2.08.2017, 20:26
Қараулар: 62
Ломбардпен «доссыз» ба?

Ломбардпен «доссыз» ба?

bc706f84066c9c3c200f13a2ca6f0fba


Аяқ астынан ақшадан қысылсаңыз, бірден «Кімнен қарыз алсам екен?» деген ойға берілеріңіз кәміл. Алайда сол сәтте жат түгілі, ет жақын ағайының да сұраған ақшаңды қолыңа ұстата салуы екіталай. Сондай кезде  мекенжайыңды, тіркеу кітапшаңды, табысыңды, туғандарыңның нөмірін  қазбалап тексеретін банктерден гөрі, алтын әшекей сықылды құнды заттарды кепілге қойып,  бір құжатпен 10 минутта мәселені шеше салатын ломбардтар тығырықтан шығар жолдай көрінеді…


Ломбард  деген не?

Ломбард – жеке тұлғалардың  жылжымалы мүлігін, әшекей бұйымдарын, құнды қағаздарын  кепілге алып, қысқа мерзімге қарыз беретін мекеме. Мұнда мүлік иесі тапсырған затын келісімшартта көрсетілген уақыт ішінде үстемеақы төлеп, қайта сатып алуға құқылы. Егер белгіленген уақыт ішінде сатып алмаған болса, ол зат сатылымға түседі. Ломбард қызметкерлерінің кепілге салынған заттарды пайдалануға, иеленуге құқы жоқ.  Бұл қызмет түрін сонау XV ғасырда Францияға Ломбардиядан (Солтүстік Италия) келген италиялық көпестер енгізген. Содан бері әлемнің қай елінде де сұранысы жоғары кәсіп түріне айналды. Әсіресе, АҚШ, Жапония, Австралия және Еуропа елдерінде ломбардтық мекемелердің қызметі тұрақты сұранысқа ие. Ғаламтордағы  PosiTime  сайтына сүйенсек, АҚШ-та 16000-нан астам ломбард жұмыс жасайды екен. Мұнда  ломбардтарға лицензия беретін Ұлттық Ломбард ассоциациясы (National Pawnshop Association)  алғаш 1988 жылы құрылған. Ал Францияда 40-тан астам ломбард секілді несие беретін ұйымдар жұмыс (антиквариат заттарды, швейцар сағаттарын, алтын бұйымдарды арнайы қабылдайтын) жасайды. Олардың жылдық табысы 75 млн. долларды құрайды. Сондай-ақ бұл жерде  ломбардтардың  қызмет сапасын, үстеме пайыздарын реттеп отыратын арнайы кеңес  беру орталығы  ашылған. Бельгияда ломбардтар мемлекетке жылына 50 млн. кіріс кіргізеді екен.

Ал Германияда  аталмыш қаржы ұйымдарының дамығаны соншалық, 50 мың тұрғыны бар шағын ауылдарында да «кепілге несие» беретін  жеке кәсіпкерлер үлкен сұранысқа ие. Ғаламтор деректеріне сүйенсек, экономикасы дамыған алпауыт елдерде  ломбардтар  жұмысы  үлкен  бәсекелестікке ие болса да, олардың саны жылдан-жылға  артып келеді.

Алтынның  1 грамы 10 000  теңгеден…

Орал шаһарында «№1 автоломбард», «М-Ломбард», «Р-финанс ломбард», «Сейф-ломбард», «МС ломбард», «Астра ломбард», «Алтын ломбард» секілді мекемелер бар. Мақаланы дайындау барысында солардың бірнешеуіне бас сұқтық. Барлығының да жұмыс істеу мәнері бір сарындас. 999 сынамадағы алтынның әр грамын – 10 000-12 900 теңгеден, 750 сынаманы – 8000-9700 теңгеден, 585 сынаманы 6500-7500 теңгеден алады.

Тұрмыстық сұранысқа орай орталық базардың маңындағы ломбардтардың саны да жыл сайын  артып келеді. Онда алтын әшекейлерін ломбардқа  өткізіп, жалақыдан жалақыға жеткенше амалдайтын тұрғындардың да қатары көбейген. Орталық базар аялдамасындағы «М-Ломбардқа» бас сұғып, кезек күтушілердің қасына жайғастық. Жанымызға зейнет жасына келген ақ жаулықты ана келді. Ол құдағайы сыйға тартқан алтын алқасы мен гауһар тасты  жүзігін тапсырмақшы екен.

— Екі бөлмелі пәтерде тұрамын.  Өткен айда тұрмыстағы  қызым  несиелерін өтей алмай, менен қарызға ақша сұраған еді. Шыдай алмай, қолымдағы барымды бердім. Енді, міне, келесі айға дейін ломбардқа алтын бұйымдарымды өткізіп, ақша алмақпын. Бұл да қиналғанда демеу ғой. Қазір кім қарыз береді, шырағым-ау, — деді налып. Сол сол-ақ екен жасы отыздар шамасындағы ер адам ақжаулықты ананың сөзін қоштап ала  кетті.

— Менің ойымша, негізі ломбард, несие-кредит дегендерге адам жоламаған дұрыс. Бірақ өзім қаражаттан тарыққан кезде, амал жоқ, келіп тұрамын. Осыдан біраз уақыт бұрын қаланың шетіндегі  бір ломбардқа неке жүзігімді, келіншегімнің бар алтынын  тапсырып, 120 мың теңге алған едік.  Уақтылы төлеуге мүмкіндігіміз болмай, пайызын айына 12 мың теңгеден төлеп тұрдық. Қысқасы, бір айымыз жеті  айға созылып, 120 мың теңгені 190 мың етіп төлеп, әрең құтылдық. Бүгін кешке досымның тойы бар еді. Ақша керек болып, жұбайымның гауһартасты жүзігін тағы  алып келген бетім. Өкінішке орай, көп ломбардта алтын жүзіктің гауһар көзі есептелмейді екен. Тек алтынның салмағын тексеріп, қолыма небәрі 20 мың теңге берді, — деді  Ерасыл есімді Оралдың тұрғыны. Ал Динара есімді бойжеткен наурыз айында ломбардқа тапсырған алтын жүзігін кері ала алмаған екен.

— М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың студентімін. Наурыз айында қаржыдан қысылып, Достық даңғылы бойындағы ломбардқа бардым. Ол кезде жасым 18-ге толмаған  еді. Содан ондағы менеджер апай жеке куәлігімді қарап,  кәмелеттік жасқа толғанда ғана алтын сақинамды қабылдап, ақша беретінін айтты. Сол сәтте ойыма жатақханадағы құрбым түсті. Ол бізден жоғары курста оқитын еді. Содан мен алтын сақинамды оның куәлігі арқылы  тапсырып, қажетті қаржыны алдым. Күндердің бір  күні жатақханада сол құрбыммен болмашы нәрсеге бола ренжісіп қалдым. Содан менің ломбардпен жасасқан келісімшарттың уақыты келгенде, ол жеке куәлігін бермей қалды. Осылайша алтын жүзігім сатылып кетті, — деді Динара есімді кейіпкеріміз.

Алмагүл есімді қала тұрғыны болса, алтын бұйым өткізіп, несие алу тығырықтан шығар  жол еместігіне көз жетізген.

— Ұлым үйленерде қаладағы ломбардтардың біріне алтын өткізгенмін. Алайда алған кезде өзім өткізген сақина бастапқы салмағымен салыстырғанда айтарлықтай азайып, қаңылтыр болып қалды. Бұл туралы ломбардта жұмыс жасайтын менеджер қыздардан сұрасам, олар «Сіз алтын өткізгенде, басқа қыз жұмыс істеген. Қазір ол қыз жұмыстан шығып кетті. Біз бұл туралы ештеңе айта алмаймыз», — деді. Содан кейін де бірнеше мәрте сол ломбардқа барып сұрастырсам да, көңіл толатындай мардымды жауап ала алмадым. Осы оқиғадан кейін ломбардқа алтын өткізгім келмейді, — деді Алмагүл Алтынбекқызы.

«Қаржылық  сауаттылықты  үйренуіміз  керек»

Әңгімемізге арқау болып отырған мәселеге орай, қаржылық ұйымдарда қызмет атқарған экономист-қаржыгер Мәулен Неғметовтің пікірін білген едік.

— Жалпы, ел-жұрт банкке, ломбардқа  қаржыдан қысылған кезде  бас сұғады.  Осы орайда екінші деңгейлі банктердей емес, ломбардта басы артық құжат тексермейді. Алтын бұйымдарыңызды, қала берді, көлігіңізді кепілге алып, ақша ұсынады. Бұл – ақшадан қысылған адамға таптырмас мүмкіндік. Алайда  ломбардта пайыздық үстеме жоғары. Жалпы, алтынның нарықтағы бағасы күн сайын өзгеріп отыратыны мәлім. Оған мұнай бағасының көтерілуі не құлдырауы, әлемдік сауда қатынастары әсер етеді. Сондай-ақ алтын өндіруші компания алтынды мол шығарса, онда алтынның бағасы арзандайды. Ломбард иелері де заңға сәйкес мемлекетке салығын төлеп, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып келеді. Жеке басыма келер болсам, кейде жалақы уақытында аударылмай, кешіккен сәтте ломбардқа жүгінген кездерім болды. Ломбард — шетелде тәжірибеден өткен бизнес көзі. Тұрғындардың көбі ломбардқа салған алтындарын келісімшарт мерзімі келгенде ала алмай, жаңа мерзімге ұзарта береді. Содан алтын бұйымын  тапсырғанда алған қаржысынан еке есе көп ақша төлеп, сатып алып жатады.  Ал кейбіреуі айдан-айға ұзартып жүріп, соңында ала алмай қалады. Ломбардта кепілге қойған затыңызды өзінің бағасынан анағұрлым кем бағалайтынын білген жөн. Мәселен, сіз 80 мың теңгеге алған алтын бұйымыңызды ломбард небәрі 3540 мың теңгеге бағалайды. Менің ойымша, жалпы қарыз алудан аулақ болу үшін халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру керек. Көбіміз ақшаны сақтауды, шығындарымызды жоспарлауды білмейміз.

Жалақы алса, маңызы жоқ дүниелерді сатып алады.  Балабақшадағы балаға жол жүру ережесін өмірі үшін маңызды деп үйретсе, оларға солай қаржылық сауаттылықты, отбасылық бюджетті дұрыс жоспарлап, оны соған сай орындауды  ұғындыруымыз керек. Кез келген отбасы мүшелері кірісі мен шығынын  есептеп жүрген жөн.  Кемінде жалақының 10%-ын алдағы күннің қорына жинап қою керек. Қазіргі уақытта несие алып, дабыралатып той жасап, кейін қаржылық қиындықтан ажырасып кеткен отбасылар да бар. Сондықтан қарыз алуды емес, табысымызды жоспарлы жаратуды үйренуіміз керек, —  дейді Мәулен Мейрамұлы.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

“Орал өңірі”

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар