Зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері артты

Күні , 139 рет оқылды

98170658e8d2de5b8d2156cf6c31658c36


«Қазақстанның  үшінші  жаңғыруы:  жаһандық  бәсекеге қабілеттілік»  атты  халыққа  Жолдауында  Мемлекет  басшысы  2017-2018  жылдары  азаматтардың  әлеуметтік қамтамасыз  ету  деңгейін  кезең-кезеңмен  көтеру  міндеттерін  қойды.


Бірінші кезеңде, «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 2016 жылғы 29 қарашадағы Қазақстан Республикасының заңына енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап, ынтымақты зейнетақы мөлшері 11%-ға; базалық зейнетақы мөлшері  13%-ға арттырылды. Нәтижесінде 2016 жылмен салыстырғанда зейнетақы мөлшерін 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 20%-ға дейін арттыру қамтамасыз етілді. 2017 жылғы 1 шілдеден бастап зейнетақының ең төменгi мөлшерi базалық зейнетақы төлемін қоса алғанда 45 711 теңгені, ал ең жоғарғы мөлшері базалық зейнетақы төлемін қоса алғанда 92 747 теңгені құрайды. Ал зейнетақының орташа мөлшері (базалық зейнетақыны есептегенде) 66 721 теңгеге дейін ұлғайды. 2017 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2017 жылғы 20 маусымдағы ҚР заңына сай «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР заңына түзетулер енгізіліп, зейнетақы төлемдерін есептеу үшін алынатын табыс айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 41 еселенген мөлшерінен 46 еселенген мөлшеріне дейін көтерілді. Бүгінгі таңда АЕК  2269 теңгені құрайды.

Сонымен қатар жоғарыда аталған құжатқа сәйкес «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» 2005 жылғы 28 маусымдағы Қазақстан Республикасының заңына түзетулер енгізіліп, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін жәрдемақы: бірінші, екінші, үшінші балаға – 38,0 айлық есептік көрсеткіш (86 222 теңге); төртінші және одан кейінгі балаларға – 63,0 айлық есептік көрсеткіш (142 947 теңге) мөлшерінде белгіленді. Нәтижесінде бала тууына байланысты берiлетiн бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 2017 жылғы 1 шілдеден 20%-ға арттырылды.

Екінші кезеңде жаңа әдістеме бойынша есептелетін ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектік, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы және базалық зейнетақы мөлшері 16%-ға дейін артпақ.

Өсімнің үшінші кезеңі тек базалық зейнетақыға қатысты және 2018 жылғы 1 шілдеден жүзеге асады. Бұл базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесінің өзгеруімен байланысты. Жаңа тәсілге сәйкес, ол 1998 жылға дейін еңбек өтілі мен 1998 жылдан кейін жинақтаушы зейнетақы жүйесіне зейнетақы аударымдарының келіп түсу кезеңдері кіретін зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай тағайындалады. Егер азамат тек 10 жыл жұмыс жасап, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қаражат аударса немесе мүлдем жұмыс жасамаса, оның базалық зейнетақысы ең төменгі күнкөріс мөлшерінің 54%-ын құрайды, яғни бүгінгі базалық зейнетақы мөлшеріне балама болады. 10 жылдан артық жұмыс жасаса, әр жыл үшін базалық зейнетақы  2%-ға артады. Мысалы, еңбек өтілі  20 жыл болса, базалық зейнетақысы ең төменгі күнкөріс мөлшерінің 74%-ын құрайды, 30 жыл жұмыс жасаса, базалық зейнетақысы ең төменгі күнкөріс мөлшерінен 94%-ын құрайды, егер еңбек өтілі 33 немесе одан да көп болса, ең төменгі күнкөріс мөлшерінен 100%-ын құрайды. Қайта есептеу нәтижесінде ең төменгі күнкөріс мөлшерінің 100%-ын құрайтын базалық зейнетақы алушының саны 45,2%-ға, 74-тен 100%-ға дейін – 44,7%-ға жетеді. Базалық зейнетақының орта мөлшері 1,8 есе өседі (ең төменгі күнкөріс мөлшерінен 87%).

«Республикалық бюджет туралы» заңға сай 2017 жылғы 1 шілдеден бастап:

1) мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiнiң мөлшері – 14 466 теңге;

2) зейнетақының ең төменгі мөлшері – 31 245 теңге болып белгіленді.

Сатқан  ТӨЛЕГЕНОВ,

ҚР  Еңбек,  әлеуметтік қорғау  және  көші-қон  комитетінің   БҚО  бойынша департаментінің  басшысы


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика