29.07.2017, 4:32
Қараулар: 240
Армандар орындалады

Армандар орындалады

гулжамал


Журналист  болуды  бала кезімнен армандадым.  Оған  себепкер  болған  сол  кездегі  балалар мен жасөспірімдердің  сүйікті  басылымы болған  «Ұлан»  газеті еді. «Ұлан» газетіне тырнақалды шимайларымды жиі жазып жіберетінмін. Ал сонау Алматыдан сол кездегі Орал  облысының Қаратөбе ауданына қарасты  Шөптікөл кеңшарының  №2  бөлімшесіне «Құрметті Гүлжамал!» деп басталып, мені іздеп келетін хаттар бала көңілімді көкке көтеретін. Біздің әр шимай-шатпағымызға жауап беретін, сол кездегі талай балалардың балалық арман-тілектерінің үмітін үрлеген «Ұлан» газетінің мен үшін маңызы зор.  Хат келген күні немесе «Ұлан» газетіне кішкентай туындыларым жарық көргенде,  марқұм әжем көрші әжелерге «Қызымның алғашқы қадамы ғой» деп тәтті шай беретін еді. Алайда оқу бітіретін жылдарымыз қиын кездермен тұспа-тұс келіп,  өзім армандаған оқу орнына түсе алмадым. Маңдайыма жазылғаны мұғалім болу шығар деп шәкірт тәрбиесіне шын ниетіммен  атсалысуға тырыстым.


Балалар әлемі – ерекше әлем. Олармен жұмыс жасай жүріп, кейбір әсерлі сәттерді қағазға түсіріп жүретінмін. Бірде «Мұғалім күнделігінен» атты шағын мақаламды өзімнің сүйікті газетім «Орал өңіріне» жібердім. Кейіннен газеттің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллиннің  шақыруымен  облыстық  басылымға  қызметке  орналастым.  Осылайша  отыз  жасқа  жақындағанымда, бала кезгі арманым  аяқ  астынан  орындалды.  Сондықтан шынайы армандардың  түптің  түбінде  орындалатынына  әр адам сенуі тиіс.  Ең  алғаш Қазбек Құттымұратұлы жетекшілік ететін бөлімге түстім. Ол кісі өзінің «Егіз есім» атты жобасын ұсынып, менің жұмысты әрі қарай  алып кетуіме ықпал жасады. Сол кезде  (2007 жылдары) компьютерден терім жасауды да білмейтінмін. Бірақ үстелімнің алдында толып кеткен хаттар мен тапсырмаларды тезірек орындау үшін екі күннің ішінде терімді  тез теретін жағдайға жеттім. Содан бері балалар психологиясы, мұғалімдердің еңбегі мен мәселелері,  отбасылық құндылықтарды дәріптеген мақалаларым оқырманға жол тартып келеді.

 Бірде бір студент қыз: “Апай, журналистиканы қайдан бітірдіңіз, ұстаздарыңыз кім болды?” деп сұрады. “Мен журналистиканы әлі бітірген жоқпын, оқып  жүрмін” деп жауап  бердім.  Тықылдақ  қызым  таңғалып, қарап  қалыпты.  «Менің журналистикадағы алғашқы ұстазым Бауыржан Ғұбайдуллин, өйткені мені журналистика әлеміне алып келген сол кісі. Одан бөлек  алғашқы сәттен  бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңестерін аямаған әріптес-ұстаздарым Қазбек Құттымұратұлы, Ғайсағали Сейтақ,  Тәрбие Смағұлова, Сырымбек Тұяқов, Есенжол Қыстаубаев деген мықты мамандардың тәлімін алып жүрмін. Мен «Орал өңірі» деген үлкен мектептің журналистика факультетінде әлі оқып жүрмін, диплом алған жоқпын» деп  жауап берген едім. Шынында да, мен өзімді әлі дипломын алмаған студенттей сезінемін. 100 жылдық тарихы бар басылым «Орал өңірі» газеті тек газет шығарып қана қоймай, мен сияқты журналист болғысы келетін талай жанның өмірден өз орнын табуына ықпал етіп келеді. Осы салада білетінімнен білмейтінім, үйренерім көп. Ұстаздарым мен әріптестерімді қос басылымның 100 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтаймын! Ал жүрек түкпірінде бұғып жатқан арманы бар оқырмандарымызға «Ертеңгі күнге сеніңіздер!

Армандар орындалады!» дегім  келеді.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»  газеті  қоғамдық-саяси  бөлімінің  тілшісі

Газет тариxы

Басқа да мақалалар