2.08.2017, 20:54
Қараулар: 59
Сарай Бату сапары

Сарай Бату сапары

Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.

Н. Ә. Назарбаев

DSC_0477


Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жазылған «100 жаңа есім» жобасы бойынша «Жанымызда жүрген жақсы адам», ұлтымыздың алтын қорына енуге лайықты бір қазақты атау керек болса, батыл түрде ол  Едіге Нәбиев дер едік.


Едіге Нәбиевті осы күндері сирек орындалатын немесе мүлде тартылмай кеткен, бабалардан қалған қоңыр күйлерді келер ұрпаққа сарынын бұзбай, табиғи таза қалпында жеткізуші санаулы күйшілердің бірі әрі бірегейі десек, еш артық айтқандық емес. Ол – қазақтың киелі аспабы домбыра жасаудың да хас шебері. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда ұйымдасты-рылған домбыра жасаушы шеберлердің республикалық «Үкілі домбыра» байқауында Едекеңнің екі дүркін лауреат атануы – сөзімізге айқын дәлел. Бүгінде оның шеберханасынан шыққан жүздеген домбыраның көпке танылған өнер адамдары, республикалық, халықаралық конкурстарда топ жарып, бас жүлдегер атанған жастардың қолында, әр түрлі сахналардан күмбірлей күй төккеніне куә болып жүрміз.

Шын талантқа тұсау жоқ. Кейіпкеріміз ескілікті халық әндерін, әсіресе, Батыс өңірі әндерін айтқанда, күйшілік машығына салып, домбыраны Ғарекеңше құйқылжытуы, ал ақын Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгерееваның сөзіне жазылған жаңа заман әндерін орындағанда, қарт Жайықтың толқыны, қалықтай ұшқан құстың қанат қағысы, сұлу табиғаттың ән мәтінінде айтылмаған өзге де әсерлі көріністерін тыңдаушы көзіне елестетіп, сағынышқа толы лирикалық сезіммен жеріне жеткізе шырқауы еріксіз таңдай қақтырады.

Оның жалындаған жастық шағында Оралдағы педагогикалық институттың спорт факультетін тәмамдап, жүгіруден облыс чемпионы атануы, Алматы қаласындағы олимпиада резервтерін даярлайтын орталықтың жаттықтырушы-әдіскері қызметін атқарып, еліміздің атын айдай әлемге танытқан спорт саңлақтарына бапкер болуы, осы сала бойынша жеткен өзге де жетістіктері – өз алдына бөлек тақырып.

Хас өнерпаздың бойына біткен сан түрлі өнеріне қоса, өтірікке, жалған атаққа, тәртіпсіздік пен қиянатқа әрдайым «мүлдем төзбеушілік» танытатын жан тазалығын, сөзіне беріктігі мен адалдығын ескергенде, «Сірә, ертедегі серілердің сарқыты осы Едіге ағамыздай болар» деген ойға қаласыз. Бүгінде ол жетпісті алқымдаса да, бұрынғыны ғана аңсап, жаңалық атаулыға тосырқағыш келетіндер санатынан емес. Кейіпкеріміз – уақыт ағымына қиындықсыз икемделіп, сүйікті ісін кәсібіне айналдыр-ған жан. Зейнет жасындағы Едекеңді іздеген кісі оны жайлы орын, жылы төсегінен емес, облыстық қазақ драма театрының жертөлесінде орналасқан шағын ғана шеберханасынан табады. Ал оның қолынан шыққан нағыз отандық әрі ұлттық бағыттағы өнімдердің сапа деңгейіне жоғарыда тоқталдық.

Өнер иесімен өскен ортасы, туған жері, балалық шағы, ғибратты өмір өткелдері туралы кең көлемді сұхбат жасау көптен бері көкейде жүрген жоспар еді. Биылғы жазғытұры күйшімен кең отырып, әңгіме дүкен құрудың сәті түсті-ау ақыры. Алайда осынау шағын еңбегімізге арқау болып отырған аталмыш сұхбат емес, оны жариялауды алдағы жақын күндердің еншісіне қалдырдық. Бұл мақалада күйшінің Орал қаласынан мың шақырым қашықтықта жатқан туған жеріне сапары баяндалады.

— Туған жерім Астрахан облысына қарасты Қарабайлы ауданындағы Бірінші май колхозының орталығы Басты дейтін ауыл болатын. Басты ауылының орналасқан жерінде осыдан сегіз ғасыр бұрын тарихтағы әлемге әйгілі алып мемлекет Алтын орданың астанасы Сарай Бату болған. Ол – Шыңғыс ханның немересі Бату хан салдырған шаһар. Ресейліктер дәл осы жерде «Орда» атты тарихи фильм түсірді. Құдай бұйыртса, жақын арада ауылға барып қайтуды жоспарлап жүрмін. Осы сапарда Құрманғазы, Сейтек, Ерғали күйшілердің, Мақаш прауител (правитель), Сейіт баба, Бөкей ханның зияраттарына тәу етіп, ел ішінде олар туралы әңгіме білетін шежірелі адам-дар қалған болса, жолығып қайтсам деген ойым бар. Мүмкіндігің болса, менімен бірге жүр, — деді Едіге аға сұхбат ала барғанда.

Күйші ұсынысына екі ауыз сөзге келместен қуана келістім. Өйтпегенде ше. Сарай Бату… Оқушы күнімде ерекше әсерленіп оқыған Ілияс Есенберлиннің «Алтын орда» трилогиясы дәл осы Бату хан заманын, ол салдырған Сарай Бату шаһарын суреттеумен басталатыны ойыма оралды. Тарихи тұлғалар жатқан жерлерді зиярат қылу жоспарынан да зор жауапкершілік жүктер қазыналы сапар болғалы тұрғанын анық түйсіндім.

Сонымен, межелі күн жеткенде, таңмен таласа тұрып, Едіге ағаның жапондық көлігіне тақым артып, «Қайдасың, Қажытархан?» деп ұзақ жолға аттандық.

DSC_0330Орал – Атырау тас жолымен ызғытып келеміз. Көлік тізгіні Едекеңнің өзінде. Аңқыған жолдың қос қапталындағы далиған дала көз тастағанның көңілін сүйсінткендей. Тегіс жолмен кідірмей жүріп, сәскелетіп Атырау даласына өттік. Бағытымыздан солға қарай қиялап, Индербор аймағынан асыңқырап, қырға көтеріле бергенде, «Қарой» деп жазылған сілтеме белгінің тұсынан шықтық.

— Махамбет батырдың сүйегі осы жерден 10 шақырымдай қашықтықта қалып барады, — деді Едіге аға. Ол батырдың басын денесіне қосып жерлегеннен кейін, тоқсаныншы жылдардың басында Қаройда Махамбет поэзиясы күндері өтіп, ат шаптырып, киіз үй тігіліп, ас беріліп, той жасалғанын, ол шараға Алматыдан ақын Фариза Оңғарсынова бастаған үлкен делегация келгенін қызықтыра әңгімеледі. Тойға Батыс Қазақстан облысының атынан «Исатай-Махамбет» дастанын жырлаушы қазталовтық Шайзат Ғұбашев, Ғарекең шәкірті, Махамбеттің термесін орындаушы қаратөбелік Мұхит Бірәнов, «Орал өңірі» газетінің тілшісі Ғайсағали Сейтақ, Махамбет күйлерін орындаушы күйші ретінде Едіге Нәбиевтің өзі болып төрт адам қатысып қайтқан екен.

Қаройдың тұсынан аса бергенде «Қаройдың қалды қамшы-ау қабағында» деп басталатын халық әні «Шымыр» еріксіз есіме түсті. Ыңылдай әндетіп «Жаңғырта көш жөнекей ән салғанда, жатады-ау қыздың жаны тербетілген» деп тәмамдай бергенімде, Едіге аға тосын әңгіме бастады.

— Алматыда жұмыс жасағанымда, 1978-82 жылдар аралығында Ғарифолла Құрманғалиевтің студиясына жиі бардым. Сабақ алып, әңгіме-дүкен құрып, ескілікті қара өлең, ән тарихтарын үлкен дәптерге Ғарекеңнің өз ауызынан жазып алып жүрдім. Осы күнге дейін өзімде сақтаулы сол қалың дәптердегі «Шымырдың» соңғы жолдары жаңа өзің айтқандай емес, «Жаңғыртып көш жөнекей ән салғанда, жатады қызғылт дала тербетілген» деп аяқталады. Әрине Ғарекеңнің өзі «Шымырды» алдыңғы айтылған нұсқада шырқап, көпшілікке де солай тараған. Алайда менің көңіліме дәптеріме өз ауызынан жазып алған кейінгі нұсқа қонымдырақ, орнықтырақ болып көрінеді. Ғарекең әнші-жыршы ғана емес, соншама қазынаны бір бойына жиғандықтан ақындығы да бар адам. «Дәукеннің әні» деген ән болған. Бұл сотталған әндердің қатарына жатады. Өйткені ән мәтінінен болыс болып, елге билік құрған кезін, өткен өмірін аңсау байқалады. Төңкерістен кейін мұндай әндерді айтуға тыйым салынды. Бірақ Дәукен әнінің керемет сазы жоғалмасын деп сөздерін өзгертіп, «Жас дәурен» деген атаумен қайта шығардым» деп Ғарекең айтып отыратын. Сол секілді саясатқа байланысты, кейде тыңдаушы ортаға орай әннің әр түрлі нұсқалары пайда болса керек, — деді Едекең.

Екінті мезгіл таяғанда Құрманғазы ауданының орталығы Ганюшкин ауылына жақын орналасқан, тас жолдан екі шақырымдай қашықта жатқан Мақаш прауител (правитель) зияратына ат басын бұрдық. Ақ шағылды жарып өтетін жайдақ жолмен жүйткітіп келеміз.

DSC_0334— Біз туып-өскен жердің реңі де осыған ұқсас. Құмда кесірткенің бір түрі батпа дейтін жәндік жүретін. Бала күнімде тентектеу болдым. Бірде құмға батып жатқан батпа екен деп улы сұр жыланды басынан ұстап суырып алғаным бар, — деп Едіге аға балалық шағын есіне алып келеді.

Прауител (правитель) кесенесінің ішіндегі мәрмәр тақтаға бұл күмбезді құрылыстың 2000 жылдың қыркүйегінде Атырау облысының сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қолдауымен салынғаны жазылыпты. Ақтаудың ақ тасынан жарқырата салынған кесене алдынан сәл оңға қарай қарағайдан қиып, өрнектеп салынған ескі кесене және бар. Оның алдына бозғылт түсті мәрмәр құлпытас қойылған. Құлпытас-тағы әдемілеп ойып жазылған араб қарпіндегі мәтін зер салып қарамаса, байқалмайды екен. Бірақ анық сақталған. Суретке түсіріп көріп едім, мәтінінің оқылар сыңайы байқалмады. Фотодан анық оқылуы үшін зиярат маңында жатқан қызыл кірпіштің жаңқадай сынығын алып, мәтінді бояуға кірістім. Едекең болса, ашық аспан астында, сұлу дала ырғағына үндестіріп, байсалды, байыппен орындалатын ескілікті күйлерді бірінен соң бірін төгіп отыр. Күйші қолындағы қара домбыра үні жетер жерді бірде Әлікейдің «Қоңыраласымен» тербесе, келесі сәтте «Ұршықтың жұртта қалғанын» айтып азалы тарихтан сыр шертеді…

700 шақырымнан аса жолды артқа тастаған біз мамыр даласының жұпар иісін көкірек кере жұтып, тас жолға қайта көтерілгенде, көңіліміз де сергіп, бойымызға қуат құйылғандай күй кештік.

— Көп ұзамай жол да тегістеледі, — деді Едіге аға Ресей шекарасына жақын қалғанымызды меңзеп.

Атырау қаласынан асқалы шұрық тесік болып ойылған жөндеусіз жол тақымымыздағы «көк арғымақты» қалай бұлтарса да, құтқармай әбден титықтатқан еді.

Едіге ағаның туған жері Басты ауылының халқы кейін сол ауылдан 5-6 шақырым жерде орналасқан Тамбовка ауылына көшіріліп, бұрынғы мекен қаңырап бос қалған. 1964 жылы Хрущевтің «У нас не будет наций, народностей, будет единый советский народ» деген ұранымен Ресейдегі қазақ мектептері түгелдей жабылған. Сол кезеңде «Бірінші май» қазақ колхозын «Ленинский путь» деп аталатын орыс колхозына қосып, басшысын орыстан сайлаған. Тамбовка оған дейін де «Ленинский путь» колхозына қараған негізі орыс ауылы екен. Зорлықшыл саясаттың ықпалымен Бастының байырғы қазақтары екі жылдың ішінде түгелдей тамбовкалық болып шыға келген. Қазір біз сол Тамбовка ауылына келе жатырмыз. Онда Едіге ағаның ағайын-туғандары тұрады. Әке-шешесінің зираты да сол ауылда.

Кештетіп шекарадан өттік. Тамбовка Қарабайлы ауданына қарайды. Оған жету үшін алдымен Краснояр ауданын кесіп өтуіміз керек. Әуелде бұл аудандар Бөкей ордасының құрамында болған. Едіге аға «Жас Алаш» газетінің 2002 жылғы №77 санынан мұқият қиып алып, сақтап қойған Сатыбалды Дауымовтың «Ханның қайын атасы» атты мақаласында «Қарауылқожа сауда-саттықпен айналысқан Краснояр (Қызылжар) ғана емес, 1824 жылы Жәңгір мен Фатима ханымның үйлену тойы өткен Қарабайлы, сондай-ақ Володар, Ахтуба (Ақтөбе), Құмөзек аудандарынан (200 мыңға жуық қазағымен қоса) біржола күдер үзуге тура келетіндігі қандай өкінішті!» деп жазылған екен.

Шекарадан өткеннен кейін оң қолда, 20 шақырымдай қашықтықта Бәйбек, Кіші Арал ауылдары қалады. Сол ауылдардың маңында Сейіт баба, Бөкей хан жерленген. Нәсіп болса, ол жерлерді кері қайтқанда зиярат етпекпіз. Қазір күн кешкірді.

Айнала Еділ суы жайылған, жайнаған желегі, тал-терегі мол жасыл алқапты жарып, тақтайдай тегіс жолмен зулатып келеміз. Әр жерде үйірлі жылқылар, өрістен қайтқан сиырлар көзге жиі шалынады. Жол-жөнекей қалып жатқан  ауылдардың атаулары тілімізге соншалықты жат көрінбейді. Мысалы, Ясын соккан (Жасын соққан), Жанай, Лапас. Едіге ағаның айтуынша, Краснояр (Қызылжар) ауданына қарасты Ясын соккан, Жанай ауылдарын түбі бір түрік жұртының өкілдері татар, ноғайлар мекендейді екен. Ал Қарабайлы ауданына кіргендегі алғашқы кездесетін ауыл Лапаста Қарағаш ноғайлар тұрады.

Әлемге әйгілі Шыңғыс ханның айбынды немересі Батый хан салдырған Сарай Бату іргесінен 5-6 шақырым жерден орын тепкен Тамбовкаға түн қараңғылығы қоюланғанда жеттік.

Ертеңіне сәске болмай Едекеңнің ағайындарын аралап сәлемдесіп, кейбір кісісі қайтқан шаңырақтарға қазақтың салтымен бата тигізіп шықтық. Қай шаңыраққа барсақ та, төрде ілулі тұрған қазақтың қара домбырасын көрдік. Едекең ауылдастарымен бірге өткен күндерді еске алысты. Олар Едіге ағаның әке-шешесі туралы сөз болғанда, «Қандай ізгілікті жандар еді…» деп көздеріне жас алып отырды.

Едіге ағайдың інісі Қатим Сарай Бату орнын аралату үшін бізді өз көлігімен алып жүрді. Алдымен Едекеңнің әке-шешесі жерленген ауыл іргесіндегі қауымға аялдап, Құран оқып, аруақтарға дұға бағыштадық.

Сарай Батуға барар жол ойлы-қырлы, биік белесті, жалпақ қыратты болып келеді екен.

— Бұлардың бәрі – Алтын Орда заманындағы қарауыл төбелер, — дейді Едіге аға айналадағы биік төбелерді нұсқап. — Сарай Батудың бір беті осындай қарауыл төбелермен шектессе, келесі беті Ашулық, Ақтұба арғы жағы Еділдің өзі, яғни үш тармақты суға тіреледі.

Еріксіз ойға шомасың. Өздері құрған алып мемлекетке еркін иелігін жүргізген жауынгер бабалардың әлемді тітіретердей құдіретті де зор үні төңіректі кернеп тұрғандай ерекше әсерге бөленесің.

Қатим аға бізді «Орда» фильмі түсірілген алаңқайға алып келді. Ашулық өзенінің терең жарқабағына таяу орналасқан екен. Мұнда аталмыш фильмге декорация ретінде салынған көне қала үлгісі сол күйінде сақталып, бүгінгі таңда туристер тамашалайтын нысанға айналған. Декорация орналасқан орын Едіге ағаның Сәлім деген нағашысының немересі, кәсіпкер Аман есімді азаматтың жеке иелігіне алып, шаруашылық жүргізіп отырған аумағына қарайды екен. Бойшаң әрі екі иығына екі кісі мінгізгендей еңгезердей Аман алыстан келген жиенін құшақ жая қарсы алды. Туристер үшін декорация ішіндегі мұнарадан дыбысзорайтқыш арқылы қазақтың күйі ойнатылып, көне шаһар Сарай Батудың тарихы айтылып тұрады екен.

— Бұл декорацияны тұрғызу үшін Владимир қаласынан 32 шебер келді. «Орда» фильмінің осы жердегі түсірілімі 2010 жылдың жаз айларында 45 күнге созылды, — дейді Аман.

Декорация құрылысына (суреттерде) осыдан 7-8 ғасыр бұрынғы Сарай Батудың түпнұсқа қызыл кірпіштері де пайдаланылыпты.

Едіге ағаның балалық шағы өткен Басты ауылының орнымен айналып, Селитренное ауылы арқылы Тамбовкаға қайтып келдік. «Алтын орда» трилогиясының бірінші кітабының бас жағында Сарай Бату осы күнгі Селитренное қалашығының маңында орналасқан деген түсінік беріледі. Бұл ауыл бірнеше шақырымға созылған көне шаһардың үстіне тұрғызылған.

— 7-8-сыныпта оқыған кезімізде Селитренное ауылында тұратын Лопырева ныспылы орыс мұғалім бізге орыс тілі пәнінен сабақ берді. Бірде Лопыреваның ұлы үйінің астынан жерқойма (погреб) қазбақшы болғанда, ескі қызыл кірпіштен өрілген жерасты ғимаратының үстінен түскен, — дейді Едіге аға.

Ұлы Отан соғысы жылдарында осы жерден өндірілген селитра жауға қарсы оқ-дәрі жасауға жұмсалған екен. Сол соғыстың басталуын Ақсақ Темір қабірінің қазылуымен байланыстыратын аңыз іспеттес деректер бар. Енді Ақсақ Темір қарсы соғысып, күйреуіне бірден-бір себепкер болған Алтын орда мемлекетінің алғашқы астанасы Сарай Бату орнынан жауды жусататын оқ-дәрі шикізатының өндірілуін қызықты тарихи сәйкестікке баладым.

Түскілікте Едіге ағайдың досы Сыралы деген кісінің үйінде қонақ болдық. Ұлы Отан соғысы кезіндегі қиын қыстау заманда Сыралының ата-анасы мен Едіге ағайдың әке-шешесі өзара бір үйді паналаған. Сыралы ағайдың өзі өнерге жақын, Едекеңді ерекше қастерлеп, сыйлайды. Ол кітап секілді қалың дәптеріне қазақтың даналық сөздерін, тарихи тұлғалар туралы аса құнды шежіре деректерді мұқият жазып жүретін парасатты адам екен. «Кейінгі ұрпақтарыма қалдыратын бар аманатым осы дәптердің ішінде», — дейді ол.

«Қонақ қойдан жуас» демекші, кешкіліктегі билігіміз қайтадан Қатим ағайдың қолына тиді. Қатим ағаның үйінде Романтик магнитофонының пленкасына жазылған ескі жазбалар сақталыпты. Оның ішінде Едекеңнің мықты күйші болған Сыдиық есімді үлкен ағасының тартқан күйлері, сол ауылдың өзге де өнерпаз адамдары орындаған жыр-термелер бар. Едіге ағаның 1976 жылы өз қолынан жасаған алғашқы домбырасы да осында екен. Аттанарда үй иесінің келісімімен осынау қазынаның бірін қалдырмай, көлігімізге тиеп алдық.

Ертеңіне Қарабайлы ауданы Ахтуба (Ақтөбе) ауылында жатқан Сейтек күйші мазарын зиярат еттік. Күйші жерленген жерге 2013 жылы Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қолдауымен қызыл кірпіштен көрнекті белгі орнатылған екен. Әрі қарай Астрахан қаласы арқылы Құрманғазының сүйікті шәкірті, атақты Ерғали күйші жерленген Құмөзек ауданының Лебяжье ауылына сапар шектік. Күйші Ерғали Есжанов әулие кейіпті адам болса керек.

— Әкем де домбырашы, жыршы болды. Ол Дина мен Ерғалиді Құрманғазының сүйікті шәкірттері деп отыратын. Әкемнің інісі – Ораздәулет Ұлы Отан соғысында Сталинград шайқасында болған. Елге аман оралғанымен, соғыста алған жарақаты кейін асқынып, қайтыс болды. Осы кісілер Ерғали күйшінің оққағары болған дейтін. Ол Сталинград шайқасындағы баласына барып, майдан даласынан ақ киіммен өткенде екі жақтан да ешбір оқ атылмаған. Елден апарған дәмін беріп, күй тартып, сарбаздарды рухтандырған, — дейді Едіге ағай.

Ерғали күйшінің ақсақалдық жасқа жеткен Қати және Бақыт есімді қос немересі Лебяжье ауылында тұрады екен. Олар бізді аталары жерленген ауыл іргесіндегі қауымға бастап барды. Осыдан 3-4 жыл бұрын ауыл зираты өртке ораныпты. Сонда дәл осы Ерғали күйші жерленген тұсқа жеткенде өрт өздігінен сөнген екен. Бүгінде күйші зираты қарапайым ағаш қоршауы ескірген шағын ғана төмпешік болып жатыр.

Қати ақсақалдың шаңырағына бас сұғып, Ерғали күйшінің ата-бабалары және кейінгі ұрпақтары туралы шежірелік деректерді жазып алдық. Ақсақалдың үйінде көненің көзіндей болып көптен тартылмаған бір қара домбыра сақтаулы тұр екен. Едіге аға ескі домбыраны қолына алып, табан астында шегін ауыстырды. Лекерлеп күйін келтірді. Қос ақсақал елең етіп, домбыра үніне құлақ түрді. Ерғали күйшінің «Қоштасу» деген күйі тартыла бастағанда Қати қарт қатты толқып, көзіне жас алды. «Атам тура осылай тартушы еді» деп Едіге ағаға ризашылығын білдірді. Қати ақсақал «атамның өнері әкем Халелге қонды. Ол солақай домбырашы еді. Бала күнімде әкемнің шығарған әнін айтқанымда, колхоз төрағасы риза болып, бір қашар атағаны бар. Осы күнде жас ұлғайды. Домбыра тартудан қалдым. Енді бұл қара домбыраға өзің ие болғайсың» деп ескі домбыраны Едіге ағаға сыйлады.

