21.07.2017, 21:54
Қараулар: 16
«Жұмыстар жоспарға сай жүруде»

«Жұмыстар жоспарға сай жүруде»

Облыс  әкімі А. Көлгінов  Ақжайық  ауданында  болды

PRI_0304


Облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  өткен  бейсенбіде  Ақжайық ауданының  орталығы  Чапаевқа  және  Тайпақ,  Шабдаржап ауылдарына  іссапармен  барды.


Облыс басшысы алдымен Шабдаржап ауылына ат басын тіреп, жаңадан салынып жатқан 198 орындық мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. Ауыл мектебінің директоры Бекзат Иманғалиеваның мәлімдеуінше, ескі мектеп 120 орынға есептелгенімен, онда 165 оқушы білім алып, мектеп жасына дейінгі 48 бүлдіршін тәрбиеленуде. Оның үстіне 1958 жылы салынған мектеп алты жылдан бері апаттық жағдайда тұр. Егер жаңа мектеп жоспарға сай келесі оқу жылында қолданысқа берілсе, ескі ғимарат жағдайы нашар, жеке тұрғын үйлері жоқ отбасыларға ыңғайланып ұсынылмақ.

Жаңа нысанды салушы «Наурыз» ЖШС құрылыс фирмасының басшысы Азамат Ғұбайдуллин шілде айының алғашқы күндерінде құрылысқа кіріскендерін айтты.

– Мемлекеттік сатып алу фирмасы конкурс ұйымдастырып, нәтижесінде «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясы есебінен құрылысқа 635,7 млн. теңге бөлінді. Жаңа мектептің жалпы  аумағы – 2,1018 гектар, ал ғимарат ауданы 2,4 мың шаршы метрді құрайды. Екі қатарлы мектептің әр сыныбы арнайы құралдармен жабдықталады және жеке спорт алаңы салынады. Бүгінде 30 құрылысшы ғимараттың алғашқы жұмыстарын атқаруда. Олардың ішіндегі 15-і жергілікті тұрғындар болып табылады. Құрылыстың күрделенуіне орай алдағы уақытта қызметкерлер санын арттырамыз. Мектеп салуға қолданып жатқан құрылыс материалдарының шамамен 80 пайызы Орал қаласында өндіріледі. Сондықтан күн сайын облыс орталығынан 10 ауыр жүк автокөлігімен құрылысқа қажетті материалдарды тасимыз. Жоспар бойынша келер жылдың наурыз айында мектеп құрылысы толықтай аяқталуы тиіс, – дейді Азамат Аxметұлы.

Құрылыс жұмыстарымен мұқият танысқан Алтай Сейдірұлы ауа райының ыстығына қарамастан, құрылысты тоқтатпай жүргізіп жатқан жұмысшыларға сәттілік тілеп, жұмыстың сапалы атқарылуын талап етті.

PRI_0457Бұдан соң өңір басшысы Тайпақ ауылдық округінде болып, ауыл көшелерін абаттандыру жұмыстарының сапасын тексерді. Айта кетейік, жергілікті бюджет есебінен 27,492 млн. теңге бөлініп, ағымдағы жылдың мамыр айында жаяу жүргіншілерге арналған асфальтты жол салына бастаған болатын. Ұзындығы 2,28 шақырымды құрайтын жолды салушы мердігер – «ВипСтройИнвест» ЖШС директоры –  Александр Попсулько. Тамыз айында аяқталуы жоспарланып отырған жаяу жүргіншілер жолы Тайпақ ауылындағы негізгі көшелерді бойлап, ауруxана, мектеп және мәдениет үйін байланыстыратын  болады.

Сонымен қатар аталған елді мекенде дене шынықтыру және  спорт алаңының құрылысы жүріп жатыр. Саламат Сертеков басқаратын «Жолаушы-Жол» ЖШС қолға алған нысанның құрылысы мамыр айында басталыпты. Құрылыс барысын «Батыс Строй Груп» компаниясы техникалық, ал «Газсервис и К» компаниясы авторлық қадағалауға алған. Жобаға жергілікті бюджет есебінен 18,3 млн. теңге қаржы аударылған. Жалпы аумағы — 0,315 гектар, ал құрылыс ауданы 648 шаршы метрді құрайтын спорт нысанының жұмыстары шілденің соңына дейін бітуі тиіс.

– Тайпақ ауылдық округіне қарасты Шабдаржап, Томпақ елді мекендерін қосқанда барлығы 5859 тұрғынымыз бар. Жолдардың салынуы, жаңа мектеп құрылысының жүруі, спорт алаңының ашылуы – осы тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздеген іс-шаралар. Елбасы қабылдаған жаңа бағдарламалар аясында ауылдағы ардагерлермен келісіп, аудан әкімінің алдына бірқатар мәселелерді қойған едік.

Міне, биыл бір ғана Тайпақ ауылдық округіне бір миллиард көлемінде қаражат құйылды, — дейді Тайпақ ауылдық округінің әкімі Боранбай Қыдырғожин.

Бұдан бөлек Аветик Амирханян басшылық ететін «Айдана» ЖШС Тайпақ және Чапаев ауылдарында ауылішілік автокөлік жолдарын салуда.

– Чапаев ауылында 3,8 шақырымды құрайтын алты көшенің жолына орташа жөндеу жүргізудеміз. Бұған жергілікті бюджеттен 198,1 млн. теңге бөлінді. Келісім бойынша қазан айында аяқтауымыз керек-ті. Алайда жолдың негізін толықтай төлеп қойдық, енді бір-екі күнде асфальт құюды бастаймыз. Осылайша жап-жаңа жол мерзімінен бұрын тамыз айының ортасында дайын болады. Ал Тайпақтағы 2,5 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізуді енді бастадық. Ол жақтағы жұмыстың да тамыздың соңына дейін аяқталатын түрі бар. Екі елді мекенде де жұмысқа жергілікті тұрғындарды алуға тырысамыз. Себебі  біз үшін жұмысшыларды уақытша тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі туындамайды, екінші жағынан, өздерінің тұратын ауылы болғандықтан, барынша сапалы атқаруға тырысады. Біз төсеген жолдарымызға үш жылға дейін кепілдік береміз, – дейді Аветик  Рубенович.

Өңір басшысы Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылында бой көтеріп жатқан екі пәтерлі, бір қабатты бес үйдің құрылысымен танысты. Үйлерді салушы «Қалдығайты» ЖШС директоры Ерболат Сәрсенғалиевтің мәліметінше, құрылысқа республикалық бюджеттен 63,4 млн. теңге бөлінген. Коммуналдық үйлерді салуға 17 адам атсалысып жатыр, олардың сегізі — жергілікті тұрғындар. Қыркүйек айында аяқталуы тиіс қамысты құрамалы үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынуда.

Сондай-ақ аталған компания Чапаев ауылының көшелерінде жаяу жүргіншілер жолын салып жатыр. Ұзындығы 2,6 шақырым жолға асфальт төсеу үшін жергілікті бюджеттен 32,6 млн. теңге бөлінген. Бұл жолдың жұмысына 16 жергілікті азамат кіріскен.

Облыс  басшысы  жол-жөнекей соққан барлық нысандағы жұмыстың тиісті деңгейде жүруін егжей-тегжей қадағалап, әр сала басшысынан ұқыптылықты, сапаны, еңбек қауіпсіздігін талап етіп, іссапарын қорытындылады.

– Ақжайық ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстық. Шабдаржап елді мекенінде мектеп салып жатырмыз. Ауданда барлығы сегіз көше жолдары жөнделуде. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жас мамандар мен тұрғын үй кезегіндегілер үшін 12 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Биыл 11 елді мекенге көгілдір отын келіп, жеті ауылдық аумақтың ауыз су мәселесі шешіледі. Аудан бойынша үш мәдениет үйі және Есенсай ауылындағы мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Бақылау барысында жұмыстардың жоспарға сай жүріп жатқанына көз жеткіздік, — деді  Алтай  Сейдірұлы.

Айымгүл  ТӨЛЕУҒАЛИЕВА,

«Орал  өңірі»

P. S. Ақжайық ауданына 2015 жылдың маусым айынан  бастап  Әділ Жоламанов басшылық  етіп  келеді.  Аудан — бұрынғы  Чапаев  және  Тайпақ аудандарының  біріктірілуінен 1997  жылы құрылған   ірі   өңірлердің  бірі. Орталығы  –  Чапаев  ауылы. Аудандағы  18  ауылдық  округтің құрамына  кіретін  52 елді  мекенде барлығы  42 307  адам  тұрады. Аудан  облыстың  жеті  ауданымен  және  Атырау облысымен  шектеседі.  Аудан  арқылы Орал – Атырау,  Чапаев — Жалпақтал, Чапаев – Жаңақала күре  жолдары  өтеді.