5.07.2017, 22:26
Қараулар: 234
Жаңа тағайындаулар

Жаңа тағайындаулар

DSC_0080


Сейсенбі  күні  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  Сырым  ауданының  активіне  жаңа  әкімді  таныстырды.  Бұған  дейін  осы  аудан әкімінің  орынбасары  болып  келген  Төлеген  Төреғалиев  енді аудан  әкімі  қызметін  атқармақшы.


Жиынды ашқан өңір басшысы ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» заңына және ҚР Президентінің «Мемлекеттік әкімшілік қызметкерді ротациялау туралы» Жарлығына және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген меритократия қағидасына сәйкес ауданға жаңа әкім тағайындалғанын айтты. Аталмыш  тағайындау ҚР Президенті әкімшілігі мен аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен жүзеге асты.

– Ауданды төрт жыл бойы басқарған, бүгінде Қазталов ауданының әкімі лауазымында жүрген Абат Шыныбеков Сырым өңірінде абыроймен еңбек етті. Сол үшін оған өз алғысымды білдіремін. Ал Төлеген Серікқалиұлы он жыл аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған екен. Ауданның жағдайын жетік біледі. Мемлекет басшы Жолдауда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасында атап көрсеткен міндет-мақсаттарды, мемлекеттік, салалық бағдарламаларды жергілікті жерде сапалы орындауға күш салады деп сенемін, — деді Алтай Сейдірұлы.

Өз кезегінде сөз алған Төлеген Төреғалиев өзіне жүктелген жауапкершілік жүгін сезінетінін айтып, артқан сенімді ақтау үшін білімі мен біліктілігін пайдаланып,  еңбек  ететінін  жеткізді.

Төлеген Серікқалиұлы Төреғалиев 1960 жылы дүниеге келген. Білімі – жоғары. Орынбор ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Мамандығы – зооинженер.

1983-1994 жылдары Жымпиты ауданының «Жосалы», «Бұлдырты» совхоздарында  экономист, зоотехник, бас экономист, бас зоотехник  қызметтерін атқарған. 1994-2006 жылдары «Ақжол» шаруа қожалығының жетекшісі. 2007 жылы Сырым ауданының  Жосалы  ауылдық  округінің  әкімі  болып  тағайындалды.

2007  жылдан  бері  Сырым  ауданы  әкімінің  орынбасары  қызметін  атқарып  келді.

*  *  *

Содан  кейін  өңір  басшысы  Қаратөбеге  барып,  ауданның жаңа әкімін  таныстырды.  Бұған дейін  облыстық  жұмыспен қамтуды  үйлестіру  және  әлеуметтік  бағдарламалар  басқармасының басшысы  қызметін  атқарып  келген  Жанат  Асантаев Қаратөбе  ауданының  әкімі  болып  тағайындалды.

Әуелі аудандық мәслихаттың кезектен тыс XII сессиясына қатысқан Алтай Сейдірұлының аудан әкімі қызметіне Жанат Асантаевты тағайындау туралы ұсынысын депутаттар бірауыздан қолдады.

Аудан активімен өткен жиында сөз алған облыс әкімі осы кезге дейін ауданға басшылық еткен Асхат Шахаровтың Қаратөбеде атқарған жұмыстарын жоғары бағалап, енді ол Зеленов ауданында қарқынды да сапалы еңбек ететініне сенім білдірді. Ал ауданның жаңа басшысына Мемлекет басшысы тарапынан қойылып отырған тапсырмалар мен міндеттерді орындауда, аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыру жолында  табысты  еңбек  тіледі.

DSC_0175Жанат Асылханұлы Асантаев 1970 жылы дүниеге келген. Білімі – жоғары.

Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі техникалық институтының Алматы филиалын, А. Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген.  Инженер-технолог және заңгер мамандықтары бар. 1993-2002 жылдары нан зауытында технолог, шебер болып еңбек етті. 2002-2007 жылдары Астана қаласының соттар әкімшілігінде және ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінде қызметтер атқарған. 2007-2010 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің басқармасы департаменттерінде түрлі  қызметтерде  болды.

2010-2014 жылдары Алматы облысы Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары, Алматы  облысы әкімінің аппаратында бас инспектор, бөлім басшысы лауазымында еңбек етті.

2014-2016 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппаратында бөлім басшысы, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы болса, 2016 жылдан бері облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және  әлеуметтік  бағдарламалар  басқармасының  басшысы  қызметін  атқарып  келді.

Дайындаған  Сәкен  МҰРАТҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар