14.07.2017, 20:51
Қараулар: 89
Абай бол, айналайын!

Абай бол, айналайын!

гироскутер


Гироскутер — жастар мен жасөспірімдердің көшеде серуендеуге арналған электрлі құрылғы. Алғаш 2010 жылы құрастырылған бұл құрылғыны өңірімізде пайдаланушылардың саны жыл сайын артып келеді. Алайда гироскутермен серуендеп жүріп,  жарақат алатын жағдайлар да аз емес.


Гироскутер құралдарын бірнеше елде ұшақпен тасымалдауға тыйым салынған. Өйткені ұшақта құралдың ішіндегі батарея жарылып, өрт шыққан жағдайлар тіркелген. Кей гироскутердің батареясы арнайы қорғау қабатымен қапталмағандықтан, жарылуға бейім болады. Мамандар бұл құралды арнайы сертификатталған орталықтардан алуды ұсынады. Гироскутерлер пластик материалдардан жасалады. Бұл ойыншықты ата-аналар перзенттеріне алып берген жағдайда оларды жиі қадағалаған жөн. Ал сатып алған соң қолдану қауіпсіздігі жайлы мәліметті міндетті түрде оқу керек. Құрылғыны пайдалану барысында ойын құралынан құлаған сәтте жарақат алмас үшін балаға қорғаныс жарағы мен шлемді бөлек сатып алыңыз. Гироскутерді пайдаланушының салмағы 20 келіден кем болмауы тиіс. Егер көрсетілген мөлшерден төмен болса, ол құралды басқара алмай, гироскутерден құлау ықтималдығы артады. Сондай-ақ құрылғыны тазалау, техникалық қызмет көрсету барысында оны қоректендіру көзі токтан ажыратылу керек. Құралды субұрқақ, жасанды және өзге де су айдындарының маңында қолдануға тыйым салынады. Гироскутерді тазалаған кезде химиялық ерітіндіні қолданбаңыз. Егер оның ақауы анықталса, техникалық жөндеуді тек өндіруші компанияның қадағалауымен жұмыс істейтін авторландырылған қызмет көрсету орталығына ғана алып барыңыз. Құрылғының ақаулығы жойылмайынша гироскутерді пайдалануға тыйым салынады.

Мөлдір ҚҰРМАШЕВА,

БҚО салауатты өмір салты орталығының маманы

P.S. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің  мәліметіне сүйенсек, облыстық көпбейінді балалар ауруханасына осы жылдың қаңтар-маусым айларында түрлі дене жарақатын  алған 5103 бала түскен. Соның ішінде 4520-сы 14 жасқа дейінгілер болса, 575-і – 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер.  Жарақат алғандардың  438-і  ауруханаға  жатқызылып, қажетті ем-дом алған. Балалар мен жасөспірімдердің дене жарақаттарының 37%-ы тұрмыстық, ал 45%-ы көшеде алған жарақаттың салдары болып табылады. Сонымен мамандар бүгіндері балалар гироскутердің кесірінен жиі жарақаттанатынын ескертеді!

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар