5.07.2017, 22:27
Қараулар: 143
«Нұрлы жер» аясында полицейлер үймен қамтылмақ

«Нұрлы жер» аясында полицейлер үймен қамтылмақ

PRI_5109


Кеше  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  өңірімізге  жұмыс  сапарымен  келген  «Қазақстанның  тұрғын  үй  құрылыс  жинақ  банкі» АҚ-ның  басқарма  төрайымы  Ләззат  Ибрагимовамен  кездесті.


Біздің шақыруымызды қабыл алып, облысымызға арнайы келгеніңіз үшін сізге ризашылығымызды білдіреміз. Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтуға бағытталған Елбасының «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бірігіп атқаратын қызметіміз табысты болсын дейміз. Біздің де өңіріміздегі ең өзекті мәселенің бірі – тұрғын үй. Аталмыш бағдарлама аясында көптеген әлеуметтік мәселе шешімін табарына сенім мол. Мысалы үшін, биылдың өзінде «Нұрлы жер» аясында облысымызда 1600 пәтерлі 11 көп қабатты үй, сегіз  ауданда 245 пәтерлі 191 бір қабатты үй салынады. Көппәтерлі үйлердің 1,1 мың пәтері «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы бой көтеруде. Осы үйлерді салуға қазынадан 10 млрд. теңге, соған инфрақұрылым тартуға 2 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл еліміздің, соның ішінде облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай ықпал етері сөзсіз. Себебі өндіріс орындары, құрылыс компаниялары, өзге де кәсіпорындар тапсырыс алып, қалыпты жұмыс істеуде, қосымша жұмыс орындары ашылуда және үй кезегінде тұрған азаматтардың армандары орындалып жатыр. Ағымдағы жылы үй кезегінде тұрғандар үшін екі тоғыз қабатты үй беріледі. Міне, көпшілік осылайша мемлекеттің қолдауын сезінуде.

Біз бұған дейін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы өңіріміздегі прокуратура  құрылымдары қызметкерлерінің қолжетімді тұрғын үй алуына мүмкіндік туғызсақ, енді ішкі істер құрылымдары қызметкерлерінің де осындай игілікке ие болуына мүдделіміз. Егер тәртіп сақшылары баспанамен қамтылса, алаңдамай, өз қызметтерін атқаратын болады, – деді Алтай Сейдірұлы.

Өз кезегінде сөз алған мәртебелі мейман аталмыш банк «Нұрлы жер» бағдарламасының негізгі операторы болып табылатынын, президенттік бағдарламаның мақсаты он бес жыл ішінде 1,5 млн. тұрғын үй салу екенін айтты. «Әріптестерім «Нұрлы жердің» алғашқы нәтижесін көруде. Бұйыртса, тамыз айында миллионыншы салым ашылмақшы, – деді Ләззат Еркінқызы. – Ал Батыс Қазақстан облысына қатысты айтар болсақ, біздің банкке 2015 жылы 9 мыңнан аса адам салым салса, ал биылғы жартыжылдықтың өзінде 12 мыңға жуық батысқазақстандық бізбен серіктес болып, «Нұрлы жер» бағдарламасына, Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкісіне сенетіндерін білдірді. Қазірдің өзінде Ақ Жайық өңірінде 47 мың салымшы бар. Бұл – жақсы көрсеткіш. Қажетті жағдай туғызып, үйлердің уақтылы да сапалы салынып, тапсырылуына жете көңіл бөлгені үшін облыс басшылығына ризашылығымды білдіремін».

Содан кейін Алтай Көлгінов пен Ләззат Ибрагимова «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында БҚО әкімдігі мен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арасындағы ниеттестік туралы меморандумға қол қойды. Артынша аталмыш банктің облыстық филиалының директоры Айгүл Наурызғалиева БҚО ІІД бастығы Мақсұтхан Аблазимовпен, Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясының басқарма төраға-директоры Қуат Мусинмен, «Жайықжылуқуат» АҚ-ның бас директоры Мұрат Бәйменовпен ынтымақтастық туралы  меморандум  жасасты.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген  Айбатыр НҰРАШ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар