29.07.2017, 4:28
Қараулар: 193
Батыс Қазақстан басылымдарына — 100 жыл

Батыс Қазақстан басылымдарына — 100 жыл

1968 Орал оніріне орден берілген кун


Еліміздегі ең байырғы мерзімдік басылымдардың бірі Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің биыл шыға бастағанына 100 жыл толып отыр. Бұл басылымдар 1917 жылы Бөкей ордасында жарық көрген «Ұран» газетінен бастау алады.


«Ұран» газеті 1917 жылдың 28 шілдесінен бастап шыққан. Оның редакторы – ағартушы, полиглот ғалым Ғабдолғазиз Мұсағалиев болған. Кейін Қазақ АССР-ның оқу-ағарту комиссары болатын Нұғман Манаев та орыс газетінде редактордың орынбасары қызметін атқарған.

Біз көп жыл бойы Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерін 1918 жылғы 17 қарашадан бастап шықты деп келдік. Өйткені Совет өкіметі тұсында алашордашыл «Ұран» газеті туралы айтуға тыйым салынып, оның орнына Орда қаласында қазақ және орыс тілдерінде шыққан «Известия областного исполнительного комитета Совета крестьянских, рабочих, киргизских, красноармейских и ловецских депутатов» – «Ішкі Ордалықты басқарушы областной кіндік комитеттің Хабары» атты басылымнан бар тарих басталды. Тек 2016 жылы ғана әділеттілік салтанат құрып, «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттері әр санының маңдайына «Газет 1917 жылдың 28 шілдесінен бастап шығып келеді» деп жаза бастады.

Қазір қолда бар деректер бойынша, «Ұран» газеті 1918 жылдың ортасына дейін шығып тұрған деп айта аламыз. Газеттің әзірге табылған соңғы №38 саны 1918 жылғы 16 мамырда шыққан. Бұл газеттің жалпы қанша саны шыққаны, тарихи тағдыры, басқа да мәліметтері зерттеуді қажет етеді.

Хан ордасына болшевиктер келіп, совет билігі орнаған соң, яғни 1918 жылы 17 қарашада «Ұран» газеті жабылып, оның орнына Бөкей облысы кеңесінің органы ретінде «Хабар — Известия» деген атпен жарық көрген.

Жоғарыда айтқанымыздай, Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық-саяси «Орал өңірі» газетінің алғашқы саны шыққан күн ретінде көп жыл бойы осы дата айтылып келді. Кеңес үкіметі жылдарында Қазақстан Компартиясы Орал облыстық және қалалық комитеттері мен еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің органы болды. 1968 жылы облыстық басылымдардың шыға бастағанына 50 жыл толуына орай «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттері «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

«Хабар – Известия» газеті 1919 жылы 1 қаңтардан «Қазақ дұрыстығы – Киргизская правда» атала бастаған. Кейбір деректерде газет редакторы Мұстафа Көкебаев болғандығы айтылады. Бірақ басылымда бұрынғыдай «шығарушы Милютин» деп жазылған.

Азамат соғысының аласапыран кезеңінде, қым-қуыт оқиғаларға толы 1918-1920 жылдары Ордадағы қоғамдық-саяси өмір де ерекше күрделі болған. 1920 жылы республика билігі Орынборға шоғырланып, ресми астана мәртебесі жарияланғанға дейін бейресми орталық, жалпықазақтық астана қызметін Хан ордасы атқарған. Мәселен, ең алғашқы қазақ советтік баспахана 1918 жылы осы Ордада ашылды. В. Ленин, К. Маркстің еңбектері, советтік идеология әдебиеттері қазақ тіліне аударылып, кітаптар шыға бастады. Ең алғашқы мұғалімдер сиезі өтіп, оқулық жазу, мектеп бағдарламаларын жасау мәселесі көтерілді. Бұл мақсаттарға Мәскеуден қыруар қаржы бөлінді. Ордаға сол кездегі ең заманауи баспахана жабдықтары жеткізілді. Бөкейлікте Қазақтың №1 Үлгілі атты әскер полкі жасақталды. Қазіргі Қазақстан Жазушылар одағының баламасы дерлік «Жазушылар құрамасы» құрылды. Дәл осы топ осының алдында орыс-қазақ тілдерінде шыққан большевиктік қос газеттен («Хабар — Известия», «Қазақ дұрыстығы — Киргизская правда») мүлдем бөлек, бастан-аяқ қазақ тілінде «Дұрыстық жолы» газетін шығарды. Ол басылымның алғашқы саны 1919 жылы 26 ақпанда жарық көрді.

Зерттеушілердің бірауыздан айтуынша, «Дұрыстық жолының» орны бөлек. Біріншіден, бұл басылым бастан-аяқ қазақ тілінде шықты. Екіншіден, «Дұрыстық жолында» қазақ халқының, қазақ зиялыларының мақсат-мүддесі айқын көрінеді. Бұдан бұрын Ордада шыққан «Қазақстан» мен «Ұранның», тіпті жалпықазақтық «Айқап», «Қазақ» секілді басылымдардың салған жолы, алға қойған мақсаты анық байқалып тұр. Ол жол, ол мақсат – қазақ халқын ағарту, бірлігін сақтау, өзгелермен терезесі тең ел ету, автономия болу еді.

Бұған дейін Бөкейліктегі Хан ордасын бүкіл қазақ даласына орталық етуге күш салған большевиктер Азамат соғысында жеңіске жетіп, жалпы Ресейде күш алған соң, 1920 жылы республика билігін Орынборға шоғырландыра бастады. 1920 жылы 26 тамызда Бүкілресейлік ОАК мен РКФСР ХКК «Қырғыз (қазақ) автономиялы социалистік кеңес республикасын құру туралы» Декрет қабылдады. РКФСР БРОАК-ның 1920 жылы 22 қыркүйектегі жаңа Декретімен Орынбор губернаторлығы мен Орынбор қаласы ҚазАКСР құрамына қосылды. 1920-25 жылдары Орынбор қаласы Қазақстан астанасы болды. Сөйтіп, Ордада шоғырланған советтік қазақ билігі-нің көсемдері Орынборға қоныс аударды. Хан ордасына орнатылған заманауи баспахана да Орынборға көшірілді. Бұл жөнінде осы оқиғалардың куәсі Тамимдар Сафиевтің естелігінде толығырақ айтылған. Ордада «Дұрыстық жолын» шығарған топ құрамындағы Халел Есенбаев пен Тамимдар Сафиев 1919 жылдың 17 желтоқсанынан бастап Орынбордан жалпықазақтық «Ұшқын» газетін шығара бастаған. «Ұшқын» — қазіргі Қазақстан Республикасының ең үлкен аға басылымы – «Егемен Қазақстанның» ізашары болатын.

Осы тұстан Батыс Қазақстан облыстық газеттерінің шежіресі Орал қаласындағы баспасөз ісімен байланысты айтылады. Белгілі баспасөз тарихын зерттеуші Қылышбай Сүндетұлы: «Орал-Бөкей Қазақ әскери революциялық комитетінің 1919 жылдың 15-28 қарашасында Қазәсревкомының басқармасына берген есебінің баяндамасында: «…Татар тілінде «Сахара таңы» атты газеттің бірінші саны 3000 данамен жарық көрді. Жаудан тазартылған аудандардағы мұсылман қызыл әскерлер мен 25-ші дивизияның саясат бөлімі арқылы жауынгерлер арасына таратылды. Мәскеу, Саратов, Қазан, Орынбор және басқа қалаларға жіберіліп, онда шығатын татар газеттері секілді ауылдық кеңестер мен атқару комитеттеріне киргиз (қазақ) арасында мәдени жұмыстарды жүргізу үшін жіберілді» делінген» деп жазады.

Иә, Орал қаласында большевиктердің жергілікті халыққа арнап шығарған басылымы – «Сахара таңы» газеті негізінен татар тілінде шыққан. Бұл жөнінде Әмірғали Ипмағамбетов өзінің «Қызыл ту» газетінде (8. 01. 1926 ж., №3) жарияланған «Есімде қалғандар» мақаласында былай дейді: «Орал губернесінде қазақ тілінде баспасөз төңкерістен соң ғана дүниеге шықты. Одан бұрын шыға түсіп жоғалып кеткен «Қазақстан» газетін еске алмағанда газет атын естігеніміз жоқ-ты.

…1919 жылдың сентябрь-октябрь айларында Орал губернесі қазақ-орыс жандаралдарынан, Алаш-Ордадан құтылып, кеңес орнағаннан кейін Текеде қазақ тілінде газет шығару керек болды.

Ең әуелі «Сахара таңы» газеті шықты. Мұның басқармасында қазақтан жазушылар аз болды, көбі татар еді. Сондықтан газеттің тілі татарша да емес, қазақша да емес, былық болды. Шығарушы Забирұлы Уәли еді. «Сахара таңының» өмірі ұзын болмады, 3-4 саны шықты да, тоқтап қалды…»

1919 жылдың аяғы, 1920 жылдың басында Орал қаласында қазақ тілінде газет шығаруға тағы бір талпыныс болған. Бұл туралы Ахмет Мамытұлы былай деп жазады: «…Бір күні губком хатшысы жолдас Петровский қазақ жігіттерін жинап алып, қазақ тілінде бір газет шығарудың керек екенін, соған ат қойып, шығарушы белгілеуді ұсынды. …Ертеңіне 4-5 қазақ: мен, Қаратілеуұлы, Епмағамбетұлы, Әлібекұлы бір үйде жиналып, қазақ газетіне ылайық ат қойып алуды кеңестік. …Газеттің аты «Ерік» болды. …Сол күннен бастап мені шығарушы етіп белгіледі де, іске кірісуге қосты. Жұмысқа кірістім, бірақ жәрдемші етіп бір адам да бермеді, бергенмен ылайықты кісі де жоқ еді. …Жазушы да өзім, корректор да өзім… жазға дейін тоқтатпай жеткіздім». Алайда Оралда тұрмыстың қиындығы, жәрдемдесетін сауатты қазақтардың тапшылығы салдарынан 1920 жылы жазда «Ерік» газеті қалың қазақ ішіне, Жымпитыға көшірілген. Кейін, 1923 жылдан бастап бұл басылым баспаханасымен, қызметкерлерімен бірге Атырау (бұрынғы Гурьев) қаласына көшіріліп, қазіргі Атырау облыстық газетінің бастауына айналады.

Орал қаласында қазақ тілінде губерниялық газет шығарудың үшінші мәрте талпынысы «Қызыл ту» газеті болды. Оның алғашқы саны 1920 жылдың 7 желтоқсан күні шықты. Бұл газеттің басы-қасында әу баста Батырбек Әлжанов пен Шайқы Жантілеуов, кейіннен Ысқақ Санатұлы, Ғабидоллаұлы, Рахметжан Малабайұлы, Әмірғали Ипмағамбетұлы, Ахмет Мамытұлы, Медеш Оралдиев, Нұғман Манаев, Тамимдар Сафиев және т. б. тұлғалар жүрді. Сөйтіп, «Қызыл тудың» ғұмыры ұзақ болды, 1932 жылға дейін шықты. Орал губерниялық (облыстық) басылымының негізін қалады, іргетасын нық бекітті.

Орал облыстық басылымдары 1932-1957 жылдары «Екпінді құрылыс», 1957-1963 жылдары «Октябрь туы» деген атпен шықты. 1963 жылы мамырдан «Орал өңірі» деген атаумен шығып келеді.

Алғашқы қазақ басылымдарының қарлығашы – «Қазақстан» (1911-1913 ж. ж.) газетінің ізбасары ретінде жарық көрген «Хабар» газетінің басында да Алаш арыстары тұрды. Мысалы, 1919 жылы ақпан айында Ордада өткен сауатты қазақ жастарының жиналысына Шафхат Бекмұхамедов, Бисен Жәнекешев, Мұстафа Көкебаев, Халел Есенбаев, Ғали Бегалиев, Ғабит Сарбаев, Әмірғали Меңешев, Хайырлы Бекқалиев, Хамид Чурин, Ғұмар Қараш секілді азаматтар қатысып, бұған дейін «Хабар» және «Қазақ дұрыстығы» аталып екі тілде шығып келген газет орнына бір ғана қазақ тілінде газет шығару мәселесін талқылайды. Көпшіліктің ұйғарымымен газет атауы «Дұрыстық жолы» болып өзгертілгенде, оның редакция алқасына Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев және Тамимдар Сафиев кірген. Бұл жөнінде газеттің жартығасырлық мерейтойына арналған мерекелік нөмірде (1968 жылғы 17 қараша) сол кезде Мәскеу қаласында тұратын Тамимдар Сафиевтің «Газет осылай шығарылды» атты мақаласында айтылады.

Бір ғасырлық тарихында ұлтымыздың ең байырғы басылымдарының бірі ретінде «Орал өңірі» газеті де талай тарихты бастан кешті. Ұлт зиялыларының басын қосқан киелі шаңыраққа айналды. 1932-1937 жылдары Орал педагогикалық институтында жұмыс істеген Қажым Жұмалиев редакция жұмысына белсене араласты. Сол кездері Орал қаласында болған Қасым Аманжоловтың тұңғыш өлеңі «Екпінді құрылыс» газетінде басылды. Қасымның қаламдас досы, 1934-1936 жылдары Орал пединститутында оқыған ақын Абдолла Жұмағалиевтің де газет тарихында орны бар. Ақиық ақындардың 1932-1936 жылдары газет редакциясында қызмет атқарғаны жөніндегі ескерткіш тақта кезінде «Екпінді құрылыс» газетінің редакциясы болған ғимаратқа – Орал қаласы, Ғұмар Қараш көшесіндегі 14-үйге орнатылған.

Хамит Ерғалиев, Хамза Есенжанов, Жәрдем Тілеков, Жұбан Молдағалиев, Сағынғали Сейітов секілді қазақ әдебиетінің алыптары да алғашқы қадамдарын «Орал өңірінде» бастаған.

Газет редакциясында ұлтжанды азаматтар қызмет еткендігі жөнінде дерек көп. Мысалы, «Екпінді құрылыс» газетінің сол кездегі бас редакторы Сәтбек Иманқұлов 1937 жылы «Халық жауы» деген жаламен айыпталып, ату жазасына кесілген. Ол сол кездегі кеңес үкіметі саясатына, елдегі ашаршылыққа наразылық білдірді деген жаламен оққа байланған.

Көп жылғы ізденістердің нәтижесінде Батыс Қазақстан облыстық газеттерінің тарихына қатысты көптеген тұлғаның 1930-1938 жылдар аралығында саяси репрессия құрбаны болғанын анықтадық. Олар – Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Нұғман Манаев, Уәли Забиров, Халел Есенбаев, Ахмет Мәметов, Батырбек Әлжанов, Шайқы Жантілеуов, Абдрахман Байділдин, Рахым Сүгіров, Медеш Оралдиев, Сәтібек Иманқұлов, Елжас Бекенов, Ізбай Қошанов, Ыдырыс Мұстамбаев  және т. б. болатын.

1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысы кезінде қаламын қаруға айналдырып, ұрыс даласына аттанған журналистер де аз болған жоқ. Мысалы, Сағит Құдайбергенов, Айтжан Құсайынов, Б. Нұрғалиев, Ж. Құдасов, Ғ. Қалиев секілді қаламгерлер редакциядан өз еркімен соғысқа сұранып, қан майданда қаза тапқан. Кейбір деректерде редакциядан соғысқа он адам аттанғаны, олардың ішінен Ғұбаш Жөндібаев қана аман оралғаны айтылады. Бүгінде газет редакциясының фойесінде боздақтардың құрметіне арналған ескерткіш тақта орнатылған. Ал Хабер Нұрмұхамедов, Бисен Жұмағалиев, Қосаман Орынбасаров, Ғалиасқар Қосанов, Рахым Қожахметов, Ғұбаш Жөндібаев секілді ағаларымыз майданнан аманесен оралып, газет редакциясында ұзақ жыл жемісті еңбек етті.

Облыста әдебиет пен журналистика саласында қалам тербеген тұлғалардың «Орал өңірі» газетіне тағдырын қоспағаны кем де кем. Қазақ поэзиясының ең ірі өкілдерінің бірі Қадыр Мырза Әлидің алғашқы туындылары осы газет бетінде басылды. Газет редакциясында ұзақ жыл қызмет еткен белгілі ақын, КСРО Жазушылар одағының мүшесі Жанғали Набиуллин 1963 жылы 1 мамырда «Орал өңірі» деген атпен шыққан тұңғыш санына кезекшілік еткенін есіне алады. Бұл газетте қазіргі қазақ әдебиеті мен журналистикасының көрнекті өкілдері Ақұштап Бақтыгереева, Айтқали Нәріков, Серікқали Шарабасов, Рахымжан Отарбаев, Мақсот Ізімов, Серікқали Хасанов, Александр Тасболатов, Таңатар Төлеуғалиев, Темір Құсайын және т. б. әр жылдары қызмет атқарған.

Басылымның ұзақ ғұмырында қазақ журналистикасының талай майталманы «Орал өңірі» газетіне басшылық жасады. Сол редакторлардың тізімі, басшылық еткен жылдарының кестесі осы жинақта бөлек беріліп отыр.

«Орал өңірі» газетінің редакциясы 1958-1984 жылдар аралығында Орал қаласының Карев көшесіндегі 47-үйде (әйгілі Карев үйінің үшінші қабатында) орналасты. 1984 жылдың күзінде қазіргі Достық даңғылы 177-үйдегі жаңадан арнайы салынған ғимаратқа – Баспасөз үйіне көшті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жекешелендіру науқанында ғимаратынан айырылып қалған редакция 2006-2009 жылдары көп қиындық көріп, бірнеше мәрте көшіп-қонуға мәжбүр болды. 2009 жылы ақпан айында сол кездегі облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қолдауымен қазіргі ғимаратқа – Орал қаласы, Мұхит көшесі 57/1-үйге қоныстанды. Сол жылы облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері өз баспаханасынан басылып шыға бастады.

Қазбек  ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Жайық  Пресс»  ЖШС  жанындағы

баспасөз  тарихын  зерттеу  орталығының жетекшісі

Газет тариxы

Басқа да мақалалар