып, олардың өнегелі өмірін ұлт мақтанышына, тәрбие негізіне айналдыруымыз қажет. Еліміздің мәңгілігін ойласақ, ұлттық тарихымыз бен дәстүрімізден нәр алған келешек ұр-пақ тәрбиесін парасаттылықпен ойлану керек.

Жас ұрпақты ұлттық тарихымыз немесе алаш зиялыларының өнегесі негізінде тәрбиелеу туралы, тағы бір көкейде жүрген ойымызды облыстық мұғалімдердің тамыз маслихаты қарсаңында ұстаздар қауымымен бөліскенді жөн санап отырмыз.

Жалпы біз, өлкетанушылар, жоғары оқу орнының ғалымдары, мектеп ұстаздары, архив, музей, кітапхана қызметкерлері ұлттың, өлкенің тарихын насихаттау, жас ұрпақты тәрбиелеу қызметін үйлесімді жүргізіп, өзара қарымқатынас байланысымызды нығайту қажет деп санаймыз. Өйткені «Бәріміздің илейтініміз бір терінің пұшпағы» десек те, біз, жеке дара әр сала бойынша тұйықталып жүрген сияқтымыз. Мәселен, мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орны оқытушыларының арасындағы теориялық, практикалық байланыстарымыз жоқ.

Ендеше, білім беру жүйесіндегі әлемдік тәжірибеге сүйеніп, жоғары оқу орнында оқып жүрген студенттерге мектепте оқытудың әдіс тәжірибесін терең меңгерген ұстаздар келіп дәріс берсе, ал ғылыми теориялық мәселелер бойынша мектептерге ғалымдар немесе архив, музей, кітапханашылар шақырылып отырса, біздің ұтарымыз көп деп ойлаймын. Өйткені Елбасы айтқандай, «Болашақтың негізі бүгінгі білім ордаларының аудиторияларында қаланады».

Ендеше, алаш зиялыларының өнегесі негізінде тарихтан тағылым алған ұлттық руханиятты бойына сіңірген, жас буын жас ұрпақты тәрбиелеу баршамызға ортақ міндет, мәңгілік ел болудың кепілі екенін естен шығармаған жөн.

Бақтылы БОРАНБАЕВА,

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті,

тарих ғылымдарының кандидаты