— Адай руының Тоқмамбет бөлімінен тараймыз. Соның ішінде Шыбынтай атамыздан Есжан, Есжаннан Ерғали атамыз туған. Біз Ерғали атаның Халел деген баласынан тараған немерелеріміз. Атамыз ауқатты болған. Ұжымдастыру жылдарында үкімет мал-мүлкін тартып алған соң, Атырау облысына қарасты Забурын деген мекенінен осы жерге көшіп келген. Атамыз балық кәсіпшілігімен айналысқан. Астраханға балық тасыған. 1942 жылы Сталинград соғысында жүрген немересі Зүбәйірге барып домбыра тартып кеткен соң, жау жағы ығысқан деген әңгімені үлкендерден естіп өстік. Шәрәпи деген баласынан туған үлкен немересі Идият соғысқа кетерде «Тастама, мойныңа тағып жүр. Қиын-қыстау жағдайға кез болсаң, «Я, Бекет!» деп айтуды ұмытпа» деп дұғалық жазып берген. Сонда Идият ағамыздың қасына түскен снаряд жарылмаған. Ағамыз 1947 жылы соғыстан оралғанда сол дұғалықтың қасиетін айтып, тастамай кері алып келді. Идият ағамның құдағайы көзі көрмейтін соқыр кемпір болды. Үйдегілердің бәрі жұмысқа кеткенде жатып демалайын десе, бір дыбыс «Енеке, енеке» деп мазалап, ұйқы бермепті. Осындай жағдай бірнеше күн қайталанғасын, Ерғали атама дұғалық жазып беріңіз деп өтініш айтыпты. Содан атам құдағайының үйіне барып, біраз уақыт Құран оқығаннан кейін, айнала «Шық та шық» деп қолына алған айыр сабын сындырғанша сабалапты. Артынша дұғалық жазып береді. Содан кейін тым-тырыс болыпты. Құдағайды ештеңе мазаламапты, — дейді Қати қарт.

Бір кездері құлдыраңдай жүгіргендеріне Ерғали күйшінің өзі куә болған қос немересі – бұл күндегі қос ақсақалдың «Атамыз тұрған үйдің орнын көрсетеміз» деп жас баладай елпең қағып алдымызға түсіп аяңдағаны бізге ерекше әсер етті.

Ерғали Есжанов Лебяжье ауылының іргесімен ағып өтетін Кизань өзенінің жағасында тұрыпты. Бүгінде күйші бабасынан қалған қара шаңыраққа оның тікелей шөбересі Нұрлан Қожанұлы ие болып отыр екен. Ол ескі үйдің құрылысын жаңғыртып, қазіргі заманға лайықтап қайтадан салған.

Ертеңіне Володар ауданының Алтынжар ауылы маңында жерленген ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының зияратына тәу еттік.

Сапарымыздың бесінші күні дегенде Астрахандағы ағайынмен қош айтысып, елге қарай бет түзедік. Аспан шайдай ашық. Алайда қаладан шыға бергенімізде, қалың тұманға кез болдық. Теңіздей жайылған Еділ суының таңғы салқын ауамен буланып жатқан шағы екен. Абайдың өзі ерекше іш тартып жақын көрген, бірнеше шығармасын тәржімалаған орыстың ойшыл ақыны Михаил Лермонтов өлеңіндегі тұманды теңіз тіркесі еріксіз ойға оралады. Бір сәт мыңмен жалғыз алысып келе жатқан сол желкен дұрыстықтың туын жықпай, тағдырының қай сынағына да мойымай, өнеріне деген адалдығынан танбай, турашыл ұстанымынан таймай келе жатқан қасымдағы кейіпкерім сияқтанып кетті…

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар