«…Мен жастарға сенемін!»

Күні , 694 рет оқылды

Есенжол Кыстаубаев_2016_июнь


Арыстандай  айбатты,

Жолбарыстай  қайратты.

Қырандай  күшті  қанатты,

Мен  жастарға  сенемін!

Мағжан  ЖҰМАБАЕВ


Осыдан тура 40 жыл бұрын айналайын, «Орал өңірінің» табалдырығынан имене аттаған жас жігітке, яғни осы жолдардың авторына (жалғыз маған емес, мен құралпы жастардың бәріне де)  газеттің сол кездегі бас редакторы Бақтыбай Далабайұлы осылай деп еді-ау… Тура дәл осылай демегенмен, осыған жақындатып, «Сендердің журналистикадағы болашақтарыңа сенемін» — деуші еді. Тым  жиі болмағанмен,  ілуде бір болса да, оңаша шақырып алып, бұған дейін газетте шығып кеткен мақалаларымыздың ішінде сәтімен құраған сөйлемдерімізді, орнымен қолданған сөзімізді, сұлу шыққан суреттемелерімізді кішкентай қойын кітапшасынан мәністеп отырып, оқып беруші еді. Өзіміз жазғанмен, өзіміз ұмытып қалған әлгі сөздерді өзімізге қайта оқып бергенде (майысқақ қаламымыздан туған әр мақаламызды айтасыз, әр сөзімізді безбендеп, кітапшасына әдейі көшіріп алып жүретінін айтсайшы…),  көңіліміз көкті тесіп өтердей болушы еді-ау! Алдыңғы ағаның кейінгі жалғасының жігерін жану деп осыны айт! Содан бері неше жыл аунады, қанша су ақты. Енді, міне, біз де ақсақалдар ауылына ат туарып жатқан сәтімізде сол сөздерді бізге де айтуға тура келіп тұр. Оны айтқызғалы тұрған «Орал өңірінің» ғасырға толған жасы, онда қызмет атқарып жүрген бүгінгі легі, бұла толқын жастары.

 Иә, заман өзгерді, уақыт, орта  адам танымастай бөлек. Соған орай газеттің де бедері бөлек. Өзгермегені мақсат-мұраты – оқырман көңілінен шығу, талап-тілегінен қия баспау, соның мұңын мұңдау, оның жоғын жоқтау. Сәт санап құбылып, жөңкілген ақпараттар ағынынан қалып қоймай, оны анау ауылдың қыры мен ойындағы, ағайынның ауанына жеткізу. Осы мақсаттардың үдесінен шығып, өздерінің де мерейі үстем, газеттің де абыройын аспандатып жүрген жастар баршылық бүгінде «Орал өңірінде»! Дәлел қажет пе? Мархабат! Өзі редакцияда отырса да, көңіл дүрбісі ауылда шаруа баққан ағайынның ортасында жүретін қай жерде қай қой егіз тауып, қай шаруаның қай сиыры бошалап кеткенін «біліп» отыратын, мақалалары қазір ғана сол ауылдан келгендей жазылатын «зоотехник», «веттехник», «агроном», «финансист», «бизнес-леди» Гүлбаршын Әжігереева, барған жерінде көрген нәрсесін тәптіштеп сұрамай, діттеген дерек-дәйегін алмай, жазатын нәрсесіне әбден қанықпай, соңына түскеннің қыр соңынан «өлсе де» қалмайтын «экономист», «кәсіпкер» және тағы бір «бизнес-леди» Айша Өтебәлі, қаламының қарымы арқасында «Орал өңірінің» де маңдайын жарқыратып, өзінің де маңдайы жарқырап, Еуропа асып, талай жерді басып, Лондонға барып қайтқан Сәкен Әбілхалықов, алдына сақалы, аузынан мақалы төгілген ақсақалдың алдынан қия өтпейтін, қайта қисайып жата кетіп, әңгімесін тыңдағысы келіп тұратын, оба, қорған, ескі қорым, құлпытас тұсынан «қарасыншылап» өте алмайтын, ескі әңгіме, тәмсіл, аңыз десе, айналшықтап шыға алмайтын, күй күмбірлеп, жыр жырланған жерден табылатын, қолтығынан әдеби кітаптар түспейтін  Нұртас Сафуллин, мектеп өмірінен, білім саласынан жазса, айдынын аңсап жеткен аққудай тербелетін, тебіренетін Гүлжамал Кенжеғалиева, тың тақырып, жаңа дүние жазсам деп құлшынып жүретін, ертеңді кеш ерттеулі пырақтай елеңдеп тұратын күміс қалам, қарлығаш қарындастарымыз Ләззат Шағатай, Гүлсезім Бияшева, Айымгүл Төлеуғалиева, бас редактор қайда жұмсаса да, қыңқ етпей аттанатын, барған жерлерінен тап-тұйнақтай дүние әкелетін Нұртай Текебаев, Нұрбек Оразаев, мойнынан асай-мүсейлері түспейтін, үнемі етегіне сүрініп, шауып жүретін фототілші Темірболат Тоқмамбетов, жұмысы ертеңді-кешті айтасыз, күні-түні  «өртеніп» жататын секретариаттың тас құманын шоқтан түсірмейтін Жаннат Есполаева мен Назгүл Ізтілеуова, газеттің енді  шығатын  нөмірінің  беттерін  безендірумен таңды  атырып, күнді  батыратын Жасұлан Көшекқалиев пен Азат  Есенаманов, қылт еткен қатемізді корректурадан шығармай, көзін құртатын қырағы корректор қарындастарымыз Нұргүл Сұлтанова, Динара Шанкишева. Міне, біз  осындай  жастарға  сенеміз!!!

 Бір жерден оқыдым ба, әлде естідім бе, әйтеуір өзімнің сөзім емес, көңілге көрікті лепес ретінде мөрдей болып дөп түскен, сол күйінде қалып қойған бір тәмсіл көлбеңдейді осындайда. Желке жағымнан топ-топ түсіп, дүсірлетіп келе жатқан  тұяқтардың дүбірі келеді. Дүбірін айтасыз, кейде демі де арқамды қарып-қарып кетеді. Енді болмаса, шаңдарына көміп өте шығардай, шымыр да тегеурінді тұяқтардың, жас «перілердің» дүбірі. 100 жасаса да, қартаймаған, оқырманымен әлі де жасай беретін  бүгінгі «Орал өңірінің» бүгінгі жас қаламгерлерінің дүбірі ғой, бұл!!! Шабыстарыңнан талмаңдар, айналайындар!  Бір ысынып, бір суынып, «өліп-өшіп» отырып, жазатын дүниелерің көп болғай, сендердің!!!

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі» газеті бас  редакторының орынбасары, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,   ҚР Мәдениет қайраткері,  Қазақстанның  құрметті журналисі,  Ақжайық  ауданының  құрметті  азаматы


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика